Бейуақта ашылған құпия (Хикаят)

8 октября 2018

Дөңгелегін санап айналдырғандай, кежегесі кейін тартып, өзін өзі қыстағандай әрең жүріп келіп тоқтаған автобус ішіне иін тірескен жұртпен араласып кірген бойда қалтасынан ұялы телефонын алып уақытты қарап жатып, «кешегідей тағы кешігіп жүрмесем жарар еді» деп ойлады. Күндегі көрініс. Бала кезден таныс өзіне. Кейде жалықтырады, кейде адамдарды сырттан бақылау әдеті көңілін бөледі. Бірінің аяғын бірі басып, бірінің сөмкесінің шығыршық темірі бірінің су жаңа киімін іліп кетіп, қабақ шытысқан әйелдер арқасындағы дәу рюкзагымен елдің бәрін түйіп ығырын шығарған жирен жігіттің өзінен-өзі айналып, ойнақшыған көзі мен ашулы жүзіне қарайды да әлдене деуге бата алмайды, аялдамадан асып барып тоқтаған жүргізушіге айқайлаған қарттың қалпағы желкесіне қарай ысырылып кетіпті, аялдаманы хабарлауға ерініп, бар есі-дерті елден ақша жинаумен болған кондукторға дүрсе қоя берген кемпір біреу-міреу орын бере ме деп айналасына үмітпен қарап тұр, екі құлағын шұбатылған ұзын сымдармен бітеп алған жастар терезеге қарап қалғыған түр танытады, күндегідей сапырылысқан тірліктің арасында екі өкпесі қысылып бұл да кетіп барады.

Көп қабатты үйдің көлеңкесінде, күн шуағынан тысқары қалған аялдамада ұзақ тұрғанда бойы тоңази бастап еді, ал үлкен қаланың мәйітханасының ауласы әлден-ақ қапырық екен. Қарсы жақтан жел соқса бұдан сарайың ашылып жарытпайды, керісінше, әлдебір сасық иіс айналаны көміп кетеді де, сол сәтте айналаның бәрі көнетоз тартып, кірмей жатып кері бұрылып шыға жөнелгің келеді. Ауланың ахуалы да қашанғыдай көңілсіз, ортаға қойылған стол ғана о баста өзінің ерекше міндет үшін жасалғанын білетіндей үстіне қанша рет табыт қойылса да сыны қашпай-ақ, кілемге оралған мүрделердің бәрін көтеріп үйренген сыңаймен нық тұр. Ауланың шыға беріс жері бұдан кеңірек. Осы жерден кілемге не ақ жаймаға оралған мүрдені катафалкаға тиеп алып кетеді. Әдетте қалалық паталогоанатомиялық орталыққа түскендер әбден қартайып не жазылмайтын аурудан қайтыс болғандар.

Сағат 10 болар-болмастан қаралы киім киген, жүздері сынық адамдардың жақындарының мүрдесін алып кетуге келіп тұрғанын көрді. Осы жерде жұмыс жасаған бір жарым жылдың бедерінде нешетүрлі адамды көрді, кейде бұған шын қайғыратындары үйде қалып, терісі қалыңдарын әдейі осындай жерге жіберетін сияқты көрінеді, бұл жерден елден ұят болмасын деп қана қайғырған түр көрсететіндерді де немесе күнде осы жерден өлік алып кетіп жүргендей бедірейген сазбеттерді де, тіпті ала таңмен ішіп, қызғын күйде келіп шу шығаратындарды да көруге болар еді. Сырттағылар сағат қарағыштап, күрсініп, шыдамсызданып, телефонын дамылдатпастан телефонның ар жағындағы адаммен шаршаған, таусылған дауыспен сөйлесіп, өздерінен өздері зілдей болып тұрған кездерінде іште санитарлардың қара терге түсіп, жан алып, жан беріп жатқанын білмейтін. Мүрдені ашқаннан кейінгі қайта тігіп шығу, жуындыру, киіндіру, егер қажет болса гримдеу солардың мойнында. Осы кезде сәулеті ескірген, о бастағы сарғыш бояуы оңа бастаған ғимараттан тәуір киінген орта жастағы ер адам шықты да әлдекімнің фамилиясын атап, «табытты әкеліңіздер» деді. Аздан соң манағы дауыстың «алып кете беріңіздер» дегені естілді. Кіреберісте бұжырбет кісі даусы қатты-қатты шығып, қолдарын сермелеп ренішін айтып жатыр. Осы тұрысында бойын ақ халат киген қызметкерді сабап тастайтындай ыза кернеген. Онша назар аудармаса да бұл шудың неден шыққанын іші шамалайды. Өз басы мүрдені ашқызу не ашқызбау қайтыс болған адамның еркіне, діни сеніміне байланысты шешілуі керек дегенге миы жетпейді, миының қуыс-қуысы өздерінің жастай оқуға түскен кезден сіңіріп алған қағидаларымен толып қалғаны сондай, мүрде ашылып, ол адамның өліміне әкелген не жағдай екенін, қандай ауру, қай органның жұмысынан ақау кеткенін біліп, тірі жүрген басқа адамдарға диагноз қоюда, емдеуде осының бәрі көмектесуі керек деп есептейді. Зерттемесең, білмесең қалай қорытынды жасайсың, тәжірибе жасалмағасын, нақты диагноз қойылмағасын медицинаның сапасы бола ма? Талай рет алдына келген мүрдені зерттегенде оның дәрігер қойған аурудан емес, мүлде басқа аурудан өлгеніне көзі жеткен. Бұндай күнде болып жатыр. Бұл да айқай шығарып жатқан адамның қасына тұра қалып, осының бәрін айтып түсіндіргісі келді де, бұл ойынан со бойы айнып шыға келді, өзінің осы біртоға қалпын бұзғысы келмеді, сөйлемейтін «клиенттермен» тыныштықта жұмыс істеп үйренгендіктен әңгімеден бойын тартып ұстайды.

***

Сабылыстың бәрі бірінші қабатта, ал екінші қабат түгелімен зертханалардан, қосымша орындардан тұрады. Бұл кіргенде студент бала да санитар болып жақында орналасқанына қарамастан алдындағы мүрденің басының астына кірпіш қойып өзіне ыңғайлап алып, бар ынта-шынтасымен жұмысқа кіріскен екен. Осылай етсе мүрде доға тәрізденген қалыпқа түсіп, оны сою да жеңілірек екенін біледі. Жас баланың кейде өзінен өзі мұңайып қалатынын да байқайды. Студент бала үшін тірісінде киімнің жақсысын киіп, басына құс жастықты салып еркелеп жүретін адам баласы өлген бойда басына кірпіш жастанатыны оның ойламаған жерден жазым болғанынан да аянышты көрінетін болу керек. Дегенмен, студенттің осы бір ауыр жұмысқа үйренгені жазыңқы қабағынан байқалады. Денені кесіп, ішкі мүшелерді шығарып, дәрігердің тексерісінен кейін оларды орнына салып, сол тілген жерді мұқият тігіп, арнайы техникамен грим жасап, мүрдедегі дақтар мен бозарғанын жасырып, ақыр соңында тірі адамдай киіндіретін ең лас жұмысты атқару жас жігітке қайдан оңай болсын, бәрі күнкөріс үшін, бұл жердің табысы да мардымсыз, әрі жұмыс болсын, әрі тәжірибе деп жүргені. Бастапқыда кеңсірікті қыспаса да қолайсыздық тудыратын осы иіске жүрегі лоблығанын жасыра алмай қабағы кіржиіп жүретін. Шыдамы қай уақытқа дейін жетерін кім білсін, әйтеуір, осындағылардың қолдары қалт етсе әлсін-әлсін темекі тартып келетін әдеті оған да жұққан. Осылай күніге жарты қорап темекіні түгеседі, бұл жағымсыз иістен сәл де болса қашуға сеп болады деп есептейді.

– Тағы да ақ жайма керек!

Студент әлдекімге дауыстады. Ақ жайма тең-теңімен әкелінсе де ұзаққа жетпей қалады. Кім екені анықталмаған мүрделер өртелуге не арнайы молаға жөнелтіледі. Туған туысқандары мен үй-күйі жоқтар әдетте киіндірілмейді, оған арнайы қаражат бөлінбеген. Бұл дұрыс емес деп есептейтін қызметкерлер оларды қандай дінде екеніне қарамастан ақ жаймаға орайды, олар арнайы сандар қатарымен жерленеді.

Жұмыс бөлмесі қашанғыдай таза, ауадан спирт иісі шығады. Мұның патологоанатом ретіндегі күнделікті жұмысы аурудың тарихымен танысып, маркаланған органның бөліктері мен тканьдерін зерттеуден басталды. Мектепте жүргенде аналитикалық есептерді шығарғанды жақсы көретін, кейін ткань үлгілерін зерттеп, ауру тарихын қарау, рентген қорытындыларын салыстыра отырып диагноз қою оны шабыттандыратын болды, құдды өзін детектив ретінде елестетеді. Клиницист дәрігерлердің мұның қойған қорытындысын күтіп отырғаны оған шабыт береді. Өзі бір көрінбейтін жұмыс болса да, осы қиын жұмбақты шешкен сайын өз ішінде әлдебір қанағаттанушылық сезім пайда болады.

Осы жерге келгенде жұмыс жайын өзіне үйреткен Саша ағайды жиі еске алады. Қашан көрсең де қалжыңдап, кейде адамның ойына келмейтін нәрсені айтып еріксіз күлдіретін Саша ағайдың қалжыңбастығын кейін барып түсінді. Адам жағымсыз әсерден қорғанудан амал табуы керек, әйтпесе өзіне қиын. Ал өзі мүрденің ішіне үңілгенде басқа ойды жиып қойып, диагноз қою керек дегенді ғана ұстанады. Алдындағы ауру тарихының өзі қысқа жазылған болса да басқа адам оқыса бойы тітіркенер еді, ал, ішкі мүшелері алынып, іші опырайып қалған мүрдені көрген бейсауат адамның жүрегі ұстап қалуы ғажап емес, өзіне ондай қаңғыған қорқыныш сезімі жат, алдындағы мүрдеге биологиялық материал деп қарайды. Егер алдына келген әрбір «клиентіне» қайғырып, өзінің эмоциясын білдіретін болса онда өзінен түк қалмайтынын біледі.

Материалдың езіліп-босаңсуын қайтару үшін формалинге салып қойды. Осылайша тканьнің қалдығы бірнеше рет өңдеуден өтіп, арнайы парафинге құйылады. Бөлек-бөлек шыныларда өт, ісіктің бөлігі, хирург операция кезінде кесіп алған басқа да тканьдер салынған. Жасушаны микроскоппен анық көру үшін тканьдерді арнайы сұйықтыққа салып бояп алды, сол кезде қанға боялған орган сұр түске, ал өте жіңішке тіндер ашық түске енеді. Бірнеше шыныны былай алып қойды. Осының бәрін ештеңе ойламай отырып жайбарақат жасап жатты. Биопсияны зерттеуге әдетте 2-4 күн беріледі, ал нақты диагноз қоюға оншақты күн керек. Енді бүгінгі жұмысы бойынша акт толтырып, қорытынды жасау қалды. Тыныштықты клавиатураның тық-тық еткен дауысы ғана бұзып тұр. Принтер шулап, бірінші акт дайын болды. Ол екіншісіне кірісті. Осы отырғанда өзінің бүкіл «клиенттерін» танитын секілді.

***

Бүгін демалысы еді, бойы тоңази бастаса да көзін ашпай жата берді. Кезінде анасына жұмыс орнынан берген бір бөлмелі жатақхананың ішінде көз тоқтатып қарайтын да ештеңе жоқ. Дипломын енді алатын кезде жалғыз қалды. Енді бұл кешіксе «Балам, сені күтіп отырмын» деп телефон шалатын да, перзентхананың күнделікті өмірі туралы әңгіме айтатын да шешесі жоқ, жалғыз бөлме құлазып тұр. Аяқ астындағы кілемшенің қағылмағанына да көп болыпты, қақса қанша шаң шығар екен. Көз алдына кілемшеден бұрқ-бұрқ шыққан шаңды елестетті. Бұрыштағы үстіне су төгіле-төгіле беткі қабаты ісініп көтеріліп кеткен ескі тумбоның үсті де үйге келе жатып жол-жөнекей сатып алған пиццаның қорабы, кока-коланың ыдысы, донердің орама қағазынан ыбырсып кеткен. Ерте кетіп, кеш келетін бойдақтың жатағы не оңсын. Бөлмені жақсылап жинап алу керек деп ойлады. Кешелі-бері ойынан шықпай жүрген шаруасына да үлгеруі керек. Анасы қайтыс болғалы жалғыз бөлме де бар жылуынан, бар сәнінен, тіпті жағымды иісінен де айрылған. Анасы бұл жұмыстан қарны ашып келеді ғой деп иісін бұрқыратып борщ не самса пісіріп қоятын, ішіне махаббатын салып пісірген сол асты ішіп отырған бұған бүгінгі күні қалай өткенін айта бастар еді. Жүрегім ауырады деп шағымданып көрмеген анасын енді қайтып көре алмайтынына еш сене алмайды, әлі жұмыста Рая апайдың не Машаның кезекшілігін атқарып жүрген секілді. Содан бері жанын мұң құрсап алып жібермейтін, әлденені күтумен, әлденеге алаңдаумен өтіп жатқан күндерінің не өңі, не түсі екенін болжап болмастай күйде жүрген өмірінен өзі де жалыға бастаған. Айя кездеспесе түбі қанды қарасу секілді тұңғиық өзіне тартып кетер ме еді. Айяның кездескені қандай жақсы болды. Бәрібір шешесінің орны үңірейіп тұр. Жаны мұңнан әбден босап, жоғалту сезімі көмескіленгеннен кейін шешесінің немерелі болу туралы арманын орындасам дейді. Келешекте көрінер баласы қыз боларына және сол сәбидің әжесіне ұқсайтынына өзі кәдімгідей сенеді. Сол кезде әжесі періште болып қорғап жүретін шығар дейді. Шешесінің кішкене қоңыр көздерінде мейірім тұнып тұратын. Даусы үнемі бір қалыпты. Күн сайын шешесін есіне алады, оның күлгені, бірдеңеге қабақ шытқаны, даусы, киінгені бәрі көз алдында. Шешесін әлі қасында, бірақ қашанғыдай жұмыста жүр дегенге өзін иландырғысы келеді. Миымен шешесімен өткен күндерді оралту мүмкін еместігін сезіп тұрса да, жүрегі қас-қағымда болып өткен жағдайды қабылдар емес. Күн сайын анасы секілді ерте тұрып өзіне ботқа пісіреді, бірақ, онысы да анасыныкіндей дәмді болмайды. Шешесінің жақсы адам болғандығынан шығар, перзентханада бірге жасайтын әріптестері ұлынан басқа ешкімі жоқ жалғызілікті әйелдің ауыртпалығын көтерісті.

Адамдары әр қиырдан жиналған бұл қалада туыс дегеннен шешесінің жақын сіңлісі ғана бар еді. Оны да өткен жылы білді емес пе. Бұрын өзінің сіңлісі бар екені жайында тісінен бір сөз шығармаған шешесі қайтыс боларынан екі ай бұрын ғана «қалайда сол нағашы апаңды тауып ал» деген. Мекен-жайын да берген. Бұрыннан біле ме, әлде біреулер арқылы тапты ма, ол жағы жұмбақ болып қалды. Сіңлің бар екенін бұрын неге айтпадың деп те сұрап үлгермеді. Интернеттен аты-жөнін іздегенде нағашы апасының жас кезде ауызға іліккен, ең атақты сыншылардың жоғары бағасын алған актриса екенін білді. Бәрі аяқ астынан, тез болғаны сондай, шешесі қайтыс болғанда нағашы апасына хабарласу да ойға келмепті. Өз қайғысымен жүріп ол туралы тіпті ұмытып кеткенін қарашы. Өміріңде көрмеген, естімеген адамды туыс деп қабылдау, іздеп табу жалғызбасты әйелдің өзімен өзі өскен жалғыз ұлына үйреншікті дағдыға айналмағаны тағы бар… Шешесінің қолымен жазылған телефон номерлерін тере бастағанда іштей қобалжу болды.

***

Нағашы апасын іздеп келіп, есіктің ашылуын біраз күтті. Жалғызбасты адам қанша дегенмен бұрын көрмеген адамына есік ашуға қорқасоқтайтын шығар деп ойлады. Жасы елулерден асқан сұңғақ бойлы, әдеміше, толықша келген әйел біраздан соң барып есікті ашты да мұны кіргізісімен тез жауып, бірнеше жерден сарт-сұрт еткізіп кілттеп жатты. «Сырт киіміңді мына жерге іл. Қалтаңда не бар? Осы жерде бол». Үйге келген адамды бұлай қарсылағанды бірінші көруі. Қалтасына қару салып жүретін күмәнді біреуге ұқсап тұр ма екен?

Қаланың шет жағындағы уақытында жалғызбастыларға берілген жатақханадан басқаны көрмеген адам үшін үлкен аппақ диван қойылған кең холл тым абажадай болып көрінді. Тор көздері көп витражды терезенің қасындағы аппақ креслода адаммен бірдей аппақ аюды отырғызып қойыпты. Тық-тық еткен дыбыс шыққан жаққа бетін бұрғанда қолына сабалақ жүнді ақ ит ұстап алған нағашы апасы басқа бөлмеден келе жатыр екен. Үйдің ішінде жүрсе де аяғында ақ туфли. Осы тұрғанда бір жақтан келіп не бір жаққа жиналып жатқан адамға ұқсайды. Шашын ішіне қарай бұйралап, қасын сәндеп бояп, құлағына үлкен дөңгелек сырға тағыпты. Үстіндегі блузасының әппақтығы әйелдің таза киінетіндігін байқатады. Етегі жер сызған ұзын гүлді юбкасы қозғалған сайын тербеліп, қымбат әтірдің иісі мұрынға келеді. «Актриса екенін ұмытпайды екен» деп сүйсінді жас жігіт ішінен. Өзінің анасын есіне алды. «Ол қарапайым еді, ыңғайлы деп шалбар мен футболкасын тастамайтын. Мүмкін, басқа киім алуға ақшасы да жетпеген шығар, қас қылғандай мұның медицинаны таңдағанын қарасайшы, бақандай жеті жыл оқытты. Сөйткен шешесі мұның диплом алғанын да көре алмай кетті». Бір сәтке шешесі есіне түсіп мұңайып қалған жігіт нағашы апасына қарап отырып, мұның шешесіне мүлде ұқсамайтынын байқап іштей қатты таңғалды. Салыстырудың өзі артық, қиыннан қиыстырып ұқсатайын десең де еш ұқсамайтын. Нағашы апасы мұның қасына келіп отырар, аман-саулық сұрар деп күтіп отыр.

Қайда қараса да аппақ түсті көрді, нағашы апасы ақ түсті ерекше ұнатады екен, тіпті итіне дейін ақ екен, көрмеймісің! Тұмсығы үшкір, ұзын құлақтары бетіне салбырап тұрған әппақ пудельдің жүндері жатыңқы, жуындырған соң мұқият тарағаны көрініп тұр. Иттің көзі қара түйме секілді, түймедей көздерін бұған сенімсіздікпен қадап үре бастады.

Нағашы апасы бұған біртүрлі суық, адамға онша назар салмайтындай көрінді. Тіпті өзінің әпкесінің қайтыс болғанын естігенде де көзіне жас алмай бедірейіп отыра берді. Сұрағы да оғаш көрінді.

– Рактан кетті ме?

– Жүректен.

– Перзентханадағылар түгел келді ме?

– Ия. Бәрі келді. Жерлеуіне де көмектесті.

– Көп ауырды ма?

– Жоқ. Тіпті ауырмаған сияқты. Әлде маған білдірмеді ме.

– Тез кетсе мамаң бақытты екен.

Жігіт тосылып қалды. Ол не дегені, өмірден тез кету бақыт па? Жалғыз баласын өсіріп, оқытып, енді қызығын көрем дегенде бір туысы жоқ үлкен қалада жалғыз тастап кете барғанын қалай бақытқа балайды? Мына кісі қызық екен.

Нағашы апасы басқа ештеңе сұрамады. Ас үй жақта стакандардың шылдыры естілді. Бұл отырған үлкен бөлменің бір қабырғасын нағашы апасының жас кезіндегі сұлу бейнесі алып тұр. Неткен сұлулық! Нағашы апасының көркі расымен де ақындар жыр жазып, суретші қылқаламын ыңғайлайтындай-ақ екен. Жиегі шілтерлі ақ шляпа киген ару ақ көйлегінің етегі желбіреп көк шалғынды жалаң аяқ кешіп барады. Ұштары қайрыла толқынданған шаштарын жел алып қашып ойнаған ерекше әсерлі сәтті кәнігі фотограф мүлтіксіз көшірген. Жанары қандай аялы еді! Өмірді бетінен қақпай еркелетер әкесіндей көріп барынша сеніп, еркелеген түр. Болар-болмас ашылған еріндерінде сол өзі сенген дүниеге іңкәрлік тұнып қалған. Жаймен ғана нағашы апасына көз салды. Ана суреттегі қасы қиылған талдырмаш ару мен алдындағы етжеңді, көзінің асты күлдіреген, шаршаңқы әйелді бір адам дегенге көзі жетіп тұрса да көңілі сенуі қиындау. Бірақ, шындық сол, адам бейшара өзгермеймін деп ерегісе тырмысқан сайын айтса нанғысыз түрге енеді, уақыт аямайды.

Нағашы апасы сыртында өзінің сұлу бейнесі салынған бокалға құйып қара кофе берді. Кофені қайнатып жатқан кезде ауаға таралған жанды еліктірер иісінен-ақ күнде өздері жұмыста ішіп жүрген арзан кофе емесін шамалаған. Беті көпіршіген кофеге бір шақпақ қантты салып, алтын жалатқан қасықпен бұлғап отырып кеткенше асықты. Нағашы апасы үстелге ыстық тамақ түгілі басқалай тіскебасар ештеңе қоймады, мұнысы шетелден үйренген әдеті ме, болмаса өзін жаратпағаннан құр кофе қайнатты ма, ол жағын біле алмады. Тіпті келген қонаққа мезіреті үшін қасында отырмағаны да біртүрлі көрінді. «Кеш түспей кетейін» деп жинақтала бастаған. Басын үлкен жасыл орамалмен тұмшалап байлап тастаған нағашы апасы бетіне әппақ қылып әлденелерді жағып алып, ақ диванның үстінде тырнақтарын әрлеп отыр екен.

– Кетесің бе?

– Ия, қайтуым керек, ертең жұмыс.

– Ия, жұмысқа кешікпеу керек. Айтпақшы, кім болып істейсің?

– Паталогоанатом. Білетін шығарсыз…

Нағашы апасы басын көтеріп алды:

– Адам соясың ба?

– Солай десе де болады, – деп қипақтап қалды бұл. Негізгі жұмысымыз зерттеу. Материалды зерттейміз.

– Жарайды, сау бол. Көбіне үйде бола бермеймін. Жылына бір-екі хабарлассаң жетіп жатыр.

Бұл тағы біртүрлі болып қалды. «Сонда бұл келме, мазамды алма дегені ме? Нағашы апаңды тауып ал дегесін келдім ғой, әйтпесе… нем бар?» Өкініп тұрып аяқ киімін ілді. Соңынан сарт-сұрт еткізіп есікті кілттеп жауып жатқан дыбыстан тезірек аулақ кеткенше асықты. Енді қайтып келмеспін, бүйткен нағашы апасы бар болсын деп кеткен. Сол оқиғадан кейін мұны білімін жетілдіруге басқа қалаға жіберді, қайтып келіп жұмысына кірісіп, өз тірлігімен жүргенде бұл дүниеде нағашы апасының бары есінен шығып кеткендей де еді. Бір күні мұның телефонына «Келіп кет, Джектен айрылдым» деген хабарлама келді. Нағашы апасының үйіне барғанда әппақ жүндері сабалақтанып тұратын ойыншық тектес итінің аты Джек екенін шамалады. «Джек деп тұрқы үлкен иттерге қоятын, ал ойыншық тектес итке ол үйлеспейтінін нағашы апасы білмеген бе?»

Телефонмен алдын ала хабарлап алса да, әуелі есікті ашып болмады. Ішкі жақтан көзшеден бақылап тұрғанын іші сезеді. Есікті ашқан бойда алдыңғы жолғыдай тез жауып, сол бойы кілттеп алған әдетіне бұл жолы мән бермеді. «Сырт киіміңді сол жерге шеш, қалтаңда не бар, осы жерде бол» деген сөздерге де таңырқаған жоқ. Бір байқағаны нағашы апасы бұл жолы жылыұшырай қарсы алды, өзі өткен жолғыдан гөрі қартайыңқырапты, ұйықтамаған ба, көзі кіртиіп, қабағы ісініп тұр. Аяғын сылти басады. Бұл жолы туфли кимеген. Ойық жағалы, үстіңгі жағы жасыл, етек жағы қара көйлегі туфлимен әйбат жарасар еді. Гүлді тәпішке кигеннен бе, бойы да аласарып кеткендей. Дегенмен, көңіл-күйі жаман емес көрінді. Итінің өлер алдында өмірді, иесін қимағанын, иттің көзі ерекше аянышты болатынын, иті өлгелі өзінің де ештеңеге зауқы жоқ екенін, тіпті өзінің сырқатына қажетті инсулинді әкелуге де көңілінің хошы келмей отырғанын мұңайып айтты. «Көп жылдан бері серігім еді, Джек деп үлкен иттердің атын қойып едім. Өзі кішкентай болса да осы үйдің азаматындай болды. Джек десе Джек еді». Нағашы апасының сөздері бір жағынан аяныш сезімін тудырса, бір жағынан шошыта түседі. Бұл шешесінің қайтыс болғанын естігенде өзіне еш қатысы жоқтай бедірейген адам қайдағы бір иттің өлгеніне соншама күйзелгенін қабылдай алмай отыр. Өмір бойы жалғыз тұрып келе жатқан жалғызбасты әйелдің итті бала қылып алған, оған бауыр басып кеткен қылығы қала баласы үшін шошитын да нәрсе емес шығар. Бірақ, дәл осындай кейіпкерлер әлдебір арзан оқиғаға құрылатын нашар фильмдерде ғана болатын сияқты еді. Қалай болғанда да, нағашы апасының алғашқыдай емес, өзін кәдімгідей хабарлама жіберіп шақырғаны, мұңын шаққаны ішін жылытты. Адам ерте ме, кеш пе, туыстың қадірін біледі екен ғой…

Әпкесі мұздатқыштан шығарған төрт жұмыртқаның үшеуін бұған қуырып берді де, біреуін өзі қайнатып жеді. Жатар-тұрар асы осы екенін іші сезіп отыр. Өзінің жатағына қайтып, жолдан самса сатып ала кету керек.

– Сен өзің үндемейтін жігіт екенсің. Әңгіме айтсаңшы. Мамаң мен туралы не айтты саған?

– Ештеңе.

– Солай ма? Менің актриса екенімді, ұзақ жыл шетелде болғанымды, ол жақта беделім бар екенін айтпады ма?

– Жоқ.

Нағашы апасы бір сәтке ашуланып қалғандай көрінді.

– Мен қайтайын.

– Бар, бар, үйіңе жетіп алғаның дұрыс.

Шыға бергенде апасы қолына оралған әлденені ұстатты.

– Жолай қоқысқа тастай салшы, Джектің итаяғы мен бөстегі ғой. Көзіме түссе көңілім босай береді.

Нағашы апасын жалғыздықтан қажыған адам деуге аузы бармайды, керісінше келген адамнан құтылғанша асығатын сияқты. Сонда мұны не үшін шақырып алды. Итті көму үшін бе, әлде оның итаяғы мен бөстегін қоқысқа лақтырту үшін бе… Қызық адам…

***

Жігіт қызға бұл жолы да гүл сыйлады. Гүл болғанда қандай! Осындай ерекше безендірілген гүлді алғашқы айлығын алған кезде өзінің анасына сыйлаймын деп ойлайтын, ешуақытта ешкімнен гүл алмаған (өзі көрмегесін солай ойлайтын) анасы қуанар еді. Бұған білдірмей көзіне іркілген жасын сүртер еді. Бірақ, шешесіне ақыры гүл алу бұйырмады. Ол ұлының жұмысқа тұрғанын да, айлық алғанын да күте алмады.

– Сенің сыйлаған гүлдеріңді суретке түсіріп үлгере алар емеспін. Инстаграмға салсам болды, құрбыларым лайк басып үлгермей жатып, сені мақтай жөнеледі. «Нағыз ханзада! Нағыз ер жігіт» деп. «Бір күні көлігіңнің үстіне гүлден жүрек салады, бір күні ең әдемі раушандарды жұмыс орныңа курьерден беріп жібереді. Ақ раушан, қызыл, алқызыл… Осындай жігітің бар, қандай бақыттысың!» дейді. Іштері күйіп жатқандар бар шығар. Өзімді ханшайым сияқты сезінем.

– Қызықсың. Менің орнымда басқа жігіт болса да сөйтер еді. Басқа жігіт менің қолымнан келмейтінді де жасауы мүмкін.

– Басқа жігіт? Олай деуге қалай аузың барады? – Қыз еркелеген күйі жігітті аппақ қолдарымен ұрғылай бастады.

– Ол мысал ғой. Сен сияқты қызға барлық жігіт гүл сыйлағысы келеді. Бірақ…

– Ия, не айтқың келді, бірақ…

– Бірақ, ешкім сені мен сияқты жақсы көре алмайды. Себебі…

Жігіт әдейі ойланып қалғандай түр танытты.

– Ия, айта түс. Маған ұнай бастады. – Ерке қыз екі қолымен бүйірін таянып, басын бір жағына қисайтып жымия күлді.

– Себебі, сен ақымақ қызсың. Ақымақ болғасын осындай сұрақтар қоя бересің.

– Ах, солай ма? Жігіт орнынан тұрып жүгіре жөнелді, қыз болса сазайын бермек болып артынан қуып барады.

***

Әлдеқашан сыйқы қашқан күзгі бақтағы үйреншікті орынға жайғасқан қыз бен жігіт дәл бүгін бақтағы бар жапырақ төбелерінен жауып жатса да, оны айтасыз, көзді ашып-жұмғанша күз өтіп, жер-әлем ақ қарға бөгіп, айнала ақбоз дүниеге айналып жүре берсе де елейтіндей емес. Ақшаның ғана салтанаты жүріп тұр, ақша болса махаббатты да, адамды да сатып алуға болады деп есептейтіндер, сенбесеңіздер, келіп көріңіздер, жігіт қызға ғана, оның тазалыққа іңкәр жанарына ғана қарайды, ынтазар жүрегінің ғана үнін естігісі келеді. Қыз болса екі көзі жігіттің ойлы жанарына арбалған күйі көңілі көкпен жалғанғандай ұйқылы-ояу күйде. Қос ғашықтың есін алған шарап-шәрбатын татып көрмедіңіз бе? Дүниеде бір тамшысы таңдайыңа тисе-ақ бүкіл жұлын-жүйеңе тарап, көңіліңе шәйі орамалдай жұмсақ тиіп, құштарлықтың мөлдір тамшыларын себезгілеп, көптен шаң басып көмескі тартқан кеудеңе шам жағып, ғажап күйге бөлейтін шәрбат жайында білгіңіз келсе көктемде ернеуінен асып-төгіліп, өткел бермес өзендей бұла сезімі тұла бойын тасытқан жас жігіттен сұраңыз; алабұртқан көңілі әр нәрседен секем алып, үлбіреген жүрегі мазасынан айрылған бойжеткеннен сұраңыз; қыстың ызғарынан жүрексінбей, бірақ үп еткен желден майыса жаздап, ақыры бойын тіктеп барып ерте көктемде бүр жарған бәйшешектей нәзік, ессіз жел еркін кезген маң далада қурай сыңсытып салған саздай әсерлі сөздерді бір-біріне үнсіз арнап, күллі дүниені ұмытып тұрып жанарымен ғана аймаласқан ғашықтардан сұраңыз. Бір тамшысы таңдайыңа тисе-ақ бүкіл жұлын-жүйеңе тарап, көптен шаң басып көмескі тартқан кеудеңе шам жағып, құштарлықтың мөлдір тамшыларын себезгілеп тұрып есіңді алар ғажайып шәрбат туралы солар ғана айта алады…

– Өзім хабарласам, – деді жігіт қызды шығарып салып тұрып.

Дәл осы шақта, дәл қазір өзінің осы қыздан басқа қуанышы жоқ еді. Жігіттің үйіне келе сала қызбен қайта сөйлесуге аңсары ауды. «Жоқ, мазасын алмайын, демалсын, ертең де күн бар. Мен жалғыз болғаныммен оның үйінде ата-анасы бар, оларға да уақыт қалсын. Шешем марқұм тірі болса осы бөлмеде кірпік ілместен мені күтіп отырар еді, мен оған Айя туралы айтқанымда әрі қуанып, әрі толқыған анам тіпті дегбірінен айрылып, ертесіне құрбыларына ұлының көп ұзамай келіншек әкелетіні жайлы сыр ғып айтар еді», деп ойлады ертеңгі жұмысқа киімдерін әзірлеп жатып.

***

Қанша енді бармаймын, көрмеймін десе де, Айяның «ата-анам сенің туыстарыңмен танысқысы келеді» деген сөзінен кейін ойына бірден нағашы апасы оралды. Одан басқа кімі бар? Шешесі тірі болса қызым деп бауырына тартып, Айяны жақсы көріп кетер еді. Мүмкін, Айяның туыстары менің нағашы апамды актриса ретінде танитын шығар. Тіпті танымаса да кезінде гүлдей құлпырған өнер адамы оларға естен кетпес ерекше әсер қалдырып, мен үшін тырысып көрер. Сонда менің не әкесі жоқ, не шешесі жоқ тұлдыр жетім екендігім еленбей кетпей ме? Нағашы апама одан басқа салмақ салмасым анық қой. Осыдан екі жақ келіссе өз алдымызға отау тігіп, өзімізше өмір сүріп кетер едік. Айяны ұнатар ма екен? Ал, Айя оған қалай қарайды? Айтқандай, нағашы апасына соңғы рет қашан телефон шалып еді. Дәл қай күні екенін есіне түсіре алмады. Онда да нағашы апасының қарлығыңқы даусын ести алмаған. Телефоны көбіне жабық тұратынын біледі, сондықтан секем алар реті жоқ. Дегенмен, бармаса болмас деді ішкі ойы. Өз шешесі бұ дүнияда сірә да жоқ, бұл апайы да қанша дегенмен бөтені емес қой. Туған нағашы апасы. Бірақ, Арысты осы апайының біртүрлі күдікшілдігі, секемшілдігі таңғалдыратыны бар. Тіпті көңіл аудармайын десе де…

Созалаңдай көтеріліп орнынан тұрды. Терезені ашып еді, көнетоз жабын желмен ойнай бастады. Жұпынылау ауқатын ішіп отырып, нағашы апасына барып келейін дегенге шын бекінді. Нағашы апасына сыйлық алса да болар еді. Бірақ, ақшалы адамға не аларсың. Оның үстіне әйел адам, жай әйел емес актриса болған.

Аялдамаға тоқтаған автобустардың әйнектерінің кірі де мұның жатақханасының терезе көзіндегіден кем түспейді. Сырты көптен жуылмаған болса да ортаңғы және артқы есіктеріне «выход» деп жазып алған автобустар паң, аялдамада сарылған халықтан өзін әжептәуір жоғары ұстайды, ыңыранып жүріп, міндетсініп тоқтайды. Тоқтағаны бар болсын, тек алдыңғы есікті ашады. Бір-бірін киіп-жара алға ентелеген жұртпен жағаласа алдыңғы тар есіктен бұл да енді. Жаңа ережеге «үйретілген» жұрт қалталарынан, сөмкелерінен карталарын шығарып валидаторға басып жатыр. Тыңқ деген дыбыс естілгенде өздерін ұлы міндетті атқарғандай сезінетін жұрттың соңын ала бұл да салонның ортасына қарай жылжыды.

Дүниеде сүйетін ісі – автобустағылардың бет-әлпетін, қимылын бақылап, киген киімдеріне назар аудару. Көзіндегі қап-қара көзілдірігінің арқасында, әсіресе, қыз-келіншектердің мүсініне көзін армансыз суаратыны бар. Әлденеге ызалы, әлденеге ашулы жүздер, шаршаған, жалыққан жанарлар, ойсыз, мағынасыз көзқарастар мұны шаршатпайтын. Танымақ тұрмақ, өмірінде бір мәрте көріп тұрған сол адамдармен өзінің табиғаты да, өмір сүру салты да бірдей болғанынан ба, тіпті солармен алыс туғандардай сезінеді өзін. Автобусқа мінгендердің бәрі бірдей өзі секілді жұмыстан кеш қайтып, асығыста қытай кеспесін талғажау етіп, құлазыған, кірі баттасқан жатақхананы паналап, о бір жылғы көне пиджагін үстіне жапсырып жүргендер емес, олардың арасында тұрмыстары әжептәуірлері бар болса да, салонның атмосферасы сондай ма, жолаушының бәрінен өздерінің осы күніне риза болмаушылық пен осыған әлдекімді кінәлаушылық аңғарылып тұрады. «Сонда олар неге риза емес? Өздерінің бай болмағанына ма, осы салонға мен секілділермен қатар отырғанына ма? Болмаса жақсы тұрмыс іздеп келгенде бәрі өзі ойлағандай керемет болып кетпегеніне ме»?

– Сіз я ары тұрыңыз, я былай шығыңызшы! Кедергі келтіріп тұрсыз тіпті.

Өзіне сөйлеген даусы ызбарлы әйел баласының кірпігінің ұзындығы мен қалыңдығынан бір қарағанда ұйқысы келіп тұрғандай көрінеді екен. Сол ұйқысы келіп тұрған көздер тесірейіп суық қарайды. Кейін ысырылып, салоннан шыққалы тұрғандарды өткізіп жібергенде тура қасынан бұрқ еткен қолаңса иісі аузы-мұрнын шарпып кетті. Тіпті өзі жұмыс істейтін мүрдехананың иісі мұндай емес еді. «Жасанды қас пен кірпік, тырнақ жасатам деп жүріп қолтығын жуатын сабынға ақшасы жетпей қалды ма екен», деп ойлады жиіркеніп тұрып.

Екі автобус ауыстырып жеткен ауданы аялдамадан тым қашықта. Кілең байлар жүйткіген көлігімен қатынайтын болғасын аялдаманы жақындатуға қажеттілік тумағаны көрініп тұр. Екі жағынан жағалай ағаш егіп тастаған тақтайдай тегіс жолдан анда-санда қымбат көліктер ағындап өте шығады. Әдемілігі бірінен бірі өткен қуыршақтай үйлердің әрқайсысынан талай түндер сызбасы сызылып, талай күндер бойы құрылысы салынған қажырлы еңбек көрінеді. «Мынаған қанша ақша кетті екен?» Сыртындағы қоршалған дуалының өзі күйдірілген кірпіштен өріліп, ауыр қақпасының сырты күміс түспен айқыш-ұйқыш өрнектелген биік, сәулетті үйді көркем туынды десе болғандай. Қақпадан жартылай көрінген үш қабатты үйдің сквері ғана емес, терезелерінің жан-жағы ерекшеленіп гипспен әдіптелген. Құрылысшы болмаса да оның бәріне қанша тер төгілгенін шамалап келеді. Әдетте мұндай үйлердің ауласы кішігірім стадиондай болып келеді және міндетті түрде бассейні болады. «Шіркін, осындай үй салсам, Айяны қазір болмаса да кейін осындай үйге кіргізсем ата-анасы да риза болар еді. Менің мамам да тірі болса ұлының азамат болып, үй салғанына жүрегі жарыла қуанар еді. Қуанғаның не, тіпті үйдің жарты жұмысын қоймай жүріп өзі тындырар еді-ау. Шаршамайтын еді ғой мамасы…» Жан-жағын еркінше тамашалап келе жатып, нағашы әпкесінің үйіне де келіп қалды.

«Мен сізге келіп едім» деп хабарлауы керегі есіне түсті. Нағашы апасының телефоны мүлдем байланыста жоқ. Бір жаққа кетті ме екен? Бірақ, соңғы жылдары апайы ешқайда шықпағанын біледі. Уақытында айналасындағы үйлердің алды болып, алыстан ерекше көрікті болып көрінетін үйдің қақпасы ғана оңа бастапты, айналасы жым-жырт. Қызылкүрең есіктің астына қарай үңілгенімен ол жердегі саңылау бар болғаны оншақты сантиметрлік екен, ештеңені көріп жарытпады. Жоғары жағына қарады, қақпаның үстіне қадалған басы үшкір темірлер істік тәрізді, аспанға шаншыла қарап тұр. Қақпа есігінің кілттік салатын жері де тым кішкентай болып шықты. Қайтып кете берсем бе деп ойлады. Мен келдім дегенмен де құшағын жайып қарсылайтын нағашы апасы болса, қане. Онша жаратпағаны қабағынан аңғарылып, шаршаңқырап тұрып есік ашар еді.

Ауласы мынау, не ауыз, не мұрын жоқ, қарапайым үй болса терезесінен қаға алмасаң тас жіберер едің, болмаса иті шабалана үрсе иесі де шығар еді, ал мынадай тас қамал секілді бедірейген үйге ұры да түсуге ойланатын шығар. Мысалы, мен қақпадан түссем ше? Анау найзадай болып тікірейіп тұрған сүңгі қарныма кіріп кететін шығар. Ойбау-ау, тіпті сол қақпаға өрмелеуді айтсайшы, табан тіреп, өрмелеп шыға қоятындай емес, жып-жылтыр, теп-тегіс. Көзімен өлшеп көріп биіктігі үш метрге жуықтайтынын шамалады. Бұрын қалай кіруші еді? Е-е, телефон бар екен ғой, ал енді… не тұрыс. Екі қолын қалтасына салып кері бұрылып жүре берді де кілт тоқтады. Соңғы жылдары сырқаттанып жүрмін демеп пе еді, нағашы апасына бір жағдай болып қалса ше? Ол да мүмкін ғой. Бірақ, апасы қартайып тұрған ештеңесі жоқ, бар болғаны 57 жаста.

***

Полиция «жедел жәрдемнен» бұрын келіп жеткенге дейін мұның ойына не келіп, не кетпеді, «бекер дүрліктірдім бе, мүмкін, нағашы апам жай басқа жаққа қыдырып кеткен шығар, өзі жоқта үйін бұздырғаным қалай болады» деген ойдың шырмауынан шыға алмады. «Ал егер телефонын қолданбай өзі қашанғыдай бетіне крем жағып, көлйектерін киіп қарап жүрсе ше, ренжиді-ау. Ренжіп қана қойса ештеңе емес, заң бойынша солай деп сотқа беріп жүрмесін». Манадан бері өзіне алынбас қамалдай болып міз бақпай тұрған қақпаның сіресіп тұрған есігін лезде ашу арнайы құралдары бар епті жігіттерге бұйым болмады. Неше жылдан бері күтім көрмеген ауланың ішін белге жететін шөп басып кетіпті. Қаланың мүсіншілерін шақырып арнайы жасатқан мүсін – сыбызғышы жігіттің басы торғайдың саңғырығынан көрінбейді. Қураған жапырақтар ұшып келіп шатырлы тапшанның ішіне үйіліп қалыпты. Ең алғаш келген кезде бұл аула тап-тұйнақтай болып, бір бұрышта сары райхан, қақпаға таяу жерде астра деп аталатын гүл көздің жауын алып, айналасына жұпар шашып тұратын. Ақындардың кітабында айтылатын Иран бағы деген осындай болған шығар деп ойлаған ішінен. Енді қарасаң ондай сұлулық бұл аулада мүлдем болмағандай. Алдына гранит төселген еңселі темір есікті полицейлер қанша қақса да ар жақтан дыбыс болмады. Биіктігі біршама болатын бірінші қабаттың терезелерін таяқпен ұрғылап та көрді. Өзара әлдене деп күбірлескен полицейлер есікті сындырып ашуға көшті. Есікті ашқан бойда мұрынға сыз иісі мен әлдебір күлімсі иіс қатар келді. Бұл жерде төбеден еденге дейін айна қойылған еді, оның беті күл-парша болған, керісінше әдемі ақ былғарыдан қапталған ақ пуфиктерге ешқашан адам отырмағандай жаңа күйінде. «айнаның быт-шыт болып сынуына қарағанда жалғызбасты әйелге қарақшылар шабуыл жасап жүрмесін» деп ойлап үлгерді. Едендегі тақтатас үстімен де бұрын-соңды адам жүрмегендей. Бір қарағанда көңілге күдік келтірердей ештеңе байқалмады. Бірақ, қолқаны қауып тұрған өткір иіс бір сұмдықтың болғанын әйгілейтіндей. Мұрнын басқан полицейлердің соңынан бұл де ере берді.

Нағашы апасы жатын бөлмесінде екі кісілік төсегінде жатыр екен. Өзін сақа полициялардың қасында ширақ полиция ретінде көрсетуге тырысып, едел-жедел қимылдап жүрген шегір көз жас жігіт кеңсірігін удай ашытқан адам шыдамас әлемтапырық иіс пен аза бойын қаза қылған көріністен таңертеңгі ішкен асының жұқанасы асқазанынан тік көтерілді ме, еріксіз лоқсып жіберді. Көзі жартылай ашылып төбеге қарап жан тапсырған әйелдің үстіндегі әдемі қызыл көйлегінің етегі кереуеттің бір жағынан салбырап түсіп жатыр. Бұл өзін осы уақытқа дейін барлық жағдайды салқынқанды қарсы алатын адаммын деп есептейтін. Осы жолы жүрегі өрекпіп, бойын діріл биледі. Әсілі туыс деген ұғым тегін емес. Тіпті толық танып үлгермесе де туыстың қайғысына адам шыдамас. «Неткен сормаңдай едім», деп ойлады. Жалғыз шешесінен кейінгі жақынын енді таптым дегенде табыспай жатып көз жазып қалғаны ма? Мүрденің ісіне бастағанына қарағанда жатып қалғанына үш-төрт күн болған-ау. Оның үстіне дене қолдырай бастапты. Барлық табиғи тесіктерден сасық иісті сұйық нәрсе ағып, жан-жаққа жайылып кетіпті. Талай мүрдені көріп, аза бойы қаза болар оқиғаларды естіп, қарапайым адамның жаны түршігер ауру тарихын жазып жүрген кәнігі маман болса да бұл жолы өзін ұстай алмады. Кеудесі әлдебір өткір запыранға толып, ішін кернеп, лықсып сыртқа шыққанша жанталасады. Екі иығы селкілдеген бойы екі қолымен бетін басқан күйі үнсіз жылап тұрды. Адам деген бейшараның іріп-шіріп кеткенін көргені бұл емес еді, оған нағашы апасының жалғыздықта, даңғарадай үйде жападан-жалғыз жатып қалғаны қатты батты. Жалғыздық… Адамы шұбырған үлкен қалада жалғыз болудан өткен қасірет бола ма өзі? Алқымына өксік тығылды. Осының бәріне өзін кінәлі сезінгені-ай. Неге ертерек хабарласпады? Сонда нағашы апасымен телефон арқылы тілдесер еді. Сол кезде ертерек келер еді, қасында болар еді. Диабеттің ауыр түрінен кейін аяғы гангренаға айналып кеткенін де білмепті.

***

– Сіз бұл кісіні танисыз ба?

– Қалай туыс болып келеді?

– Соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Кімдермен араласатынын білесіз бе?

– Бұрын ауыратын ба еді?

– Марқұмның басқа қандай отбасы бар?

– Жөндеу жұмысын қашан жасатты?

Тергеушінің сұрағына жауап бергенде өзінен өзі терлеп кетті. «Апыр-ай, бұлар менің өзімнен күдіктеніп отырған жоқ па?» деп те секемденді.

Күн сайын мүрде көріп жүрген патологоанатом әлі өз-өзіне келе алар емес. Нағашы апасын тап бүгін іздеп шыққаны, жүрегі ештеңеден секем алмаса да полицияны, «жедел жәрдемді» шақырғаны, үйді бұзып кіріп нағашы апасының даңғарадай зәулім үйде жалғыздан жалғыз бақиға аттанып, денесінің иістеніп, бұзыла бастағаны санасына сия алар емес. Естіген сәтте миының қыртыс-қыртыстарын қуалай барып, шақшадай басын шағып жібере жаздаған хабар – нағашы апасының осындай музей сияқты жарқыраған үйде тұрып аштан өлгені еді. Ішінде бір түйір ас жоқ, әбден әл-дәрмені бітіп үзілген екен. Жас кезінде көрікті, табиғат дарытқан қабілетінің арқасында есімі ауызға ерте іліккен, мұның ұғымында өте паң, дәулетті әйелдің ел аман, жұрт тынышта, соғыс емес, басқа емес, еденінде мәрмәр төселген, қымбат жиһаз толы үйде тұрып аштан өлуі ақылға сиятын сандырақ па? Бұған дейін аштан өлу тек қаңғыбастардың, орманда адасып кеткен немесе үңгірде қалып қойған адамдардың маңдайына жазылатындай көрінетін. Ауласына он көлік еркін сиятын, үй-жайының салтанаты анадайдан мысыңды басатын, іші кірсе шыққысыз жағдайда өмір сүріп отырып та аштан өлуге болады екен-ау! Басы зеңіп кеткендей болып, көзін жұмды. Қолына арнайы қолғап киген көзілдірікті жігіт қағазға әлденелерді асығыс жазып жатты. «Жатып қалғанына 3-4 тәулік болған», деді бұл даусы дірілдей. Көзі әйнектеніп тұратын дәрігер жігіт қабағын кіржитты.

– Оны қайдан білесіз?

Қонақ бөлмемен бірге жабдықталған піл сүйегі түсті қымбат ас үй жиһазын шаң басыпты. Көптен қолданылмағаны көрініп тұр. Мұздатқышта томат пастасы, майонезден басқа азын-шоғын тамақ бар екен, бірақ, көптен тұрған азық иістеніп кетіпті. «Нағашы апасы көптен төсектен тұра алмай, бір жұтым су ішуі мұң болған екен-ау» деген ой оны мүлдем жаншып тастады. Шыны ыдыстардағы әртүрлі дәндер, күріш, бұршақтардың таусылғанына қарағанда нағашы апасы көптен бері сыртқа шықпаған. Бұл өз ойымен болып кетті. Нағашы апасы диабеттің соңғы стадиясын өткерген, диабеттің ауыр түрінен оң аяғы гангрена болған. Ең соңғы күндерінде мүлдем ас ішпеген. Тұруға, жүруге мүлдем халі болмаған, егер қасында біреу болса бұлай болмаған болар еді. Сонда осыдан үш не төрт күн бұрын жантәсілім болған ба… Олай дейтіні адам қайтыс болған кезде бұлшықеттер қатаяды, бұл химиялық реакция қайтыс болғаннан кейін 2-3 сағаттан соң болады. Тек 2-3 тәуліктен соң барып бұлшықеттер босап бастапқы қалпына келеді. Денесінде көкшіл дақтар да көп жатып қалғанын аңғартады. Өзі жұмыс істейтін жерге әртүрлі жағдайда жан тапсырғандар жеткізілетін, егер аяқтың, саусақ ұштары мен құлақтың ұшы көгеріп қалған болса ол адамның асылып өлгенін, дененің түгел алқызыл шие түске енуі – газдан уланғанын білдіретін. Ал, бұл жерде дененің көкшілдігі қанның бүкіл ағзаға тарамауынан болып тұр. Осыдан үш не төрт күн бұрын ғана нағашы апасы тірі болыпты, ал бұл… сол күні демалысы еді, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатты емес пе. Жүрегі сазып, басы айналғандай ма…

Мүрдені сараптамаға алып кеткен соң бірлі-жарым адамға хабар беру үшін нағашы апасының телефонын табармын деп далбасалап жатын бөлмені қарай бастады. Қызыл ағаштан жасалған ауыр комодтың үстіндегі, терезе алдындағы рамкаға салынған нағашы апасының жас, сұлу кезіндегі суреттерін бірінен соң бірін алып ұзақ үңілді. Жанары тұнық, қасы иіле біткен сұлу болған екен. Дөңгелек жүзі мен қыр мұрыны ерекше көз тартады. Бұйралау кекілін оң жағына қайырғаны көркін аша түседі, ұзын шашы арқасын жапқан, суреттен қарағанда жанары өткір, бұған өкпелеп әлде жазғыра қарағандай. Нағашы апасының атын өрнектеп жазып сыйлаған естелік сыйлықтарды шаң басып тұр, бір шетте үйілген кітаптар мен ескі журналдарды ақтаруға жүрегі дауаламады, әрі тас үй әжептәуір суық екен, әрі-беріден соң бойы тоңази бастады. Өшіп қалған қол телефонның қуатын толтырып қосқан кезде өз көзіне өзі сенбеді. Бір кезде атағы әжептәуір болған актриса бар болғаны үш адамның номерін сақтапты. Құны әжептәуір қызметте жасайтын бір адамның айлығына тұратын телефон сырты қандай жылтыр болса, іші соншалықты жұпыны болып шықты, ешқандай бағдарламаға қосылмаған, өзінің ішінде бірлігі де жоқ екен. Өзінің телефонымен Х деп сақталған номерді тере бастады. Ол жабық екен, келесісін терді, ызалана басып тастады, ол да жабық. Бәріне не болған, әлде олар да мұның нағашы апасы сияқты… Өзінің қатты шаршағанын сезді. Осы кезде мұның өз телефонына қоңырау келді.

– Алло, сіз звондадыңыз ба?

Шетелде аты танымал болған актрисаның қазасын естіген ер адам бір сәт мәңгіріп тұрып қалғандай көрінді. Даусына қарағанда жасы алпысты алқымдаған-ау, көз алдына қасқа бас, қарны шыққан еркекті елестетті. Біраз уақыт үнсіз қалған ер адам ертең келетінін, тағы бірер досына хабарлайтынын айтты.

Үйдің іші қаракөлеңке тартты. Жарықты жағып еді, манадан тұмшалап тұрған көңілсіздік сәл де болса ыдырай бастағандай болды. Бүгін өзімнің үйіме жетіп алуым керек дегенді ойлады. Нағашы апасының жатын орнын көзбен тағы бір рет шолып өтті. Бірнеше күн өлік жатып қалған үйдің үрей шақырып, құтыңды қашыратын бір сыры болатынын осы жолы түсінді. Мүрделермен күнде жұмыс жасап жүріп, осындай үрейге билетті ме екен, тап қазір есінде жоқ. Нағашы апасының төсегі шашылып қалыпты. Жастығының астынан бір кітапша көрінді. Әйелдер жақсы көретін арзанқол роман шығар. Әлде, күнделік пе. Әй, бірақ, мына заманда күнделік жазатындар қалды дейсің бе. Бірақ, өнер адамдарының күнделік жазбайтындары сирек шығар деп ойлады өзінше жорамалдап. Кенет… жастықты ашып кітапшаны алам дегенде өзінен өзі шошынып, сүрініп кетпесі бар ма. Екі қолымен тіреп құламай қалды. Қолын төсектен алған кезде қолына жабысқан жылбысқы шырышты көріп өзінен өзі шошынды. Жұмыстағыдай медициналық қолғап кимеген қолдарын қайта-қайта ысқылап жуып, тіпті иіскеп те көрді. Адамның кейбір мүшелерінің әлдебір жылбысқы қабаттармен жабылатынын медицинада адипоциром деп атайды. Көбінесе түгел ағза емес, кейбір бөліктері ғана балауыз секілді түрге енеді. Сары түсті бұл зат ұзақ жылдар бойы ағзаның бүтін, бұзылмай тұруына көмектеседі. Ал ағзаның тіндері бүліне бастаған кезде осы май жасушалары ферменттер бөледі. Мұның қолына жұғып қалған осы сұйықтық болатын. Ол ашық жараға түссе тірі адамды өлтіруі мүмкін.

Бір сәт бөлмеде біреу «уфф» деп күрсінгендей болды. «Уфф». Өз құлағына өзі сенбейін десе де естігені естіген. Рас, нағашы апасының күрсінгенін естіген емес. Бірақ, мына дем алыс соныкы. Сонда адамның жаны болады деген сандырақтың рас болғаны ма? Дененің ішіндегі мүшелерін көзбен көріп, қолымен ұстап жүргендіктен тек көргеніне ғана сену оның дағдысына айналған, көзімен көрмеген нәрсеге сене алмайды. Адамның жаны болады, уақыты келгенде ол денеден бөлініп ұшып шығады дегенге онша иланбайтын. Адамның денесін күн сайын сойып жүргендіктен бе, ондай ұғымды миына сыйдыруы қиын. «Адам өлгеннен кейін өзінің салмағынан бірнеше грамм жоғалтады, бірақ, ол жанның салмағы емес, дене өзінің ылғалдылығын жоғалтқанынан», деп бір қайыратын. Бұдан әрі неге олай ойлайсың деп ешкім оны мазалаған емес.

Кеткенше асықты. Өзінен өзі зәресі кете шошынғаны басылар емес. Кітапшаны да алуға батылы жетпеді. Ертең үйді тазалайтын кәсіби фирмаларды шақыртуы керек. Қайтыс болған адам жатып қалған үйдегі ауада ұшып жүрген не еденге сіңген бактерияларды жоқ қылу үшін мол концентрациялы арнайы химияны пайдаланып, құрғақ бумен зарарсыздандырмаса болмас.

***

Өмірден көрері де, бастан кешірері де, азабы да аз болмайтын адам деген бейшараның көмілуі оның осы қысқа өмірін тым жеделдетіп жібереді екен. «Менің нағашы апам қайтыс болып еді», деп ешкімге айта алмады. Ерсілі-қарсылы адам ағысы сапырылысқан осынау үлкен қалада өзі де саяқ ғұмыр кешіп жатқан жігіт ішкі ойларын, уайымын өз ішіне жасырып, қымтап үйренген мінезімен ешкімге ештеңе деместен, жұмысынан сылтау тауып сұранып шықты. Бас-аяғы үш адам, бірі жұмыстасы, бірі танысы, бірі өзі – үш еркек жерлеу рәсімін жасады. Жерлеу бюросындағылар бұлар айтқан барлық өтінішті орындап, актрисаға арнайы макияж жасап, тырнағын маникюрлеп, бояндырып-жасандырып, ең әдемі көйлегін кигізді. Оларға хабарласып, негізгі жұмыстарды атқарған кешегі телефонмен сөйлескен ер адам. Өзін Халил деп таныстырған ер адам расымен де жасы алпыстарға еркін енген, төбе шашы жылтырап қалған ер адам болып шықты. Мұның долбарының шатысқан жері – бір аяғын ақсай басады екен. Актрисаны жерлеу кезінде көз алдында шөгіп кеткендей аса қайғырған да осы кісі болды. Бар болғаны қызметтес болса да, нағыз жақынындай қайғырған жақсы адам екен деді бұл ішінен. Бұл бір мейірбан адам болды ғой. Нағашы апасын сыйлайды екен. Өзі болса осы күндерде көргендерінен есін жия алмағандай сүлесоқ, ойы әлдеқайда бытырап кеткендей. Туыс дегеннен нағашы апасын енді тапты дегенде бауыр басып үлгермей жатып айрылғанына іші удай ашыды. Айямен де таныстыра алмағаны-ай. Қабірге түсіріп жатқанда нағашы апасының бет-жүзін ойына ұмытпастай жазып алмақ болып зерттей қарады. Бұл жолы өткендегідей жыламады. Өкініші ғана ішін жидітіп барады. «Өкініш-ай, сенің жүрмейтін, килікпейтін жерің бар ма…» Өзін өзі кінәлаған сезім еңсесін көтертер емес.

Халил көлігімен шағын мейрамхананың алдына тоқтады. Өзімен өзі оңаша отыратын жері бар кафеде кісі де аздау. Өзге бұл көріп жүрген кафелердегідей шарап пен шылым иісі де сезілмейді. Ер адамның тапсырыс бергеніне қарағанда бұл жерге жиі келетінге ұқсайды. Қымбат шарапты аузына апарар-апармаста Халил бұған ойлы көзбен қарап:

– Сен сонда інісісің бе? – деп тағы сұрады.

– Әпкесінің ұлымын, анам қайтыс болып кеткен.

– Оның мұрагері жоқ сияқты еді дегенім ғой.

Бұл үндемеді.

– Айтпақшы, мен режиссермін. Кезінде сенің нағашы апаңа ғашық болғам. Ол дегенде қаншама жігіттің көзі оттай жанатын. Ол бірақ, жарыққа үймелеген жындыкөбелектей сол жігіттердің ішінен тек мені ғана таңдап еді.

Халил масаттанғандай болып, басын шалқайтып күле түсті де, бірақ өз еркі өзіне бағынбай, көзін көлегейлеп отырып қалды. Еркек еркектің қасында отырып жыласа оны жұбатуға бола ма, қалай жұбатады өзі деп ойлады бұл іштей. «Е-е, кеше нағашы апамның қайтыс болғанын естігенде есінен танып қалғандай болғаны, бүкіл шаруасын зыр жүгіріп бітіріп, бүгін жерлеу рәсімінде қатты қайғырғаны тек жақсы әріптес болғандығынан емес екен ғой. Несі бар, нағыз джентельмен десе де болады.

Халилдың айтуынша, әпкесі өзінің өмір бойғы жиған тергенін аямай салдырған үйін ешкімнің атына жазбапты. Ешқандай сенімхат болмаған. Ерге шықпаған, бала тумаған жалғызбасты әйелдің бір басына деп жиған-тергені аз емес көрінеді. Зәулім үйді айтпағанда қымбат көлігі мен есепшоттағы ақшасының өзі жарлының біраз жырғауына жетер еді.

– Сен өзіңнің жиен інісі екеніңді қалай, немен дәлелдей аласың?

– Ештеңемен дәлелдей алмаймын

– Олай болса сен ол үйге мұрагерлікке таласа алмайсың ғой.

– Таласпаймын. Маған ол қажет емес.

– Сонда қалай?

– Солай. Мен бар болғаны оның апасының ұлымын, Нағашы апам жас кезінде кино жұлдызы болып, кейін шетелге кеткен. Сол жақта ұзақ жыл тұрып, елге оралғанына көп уақыт бола қоймағанын білетін шығарсыз. Шешемнің аманатымен бұл кісіні табуын тауып алып едім, бірақ, өмір бойы өзімен өзі жалғыз-жатақ болып қалған адам өзін іздеп тапқаныма қуана қоймаған сияқты. Сенсеңіз, бұл менің екінші, жоқ… үшінші мәрте келуім. Ол мені қарсылады, бірақ ашылып ештеңе айта қоймады.

– Солай де…

– Солай. Ендеше мен қалайша оның мұрагері едім деп айта алам. Тіпті фамилиям да бөлек.

Халил иығын қиқаң еткізді.

– Өзің қызық жігіт екенсің… Сонда түк алмайсың ба? Бір амал жасауға болады ғой. Қажет болса заңгер, адвокаттармен сөйлесейін.

– Жоқ, әуре болмаңыз, қажет емес.

– Өзің қызық жігіт екенсің…

***

Нағашы апасының үйі белгіленген мерзім ішінде туыстарынан мұрагерлік құқы бар ешкім табылмаса мемлекет меншігіне өтеді деген шешім шықты. Оған дейін үйге белгі салынып, уақытша тұтқындады. Бұның қолында қалғаны нағашы апасынан жалғыз белгі – сырты қызыл былғарымен қапталған кітапша ғана. Қанша рет қолына алып оқиын десе де біртүрлі жүрегі дауалар емес. Бірнәрсе кедергі болатын сияқты. Бір нәрсе ойын әр жаққа ала қашып, қолын қағып, оқытпайтын секілді. Әлде күнделікті Халилге бергені жөн бе? Мүмкін, ішінде мен білуге болмайтын, маған еш қажеті жоқ сыры айтылатын шығар. Ал, Халил қанша дегенмен жас кезіндегі жақын адамы ғой. Әлде… жата берсін бе…

Сол жолы Халилдың шарапты сыздықтата ұрттап отырып айтқан әңгімесін қайыра есіне алды.

«Осы кезге дейін байланысты үзіп алған едік, бірақ, оның өмірі осылай өте аянышты аяқталады деп еш ойламаппын», деген Халил әлденеден күдер үзгендей, беті қайтқандай қинала отырып сөйледі. «Кезінде жігіттің сымбаттысы болғаны көрінеді, менің нағашы апамның таңдауы бекер емес» деп ойлап отырған бұл Халилдың әңгімесіне көңіл бұрды. Халил іштей өткен күндерінің беттерін парақтағандай тоқтап-тоқтап барып сөйлеп отыр.

«Біздің театрға алғаш келгенде одан көзімді ала алмай қалған едім, жанары жарқ-жұрқ еткен, ар жағында есті алып кетер тұңғиығы бар сол көзге арбалып қалдым ғой мен. Бойы тіп-тік, аяғы түп-түзу, демалғанда омырауы көтеріліп-басылып тұратын, белі қылдай ол қыз ұзын шашын арқасына сілки жанымнан өтіп кетсе-ақ магнитінің ерекше қуаты мені тұрған орнымда жіпсіз матап, есімді жиғызбай өзі кеткен жаққа қарай тартқылай жөнелетін. Өзім тұрған орнымда қалшиып қатып қалсам да бар ойым, қиялым сол қыздың соңынан ере кететін. Сол кезде ол ең талантты актрисалар қатарында саналатын, оның рольдері де елдің аузында. Ия, ол рольдеріне өзінің жанын салушы еді. Көре алмағандар оны «жынмен байланысы бар, сол жындардың көмегімен рольге еш қиналмай еніп кетеді» деп өсектейтін. Ондайға мән бермейтінмін. Көре алмаған жұрт не демейді. Мен оның жалт еткен қарасы мен жалғыз жымиысының жолында бәрін құрбан ете алатынымды түсіндім. Мұның қауіпті екенін де ішкі түйсігіммен сезетінмін. Кейін оның да маған кетәрі емесін сезгенде есірік бір сезім алды-артыма қаратпады. Оның шарапқа құмарлығын да, шылымды еркектерше бұрқырататынын да елемедім. Ондай сұлуға бәрі жарасады деп ойлайтынмын. Біз барынша еркін өмір кеше бастадық. Мен тіпті заңды түрде некелесу туралы да ойлап жүрген едім. Тіпті үйде келіншегім мен екі баламның барына қарамастан, өзім сүйген актрисаның мінезінің қиын екенін, онымен бір шаңырақтың астында тұру оңай болмайтынын ішім сезіп тұрса да, оның қасынан кете алмайтын едім».

Халил маңдайын ұстап отырып қалды. Ұзақ отырды. Тіпті бір сәтке қалғып кеткен сияқты да көрінді. Осы отырысында өзімен-өзі сөйлесіп отырғандай көрінер еді. Бұл өзіне газды сусын құйып алып жатқанда Халил сөзін қайта жалғады.

«Сен кеше оның қолындағы жасыл түсті көзі бар сақинаны байқамадың ба?»

Бұл иығын қиқаң еткізді. Адам өліп жатқанда оның саусағына қарайтын мұрша болушы ма еді.

«Мүрдеханадағылар шешіп алған шығар», – деп күрсінді Халил. Өз сұрағына өзі жауап беріп.

«Ол өте қымбат сақина еді, мен сұлу да қылықты әйелге «үйленейік» деген сөзді айтайын деп сол сақинаны алып келген едім. Пәтердің кілтін өзімде бар кілтпен аштым. Аяқ киім шешетін дәліз қараңғылау, әдейі тосынсый болсын деп есікті дыбыссыз ашып, жарықты да жақпадым. Қалтамда сақина салған қызыл барқыт тысты қорапша. Өзім қуанып… Бұрын үйленген болсам да көңіл-күйім сондай, тура жас жігіт сияқтымын. Нағашы апаң еркекшора деп айттым ба, ол ас үйге жоламайтын, ол жаққа бұрылмай, душ қабылдап жатыр ма деп едім, онда болмай шықты, жатын бөлмеден де байқай алмадым, қонақ бөлмеде де көрінбеді. Бір жаққа кетіп қалуы мүмкін бе дегенді ойлағаным сол, жатын бөлмеден тысыр еткен дыбыс, күбірлеген дауыс естілгендей болды. Барсам, бастапқыда байқамаған екенмін, ол кереуеттің астына кіріп кетіпті, актрисалардың арасында образға кіріп кететіні болады, мен оны басында ойын деп қабылдадым. Кейде бұл өзгеріс оның әлгі бір рольді алғанынан болды ма деп ойлаймын. Жасөспірім шағында зорлыққа ұшырап есі ауысып кеткен қыз туралы фильмді көріп пе едің? Сенің нағашы апаң оны тек роль деп қараған жоқ, сол арқылы өмір үшін күресті көрсеткісі келді, ол үшін бұл роль бүкіл әлемге депрессияның қандай болатынын, онымен қалай күресу керегін көрсетудің жолы еді. Бір күні ол тіпті шектен шығып, қолындағы шылымымен ұйықтап кетіп өртенуге шақ қалғанда арнайы маманның көмегі керек екенін айтқам. Ол тыңдамады. Өзін аямайтын. Сен білесің бе, білмейсің бе, рольге қатты тырысушылық кезінде актер барлық сезімін шығарады да, мүмкін еместі орындаймын деп шығармашылық қуатынан айрылады. Маған ол зорығып кеткен сияқты. Эмоционалдық көріністердің көптігі соққы болды ма деймін. Кейде тым қатты жұмыстанып кетсең де қиын, бұл кейде рольге жан бергеннен бұрын сананы құр шаршатып, ешқандай жеміс бермейді. Бұған жібермеу үшін режиссер өзінің актерлерін қолдап, шығармашылық тонуста ұстауы тиіс.

Сөйтіп, мен оны кереует астынан шығармақщы болдым. Тезірек қуантсам деймін. Жас едік, жүрегім махаббатқа толып тұрды.

– Жаным, тұршы бері, саған сыйлығым бар.

Ол басын көтермеді.

– Жаным…

Мен еңкейіп оны қолынан тартып, өзін сүйіп алмақшы едім. Ол оқыстан баж етті.

– Жақындама, өлтірем!

Оның қолындағы нан, көкөніс турап жүрген көк сапты пышақты көріп өзім де шошып кеттім.

– Саған не болды, бұл мен ғой. Халилмін.

– Жақындама! Мен сенен қорқамын!

Оның сол сәттегі түрі алабөтен қорқынышты еді. Көзі мағынасыз күйде шарасынан шығып, үрейге толып тұр. Танауы қусырылып, ернін жымқырып алыпты. Өзі дір-дір етеді. Мен шынымен де шошыдым. Бұрын-соңды мұндайын көрмеген едім. Оның есін жиғызбақ болып сілкілеп-сілкілеп жібердім де, көтеріп алып төсекке жатқызып, құшағыма алып, шашынан сипадым. Ол маған өзі ойнап жүрген рольге қатты кіріп, содан шыға алмай тұрғандай көрінді. Құшақтап, сүйіп жатырмын. Сол кезде барып ол тынышталғандай болды. Өксіп-өксіп жылап, менен кешірім сұрады.

– Олар бізді өлтіргісі келеді, – деді сосын.

– Бізді… жоқ… мені құртқысы келеді. Сосын менің рольдерімді өзі алмақшы. Кету керек! Қашу керек!

Оның ақыл-есінде кінәраты барына еш күмәнім қалмады. Өйткені, ол өлтіргісі келіп жүр деген адамдарды мен де танитынмын, олар мүлдем ондай адамдар емес-ті. Мен оған жасыл көзді қымбат сақинаны сыйладым. Шаттана қуанып, қолын шапаттағаны, мойныма асылғаны, ерекше нәзіктікпен ернімнен сүйгені көңіліме ұнап тұрса да ішімде бір күдік пе, өзіме сенімсіздік пе, түсініксіз сезім бұғып қалып қойды. Мен оған «үйленейік» дегенді айта алмадым. Кейін осындай жағдайлар тағы да екі-үш рет қайталанды, ол өзінен өзі көтеріліп ашуға мініп, аузына келгенді айтып немесе болмашыға еңіреп жылап, жылап болып сақылдап күле салатын. Осының бәрі менің жүйкеме тие бастады.

– Сіз өзіңіздің қарақан басыңызды ғана ойлапсыз. Менің жүйкеме тие бастады дейсіз, өзіңіз ұнатқан әйелге сүйеу болып, оны емдету керегін ойламадыңыз ба? – деді бұл ақыры шыдамай кетіп.

– Ия, дұрыс, айтуың дұрыс… Халил қапелімде сөз таппай сасқалақтап қалғандай көрінді.

– Ол кезде психолог дегендер жоқ па, білмедім, ал «психиатрға апарам, қаратам» деген ұсынысыма көндіре алмадым. Мен бірте-бірте одан суынып бара жатқанымды байқадым. Актерлер арасында да оның аурулы екендігі жайлы әңгімелер шыға бастады. Өзімді кінәлаған кездерім де болды. Бірақ, сенің орныңда басқа бір еркек болса да суынған болар еді деген оймен өзімді ақтап алушы едім. Ол менің өзінен қашқақтай бастағанымды сезді. Бірінде топ адамның көзінше келіп, менің жер бетіндегі ең оңбаған адам екенімді айтып, бетіме түкіріп кетті. Мен бұған түк ренжігенім жоқ, осыдан кейін барып өзімді кінәлауға еш себеп жоқ деп шештім де, біртүрлі жеңілдеп қалғандай болдым, ақыры өз үйіме, әйеліме, балаларыма оралдым. Кейін біреулерден оның шетелге кетіп қалғанын естідім. Бастапқыда жан-дүниемде қопарылыс болғандай түсініксіз сезімде жүрдім де, артынша ол туралы ұмыта бастадым, тіпті ұмыттым десе де болады.

– Қандай адамсыз? Ұнаттым, сүйдім дейсіз. Ал, оның басында қиындық болғанда мүлде есіңізден шығарып жібересіз. Артистерді махаббатқа тұрақсыз келеді дегенді неге айтады десем…

– Жә, болды, сөзді бөле бермесейші. Мені кінәлай бер, одан маған келіп-кетері жоқ. Мен онсыз да қиналып жүрген адаммын. Ия, қай жеріне келіп едім… Аа, ия, бір күні теледидардан оның аты-жөнін естідім. Өзімнің құлағыма сенсем де, көзімнің көріп тұрғаны мүлдем басқа адам еді. Мен білетін талдырмаш, сұлудың орнында беті жалпиған, ебедейсіз семіріп кеткен кәрі әйел отырды. Ол өзінің енді өнер жолында емес, басқа салаға бұрылғанын, шетелде жеткілікті тәжірибе жинағанын айтып жатты…

Айтпақшы, тағы бір бокал ішейік те, тұрайық», – деді Халил өзі тапсырыс берген шарапқа өзі рұқсат сұрап. Ол масайып қалғандай көрінді.

«Адам деген жалпы қызық қой, мысалы, нағашы апаң шет елден қайтып оралғанда мен де жас емес едім, шаш түсіп, қарын пайда болып, өзіме үлкендік кіріп келе жатқанын мойындайтынмын. Бірақ, бір кезде өзің ғашық болған сұлулардың қартайғанын, көзінің асты қалталанып, күлгенде бетінің әжімі көбейіп кеткенін, кезінде өзің қолыңмен орай құшақтасам деп арман еткен қыпша белдің ізі қалмай, бөксесі толып, ішін май басып кеткен сарықарын әйелді көргенде оны кешіре алмайсың. Мен қарап отырып одан жиренгенім есімде. Оның өзіне қарамай, осынша өші бар адамдай сүйкімсіз жексұрынға айналғанына ренжідім бе, әлде сөйту арқылы өзімнің бір кездегі басымды сауғалап оны тастай қашқанымды ақтап алғым келді ме, оны өзім де түсіне алмадым. Сенесің бе, екеуміз бір қалада жүріп бірде-бір рет жолыққан емеспіз. Оның үстіне ол біздің саладан алыс кетіп, ешкіммен араласпайды деп естідім.

– Сіз ренжісеңіз де айтайын, нағашы апамның трагедиясы сіздің өзіңіз болуыңыз да мүмкін ғой. Тіпті ол сырқатқа шалдықпағанның өзінде уақыт өтіп, қартая бастағанда бәрібір теріс айналып, басқа жас актрисаларға ауып кетуіңіз… ғажап емес. Ол сізден басқа ешкімді сүймегені көрініп тұр, тұрмысқа да шықпаған. Ал, сіз оны эфирден көрген кезде жыныңыз келеді, сонда қалай болғаны, уақыт өте келе сіз өзіңіз де шашыңызға ақ кіріп, қарныңыз шығып, бір аяғыңызды сылтып басып жүріп (бұл сөзді жігіт ызамен айтты), ал байғұс әйелдің қартайғанын кешіре алмайсыз, қартаю табиғаттың ешкім қарсы тұра алмайтын заңдылығы екенін біле тұра соған әйелдің өзін кінәлайсыз, нағыз өзімшіл, көрсеқызар адам екенсіз.

– Ей, бала, жарайды енді! – Халил түйіліп қалды.

– Бүгін нағашы апаңның жерлеуі болғасын ештеңе демей отырмын. Әйтпесе, анау-мынау күшіктерді сөйлетіп қойып отырмаймын мен деген. Өзім де бұл жағдайды қиын қабылдап отырмын. Кеше сен звондағанда аяғымның астындағы жер қозғалып кеткендей болды, айтпақшы, менің номерімді қайдан алдың»?

Бұл нағашы апасының телефон номерінде бар болғаны үш номер болғанын айтты.

Халил екі қолын бір-біріне айқастырып үнсіз отырды, осы отырысында ішіндегі шарап орталанған алдындағы бокалға ұмсына еңкейген күйі бокал түбінен әлдене іздеген адамға ұқсайды.

***

Арыстың бүгін ешқайда барғысы келмеді. Төсегін жинап, о бастағы сарғыш түсі әлде кірден, әлде күн жегеннен оңа бастаған шағын ас үй шкафын ашып-жауып жүріп өзіне ас дайындаған болды. Асқа да тәбеті жоғын біліп тұрса да тырысып бақты. Терезе алдына барып, төменде ерсілі-қарсылы жүрген тұрғындарға қарап тұрып, екі қолын айқастырып ойланып кетті. Халилден естігені ойын онға бөлді. Нағашы апасының мұның шешесімен екеуі апалы-сіңлілі бола тұрып, бір-біріне еш ұқсамайтыны… тіпті өмірлері де бір-біріне қарама-қайшы. Мұның шешесі қарапайым әйел, шешесінің еш уақытта жалғыз ұлынан бөлек ойы болмағанын өзі біледі. Жасанып киім де кимеген қайран шеше ұлын оқытам деп мереке күндері де жұмыс жасайтын. Оның алданышы мұның өзі еді. Ал, нағашы апасына көрік те берген, атағы да болған, бірақ, өмір бойы жалғыз. Ең ақыры иті де өліп қалды. Осылай ойлағанда бойы мұздап кетті. Өзінің де жалғыз екенін… мойындағысы келмеді. Айя бар ғой, қалайша жалғыз болады. Ал, егер ертең үйленбекші болғанда қыздың ата-анасына мынау туысым еді деп кімді көрсетеді, мұның жал-құйрығы болып кім жүреді. Бірді-екілі досы, жұмыстасы, шешесінің көзін көргендерге өтініш айтар, бірақ, бөтен адамдар мұның жағдайын сезіне ала ма?

Халилдің әңгімесі оның көңіліне көп күдік қалдырды. Бір сұрақтан бір сұрақ. Ол сұрақтардың жауабын іздемей-ақ тып-тыныш жүре беруге шыдамы жете ме? Кімнен біледі, қалай біледі?

Нағашы апасының жастығының астынан алған қызыл былғары тысты кітапша оның көңілін күпті еткен сұрақтарына жауап беретіндей көріне беретіні несі? Мүмкін, ол жай жазбалар шығар. Тағамдардың мәзірі болуы да мүмкін ғой. Ал, егер күнделік болса ше?

Ешуақытта біреудің жазған күнделігін оқып көрмепті. Туысқаның өнер адамы болса және ол мына өмірден өтіп кеткен жағдайда оның күнделігін оқыған жөн бе, әлде біреуге берген жөн бе? Кімге береді? Халилге ме? Ішінде әйел адамның ешкімге айтылмайтын сыры болса, оны айдаладағы бір жиені оқып білсе ыңғайсыз емес пе? Тұра тұр, ал егер ішінде әлдебір аманаты, өсиеті кетсе ше? Оны оқымасам қайдан білем? Жігіт өткен жолы өзі анасының киімдері тұратын тартпаға салып қойған қызыл былғарымен тысталған кітапшаны қолына алды. Бастапқыда оған нағашы апасының күнделігі шашыраңқы, жүйесіз жазылғандай көрінді.

«Мен бақыттымын! Ақыры өзім армандаған рольді алдым! Енді менен сұлу, менен атақты актриса кім болуы мүмкін!» деп жазыпты басында.

***

Басқалар актерді режиссердің «мына жерде қорқасың, ал бұл жерінде күлесің» дегенін орындаушы деп есептейді, бұл бұйрықтардың тапсырма емес, одан шыққан нәтиженің актер ойыны еместігін бәрі бірдей түсіне бермейді. Ойын дегеніміз – нәзік психологиялық иірім, осыны ұстап отырып өзге адамға айналуың керек. Ол қараптан қарап тумайды, жанды, кеңістікті сезініп, әлдебір әрекеттің себебін түсінуден ғана келеді. Осыдан келіп өз идеяңды түсінуге қажеттілік туады. Актерлерді үйретілген ит деп емес, фильтр, сүзгі деп қарау керек. актер әрі мотор. Ол шығармашылықтың барлық азабын өзінен өткізіп барып жасайды.

Осындай режиссерлерді жек көрем. «Бөлмеге аяғыңның ұшымен басып асықпай кіріп, осылай, есіктің оң қапталына таман жерде еден сықырлайды, сен итті оятып алудан қорқасың, диванның сол жағынан айналып өтіп ірі планға ілігесің, терезеге қарайсың, міне, осылай». Мұның бәрі монтаж үшін ғана керек. ал, көрерменмен психологиялық ойын қайда қалады сонда?

Визуальдық әсер мен оператордың еңбегі арқылы ғана шығатын фильмдер осындай жұмыстың нәтижесі. Ол жерде актер ойыны ғана жоқ. Бірақ, осы бір ғана жоқ бәрін құртады.

Қатты шаршадым. Бір әрекетті бірнеше рет қайталайтын дубльде өзіңді толық арнап, ашылып, бар күйінішіңді жеткізіп, ішіңнен өртенген сәтіңді беріп жатқан кезде «тоқта» дейді, бұл жерде ең қаталы эмоционалдық сәт. Ойлануға уақыт тар, шоқты сөндіріп алмауың үшін процесті созуға болмайды.

Бөгеттер маған күресуге, қиындықты жеңуге мүмкіндік береді. Кейде торығуға әкеледі, мұның арты КОМЕДИЯ.

Бәрін жек көрем, бәрі жиіркенішті. Құрып кетсінші! Әбден шаршадым. Ешкімді көргім келмейді…

23.06.199…

Адам бәрінен бұрын өзін жоғалтудан қорқады. Бір рольге енген кезімде енді бірнеше минут аялдасам, қайтып шыға алмай қалам деп қорқатынмын. Бұл үрей-қорқынышымның негізі жоқ деп бірде бір дәрігер айтқан емес. Олар адамның психологиялық құрылымы тұрақсыз екенін біледі. Мен де білем. Мысалы, мас адамның роліне ену үшін түсіру алаңында мас болып жүрмейсің не ішіп бармайсың. Алдымен өзің оңаша отырып ішіп, сол сәтіңді камераға түсіріп, ертеңінде өзіңді көргенде төбе шашың тік тұрар еді. Кейіпкерің сияқты ойлап, кейіпкерің сияқты жүрем деп бірте-бірте соған болмысыңмен ұқсап бара жатқаныңды сезу… Бұл үрей тудырады. Соңғы фильмде режиссер біздің бірнешеуімізді рольге жан беру үшін жындыханаға салды. Ессіздіктің құпиясын білуге қатты тырысқанымыз сондай, бір күні ойдан шығарылған досым пайда болғанда мен одан қатты қорықтым.

Бәрінен бұрын ең жек көретінім – рольдегі фальш. Көрерменді алдау – өзіңді алдау. Оған апармау үшін бойыңдағыны сығып беруің керек. Бірде маған жоғалту сезімін бастан өткеруім керек болды. Ең қымбатыңды, ең қимасыңды жоғалту сезімін өткір сезіну үшін қымбат әшекейлерімді таратып бердім. Туыс менде о бастан жоқ. Жақын достарымнан да бездім. Бұның бәрінде де жүрегім ғана ауырды. Ал, ішімнен шыққан баламды танымайтын, білмейтін адамға бере салған кезде… мен бұдан қиналысымның одан әрі күшейгенін сездім. Жүрегім емес, енді жаным ауырды. Жан да сыздайды екен. Ештеңе көмектеспейді. Депрессия. Кейін ол депрессиядан шыққанда өмірімнің осы кезеңін еске алғым келмейтінін, балам жайлы ойлау қайтадан депрессияға әкелетінін мойындадым. Мен күнделік жүргізе бастадым. Жүйкесі ауыратын адам басқа не істейді, оны кім тыңдайды? Кейде мен оянсам да қайтадан ұйықтай бергім келеді. Оянсам мынау өмірім, тірлігім менікі емес секілді, менің өзім де өзім емес сияқтымын. Осы бөтен өмірден, бөтен елден, ешуақытта жаныңа маза бермейтін естеліктерден қажығаным сондай осы күнделікті қиқымдап тұрып жыртып, миымды телефонды өшіргендей біржола өшіріп кете бергім келеді. Бірақ, қайда? Қашқанда қайда барам. Өзіңнен қашу қиын екен. Тіпті күнделікті де жырта алмаймын. Ол маған қоқыс салатын жәшік сияқты, бүкіл ашу, ыза, мұңым, толғанысым бәрі осы күнделікте.

9.10.199…

Болды. Бітті бәрі. Осымен соғыс бітсін. Өзіме ор қазғандар мен қастандық ойлағандарды кешіремін. Оларға орнымды босатам. Енді мен үшін бұл жерде қызығатын ештеңе жоқ. Қызғаншақтар мен өсекшілер емін-еркін менің орныма жайғасыңыздар!

11.11.199…

Айнаға қарағым келмейді. Дүние-ай, мен жанарымды жарқ еткізсем мен деген жігіттер отыма күйіп қала жаздайтын, сол күндер өтірік пе? Небір сымбатты жігіттердің мен күлсем сыңғырлаған үніме арбалып қалшиып қалатындары ше? Маған ғашық болған фотографтар, журналистер қайда? Маған роль үстіне роль ұсынған режиссерлер қайда құрып кетті? Шетелдік танымал журналдың мұқабасына шығып, жоғары рейтинг жинап берген дәурен менің басымда болмап па еді? Осының бәрі түс пе әлде менің өзім түстің ішінде жүрмін бе?

21.12.20…

Адамның өз сөзі өзінің тағдырына әсер етеді деген рас па? Жас күнімде қалжыңбас жігіттердің әзіліне «жындысың» деуші едім. Сүйсінсем де «жынды» деу әдетім. Бүгін… дәрігер маған шизофрения деп диагноз қойды. «Параноя» дегені тағы бар, код F 20.0. Ол жынды деген сөз емес пе?

5.2.20…

Маған дизайн, оның ішінде үйлерді әсемдеу, безендіру ұнайды. Бұл деген нағыз шығармашылық жұмыс.

Неге екенін, дәрігер менен «семіріп кетуден қорықпайсыз ба, автобуста жүру сіз үшін қорқынышты емес пе?» деп сұрады. Күлкілі емес пе? Ондай қорқыныш менде мүлде болған емес. Мені қорқытатын басқа сұрақ. Мен осы өмірде бармын ба? Менің ойларым деп осы жер басып жүргенім шынымен де менікі ме әлде басқа бір кейіпкердікі ме? Егер шынымен де басқа біреудікі болса ше? Мен содан қорқамын. Егер менің сүріп жатырмын деген өмірім өзімдікі болмаса, мен соры қалың біреудің сөзін сөйлеп, соның ми қатпарларында қатып қалған ойларды талғажау қылып жүрген болсам ше? Нағыз қорқыныш сол емес пе? Дәрігер бұл туралы сұрамады.

4.5.20…

Жүйкесі ауырған адам тіпті өз сөзін айтуға, өз тілегін білдіруге дәрменсіз болып қалады екен. Айналасындағылар оның айтқанын сандырақ деп қана қабылдауға бейім. Егер бірнәрсені олай емес деп дәлелдей бастасаң одан сайын ушығады. Егер мен бірдеңені қалаймын немесе қаламаймын десем де, оны аурудың белгілеріне жатқызады. Егер белсенді көрінсе оның ауру тарихына «өзіне назар аудартқысы келеді» деп жазады, ал егер әлденеге ренішіңді білдірсең, онда «агрессия» деп толтырады.

Дәрігерге мені емдеу үшін алдымен аурудың басталу тарихы, оның қандай жағдайлармен байланыстылығын білу маңыздырақ екенін түсіндім. Дәрігер маған көмектескісі келеді. Мен оған алғашқы сырқатым кино түсіру кезінде байқалғанын айттым. Режиссерлер өз кинотүсірілімінен ғана көруді қалап, сыншылар келешегінен үміт күткен актрисаның, көркімен еркек атаулының көзін арбаған сылқым сұлудың аяқ астынан сырқатқа айналуы… қалай десем екен, өте әділетсіз жағдай, өте ауыр. Басқасын білмеймін, өзім үшін моральдық жағынан қиын болды. Өзіме атақ әперген рольге кіріспес бұрын диетаға отырып, 15 килодай салмақ тастауым керек болды. Бұл оңай емес. Кейде тым жақсы салмақ азайып келе жатып, кейде тоқтап қалады немесе кері процесс жүретіні бар. Күніге бір банка теңіз балығы мен жалғыз алма жеп жүре беретін болдым. Арықтағаным сондай, арықтауға құмарлықпен кірістім. Продюссер өзі айтып тоқтатпағанда одан әрі арықтай беруші едім. Күн сайын 16 сағат бойы түсірілім жұмыстары жүйкені ширықтырып жіберетін. Ал, галлюцинация… Ол туралы айтқың да келмейді. Мен адам сияқты уақтылы ұйықтап, оянатын адамдарға қызғанып қарайтын болдым. Халил менің аурулы екенімді білгеннен кейін өзінен өзі суынып, көп ұзамай жоғалып та кетті. Үнемі эмоционалдық жағынан қиын жағдайда жүргенім жағдайымды одан сайын нашарлатты. Параноидты шизофренияға шалдыққан жас әйел үшін ендігі жерде жас әрі сұлу, атақты болудың да еш қызығы жоқ еді… Дәрігер маған пролонгатор, Модитен дәрілерін жазып берді.

Екінші қиналғаным – мұндай диагноз қойылған адамға балалы болуға болмайтыны туралы естіген сәтім. Бұл сырқаттың тұқым қуалауы мүмкін. Мен не істерімді білмедім. Өйткені, осы кезде аяғым ауыр еді. Бұл жайында Халилге айтып та үлгермедім, бұл кезде ол менен суынып кетті. Айтуға да болар еді, бірақ, айтпағаным дұрыс деп шештім, әйелінде екі бала қалған еркек үшінші балаң болады дегенге қуанбайтынына, тіпті алдырып таста дейтініне сенімді болдым ба. Бала… Мен оны армандадым ба? Шешесінің жүйкесінде кінәраты болса ол бала қандай болады? Мен оны қор қылам-ау.

12.12. 20…

Ештеңе қызықтырмайды. Бұрын сағаттап айна алдында отыратын едім, әдемі көйлектерімді киіп, боянып, көркімнен ләззат алып, шашымды сәндеп жүргенде қалай кеш түскенін байқамайтынмын. Сосын өзімнің рольдерімнің ең әсерлі, ұнамды жерін қайталап ойнаймын. Қате жіберген жерлерімді түзетем. Соншама уақыт тырысқанымды ешкімнің көрмейтінін білсем де мен күн сайын осылай айнаның алдынан шықпайтынмын. Енді айна менің әжімдерімді санап, салмағым ауырлағанын әшкерелеп мазақ қылған сатқын құрбым сияқты болып қалды. Рольдерім де қызықсыз. Мен айнаны жек көре бастадым. Бәріне сол айна кінәлі. Ақыры оны сындырып тынышталдым.

28.12.20…

Жігіт нағашы апасының күнделігінде өзі үшін маңызды бірнәрсе бардай жауып тастай алмай, бетін парақтаған сайын бас алмады. Ең соңғы жағын ашқанда әлденені сезгендей жүрегі қатты-қатты соғып, атқақтап кетті.

«Мен оны көрдім. Мен сорлы туа сала одан безектей қашып, бауыр басып қалармын деп қауіптенгенім сондай құтылғанша асығып, сәбиім деп еміреніп те үлгермедім, ат та қоймадым. Баланың бағы ғой, медбике расымен жақсы адам екен, оны адам қылыпты. Атын Арыс қойыпты. Келісті жігіт болып өскен екен. Бойы қандай! Сырықтай. Фактурасы актерге келеді. Өмір бойы өзімді «ешқашан бала туған емеспін» деп сендіріп келгенімде туа сала өзім бас тартқан ұлымның іздеп келгені мені есімнен тандыра жаздады. Бір сәтте нешетүрлі күйді бастан кешірдім, тіпті миым ойлауды ұмытып қалғандай болды. Өзімді оның алдында қалай ұстарымды білмедім. Тіпті бір сәттік рольге де кіре алмағанымды айтсайшы. Сондай да болады екен.

Кезінде маған көмектескен, баланы алып қалған медбике қайтыс болыпты. Оның баланы алып жатқанда ешқандай да гаухар жүзікке де, ақшаға да қызықпағанын, ана болуға деген ынтазарлығы жеңгенін балаға қол созғанынан-ақ сезгендей болғам. Оның балаға барын беретініне сенгенім, түйсігім алдамапты. Басқа ештеңе ойламай баладан тез құтылғанша асыққан кезімді көз алдыма қайта әкелгенде құдды кинодан үзінді көргендей болам. Көзін тарс жұмып алып бақырып жылап жатқан бала маған белгісіздіктің, алда болатын қиындықтардың белгісіндей көрінді. Мен сол титтей сәбиден қорықтым. Медбике баланы жақсы өсіріпті, бұл үшін оған алғыс білдіре алмайтын болдым. Өкінішті. Мен жіберген ақшаларды алып, сирек те болса байланысқа шығып тұрған медбике әр хабарласқан сайын баласының мектепке барғанын, мектепті жақсы аяқтағанын, оқуға түскенін айтып тұратын. Бірақ ещқашан баланың суретін жібермеген. Әлде мен сұрамадым ба? Мүмкін, қызғанған шығар. Міне, туғалы бері көрмеген сол бала мені өзі іздеп келді. Нағашы апа дейді. Мені ешкім бұлай атап көрмеген. Өйткені, мен әке-шешеден жалғыз едім. Енді, міне, нағашы апаға айналдым. Өз ұлыма! Ха-ха-ха. Бүгіндікке өзімнен өзім ызаландым. Мен ұлымды жалғызбасты медбикеге тастап, ешқашан іздемесем де оның күндердің күнінде іздеп келуі өзінен-өзі қашып, өткен өмірінің барлығын сызып тастаған адам үшін қайдан оңай болсын? Мен өзімнен қаштым десем де онымнан түк шықпапты! Мен секілді жүйкесі ауыратын, оған қоса қант диабетінен шаршаған жалғызбасты әйелге бұл қуаныш па? Тосын жағдай ма? Айыра алар емеспін. Құдайым, бұл сенің өткен шақтағы қателігінің нәтижесін көзімен көрсін дегенің бе? Бұл расымен азап екен…

Оның ортаңғы жағы көтеріліп барып, иіле біткен қасы мен астыңғы ернінің сәл алға шығып тұратыны менің әкеме, ал бойы мен көздері Халилге ұқсаған екен. Мінезі тұйық. Өзін сенімсіз ұстап, жасқаншақтана кіргенінен, шай үстінде де сыпайы қонақ ролінен шыға алмағанынан оған мен туралы ештеңе айтпағанын түсіндім. Оған ештеңе демеймін. Нағашы апасы болып қала берейін. Ол кеткен соң көңілімнің жаңбырдан кейін жадырап сала берген күндей болып ашылып, көтеріліп сала бергенін байқадым. Күні бойы көңілді жүрдім. Менің жын ұрған мінезім бар, ешуақытта өзімнің үйімнен ер адамды көргім келмейді. Мейлі, ол менен туған ұл болса да.

18.04.20…

Мені қуантатын дүниенің өзі санаулы. Соның бірі ұйқы. Ұйықтасам қуанам. Бірақ, ұйқы да таусылып, тағы бір күн басталатынын білесің. Кейде ұйқың келмейді. Ондайда мені қуантатын сәт туса деймін. Кейде ішіп отырған тамағыма қуанам. Бірақ көбіне оның дәмін сезінбеймін. Өмірдің тым сұрқай екені мені бітпейтін мұңға батырады.

08.11.20…

Диабеттің ауыр түрі мен оң аяғымдағы гангрена мені титықтатты. Өкшемнен бастап кішкентай башпайыма дейін жайылып кеткен қара дақтардан аяғымды баса алмаймын. Жаным көзіме көрінеді. Іштен кеміріп жатыр-ау. Бұрын вазапростаном мен тиоктацид деген дәрі құятын едім, енді одан ешқандай жеңілдік жоқ. Ампутациядан қорқамын. Актрисаның аяғы ампутацияланғанын елестетіп көрудің өзі сұмдық емес пе. Үнсіз жылаймын… Телефонның өшіп жатқанына көп болды. Кімге хабарласам. Кім іздейді мені? Телефон өшіп жата берсін. Арыс звондаса жүрегім аузыма тығылып, ауа жетпейтін сияқты болам ғой. Ол менің бұл күйімді көрмеуі керек. Ал, басқаларға онсыз да керегім жоқ. Сұлу да талантты актрисаны бәрі ұмытқан. Оның орнына басқа сұлулар келген. Мейлі, ұмытсын. Ертең олар да менің кебімді киіп, ұмытылып қалар. Актриса болған тағдырымнан көрмесем…

12.12.20…

***

Күнделіктің бетін өзі жапты ма, әлде қолынан сусып түсіп кетті ме, ажырата алар емес. Басына көзге көрінбейтін жыбырлаған жәндіктер кіріп кетіп, әрқайсысы әр ойды талғажау етіп, мұның миына шабуыл жасап жатқандай. Бір ойды ойлап бастап, келесі ойға көшеді. Сонда актрисаның ұлы … ал нағашы апасы кім? Нағашы апа дегені туған шешесі болып шықса, мұның бетіне жел боп тимеген шешесі бұған кім болмақ? Ол мүлдем бөтен адам ба? Халил ше? Айяға не дейді?

Әп-сәтте тигенін оңдырмай ұнтап жіберетін жойқын күш туралы естігені бар еді. Дәл сол жойқын күш… Жігіт аңдаусызда басынан қатты соққы алып, қапелімде есін жия алмай қалған адамдай отырып қалды. Ішімдікке әуестігі жоқ-ты. Осы жолы тамағын жыртып өтердей ащы бірдеңе ішкісі келді. Адамның мүрдесі сақталатын жерде, мүңкіген иістің ортасында жүрсе де аузына шылым салмайтын, осы жолы шылымның бірнешеуін қатар аузына салып тұтатып, көк түтінді құшырлана жұтқысы келді. Сөйтсе ғана алапат түтін ішіндегі өксікті тұншықтырар еді. Сөйтсе ғана нағашы апасын іздеп келген күннен бергі көз алдында болған жағдайдың бәрі санасынан сүртіліп қалар еді. Санасы бұрынғы ештеңеден хабарсыз, қамсыз күйіне түсу үшін есінен танғанша ішу керек пе әлде дым білмей ұйықтап қалғаны дұрыс па?

Ол есінен тана шаршағанын сезді…

Жадыра ШАМҰРАТОВА


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика