Бақытжан ТОБАЯҚОВ. ЖАЗИРАНЫҢ ЖЕЗКИІГІ

14 Қараша 2017

 Ебіней Арыс­танұлы БөкетовӘкімдер кетеді, ал ақындар жүректе мәңгі қалады…. Қадыр Мырза Әлі
Ұлтымыздың біртуар ұлдары біртіндеп бізден алыстап барады. Бірақ та олар көз­ден кетсе де, көңілден кетпейді.
Өмір жолымда екі ұлы ұстазым болды. Ғылым жағынан академик Ебіней Арыс­танұлы Бөкетов, ақындық өнер жағынан Кәкімбек Салықов еді.
Аяулы Кәкең (Кәкімбек Салықов) ат­пал азамат, арқалы ақын, көпшілікке та­нымал талай әндер тудырған компо­зитор, мемлекет және қоғам қайраткері, хал­қы­мыздың ардағы еді. Былтырғы Ас­тананың сілбілеген сабырлы жауынды күзінде ол кісімен қимай-қимай қош­та­сып ек. Енді міне, бір жыл толыпты Кәкең­нің о дүниелік болғанына.
Кәкімбек Салықов бар саналы ғұ­мы­рын халқының болашағына арнап еді. Тасқынды талантын, еселі еңбегін сарп етті, елі үшін аянбады. Көкшенің ну қара­ғайлы, қайыңды жерінде туып-өскен балаң жігіт Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтына түскен ғой. Мектепті үздік бітірген бозбалаға бір туыс ағасы «оқысаң Қаныш ағаның оқуын оқы» деген екен. Сөйтіп, Кәкімбек Мәс­кеудің тау-кенге жақын жоғары оқу ор­нын тәмам­даған. Осында оқып жүргенде сол астанада жоғары санатты экономист мамандығын игерген Мәриям Мәжен­қызымен отау құрған. Кенші-инженер атанған ағамыз еңбек жолын Жезқаз­ғанның шахталарынан бастады, осылай­ша, халқымыздың да­ныш­пан ұлы Қаныш Сәтбаевтың жолын қуды. Жай ауысым шебері лауазымынан бастаған Кәкең шахта басшысына дейін көтерілді. 1972 жылы Одақтағы шахталар бойынша ең­бек өнімділігі жөнінде орасан зор та­бысқа жеткені үшін 40 жастағы Кәкең Со­циа­лис­тік Еңбек Ері атағына ұсы­нылады, бі­рақ та Димекең (Қонаев) «әлі жассың ғой, өске­мендік кеншіге (орыс) берейік» дейді. Сонымен, Кәкеңнің кеудесіне Ле­нин ордені тағылып, соны місе тұтады аға­мыз.

Сол заманда үлкен Жезқазған, қазақ­стандық мысты игеру деген бүкілодақ бо­йынша дүрілдеп тұрды. Кен орын­дарында, кен барлау экспедицияларында Сәт­баевтың шәкірттері жұмыс істейтін. Абыройлы Кәкең партия органдарын бас­қарады: Қ.Сәтбаев атындағы кен-метал­лургия комбинатының партком хатшысы, Жезқазған қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия ко­митеттің екінші хатшысы, одан әрі Мәс­кеудегі Орталық комитеттің инспекторы…

Ол кезде несін жасырайық, мемлекет, қоғам қайраткерлері компартия арқылы өсті, шыңдалды. Дәуір солай-тұғын. Кә­кең де сол уақытта партияның түлегі еді, соған сенді, бар жан-тәнімді, еңбегімді хал­қымның келешегіне бағыштаймын деді. Ең жоғарғы орган – Орталық коми­тетте ол табаны күректей 10 жыл істеп, тіпті сол органның бір мезгілде қоғамдық негізде партком хатшысы болыпты, Л. Брежневтің өзі оған партиялық жарна тап­сырып отыр­ған. Соғыстан кейін Ста­лин КСРО өңір­лері бойынша 4 инс­пек­тор тағайын­даған болатын. Сол төртеудің біреуі Қазақстан мен Орта Азия бойынша инспектор еді. Міне, Кәкең осы қызметті адал атқарды. Инспектор болып істеп жүрген кезінде оның кураторы ОК хат­шысы Капитонов болған. Талай жыл Мәс­кеуде қызметтегі Кәкімбек ағамыз Қазақстанға сұранады, алайда республика басшылығы тарапынан ұсыныстар түспейді. Капитонов оған қазіргі қазақ­стандық басшылық сені республикаға шақырмайды дейді. Сөйтіп, Кәкең 1984 жылы Нөкіс қаласынан бір-ақ шығады, Қарақалпақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Өзбекстан Компартиясы Орталық коми­тетінің бюро мүшесі болып тағайындалады. Бес жыл осы қызметте істеді, Қарақал­пақстан Рес­публикасына еңбегін сіңіріп, халқы­ның құрметіне бөленді. Бұдан әрі 1989 жылы КСРО халық депутаты болып сайланып, Мәскеуде Жоғарғы Кеңестің экология комитетін басқарды.

Ақындық, композиторлық өнер Кәке­ңе туа біткен. Ақан мен Біржанның, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың елін­де туған Кәкімбек солардың ән-жыр­ла­рымен сусындап өскен. Әсіресе, ол Ақан серіні пір тұтты, өзіне ұстаз тұтты. Оларға арнап бір­талай туындылар шы­ғарды. Соцреализм теориясы бойынша Мұқаңның Құнан­бай­ды жағымсыз кейіп­кер етіп көрсет­ке­ніндей, Ғабең де өз пье­сасында Науан хазіретті теріс персонаж ретінде сомдаған ғой. Ал Ақан сері Науан хазіретпен бажа бол­ған. Хазірет сол за­манға лайық ескіше оқы­ған асқан оқы­мысты еді, оның шәкірт­терінің бірі – Сәдуақас Ғылмани, есімі қазір Астана қаласының орталық мешітіне берілген. Сәкен серінің де (Жүнісов) Ақан серіні сомдаған кезінде әттеген-айлары бар еді деп отыратын Кәкең. Ақанның ғажайып өлең­дерін Мағжан керемет талдаған ғой, бірақ тағы да зерттей түсуді керек етеді дейтін тағы ағамыз.

Жастық, жігіттік шағы Жезқазғанда өткен Кәкең «Жезкиікті» туындатты ғой. Бұл ән қалың көпшілік айтып жүретін танымал қазіргіше айтқанда, хитке айна­лып еді. Осы әннің бір нұсқасын талантты композитор Жақсыгелді Сейілов шы­ғар­ған. «Осы екен ғой аққу жеткен» әні ше? Мәскеуде тұрған кезде:

Шөліркеген далағаЖаңбырлы бұлт болар ма ем.Піскен кезде мол егінДиқан болып орар ма ем, орар ма ем.Қайтқан құстар ұшады Еділдетіп, Оралмен,Елге жетіп қалар ма ем.Ере кетіп солармен, солармен.

Қандай сағыныш туған жерге деген!Құлагер жортқан құба бел

Сағындым Сарыарқамды…

Ақан, Біржан, СәкендейСерілер туған Сарыарқам…

Немесе «Үш арыс» өлеңіндегі:Абайдың інілері-ай,Қазақтың ірілері-ай,Сәкен, Ілияс, Бейімбет…

Көркемдік кестесі, сезім тереңдігі жа­ғынан бірінен-бірі өтетін қандай мөл­дір туындылар!

…Ағаның аты ерте шықты. Кенші ақын, ел басқарған азамат еді. Кеңестік дәуір кезінде оның өлеңдері, поэмалары газет-журналдарда көптеп басылатын. Оқитынбыз, тұшынатынбыз. Бәріміздің Тұм-ағамыз атанған асқан лирик ақын Молдағалиев өткен ғасырдың 70-жыл­дары «Жалын» альманағының редакция­сында бірде отырғанда Сабырхан Асанов ақынға:

– Мен инженер ақындарды да к­ө­бейтіп жатырмын, осылардың алды Кә­кімбек, Иранбек, міне, енді Бақыт­жанды да шы­ғарып отырмын, – деп еді.

Ақын Кәкімбек өлеңдерімен оқыр­мандар жүрегін жаулап алды, кітаптары бір­неше тілге аударылып жатты. Ол қоғам­дық жұмыстармен де айналыса берді. Мәс­кеуден келгеннен соң 1992 жылдан Ал­матыда Арал мен Балқашты қорғау коми­тетін басқарды, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлының 100 жылдығы қарсаңында 1998 жылы құрылған қордың тұңғыш президенті, кейін құрметті пре­зиденті бол­ды, халықаралық экологиялық акаде­мияның академигі атанды.

2002 жылы қалың жұртшылық Кәкең­нің 70 жылдығын Алматыда, Жезқазғанда, туған жерінде кеңінен атап өтті. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген Кәкеңе кен­шілер Астанадан пәтер сыйлады, сөйтіп, Кәкең өмірінің соңғы 12 жылын Астанада өткерді. Кезінде Ебіней аға сенің Мәс­кеуде Кәкімбек деген ағаң бар дейтін. Мәскеудегі үйін көргем жоқ, бірақ Аста­надағысында ылғи да болып, етене ара­ластық. Әрине, Кә­кең бар қазақтың ағасы атанды, маған аға ғана емес, кейін қайынаға да болды (әйе­лім Айман Көк­шедегі Зерендінің қызы).

Өмірінің соңғы жылы Астананың 15 жыл­дығына орай ұйымдастырылған ақын­дар мүшәйрасында Кәкең жүлделі ал­ғашқы орынды иеленді, өзінің «Астана – елдің ажары» атты соңғы кітабының тұ­саукесерін өткізді. Кім біліпті, бұл басылым соңғысы боларын, алайда Кәкең кейінгі 10 жыл жемісті еңбек етіп, «Фо­лиант» баспасынан көптеген кітаптар басып шығарды. Әсіресе, Тәттімбетке арнаған поэмасы өте сәтті шықты. Ал­дын­да жазған «Қарақалпақ», «Кенесары» атты туындылар – шоқтығы биік шы­ғармалар.

Кәкімбек ағам достыққа адал, берік еді. Оның Б.Әшімовке, Е.Бөкетовке, Н.Тілен­диевке, М.Қозыбаевқа арнаған кітаптары осыған дәлел болады. Аса көр­некті мем­лекет қайраткері Фазыл Кәріп­жановтың өмірін зерттеп те бір кітап арнады. Адам­гершілігі мол, адами қарым-қатынаста сарабдал да салиқалы жан еді. Қаншама үлкен лауазымды қызметтер атқарған. Ешқашан да өзін жоғары кө­термейтін. Қашанда қарапайым қалпы, күнара «Фолиант» баспасына барады, одан орала бере фотокарточкалармен айналысады да (атақты қазақ әйел-қыз­дарының (Бибігүл, Айман, Жәния, Роза, Зағипа, Оразгүл, Әси­ма, т.б.) фото­порт­реттерімен бірге өлең портреттерін жа­сады), менің кеңсеме соқпай кетпейді (үйі кеңсемнен 50 метр жерде болды). Шынын айтқанда, екеуміз тонның ішкі бауындай болдық десек, ар­тық кетпеймін. Біраз сырларын тілге тиек ете­тін. Ол кі­сінің адалдығын айтайын, ке­зін­де Қо­наев­қа қара бұлт үйірілгенде Пле­нумда Мәс­кеудегі төрелер Кәкеңе де Ди­мекеңді мінберден сына деген ғой. Алайда ағамыз ондайға бармаған. Мұны білген Димаш аға Кәкеңді кездестіріп «рақмет, қарағым, ризамын, мені талап жатқанда қоса тала­май, қайта қарсылық көрсетіпсің» деген екен. Міне, бекзаттық деп осыны айт.

70-жылдары Кәкімбек үлкен бастық­тардың бірі болатын. Бір күні Алматыға келеді іссапармен. Күн кешке жақын. Қас қа­райған. Жаңбыр құйып тұр екен. Жа­зу­шылар одағының жанынан өте бере жол­дың жиегінде киімі жұпыны Мұқа­ғалиды көреді. Жүргізушісіне тоқта деп белгі беріп, Мұқағалиды мәшинесіне салып алып үйіне апарып тастайды, үстіне өзі­нің су жаңа плащын жабады. Міне, ақын­ды ақын қорғады деп осыны айт.

Ақын Кәкімбек дарынды аудармашы да болды. Ол А. Пушкиннің «Евгений Оне­гин» романын толық нұсқада, М.Лер­монтовтың, Я.Полонскийдің, Гамзатов­тың, Коластың өлеңдерін шебер аударды.

Кәкеңнің 75 жылдығын да, 80 жыл­дығын да Астана қалалық әкімдігі ла­йық­ты атап өтті. Әндері шырқалды, өлеңдері ай­тыл­ды. 80 жылдығында сахнаға ақ костюм­мен жарқырап шығып, алды-арты алқызыл гүл шоқтарымен көмкерілгенде қасымда отырған бір апай «бақытты адам ғой» деп еді.

Иә, Кәкең бақытты болды, 82 жыл ғиб­ратты ғұмыр кешті, өз заманының ал­дыңғы саптағы адамы еді. Алайда аққу сынды ағатайдың қанаты өткен жылдың қа­рашасында қайырылып қалып, жұр­тымыз ел ардағынан айырылып қалды. Сен біздің мәңгі есіміздесің жан аға, жырларың ескір­мейді, ұрпағымыз оларды өштір­мейді!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика