Балаларға арналған «Профиленд» мамандықтар қалашығында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бөлімшесі ашылды

1 Желтоқсан 2017

1 желтоқсан Тұңғыш президент күнінде «Профиленд» балаларға арналған интерактивті кәсіптер қалашығында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бөлімшесі ашылды. Мұнда ойын қызығына кірген балақайлар өзін кассир, менеджер, тіпті, банк жетекшісі ретінде байқап көре алады, бизнес-жоспар құрып кішкентайынан бастап бюджет жоспарлауды, ақшаны тектен-текке жаратпауды үйренеді.

Аталмыш іс-шара барысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жас жеткіншектер мен олардың ата-аналарына баспаналы болудың ең тиімді құралын ұсынды. Ол – балалар депозиті. Мұндай депозитті сәби дүниеге келген сәттен бастап ашуға болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» ашылған есепшотқа ай сайын салым төлеп тұру керек. Ал бала кәмелет жасқа толғанда оның есепшотында пәтер алуға мүмкіндік беретін алғашқы сома жинақталып тұрады. 14 жасқа толмаған баланың атынан депозитті ата-анасы немесе оның заңды өкілі аша алады. Ал 14 жастан бастап кәмелетке толмаған жасөспірім ата-анасы немесе заңды өкілінің келісімімен ТҮҚЖБ-де өзі шот ашу мүмкіндігіне ие болады. Бірақ, балалар депозиті бойынша несие немесе пәтер сатып алу үшін баланың 18 жасқа толуын күту қажет.

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымдар бойынша ұсынып отырған 13,3%-ды құрайтын жылдық мөлшерлеме еліміздегі ең жоғары әрі тиімді мөлшерлеме болып саналады. Банктің бастапқы сыйақысы 2%-ды құрайды. Сонымен қатар, балалар депозитіне де 200 АЕК-тен аспайтын сомаға жыл сайын 20% көлемінде мемлекеттік сыйлықақы тағайындалады. Осыны ескерсек, жинақтау мерзімі бойы жас клиенттің салымы депозит бойынша жоғары табысқа ие болмақ. Ал кәмелет жасқа толғаннан кейін баспана сатып алуға жетпей қалған соманы банктен жылдық мөлшерлемесі 3,5-5%-ды құрайтын несие түрінде рәсімдеп алуға болады. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мұндай құрал еліміздегі бірде-бір банкте кездеспейді, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымының орынбасары Досым Енкебаев.

Соңғы бес жылда еліміздегі 14 жасқа дейінгі жас тұрғындардың саны 4,2 миллионнан 5 миллионға дейін көбейген. Мұндай демографиялық өсім ТҮҚЖБ-дегі балалар депозитіне деген сұраныстың артуына себеп болып отыр. Бүгінде банкте 130 000-ға жуық балалар депозиті бар. Олардың алғашқысы 2005 жылдың 1 ақпанында ашылған. Қазір кәмелетке толмаған баланың атынан ашылған тұңғыш депозиттің сомасы 8 650 000 теңгені құрап отыр. Бұл сомаға қазір жаңа салынған үйлерден бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» балаларға ашылған депозиттер санынан көш бастап тұрған қала – Алматы. Мұнда шамамен 15 000 шот бар. Екінші орынға 14 000 шоты бар Астана қаласы жайғасты. Ал үшінші орында – Шығыс Қазақстан облысы. Ол жақта шамамен 13 000 депозит тіркелген.

 

 

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика