Бейімбет Майлин. Олай емес, “казахский язык!”

28 Наурыз 2016

бейімбет майлинҚазақ ұлты – Кеңестер одағындағы тең құқықты ұлттың бірі. Қазақ тілі де тең құқықты тіл. Бұрын қазақ тілді елемейтіндер, қазақ тілімен сөйлеуді ар көретіндер, осы күні тілі жаңа шығып келе жатқан баладай, балдыр-бұлдыр сөйлейтін болып жүр. “Так сказать”, “ызыначитті” түйдектеп соғып, өзінше қазақтың алты ай мінсе арымайтын төл сөзіне ие болдым деп жүр.

“Ғыйбадатты тіліңмен емес, көңліңмен істе!”- деп баяғыда молдалар өсиетін айтатын. Сол айтқандай, біз олардың тілінің бұдырын жаба тоқып, ниетіне риза боламыз.
– Бəрекелде! Қазақ тілі соққы көрген тілдің бірі еді. Ниетіне ризамыз. Осы бетеріңмен жүре берсеңдер, əлі-ақ жөндігіп кетерсіңдер. Тілі жаңа шығып келе жатқан жас балаларыңа орысша сөйлетуді əуес көрмей, қазақша үйрететін де күндерің болар. Қазақ тілін жүзеге асырыс! Кеңсе жұмысын қазақша жүргізіп, ел еңбекшілерінің мүддесіне дəл келтір, – дейміз.
Көпшіліктің де айтатыны осы; партия да, үкімет те осыны айтады. Қазақ тілін кеңсе тілі қылу туралы – үкімет толып жатқан шара қолданды.
Соның арқасында тілек орындалып келеді. Ауылдық, болыстық кеңестерің жұмысы таза қазақша жүретін болды. Уездік мекемелер де қазақ болыстарына бұйрық-жарлықтарын қазақ тілінде жіберетін болды. Қазақша жаза-сыза білген адамдар кеңсе жұмысына алынатын болады.
Бұл қазақ тілін жүзеге асыру жөніндегі жұмысымыздың көрнекті жағы.
Ойлаған мақсат мөнетінде, сағатында орындала қойса, социалдық тұрмысты бір күнде құрып алмаймыз ба?
Ілгері басқан аяқ кері тартылмаса, əлдеқашан бел асып кетпекшіміз ғой.
Бірақ, біз əлі күнгі бірен-саран кеселден арылып кеткен жоқпыз. Ілгері баса берсек, аяқтан шалып қалып, кейін қарай бір тұқырып тастайды. Дөңгелекке оралған томарды жұлып тастап, күшті мүдіртпей созумен бара жатырмыз. Бет түзу, қорған бекем, ұлы күн анау-мынау кедергіні елей қоймас деген үміт.
Мен сөзімді қазақ тілі туралы бастап едім. Енді соныма қайтып оралайын.
“Келінім, саған  айтамын, қызым, сен тыңда”  дегендей, қазақ тілін жүзеге асыру туралы орындарда ұшыраған кейбір кедергілерді көш жолынан домалатып алып тастап, мынау естеріңде болсын демекшімін.
Қызылорда – Қазақстан үкіметінің астанасы. Сырдария губерниясы астананың қолтығында отырған губерне. Астанадан шыққан бұйрық-жарлық Сырдарияға алдымен тиеді. Астанамен сан- сапалақ араласып жатқан соң, үкіметтің қай жұмысы болса да, басқа губернелерге қарағанда, Сырдария алда отыруы керек. Бұған мен өзім таласпаймын. Басқалар да таласпас деп ойлаймын. Бірақ Сырдария губернелік əкімшілік бөлімі осыған таласады деген өсек бар. “Жел болмаса шөп басы қозғалмайды”, өсектің тарауы үшін де тиянақ керек. Осы тиянақ – губернелік əкімшілік бөліміндегі хатшылық қызметін атқаратын Кеселов табарышта білем. Тілшілердің жазуына қарағанда, Кеселовта бас асаулық бар тəрізді, Кеселов табарыш əлі күнгі “қазақ тілі” деген сөзге аузын  алдырмаған секілді. Қазақ тілін:
Казахски язык! – деп миығынан күледі  білем.
Болыстық кеңселерден қазақша жазылған қағаз  келсе, Кеселов “кытайский    языкке”  өшіккендігі   сондай,   бүктеп-бүктеп үстелінің қуысына тыға салады дейді. Қандай қағаздарды тықты екен, тұқым, көлік сұраған кедейлердің арызы жоқ  па  екен? Бүктеліп жатқан қағаздарда ашып тұрып көрер  ме еді?! Əттең, дүние-ай, көріп бір құмардан шыға алмаймыз-ау! Сырдарияның губерниелік партия, кеңес комитеттері бұл істі аяқсыз қалдырмас қой. Кеселев табарыштың бас асаулығы рас  болса, тиісті жазасын заң бойынша тартар. Мұны істейтіндігіне шегіміз жоқ. Біздің мұнда əңгіме қозғап отырған себебіміз – тілші хатының шындығына жету, уақиғаның болуы рас болса, заң бойынша жазасын тартқандығын əлемге жариялап, Кеселев сияқты “табарыштарға” өнеге есебінде ұсыну.
Сəтбек деген кісі бір келініне: – “келін, шырағым, мұрныңды сүрт, өне бойы Сəтбек жаныңда тұрмас”, – деген екен. Сол айтқандай- ақ мекеме басында отырған жауапты қызметкерлерше: Өне бойы біздің түртулерімізді күтпей өздерің де бақылап отырсаңдаршы! – демекшіміз.
Еңбекшілер жұртшылығы талай қисықтарды тезіне салып, мүсіндей қылып түзетпекші. Бұл талассыз. Құр қалып кететін асыл жоқ. Аяқ астында отырып, пыш-пыштап, жұмысқа кеселін тигізіп, отаршылдық саясатының иісін аңқытатын болса, ондайды ұластырмай қырқып тастау керек. Жаңа жұртшылық ұлтшылдықпен де, отаршылдықпен  де   қатар күреседі.  Мұны ұмытатын жөн жоқ.

Бейімбет Майлин.
1928 жыл


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика