БАРЛЫБЕКТІ БІЛЕСІЗ БЕ?

19 Ақпан 2017

Қазақтың тұңғыш конституциясын жазған кім? Егер сіз тарихшы немесе сол салаға жақын адам болсаңыз бірден Барлыбек Сыртановтың атын айтасыз. Ал қарапайым оқырман бұл азамат туралы ештеңе білмейді деуге болады. Ол ақ патша дәуірінде өмірге келіп, Петерборда білім алған санаулы қазақ зиялыларының бірі. Кезінде Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлиханмен дәмдес болып, сол кісінің тапсыруымен алғашқы конституцияның үлгісін жазып шыққан. Бірақ ол қолданысқа енгізілмеді. Ал Барлыбектің есімін ел ұмытып та қалды…

Барлыбек Сыртанов

Барлыбек Сыртанов – Мүгілсім әжейдің жеке мұрағатынан

Алаш десе есіңізге кім түседі? Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандарды айтарсыз. Ал басқалары ше? Үкімет құру үшін күш керек, зиялы қауым болуы керек. Өткен ғасырда олардың саны басым болды. Қазақ жерінің азаттық алуы үшін қам қылды. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болып, мақсаттарына жете алмай арманда кетті. Көпшілігінің есімі ел жадынан сөнді, нақты айтқанда қастандықпен өшірілді. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз – Барлыбек Сыртанов.
Барлыбек Сыртанов туралы алғаш рет тәуелсіздік алған соң, 1998 жылдары ғана жазылып, айтыла бастады. Бірақ насихат аз болғандықтан тек тарихшылар мен сол салаға жақын азаматтардың шеңберінде ғана қалып кетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын бүгінгі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҰҒА корреспондет-мүшесі Н.О.Дулатбеков Петербург архивтерінен тың деректер тауып, «Барлыбек Сыртанов: Санкт-Петербург іздері» деген мақала жазды. Бұл еңбек біздің «Қасым» порталында және «Абай» сайтында жарық көріп, көпшілік оқырман назарына ұсынылды. (Сілтемені басу арқылы таныса аласыз, – Ред.).
Биыл – Алаш жылы. Тұңғыш Қазақ Республикасының іргесі қаланғанына 100 жыл толады. Осыған байланысты алаштанушы Елдос Тоқтарбай Барлыбек Сыртанов туралы зерттеу жазып, арнайы ғылыми жинақ шығаруды мақсат тұтып, тың мәліметтер іздестіре бастаған. Тіпті оның ұрпақтарын да тапты. Соның бірі – Қарағанды қаласында тұратын тоқсан алты жастағы Мүгілсім Қадырқызы (Азан шақырып қойған есімі – Абдулқадыр) Сыртанова.
Көненің көзін көрген әжейдің қаламызда тұратынын естіп, кездесуге асықтық. Сенбі күні сәті түсіп, тарихшы Нұрсахан Ахметқызы, әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай және журналист Жәнібек Әлиман төртеуіміз Ленин көшесіндегі әжейдің үйінде болып, атасы туралы әсерлі әңгімесін тыңдап, сұхбаттастық. Айтары көп. Өткен күндердің естелігінен сыр шертіп, талай тарихтың бетін ашты. Өмірге келгеніне бір ғасырға жуық уақыт болса да әлі тың екен. Айтуынша тек соңғы жылдары ғана кәрілік жеңе бастаған. Дегенменде, тоқсаннан асқан кейуананың жүзінен тектіліктің ізі байқалып тұр.

Мүгілсім Сыртанова соғыс уақытында Алматыдағы дәрігерлік институтты бітіріп, ұзақ жылдар бойына денсаулық сақтау саласында қызмет еткен. Елуінші жылдары қарағандылық жігітке ұзатылып, кенді өңірге қоныс аударады. Медицина саласының үздігі. Талай науқасты жазып, көптің алғысына бөленген. Бәлкім ұзақ ғұмырының сыры да осы – елдің алғысы мен батасына байланысты болар.

Мүгілсім Қадырқызы Сыртанова

Мүгілсім Қадырқызы Сыртанова

Атасын іздеп келген қонақтарды қуана қарсы алған әжей бізге өткен өмірдің қиындығы туралы айтып берді. Барлыбек Сыртанов көп оқыған адам болған. Жинаған кітаптарының саны екі мыңнан асып жығылады екен. Бірақ сақталмаған. Кітап қадірін түсінбеген ағайын оны талан-таражға салыпты. Біраз кітап бүгінгі Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Қайнар мешітіне тапсырылған. Одан кейінгі тағдыры беймәлім. Ал 37 жылдың қырғыны тұсында НКВД қызметкерлері келіп, үйдегі фотосуреттерді жинап әкетіпті. Сондағы мақсаты Барлыбекпен істес болғандарды анықтап, көзін жою болған екен. «Шаш ал десе, бас алады» дегеннің кері осы. Әйтпесе 1914 жылы қайтыс болған Барлыбек Сыртанов Кеңес үкіметіне қауіп төндіретін «жау» болуы мүмкін емес еді ғой.
Қарағандылық тарихшы, профессор Нұрсахан Ахметқызының айтуынша, Барлыбек Сыртанов жазған алғашқы қазақ конституциясының кереметтігі сол, оны қазіргі Ата заңымыздың бастауы деуге болады. Билік бөлінісі, соттар тәуелсіздігі, парламент (халық кеңесі) басымдылығы, өзге ұлт өкілдерінің құқығын қорғау һәм бірлік пен ынтымақтың кепілі – қазақ ұлты деп тану. Бүгінгі заңымыздың да ұсынып отырғаны осы емес пе? Енгізіліп отырған өзгерістер оның әуелгі нұсқаға (Барлыбек нұсқасы) жақындығын арттыра түседі.
Барлыбек Сыртанов Алаш үкіметінің құрылуын көре алмады. 1914 жылы өкпе ауруына шалдығып, көз жұмады (Қазақ зиялыларының дені осы аурудан қайтты). Денесі туған жеріне қойылған. Қуғын-сүргін кесапатын көрген жоқ. Бірақ артында қалған ұрпағын НКВД жендеттері бақылауда ұстайды. Бұл туралы Барлыбектің ұлы Қадыр Сыртанов күнделігінде жазып кеткен екен. Ол кісі де әке жолын қуып, ғылым соңына түседі. Қазақ зиялыларымен жақын қарым-қатынаста болған екен. Қазір Барлыбек Сыртановтың ұрпақтары да ғылыммен айналысуда. Дені медицина саласын таңдаған. Оның да өзіндік сыры бар тәрізді. Бұл алаштанушы Елдос Тоқтарбай мәлімдеді. Оның айтуынша, Барлыбек Сыртанов Петерборда оқып жүргенінде профессор, атақты химик Д.И. Менделеевпен таныс болған, тіпті оған жәрдем көрсеткен екен. Оқу бітіріп, еліне келген соң, «Дәрілік өсімдіктер» деген көлемді еңбек жазып қалдырыпты. Жуық күндері алаштанушы Е.Тоқтарбайдың осы еңбек туралы арнайы жазған мақаласы және еңбектің тұтас мазмұны жарияланбақ.

P.S: Алдағы уақытта Барлыбек Сыртанов туралы тарихшы ғалымдардың еңбектерін және Мүгілсім әжеймен болған кездесудің видео нұсқасын жариялайтын боламыз. Арыстарымызды ардақтайық, ағайын!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика