Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. АҢЫЗ-ҒҰМЫР (СОҢЫ)

3 февраля 2019

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ.Ресейде крепостнойлық құқықтың жойылуы,  шаруаларға бостандық берілуі қазақ даласын мақсатты түрде игеруге апарғаны белгілі. Қазақ жерін казак-орыстар мен шаруаларды қоныстандыру жолымен отарлау барысында белгілі дәрежеде капиталистік қатынас та қалыптаса бастаған-ды. Май шайқау, диірменмен ұн тарту, тері илеп, былғары жасау жолға қойылып, олармен тиімді сауда-саттық  дамытылған. Дала өміріне әсіресе сауда капиталы еркін сұғынған. Омбы мен Қызылжарда жеке меншіктегі қоймалар мен сауда үйлері пайда болды, солар арқылы мал иеленушілердің малшаруашылық өнімдері европалық Ресей мен шетелге шығарылды. Базарлар мен жәрмеңкелер арқылы өрістей түскен өзара пайдалы байланыстар нәтижесінде қазақтардың қожалықтарында да құрылымдық өзгерістер жасалды.  Орыс көпестері жылқыға айрықша қызығушылық танытты. Сол себепті отарлар мен табындарда қойлардың үлестік салмағы азайып, жылқылар үлесі арта түсті. Ресейдегі ірі қалалардың етке деген сұранысына сай, аталмыш аймақтарда мүйізді ірі қара өсіру де дамытылды.  Бұған капитализмнің дамуының әсерінен және қоныс аударушылық қозғалыстың үдей түсуі салдарынан көшпенді халықтың отырықшылыққа ауысқан бөлігі  – жатақтар да үлес қосты. Отарлық жүйенің бекем орнығуы қазақ қауымының әлеуметтік тұрғыда бөлшектенуіне, көшпелі шаруашылықтың ыдырай түсуіне апарды. Кедейленген қазақтар күнкөріс қамымен түрлі кәсіпшіліктерге, тау-кен өнеркәсібіне, мыс, қорғасын  қорыту зауыттарына, көмір кенішіне жұмысқа кірді. Қазақ даласына капитализмнің дендеп ене бастауы, байлыққа тұнған шикізат көздерін мақсаткерлікпен пайдаланудың арта түсуі арқасында солармен бір мезгілде империя қаржы-қаражат жүйесінің бір бөлігі ретінде коммерциялық банктерінің филиалдары және кредит мекемелері  жасалды және кеңейтілді. Омбы мен Қызылжарда империя мемлекеттік банкінің бөлімшелері ашылды. Қазақ жерінде Сібір сауда банкі, Орыс сауда-өнеркәсіп банкі жұмыс істеп, сауда айналымына көп қаражат салды.     Сауда-саттықтың басты нысаны мал болып қала берген.  Қазақ халқының негізгі шаруашылығының өнімдерін сатып алу немесе халыққа мұқтаж тауарларға алмастыру шаралары қилы базарлар мен жәрмеңкелерде жүзеге асырылды. Балуан Шолақ есейіп өмірге араласа бастаған ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде оның ауылы орналасқан аумақта  сауданың жаңа түрі – жылына бір немесе екі рет өткізілетін жәрмеңкелік сауда-саттық кең өріс алды. Ең ірі маусымдық сауда орындары – Қызылжар үйезіндегі Тайыншакөл, Ақмола үйезіндегі Константинов,  Атбасар үйезіндегі Петров   және Қарқаралы үйезіндегі Қоянды жәрмеңкелері еді.  ХІХ жүзжылдықтың соңғы ширегі басталғанда бұлардың арасындағы жетекші орынға Тайыншакөл жәрмеңкесі шыққан. Оның сауда айналымы екі жарым миллион сомға дейін жеткен еді.  Екінші орында бір жарым миллион сомдай айналымы бар Қоянды, үшінші орында сегіз жүз мың сомдай ақша айналымы болған Константинов жәрмеңкелері тұратын. Олардың сауда айналымдары жыл өткен сайын өсіп жатты. Осынау сауда орындарына сатуға мал әкелушілер, әрине, қазақтар болатын. Қазақтар үшін жәрмеңке тек мыңғырған малын саудаға салып, өзге керек-жарағын сатып алатын орын ғана емес, сонымен бірге, қоғамдық шаруаларды ақылдасып шешетін, мәдени шаралар өткізіп, рухани ләззат алатын орынға да айналды. Шартараптан бас қосқан өнерпаздар ән шырқап, күй тартты, би биледі, күш сынасты, күресті. Осындай кездерде небір өнер дүлдүлі қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, есімі халық арасына кең тарады. Сондай жанның бірі Балуан Шолақ еді.
Тайыншакөл жәрмеңкесі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы аумағында, суы таза, оты шүйгін, табиғаты жан-жануарға жайлы Тайынша және Сеңді көлдері арасынан Балуан Шолақ өмірге келер қарсаңда орын теуіп, жылына екі мезгіл бір-бір айдан жұмыс істеп тұратын. Жыл өткен сайын белгілі бола түскен жәрмеңкеге мамыр мен қыркүйек айларында Ресей көпестері өнеркәсіп орталықтарынан қазақ қажетіне орай түрлі өндіріс тауарларын әкелетін де, жергілікті малшы жұрттың малдарына айырбастайтын. Жәрмеңкеге жиналған жұртшылық, әрине, малын өткізіп, сауда-саттық жасап қайтумен шектелмеген, басқа бұйымтайларын да шешкен. Осында ел ағалары ауылдар арасындағы түрлі дау-дамайды, жер-суға таласу, мал барымталау мен ұрлық-қарлық жасауға қатысты мәселелерді қараған. Сонымен қатар жәрмеңке кезінде әр тараптан келген ақындардың айтысы өтіп жататын, әншілер, термешілер, бишілер, күйшілер өнер көрсететін. Балуандар күреске түсетін. Сол өңірде тұратын бүгінгі ардагерлердің баспасөзде жариялаған естеліктеріне қарағанда,  Тайыншакөл жәрмеңкесі бірте-бірте өлкедегі асқан дарын иелері бас қосатын жерге, ұлттық өнерді айшықтап көрсетудің  құдды-бір қастерлі ордасына айналған. Осында Орынбай, Шөже, Ақан сері, Біржан сал, Арыстанбай, Тезекбай және Балуан Шолақ секілді атақты ақын-жыршылар  дүйім жұртшылыққа рухани ләззат сыйлаған. Жәрмеңке қызықтары қыркүйек айында өтетіндіктен, оны сол кезде көп қолданылған орысша айдың атымен атаған. Балуан Шолақ та өзінің әйгілі әнінде «Сентябрь базары» деп кеткен. Өршіл әуенді әнінің өлеңіндегі: «Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын», – дейтін жолдар қыркүйек айында жұмыс істейтін үлкен жәрмеңкелердің бірін мегзеп тұрғаны анық. Балуан өмір сүрген аумақтағы Көкшетау қаласында орналасқан Боқырау (Покров) базарында да жәрмеңке өтіп тұрған, әйтсе де, сол кездердегі сауда-саттық орындарының хал-ахуалы жайындағы империялық есеп-жазбалар мен кестелерден көзге түспегендіктен, оның сауда айналымының көлемі шағын болған шығар деп шамалаймыз. Тиісінше, көпестер мен саудагерлер шартараптан қилы тауарды молынан тасымалдайтын, қазақ та жылқысын үйір-үйірімен айдап әкелетін орын – негізінен казак-орыс мекендеген Көкшетау қаласынан гөрі, ен табиғат төсінде орналасқан, сентябрь айында ғана жұмыс істейтін әйгілі Тайыншакөл жәрмеңкесі болуы әбден ықтимал. Балуан Шолақтың осында өте ауыр салмақ көтеріп, сондай-ақ атақты орыс палуанының жауырынын жерге тигізіп елді тамсантқаны күдік тудырмаса керек…  
Патшазада қазақ жерінде болып, тыныс-тіршілігімен біршама танысқан жылы қабылданған  империяның «Дала ережесі» аталатын заңнамалық акті Дала өлкесін, Орал және Торғай облыстарын басқару жөніндегі бұрынғы Уақытша ережелер негізінде қалыптасқан әкімшілік басқару жүйесін бекітіп күшейте түсті. Қазақ ауылдарындағы сайланбалы органдарды, төменгі буын ретінде, патша өкіметінің әр үйезге тағайындайтын бастықтарына барынша тәуелді етті. Қазақ жері қазақтарға пайдалануға берілген мемлекеттік меншік болып табылады дегенді заңдастырды және бұратаналардың санасына солай сіңірді.  Сондықтан да,  барлық «артық» деп табылған «мемлекет меншігіндегі» жер-су, туындаған мұқтаждыққа орай, «үкімет қажет еткендіктен», Мемлекеттік дүние-мүлік министрлігінің қарамағына көшірілетін болды. Егін шаруашылығына жарамды жерлер «бос» деп табылып, оны пайдаланып жүрген көшпенді халықтан тартып алу жүзеге асырыла бастады. Аталмыш ереже Балуан Шолақ та кезінде Омбыда ұлықтауға қатысқан кәдімгі мұрагер Николай патша болып империя тізгінін қолға алғаннан кейін қыр ғұмырының негізгі заңына айналдырылған. Иә, ол таққа отырысымен қазақ елінің жер-суын отарлау шаралары іс жүзінде күшейе түсті.  Күні кеше дала өмірінің қызықтарына сүйсініп оралған цесаревич империя тізгінін қолына алысымен Дала низамының өмірге дендеп енуін тереңдетіп жүзеге асыруға кірісті. «Бос жатқан қазыналық жерлерге» орталық аудандарда жер таршылығын көріп жүрген шаруаларды көшіріп апару – ішкі Россиядағы аграрлық толқуларды бәсеңсітудің, тіпті мүлдем тоқтатудың бірден-бір жолы еді. Ал қазақтардың бабаларынан мұра болып келе жатқан атамекен-қоныстарын «бос жатқан қазыналық жерлер» ретінде қарастыру – олардың құқтарын қасақана шектеу, аяққа таптау болары билік басындағыларды  толғандырмайтын. Патша үкіметінің артық жаралған астам шонжарлары жергілікті халықтың  мүддесі деген ұғымды ешқашан  ескерген емес. Содан да, Балуан Шолақ дүниеге келерден бірнеше ондаған жыл бұрын-ақ, оның ауылының іргесіндегі көркем қойнауға казак-орыс колонистері өз мекендерін салған. Ақын бұл жайында өлеңінде: «Борық тартсаң шығатын уыз сүті, Қотыршортан мен туған жердің құты, Түскен екем шыр етіп жер бетіне Суға барып түскенде орыс бұты», – деген еді.  
Әсем Көкше бауырынан Қотыркөл, Шортан  станицаларының бой көтеруі үлкен отарлаудың басы болған-ды. «Дала ережесі» күшіне ене келе, үкімет переселен учаскелерін құрды да, жаңғыз бұл өңірге емес, күллі жалпақ қазақ жерінен бөліп алған шұрайлы аймақтарға казак-орыстар мен қарашекпен шаруаларды топырлатып әкеп төге бастады. Сонда, қысастықпен үдетілген көші-қон салдарынан, кей-кейде жергілікті жұрт пен кірмелер арасында қилы шиеленіс, кикілжің бой көрсетіп қалып жүрді. Жасынан шыншыл, әділетсіздікке төзбейтін Балуан Шолақ  сондай кездерде жапа шеккендер намысын қорғаймын деп небір  көзсіз батырлықтарға баратын. Мұндайда ақын: «Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан», – деп жырлайтын. Алайда «анталаған сан дұшпан»  қарап қалсын ба, әр басқан қадамын аңдумен орайын келтіріп, оны түрлі жалаға іліктіреді. Сондай бір істі болған шағынан: «Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін», – деген жолдар сыр шертеді. Ақын ақыры түрмеге де түседі. Қиналады: «Абақты азап орны, жайнаған шоқ, Басқаным от сияқты, ішімде дерт». Небір әділетсіздікті бастан кешіп, жазықсыз жаза тартуға кесіледі: «Жеті жыл каторгаға мені жазған». Бірақ мойымайды. «Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір». Абақтыдан қашып шығады. Содан: «Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ, Теңдікті дұшпаныма бергенім жоқ», – деп жырлағанындай, тұтқыннан құтылғаннан кейін де озбырларға қарсы күресін тыймайды. Жасаған әрекеттерін шығармашылығының арқауы етіп, әншілік, серілік, ақындық өнерін жалғастыра береді. Әділетке адалдығын, жақсы атқа, сұлу қызға ақындық-серілік жанымен ғашықтығын өлең-жырларына арқау етіп, шығармашылық ғұмырымен астастыра түседі.  
Балуан Шолақтың аса атақты әндерінің бірі «Ғалия» екені белгілі. Ол авторының есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің асқақ та сазды әуенімен және нәзік сезімді ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл ән Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі  санатында аталады. Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке әйгілі тамаша әннің толықсыған кейіпкері жайында Сәбит Мұқанов пен Ахмет Жұбановтан бері талай зерттеушілер қалам тербеп келеді. Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 22–23 жасар шағында оған қырықтың қырқасына шыққан Балуан Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат ән туғаны, жалпақ дүниеге ғажайып жыр болып шашылған осынау махаббаттың  1908–1909 жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады.  Кейінгі жылдары Астана қаласындағы ескі мұсылман қорымына жерленген Ғалияның  бейіті табылған. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі шығыс жазуларын  оқуды меңгерген жас мамандар  Ұларбек Дәлейұлы мен Ахат Әшуұлының анықтауынша, Ғалияның басына күйеуі Ғалым Құрақбаев орнатқан құлпытаста көне емлемен: «1922 жылы 23 апрельде…  Ғалия Ғалымжамағаты Тілеуқызы 48 жасында фәниден бақиға» өткені қашалып жазылыпты (http://www.info-tses.kz/mobile/details.php?news_id=140389). Осы дерекке қарағанда, Ғалия 1874 жылы туған, яғни Балуан Шолақтан он жас кіші. Егер екеуінің кездескен уақытында Ғалияның жасы 22–23-терде болса, онда ол 1896–1897 жылдарға дөп келеді. Демек «Ғалия» әні де сол шамада туған. Әннің қазақ елін шарлап кеткен жеңісті шеруі сол шақта, екі ғасырдың тоғысында орын алған…
Сәбит Мұқановтың атақты «Балуан Шолақ» хикаятында әсерлі суреттейтініндей және одан бергі уақыттарда әйгілі өнерпаз жайында өзге де қалам тербеушілердің бір ауыздан мойындағанындай, туған өлкесінде қуғын көрген Балуан Шолақ біраз уақыт алысырақта бой тасалауға мәжбүр болған. Со бір кезеңінде арғы аталары мекендеген Жетісу өлкесіне сапар шегіп кетеді. Өзінен бұрын атақ-даңқы жеткен Жетісуға ол бір дерек бойынша – жиырмасыншы ғасырдың басында, енді бір көбірек айтылатын дерекке қарағанда 1913–1914 жылдары барған. Бәлкім сол екі мезгілде де солай қарай жолы түскен шығар. Өйткені, зерттеушілер айтатындай, әйгілі халық ақыны Кенен Әзірбаев оны жасөспірім шағында көрген. Кененнің белгілі әнінде сол тұңғыш кездесу хақында: «Бала едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға… Бала едім жаңа талап ақын-әнші, Әніңді үйренейін алуан, аға», – деп айтылады ғой. Бұлар, шынтуайтында, 1913–1914 жылдары отыздарға толған сақа жігіттен гөрі, 1900–1901 жылдарғы он алты–он жеті жасар бозбалаға жарасатын сөздер емес пе?! Егер осындай пікірді дұрыс деп қабыл алсақ, Балуан Шолақтың алғаш рет Жетісуда болуы, шынында да, 1884 жылы дүниеге келген бала Кенен 16 жасқа келген уақытқа – ХХ ғасырдың басына сай келеді. Ол атажұртына жасаған сонау бірінші сапарында ұзағырақ қыдырыстаған болса (Сәбеңнің атақты шығармасын еске алыңыз), екінші рет шыққан сапары,  Балуан Шолақтың ұлы Құдайберген Шолақовтың  (жазушы Жайық Бектұров зерттеуіндегі) естелігіне қарағанда, бірер айға ғана созылған.       
Шөкең түстік өңірде ата-бабасының туып-өскен жерлерін, Шу бойында тұрып жатқан алыс ағайындарының ауылдарын  аралады. Қырғыз аймағына барды. Жетісудің белгілі өнер адамдарымен, соның ішінде жыр алыбы Жамбылмен де сырласты. Болған жерлерін думанға толтырып, өнер көрсетті. Арқа дүлдүлдерінің де, өзінің де әндерін шырқады. Еліне сағынышпен оралды. Алайда елдегі дұшпандары бірер мезгіл көзден таса болған екен деп оны ұмытып кете қоймайды. Ұзақ сапарынан қайтып келгенінде оған түрлі залал келтірудің жолын қиыстыра береді. Ақыры қапияда қастандық жасап, өмірден ерте кетуіне себеп болады. Бұл қанды зұлымдық жайын Сәбит Мұқанов оның өмірі жайында жазған көлемді хикаясында көркем кестелегені белгілі. Әйгілі жазушы өзінің сонау туындысына әр кезде кейде роман, кейде повесть деп жанрлық атау берген, әдебиетші қауым да оны солай, көбіне повесть ретінде қабылдап кеткен. Дегенмен Сәбең өзінің он алты томдық таңдаулы шығармалар жинағының 3-ші томында (1972) жариялаған повестері арасына 40-шы жылдары жазылған бұл хикаятын «аңыз» деп үкілеп қосқан. Біздіңше, осы анықтамасы дәл, өйткені, шығармасында Балуан Шолақтың өмірінен беретін мағлұматтары көп ретте аңыз сипатында, әсірелей суреттеліп, көтеріңкі романтикалық рухта баяндалады. Сәбең палуанның 1916 жылғы 25 маусымда шыққан қазақтан майданға жұмысшы алу жайындағы патша пәрмені салдарынан туған  ұлт-азаттық көтеріліс алдында, тасадан жаулықпен атылған оқтан қаза тапқанын жазады. Алайда  батырдың дүниеден 1919 жылы өткені бұл күнде дәлелденген ақиқат. Демек, оның сол екі аралықтағы тарихи кезең кезіндегі ісін зерттеп жаңғырту керек-ақ. Әзірге, жазушы-зерттеуші Естай Мырзахметовтың болашақ зерттеулерге түрткі боларлықтай құнды деректер жазып қалдырғанын есте ұстауымыз керек. Оның айтуынша, Балуан Шолақ туып-өскен «елдің бұрынғы жайлауы Айқайқабақ, Үйжығылған сықылды кең даланы», «осы күнгі Ақмола облысының Астрахан, Мариевка (Амантай), Журавлевка (Қылыш), Макинка (Бұланды қарағайы) аймағын басып, Бурабайға өтетін тас жол, темір жол бойындағы бұрынғы қазақ елінің шұрайлы қонысы», күллі «әдемі жерлерді» келімсектер иемденген. Үкімет тартып алған бұл жерлерге қоса, қолдағы біразын – «Қайрақты, Мат өзендерінің, Қандықарағай, Ақсу, Айдабол жайлауларының кең өрісін» жергілікті қазақ алпауыттары «патша әкімдеріне, орыстың кулактарына …сатқан». Мұндай  әрекеттерге Балуан Шолақ наразы болып, отаршылдарға қарсы күрескен. 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің Көкше өңірінде кең өрістеуіне осы жәйт мықты тірек болды деп есептейді қаламгер. Балуан Шолақ туып-өскен Көкше өңіріне – қазіргі Ақмола облысының Бұланды ауданына – іргелес жатқан Ақкөл ауданындағы Моншақты, Салқынкөл деген жерлерде орын алған  қозғалыстардың, сонау Салқынкөл көтерілісінің табиғаты мен туу себептерін, сондай-ақ оған қатысушыларды, әсіресе, Е. Мырзахметов зерттеу-мақаласында жазғандай, Балуан Шолақтың көтеріліске тигізуі ықтимал ықпалын  анықтаңқырап, терең қарастыру қажет-ақ. Патшаның тақтан құлауы, одан кеңес өкіметінің орнауы Шөкеңнің бұл орайдағы белсенділігін арттыра түсті. Рас, оның революция мұраттарын қолдағаны жайында жалпылама түрде айтылады, соны нақты деректермен толықтыру мәселесі зерттеушісін тосып тұр. Одан кейінгі төңкеріс жылдарында орын алған оқиғаларды, Алашорда, кеңес өкіметі кезіндегі ахуалды саралау, сондай зерттеулер негізінде күрескер әнші-сазгер-палуан өмірінің соңғы сәттерін жаңғырту орынды болмақ.
Балуан Шолақ 1919 жылы наурыз айының орта шенінде қайтыс болған. Жағдайды нақты білетін кісілердің естеліктеріне сүйене отырып, Е.Мырзахметов осындай қорытынды жасайды. Ақпан айының соңына қарай Шөкең кіші ұлы Құдайбергенді ертіп Атбасар жағындағы құдаларына қарай шығады. Алайда межелі жерге жетпестен кері оралуға бел буады. Қайран қалған баласына мұнысының себебін түсінде «Аққошқарының аян бергенімен» түсіндіреді. Тездетіп қайтпаса болмайтынын,  «ажал шіркіннің соңына түскеніне үш жылға айналғанын», содан,  «ақыры, міне, қуып жеткенін» айтады. Үйге келген соң «ішінің жанып әкетіп баратқанын» айтып, төсек тартып біраз жатады. Сосын бәйбішесі Қаныкей мен ағасы Төлеубайды оңашалап қасына алады да, сырын ашады және ақтық аманатын естіртіп, «Барамын алыс сапар қайтып келмес… Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас!» деп келетін ел-жұртына арнаған қоштасу өлеңін айтады. Бірер күнде көз жұмады. Бәйбішесі, ағасы және Сабыр қажы батырдың «өсиетін айтқанындай орындайды».  Ақтық аманатының мазмұны бертінге  дейін белгісіз болып келген. «Ерінің өмірден өту құпиясын Қаныкей бәйбіше қырық құлыптың астына сап аса берік сақтаған, жат тұрмақ өзінің қара құрсағын қақ жарып шыққан Исажары мен Құдайбергеніне, жан дегенде жалғыз қызы Бәтеніне де ашпаған күйі, 1948 жылы өзімен бірге қара жер қойнына ала түседі», – дейді Е.Мырзахметов. Ал Шөкең қайтқанда сүйегіне түскен Сабыр қажы 1934 жылы, өмірден өтерін сезген шамада, немере інісі Ғаббасқа – жазушының нағашы атасына сыр ашады. Бұл сырды атасынан ол 1959 жылы әкесі екеуі естиді. Ал Шөкеңнің ағасы Төлеубай құпияны ортаншы ұлына, ол өз баласына айтып кетеді. Сол деректерге және ел ішіндегі басқа да мәліметтерге қарағанда, былай болған екен. Шөкең 1916 жылы жазғытұрым ауылына кештетіп қайтып келе жатады. Бұланды орманының Ақбалақ деп аталатын нуының шетіне кіре бергенінде, кенеттен тура қарсы алдынан мылтық гүрс ете түседі. Оқ ердің алдыңғы қасына тиеді, содан әлсіреп барып, оны іштен жарақаттайды. Ол, әйтеуір, аттан құламайды, 1919 жылы төсек тартып жатқандағы өз сөзімен айтқанда, «…құдайдың берген күш-қуатының арқасында» үйіне жетеді. Жараның қанын бәйбішесі Қаныкей жуып, таңып тастайды. Өзіне оқ атылғанын ешкімге айтпайды, бұл жайында тіс жаруға әйеліне де тыйым салады. Ел ішіне «қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырсынып жатыр» екен деген сөз таралып кетуі ықтималдығын намыс көреді. Енді, міне, ішінде үш жыл жатқан сол оқтың салдарынан өмірден өткелі жатып та құпияны берік сақтауға үндейді. Ағасына: «Сабыр қажы екеуің ғана арулаңдар», – деп қатты тапсырады. «Сүйегіме басқаларды түсірсеңдер – денемдегі жараны көрер. …ақ ажал бұйырмай оқтан өлді деген сүйекке таңба». Ешкім білмесін… «Тап іргеде кіжінумен отырған қара шекпенді жаулар тыныш қарап қалмас. Тірімде шамалары келмегенмен, тым болмаса сүйегімді қорламаққа қабірімді ақтарар». Құпиялап қоятын болсын… Аса қиналып жатып, жоғарыда айтылғандай өсиеттерін естіртіп қоштасқан соң, дүниеден тез өтіп кете барады. Зерттеушінің айтуына қарағанда, «қазақ десе қаны қарайып қағынып тұратын жауыздар …Шөкең өзі ақылмен болжап кеткеніндей, …батырсынып, өш алмаққа» шығады.  «Қара құзғынша шулап жан-жақтан жиналып, ауылға ойнақ салады. …көр қопарады. Бірақ Шөкеңнің сүйегін таба алмайды». (Оның мәңгі тыншыған құпия жерін білетіндер  бүгінгі ұрпаққа 1943 жылы нақтылап көрсетіп берген). Жаулары кіжінісіп, Шөкеңде кеткен еселерін оның артында қалған ұрпағынан алмаққа бел буады, сөйтіп баласының үлкені Исажарды атып кетеді…  
Балуан Шолақ мен Қаныкейдің он сегіз ұл-қызы болыпты, солардан Исажар мен Құдайберген және қызы Бәтен үшеуі қалған көрінеді. Әкесінің күш-қуаты Бәтен қызға дарыған екен.  Оны 30-шы жылдарғы қиын кезеңде Балуан Шолақтың әндерін жазып алу үшін Б.Г. Ерзакович іздеп барады. Сондағы көргенін ол былай суреттейді: «…Көп ұзамай, үйден әріректе тұрған қауғалы құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне шақ қыналған қамзол киген бір әйел бізге қарай келе жатты. Ол мойынағашпен шып-шып толы шелек суды көтеріп келе жатқанына қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп-жеңіл басып, тіп-тік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бәтен Нұрмағамбетова – сол екен. Жас болмағанымен, оның спортшыға тән сұлу сымбаты мені таң қалдырды. Оның кескін-келбеті – сопақша келген қараторы өңді, кең маңдайлы, мұңды болғанымен жылы нұр шашатын әдемі көздері, түзу түскен мұрны, әппақ тісті кішкентай аузы – есімде қалып қойды. Басына үлкен ақ шәлі тартқан екен, самайынан ақ шалған қара шашы көрініп тұрды». Балуан Шолақтың өзіне тартып қайратты боп туған осынау қызы Бәтен өнерден де құралақан болмаған, әйгілі А.В. Затаевичтің ақылымен өмірін қазақ мәдениетіне арнаған осынау музыка зерттеушісінің арқасында бізге оның бір өлеңі жетті. Зерттеушілердің еңбектерінде  Бәтеннің ұзатылған кезде әкесі Балуан Шолаққа арнап айтқан  назы мен әкесі өмірден озғандағы сағынышты жоқтауы сақталған.
Ірі қалаларда, жәрмеңкелерде өнер көрсеткен, әйгілі әнші, сазгер, палуанның көзі тірісінде суретке түспегеніне сенгің келмейді. Әйтсе де, осы уақытқа дейін ешқандай фотосуреті табылған жоқ. Оның кескінін Сәбеңнің атақты хикаятынан кейін қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болған халық суретшісі Әбілхан Қастееев қылқаламмен бейнелейді. Алайда сурет, Е.Мырзахметовтың жазуына қарағанда, дала серісін көріп өскен көкшетаулықтардың көңілінен шықпапты. Содан қаламгер Шөкеңнің жерлестерінен, көзі тірі туыстарынан пікір жинай отырып, сазгердің сөз суретін жинастырады. Балуан Шолақтың ағасы Төлеубайдың ұлы Есенжол ақсақалдың: «…кейбір мінезі, әсіресе, түр-түсі жағынан әкесіне аумай ұқсаған  – Құдайберген», – деуіне байланысты, Құдайбергеннің суреттерін, жиналған күллі сипаттамамен қоса, жергілікті суретші Толқыбек Әкімов деген жігітке тапсырады. Ұзақ ізденістен кейін дүниеге келген бейнені 1986 жылы Үйсін ауылындағы «Шөкеңді көзі көргендерден …Ақылбай, Халиолла ақсақал екеуі …жалпы нұсқасы келіп тұр» деп мақұлдайды…
Шөкеңнің кескіндемесін жасаудан – шығармашылығын жинау ерте басталғаны мәлім. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында өнертанушы А.В. Затаевич Қазақ өлкелік әскери-революциялық комитеттің есеп-қисап бөлімінде еңбек ете жүріп, қазақ еліндегі музыкалық фольклорды жинастыруға білек сыбана кіріскен. Оның мың жарым ән-күйді жазып алған ерен еңбегінен кейін, осынау абыройлы істі музыка зерттеушісі Б.Г. Ерзакович алып жүрді, бертінде қазақ зерттеушілері жалғастырды. Музыкатанушы ғалым Зейнұр Қоспақов Балуан Шолақ әндерін түгендеуде көп еңбек сіңірді. Балуан Шолақтың әндерін атақты халық ақыны Кенен Әзірбаев жас кезінде қасында жүріп тікелей өзінен үйренген де, көзінің қарашығыңдай сақтап, біздің дәуірімізге жеткізген.  Егер қазақ әндерін жинаушы әйгілі А.В. Затаевич 20-шы жылдары Балуан Шолақтың  төрт-бес әнін ғана нотаға түсірген болса, палуан-әнші-сазгер дүние салғаннан отыз шақты жыл өткенде, оның тағы он екі әнін Кенен Әзірбаевтың орындауында Б.Г. Ерзакович жазып алған.  Балуан Шолақ әндерін әр кезде Жүсіпбек Елебеков, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Игібай Әлібаев, Қосымжан Бабақов, Елубай Өмірзақов, Нұғыман Әбішев, Мұхтар Өтебаев, Мағауия Көшкінбаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов және басқа да әншілер шырқаған. Музыка мамандары бұл күнде Балуан Шолақ әндерінің, түрлі нұсқамен айтылатындарын қосқанда, қырық шақтысын жинаған.
Балуан Шолақ шығармашылығы мәдениетіміздің төрінен мәңгі орын алған құнды жәдігерлік болып табылады. Есімін халық қадірлейді. Өкіметіміз  оның әншілігін, сазгерлігін, ұлттық спорттың негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мәдениетін дамытуға қосқан үлесін тану белгісі ретінде, туғанына 125 жыл толуына орай, 1989 жылы арнайы қаулы шығарды. Жамбыл облысы, Шу ауданының Ақтөбе селосының аты Балуан Шолақ селосы деп өзгертілді, сондай-ақ сондағы «Ақтөбе» ұжымшарына, Алматыдағы мәдениет және спорт сарайына, республиканың қалалары мен ауылдарында көшелерге, Көкше аймағындағы туған жерінде мектепке  Балуан Шолақ есімі берілді. Мұндай жұмыстар батырдың туғанына 150 жыл толу қарсаңында да жүргізілуде.  Ақмола облысының Бұланды аудандық  «Бұланды таңы» газеті ауданның қайың-қарағайлы әсем қойнауында тыншып жатқан қазақтың біртуар ұлы, атақты палуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолақтың бейітінің басына биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше мемориалдық ескерткіш тұрғызылғаны баршаға мәлімдігін айта келе,  20 метрлік биік ескерткіші салтанатты түрде Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында ашылғанын хабарлады. Қазақтың атақты ақыны, әншісі, композиторы, палуаны, Қазақстанда цирк өнерінің негізін салушы Балуан Шолаққа тұрғызылған ескерткіштің ашылуына Ақмола облысынан ақынның немересі, Бұланды ауданының орталығы  Макинск қаласының әкімі Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақов арнайы барып қатысып, сондай монументтің Балуан Шолақ туып-өскен ауданның орталығынан да бой көтеретінін айтқан екен (http://baq.kz/kk/regional_media/post/2298)…
Балуан Шолақтың өмір жолы Сәбит Мұқановтан бастап Әнес Сарай, Дулат Исабеков, Серік Тұрғынбеков, т.б. сөз шеберлерінің шығармашылығына арқау болып,  олардың қаламынан туған прозалық, драмалық, поэзиялық туындылар жұртшылыққа қажет рухани азық қорын толықтыруда. Көптеген зерттеушілер, публицистер  балуаншолақтану саласына қызықты ізденістерімен өз үлестерін қосуда. Дала серісінің дүниеге келгеніне 150 жыл толуына орай оның аңыз болып кеткен өмір жолын жаңғырту ісі жалғаса бермек. Халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың әншілік-ақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бейнесіне мұқият назар аудару – баршамыздың парызымыз.

Арнайы «Қасым» порталы үшін


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика