Бауыржан ЕРМАН. Естісе ғой адамзат күбірімді…

27 ноября 2019

Ресупубликалық дәстүрлі IX Қасым Аманжолов оқуларының «Дүниеге келер әлі талай Қасым» номинациясы бойынша бірінші орын иегері,

Қарағанды облыстық Қ.Аманжолов атындағы «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» жас ақындар мүшәйрасының жеңімпазы,

С.Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Жыр сұңқары» атты мүшәйраның екінші орын иегері.

Өлең топтамалары республикалық әдеби газет, журнал беттерінде жарық көрген.

 ЕРМАН Бауыржан Мейірханұлы 1998 жылы 22 наурызда дүниеге келген.

 

 

Дауылпаз

(Қасым Аманжоловқа арнау)

Уа, Дауылпаз,

Көрсе де өмір–майдан қан, зұлматын,

Талай қамал қопарған тағдырлы ақын,

Қара қалам ұшынан қанат қағып

Көкте әуелеп, тағы да жаңғырды атың!

Естісе ғой адамзат күбірімді,

Ұғар еді ау ессіздер тұғырыңды.

Сағындың ба, Сарыарқа, сайын далам,

Жарқ-жұрқ еткен мінезі тік ұлыңды?

Мойымай ғұмырына күйік өпкен,

Ол сені анасындай сүйіп өткен.

Әкесіндей қадірлеп туған жерін

Тынышыңды тілеген жиі көктен.

Бойға біткен әлемнің дара өнерін

қастерлеген,

Қопарып жан әлемін,

Толқын-толқын ғасырға ұласатын

Тасқа қашап жазғандай әр өлеңін.

Уа, бабам, дүниенің нар ұлы ең, Сен!

Қапаста қалған жұрттың жарығы ең, Сен!

Қатпар-қатпар сырыңды бүгіп кеткен

Қарқаралы тауындай алып еңсең!

Бола берер есімің асқақ әлі!

Арда ақындар дүркірер асса бағы,

Бірақ, қайта тумайды сендей Қасым

Жырын алтын қаламмен жазса дағы!

 

Күз бен Сіз

Жолымнан кенет шығардай біреу көлденең,
Өзінен-өзі өрекпи берді өр денем.
Бітпейтіндердің бәріне қолды бір сілтеп
Көшеге қарай жүгіріп шықтым бөлмеден.

Мына бір сойқан апарады екен қайда ұшқын?
Өзіңді іздеп айналдым Күнді, Айға астым.
Әлемнің бәрін қопарып таппай қойған қыз
Сезгендей мені, қасыма келіп жайғастың.

Жаратылысқа жасырынғандай жан емі,
Солғындау екен күздің де сендей сәлемі.
Сан ғашықтардың сырына куә бақ іші,
Алқызыл түсті орамалы да әдемі!

Төбемнен келіп соққандай мені жасын бір,
Тамырым толқып, тағы да жүрек тасынды.
Даланың түгел ғажайыптарын жыйып ап,
Сән құрыпсың ғой, сарыға бояп шашыңды.

Қазақтың қызы қайғы көруге тиіс пе?..
Қара көздім-ау, толтыра берме күй ішке.
Қабағыңды ашып, қарашы маған күлімдеп,
Осы гүл саған, мейірің қанып бір иіске.

Нөсерден мынау ағаштар бізді бүркесін,
Барайық сосын көруге «Күздің жыр кешін».
Қолыңды берші.
Тырнағың көркем.
Мен тартқан
жабыстырғандай гладиолус күлтесін.

Даланың бәрі қызарғанындай сұр беттің,
Шоқтарын күздің кетті екен тағы үрлеп кім?
Үзіле алмаған жапырақтайын бұтақтан 
Сызылуыңды-ай, құрметтім!

Мариан-Эверест

Мылқау дердей кезіккен керең мені,
Сыртқы әлемге сырқатым еленбеді.
Қарама-қайшылықта жаратылған
Айқасады тылсымдар тереңдегі.

Қарызымды өтермін өлім үшін,
Парызымды көтердім өмір үшін.
Жанымдағы жандарға неге сонда
Жасағанда бөтенмін көңіл ісін?

Сырғып өткен сәттерден былғанышты
Жыр қып өпкен дәптерде сыр қалысты.
Күтейін, деп бір досым талқандайды
Бітейін деп мәреде тұрған істі.

Жарым жанды жүрекке жар қайсың бар?
Айтылады жан-жақтан талмай сындар.
Бұлар мені тартады шың басына
Олай мені тұқырта алмайсыңдар.

Сан сойқанның терісін шұлық қылған,
Даналықты іздегем шұрық қырдан.
Бабамыздың бабасы Фарабидің
Пәлсапасы биікке құнықтырған.

Жолын білем қайғыға қамықпаудың,
Жөнін білем қыранша қалықтаудың.
Шен-бағасы парықсыз дейді біреу
Бел баласы боламын алып таудың.

Болмағанмын баланың қағілезі,
Пенде бар ма жасайтын әмір өзі?
Қуғаныңды қой енді кей ғаламзат
Туғанымды қалаған Тәңір өзі.

Бір қыз бар еді

Қарақшылар көзіне көрінбеген,
Ойы пәк, ақ-қараға бөлінбеген.

Жанары жамандыққа тоқтамаған,
Бәрібір өзгелердің жоқ-бары оған.

Ұлпадай нәзіктіктен жаратылған,
Жаратылыс ішінде дара туған.

Дидары Ай секілді, Күн көрмеген,
Бетіне опа жағып үлгермеген.

Шырмауына талай ер оратылған,
Ақпейіл, адал жанға бола туған.

Аруларға ұқсайтын бұрындағы,
Ән шырқайтын шашбауы бұрымдағы.

Нұрын шашқан сәуледей түнектегі,
Қардан ба деп ойлайсың білектері.

Бас айналып, балқисың, ырғатыла,
Таңдай қағып қарайсың сымбатына…

…Бір күні: сезім ұшып әлпетінен ,
Жанына барғым келіп жарқ етіп ем.

«Біреу ұнап қалмасын көңіліне,
Тіреу болып тұрсам «, деп өміріне.

Қалайша болмай қалар жан арманың,
Бақыт салып қарадым  жанарға мың..!

Қарындас, әдемісіз дедім дағы:
«Болыңыз жүрегімнің менің бағы!»

Жұматайдың махаббат жыры сынды,
Бір тізем жерге тиіп гүл ұсындым.

Ләм-мим деп үн шықпады таңдайынан,
Амал жоқ, иіскедім маңдайынан.

Ұялып 1002 рет қиылғаны,
Бізге бір тағдыр болды бұйырғаны.

Содан бері сан уақыт өте берді,
Оятпасы бар ма еді көкем енді?!

Кейіпкері, сценарий, түсі бөтен,
Бұл менің ең ерекше түсім екен.

Соған налып, ұйқысыз таңды атырам.
Түске қарай хат келді Алматыдан,

Жанымды ұғынатын керім ағам:
«Армандар алдамайды!», — деді маған.

Бикеш

Тегісте тайғақтап, басқандай быламық,
Есімді құртады келген қыз сыланып.
Найзадай кірпіктер әр жерден түйрейді
Жанарды жаулайды қыпша бел бұралып.

Ламбада!
Ламбада!
Оооо, неткен керемет?!
Оятып кетпесін ақ жаңбыр себелеп.
Құлақтың астында сайрайды бұлбұл құс,
Қабақтың үстінде билейді көбелек.

Дәл осы мезетте ой-санам ауса-ды!
Жүректің қамалы күл-парша, 
Қаусады.
Ханшадай  қиылған Музаның сыңары,
Хошымен масайтар шаштағы раушаны.

Жанымның ішінде елжіреп,еркелеп,
Осында әкелген~бір сезім, желкелеп.
Жаныңа баруға көңілім кетіп  тұр 
Өтінем өзіңнен!
Өзіңмен ерте кет!

 

Шахмат өмір 

Өмірім боялған шахматша, жолым ақ.
О баста кастингтің заңына нақ келдім.
Өтірік күлудің шебері болып ап,
Рөлінде ойнаймын бақытты актёрдің.

Қамалым – жүрекке енудің өзі мұң,
Қағаз бен қаламым құралған тағым боп.
Тырыспа кір іздеп, қалмаған төзімім,
Жабылған жаладан сынатын сағым жоқ.

Білемін, Сен әркез биікке құмарсың,
Содан соң басталар қан-кескі қақтығыс.
Сен ұтсаң, ауызбен ұтатын шығарсың,
Ал менің еншімде «шах» пенен «мат» жүріс.

Қорықпай жүремін «пешканың» құр өзін,
Осындай сиқыршы саусақ бар қол қайда!?
Баспаймын «слонша», «ладья» – мінезім ,
Ал, Сен ше?
«Ферзге» айналсаң болмай ма?

САҒЫНЫШЫМ, КӨКТЕМІМ

 

Сен қуансаң ататындай таң күліп,

Сұлулықпен сыңар едің мәңгілік.

Алыс болып кеткенменен арамыз

Есімің тұр жүрегімде жаңғырып.

Ақ дидарлы Айым едің көктегі,

Сенсіз күндер сабылтады көп мені.

Жанарыңа бір қарауды аңсадым

Балдан тәттім, бір күн келіп өп мені.

Сағынышым, гүлім едің қырдағы,

Сағынышым, сырым едің жырдағы.

Әсем бейнең ойымнан бір кетпейтін

Ұйқымның да тыныштығын ұрлады.

Сымбатты едің дәл өзіндей мүсіннің,

Сенсіз өмір бос екенін түсіндім.

Жанарымның мөлдіріне шомылған

Жалғыз ғана кейіпкері түсімнің.

Ертелі-кеш елес болып өткенім,

Өңімде де бір тыныштық жоқ менің.

Ақ бұлттардың арасынан көктегі

Маған қарап күлімдеші, көктемім.

ҒАЛАМНЫҢ БАРЛЫҒЫ

Құрсақта жаралған сәбидің пәктігі,

Бақшада ән салған бұлбұлдың тәтті үні,

Жаңбырдан кейінгі ауаның иісі,

Гүлзардан бал сорған араның шаттығы,

Ананың перзентін сүйсіне өпкені,

Әкенің дария өнеге төккені,

Дастанға айналар ғанибет ғұмырдай

Тізбекпен ауғаны бұлттардың көктегі,

Аймалап тұратын Ай, Күннің дидары,

Аспанға жүз миллион жұлдыздың сыйғаны,

Өмірге мән берген адамзат әлемі

Әдемі құрылған жанға нұр құйғаны.

Аязда жылытар құшаққа тығылу,

Өткен мен келерді көп ойлап түңілу,

Миыңның қыртысын көбейту шектен тыс,

Алаудың басында шараптан сіміру.

Төскейді тесердей қазанат шабысы,

Сағаттың тырсылы, жүректің қағысы,

Дауылда қиыршық құмдардың ұшқаны –

Қарашық, қабақ пен кірпіктің танысы.

Қос дүлей тағдырдың ескегін ескені,

Алыптан дүрілдеп ақ ұлпа көшкені,

Иықты бозбала именбей жоласа

Иілсе қылықты арулар көштегі,

Арымас айбыны аққудың көлдегі,

Тәңірдің мейірі, тіршілік шөлдегі,

Мәңгілік махаббат, сезім, гүл ұсыну….

Ғаламның барлығы — қаламның өрнегі.

Галактика

Қалауың болса құшақтап алшы,

Бермей-ақ жауап сұраққа.

Қолымнан ұстап ұшаққа баршы,

Кетейік ұшып жыраққа.

Жүрекке керек жыр дедің,

Міне!

Ойыңнан өшір тергеуді.

Жазып қой жоспар күнделігіне 

Сол жақтан қайта келмеуді.

Сүйемелдеуге жарап гитара,

Өзіңді айтамын ән қылып.

Екеуміз ғана Галактикада,

Ғұмыр кешейік мәңгілік.

Керекті қамда шарапшылардан,

Бар шығар менің қолтаңбам.

Бейхабар боп кет «Қарақшылардан»

Қызғанба мені «Шолпаннан».

Жайымды әркез уайымда менің,

Өтірік кейбір көл сөзім.

Мен саған сыйлық дайындап едім 

«Сатурнда» тұр, көрші өзің.

Ұнаттым

Ұнаттым!..
Көркемсің, еш пенде иіскеп көрмеген гүліндей жұмақтың.
Жаныңмен мөп-мөлдір суындай қайнарлы бұлақтың
еріттің кеудені тоңдырған жүректің көк мұзын
Арманым алшақта болып тұр дәл қазір бірақ тым.

Аспанға көз салсам, Айлы кеш, жұлдызбен жазылып тұрды атың.
Жанарды арбайды, сұңғыла бойыңа жараса қалған гүл сымбатың.
Қолымда болса егер, тек сенің көңіліңнің күйі үшін сыйлар ем
Жердегі бар байлық жетпейтін ғаламның қымбатын!

Өзіңе арналып кетсе де композиторлардың бар әні,
Ақындар жыр арнап, таусылсын жүз-мыңдап қаламы,
Бәрібір мен сені қимаймын ешкімге, жанымның қалауы!
Алайда, алқынған жүрегім жаралы…
Жүрегім жаралы…


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика