Бақытжан Тобаяқов. Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы…

28 Қазан 2015

0042Ақын – әлем! Ақын – көктем. Ақын – жыр! Ақын – ғаламшар! Ақын – көктен түскен асыл дүр!
Шабыты шаңқан, таланты телегей теңіз, ұлы ақынның есімін мен сәби кезімнен, 3-4 жасымнан естідім десем, қателеспеймін. Өйткені, ол кісі шешем Нұрила жағынан туыс еді, яғни менің нағашым болатын. Әкем де, шешем де, арғы ата-бабаларымыз Арқаның асқан сұлу Қарқаралы, Кент жерлерін мекен еткен. Бұлар кезінде 22 болыс жуан ел болған Қа­ра­кесек тармағынан. Қаракесектің Түй­тесінен Танас, Танастан Тымырысқы болып бөлінеді. Халық арасына «Қарашорда Сеңкібай, Әлтекеде Жи­де­бай, Тобықтыда Құнанбай» де­ген сөз тараған. Бұл тұжырым бі­лім­паз ғалым, жазушы Ақселеу Сейдім­бековтің ең соңғы «Қазақтың ауызша тарихы (Шежіре деректері мен пайымдаулар)» атты кі­табында да жазылған. Сондағы Сең­кібай Оразғұлұлы (1709-1786) әрі ба­тыр, әрі би болған. Ол қазақ-қалмақ соғысында Абылайханның мыңбасысы, барлаушысы ретінде өз жасағымен 1728 жылы Шұбартеңіз жағасындағы, Бұланты, Білеуті шайқастарына, 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай даласындағы ұрыстарға қа­ты­насқан. 1730-34 жылдары Баян батыр басқарған әскери түменнің құрамында Сарыарқаны бойлай енген жоңғарларға қарсы, Нұра бойында Әмірсана әске­ріне күйрете соққы беруде ерліктер көр­сеткен. Бұқар жыраудың да:
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек…
Бақ-дәулеті басында
Сеңкібай мен Шойбек бар, – деген белгілі жыры Биатаның (халық берген аты) тарихи рөлін айғақтайды. Қасым Аман­жолов және менің анам Нұрила – Сеңкеңнің алтыншы ұрпақтары. Қасе­кең Биатаның Ақжал деген баласынан тарайды.
Өткен ғасырдың аштық пен жаппай қудалау кезінде әке-шешеміз бір топ туыстарымен жер жәннаты Жетісуға қа­рай бет алып, Алматыға табан тіре­ген. Одан барып Талдықорғанның Қоғалы-Бостан атырабын мекен ет­кен. 50-ші жылдары тақырбас әпер­бақан Хрущевтің жаппай тың игеру науқанында біздің отбасын көз­дің жауын алатын көкмайсалы Бос­тан жерінен бергі Сарыөзек-Жола­ман бе­кеттеріне қарай аударған. Қалың­шор­дан тараған менің әкем Ошекең (Ошақбай) арабша да, орысша да сауаты молынан, өзі шаруа адамы болса да серілеу, алаштың зиялыларымен, ақын-жазушыларымен дос-жаран еді. Қарқаралыда, Семейде атақты шонжар Ақайдың Хасенімен (12 мың жылқы біткен), заңгер Ақбайдың Жақыбымен, Том университетін бітірген, Кент елінің болысы Спанның Әміресімен, Әлихан Бөкейхановтың туған інісі Смахан төремен, Қалибек Қуанышбаевпен, Мұх­тар Әуезовпен, Сапарғали Бегалин­мен бірге жүріп, біте қайнасқан. ХХ ғасырдың 30-шы жылы Мұхаң Алма­тының түрмесіне қамалғанда әкем жазушының тұңғыш перзенті Мұғамиламен бірге абақтыға барған. Мұны кейінірек, біз политехтің энергетика факультетінде оқып жүргенде, факуль­тет жатақханасының коменданты болып қызмет істеген Мұғаш апайдың өзі растады. Оны қаламгердің ұлы Мұрат та біледі. Әкем Қасекеңмен де дос болды. Ақын соңғы жылдары төсек тартып қатты ауырып жатқанда, құрт ауруы жұғады деп қорқып, дос-жарандары көңілін сұрауды сиреткен ғой. Сонда тағы да әкем шешеммен бірге барып тұрған. Әрі қайынағасы, әрі бірге серілік құр­ған жолдасы жайлы Қасекең ағасы Ахмет­жаннан ылғи:
– Ошекең қашан келеді? – деп сұрай­ды екен.
Сөйткен аяулы ақын 44 жа­сында көз жұмды ғой. Қаралы жиынды Мұхаңның (Әуезов) өзі ұйымдастырған.
1958 жылы, бес жасқа толарымда әкем Алматыдан сыйлық ретінде Қасе­кеңнің радиосын әкелді. Бұл ауыл баласы үшін үлкен жаңалық еді. Роза Бағланованың, Ермек Серкебаевтың да­уыстарын алғаш содан естіп ем. Бұл радионы 1961 жылдың күзінде Ал­матыға көшерде анам естелік болсын деп көршімізге тастап кетіп еді. Ақыннан қалған нағыз жәдігер сол екен ғой…
1961 жылдың басында ағам Жамбыл Алматыда жазушы-драматург Шахмет Хұсайыновтың (әйелі – халық әртісі Би­кен Римова) жиен қызы Айманға үйлен­ді. Қыз ұзату тойы Шахаңның үйінде өткен (мен ауылда қалған едім) тойға Мұхаңнан бастап Сәбит, Ғабит, Ғабиден, сол дәуірдегі ығай мен сығайлар жиналыпты. Тамадасы Сырбай Мәуленов болған (ол Шахаң туралы естелігінде осы тойды атап өтті). Тойға біздің жақтан Қасымның ағасы Ахметжан қатысып, Сырағаң оған тілек-лебіз білдіру үшін, әрі ұлы ақынның аруағын құрметтеп сөз береді.
Отырыстың соңына таман Жәкең Қаскеңнің «Дариға, сол қызын» асқан тебіреніспен шырқап берді. Осы әннің маған ұнағаны соншалық, тіпті кейін есейгенде де Дариға қыз түсіме кіріп, елесі есімді шығарғандай болып жүрді. Бұл керемет шығарманы Қасымның төл шәкірті Ғафаң (Ғафу Қайырбеков) оты­рыстарда әманда орындап жүрді. Ал, «ауылдың алты ауызы» ретінде Бикен апай Еңліктің елімен қоштасу әнін айтты.
61-дің шыжыған ыстығында ұлы Мұхаң дүниеден озды. Әкем мені тағы да Алматыға алып келді, оның үстіне каникул кезі ғой. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры алды қара құрым халық. Біз – әкем, мен, Ахметжан аға және Балқаштан келген Тұмабай деген туыс кісі, Жамбылдан үлкен Мұқажан ағам қаралы көшпен бірге жылжып, театрдың ішіне кірдік. Екінші қабатта, табыттың үстінде маң­дайы жарқырап жазушының мәйіті жатыр, жан-жағы азагүлдермен көмке­рілген, қатар-қатар орындықтарда қара жамылған кісілер отырды, алдыңғы қатарда – әйелдер, қаралы музыка ойнап тұрды. Залдың екі бұрышында Ленин мен Сталиннің кішігірім ақ түсті бюстері орнатылған екен. Театрдан шыққан бетте Ахметжан ағам:
– Қасым Сталин туралы поэма жазам деп еді, жаздырмады ғой мұндарлар, – деді. Кейін Қаскеңнің күнделігінен оқып білдік, поэма жазуға соғыстан соң, 1947 жылы Жазушылар одағымен шарт жасасады, аванс-қаламақы бері­луі тиіс, алайда сол кездегі төраға Сә­бең (Сәбит Мұқанов) әне-міне, деп сиырқұйымшақтатып жібереді, ал Қа­сым-ақын тұрмыс таршылығынан қатты қиналып, тіпті, жаңа туған нәрестесі Да­риғаның шілдеханасына татымды азық-түлік таба алмай қорланады.
Ауыл баласының құлағы түрік жү­реді, театрдың оң қапталындағы саябақ­тың ағаш отырғыштарына жайғасқан қариялар Мұхаңның артында жаңа ақ­шамен бір миллион сом (сол жылы ақша реформасы жүріп жатқан) қалғанын, үш-төрт әйелінің бәрі де келіп, қара жа­мылып отырғанын әңгімеледі (әсіре­лейтін де шығар). Ал, Мұқажан театрдың түбінде тұрушы еді де, біз ке­меңгер жазушымен қоштасқаннан кейін ағамыздың үйіне қайттық.
…Біз Әбең мен Шахаңның демеуімен отбасымызбен Алматының тү­­біндегі Калинин (қазіргі Тұздыбастау) кентіне көшіп келдік. Үйіміз даңғарадай кең, жан-жағы миуалы, бау-бақшалы еді. Жәкең мен әкем қандай көпшіл, үйімізге қазақтың сол кездегі зиялылары Жүсіпбек Елебеков, Сапарғали Бегалин, Шахмет Хұсайынов, Әбділда Тәжібаев, Сәлкен Сұбханбердин, қуғын-сүргінге ұшырап, Балқаштан келген Смахан төре, айдауда болған Әлімхан Ермеков інісі Мүсіліммен (сол тұста Алматы зооветеринар институтының ректоры), т.б. (біразымен Ошекең Арқада бірге жүріп сайран кешкен) көптеп жиналатын. Олардың әрбіреуі бір-бір шежіре, әрқайсы бір-бір заман еді ғой! Сонда есімде қалғаны, жазғы бақтың ішінде Сәлкен аға Шаһкәрімнің («Ат дыр-дыр, арба гүлдір, қоңырау шылдыр…» – А.Пушкиннің «Дубровскийінен»), Мағ­жанның «Баян батыр» поэмасынан (Қарағай қайыңымен бек аралас, бұл күні, әттеген-ай, тұр жалаңаш…), Қасымның (Өтеді күндер, өтеді түндер, өтеді жазым зымырап, Соғады дауыл, солады гүлдер, сарғаяды жапырақ… – Т.Шевченкодан) өлеңдерін айтып отыратын. Ал, Жүсекең Сегіз серінің «Гауһартас», Мәдидің «Қарқаралы» әндерімен бірге Қаскеңнің:
Шықшы тауға, қарашы кең далаға:
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
О шеті мен бұ шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?…- деген әнін әуелете, нақышына келтіре шырқайтын. Одан кейінгі Шә­мілді, Кәмілді, Қаратайды да көзім көр­ді. Соңғысы Қаскеңнің «Ақындар бесжылдығы» атты әзіл өлеңінде бейне­ленген:
«Маскарадтың» шығарып масқарасын,
Алматыда жортып жүр ерке Қасым.
Мазасын ап Қаратай Құрманычтың
Жыр етіп жүр өзінің баспанасын…
Баспананың тауқыметінен әбден тауы шағылған қайран ақын сол шақтағы Мә­дениет министрі, халқымыздың тағы бір аяулысы Ілияс Омаровтың қабылдауына барып, оң шешім тауып, қуаныштан жы­лап шыққан ғой. Алдында талай жыл квартбюроны басқарған Айбасов де­ген жұлымыр біреу ақынды әбден дің­келеткен екен. Мұны министрдің қабылханасында күтіп тұрған Сәпен апай (Сақыпжамал) көзіне жас ала еске алды. «Бір ордерге бір бастық қол қойғанша, үлгеріппін мен жазып өлең томын» деп Қаскең бекер жазбаған ғой. Алматының Виноградов (қазіргі Қарасай батыр) көшесінің Пушкин көшесімен қиылысқан жеріндегі екі қабат үйден пәтердің ор­дері мен кілтін ақынға жаңадан тағайын­далған қалалық кеңес төрағасы Қаратай тапсырады. Шәміл мен Кәмілдің ара­сындағы Шәкітай – Тәтімовтың зайы­бы болған, Сәкен ағаның жұбайы Гүл­баһраммен бірге «АЛЖИР-ге» барып, онда 10 жыл отырып шыққан. Мұны мен «АЛЖИР» атты поэмамда келтірдім. Төрт баласының Клара, Наура қыздарымен дәмдес болдық, Клараның ұлы Саятпен энергетикалық жоғары оқу орнында бірге оқыдық.
Көшіп келгеннен кейін Ахметжан ағаның отбасымен етене араластық. Ол кісі 10 бала тәрбиелеп өсірді, кішісі Дәулет менімен қатарлас еді, үлкен бір баласы зооветинститутында оқытушы, профессор болып қызмет істеді. Ахаңның қолы ісмер болды, қаракөл елтірісін илеумен айналысты, бір қора баласын солай асырады. Олар Алматыдағы Республика сарайының сыртындағы Городская (қазіргі генерал Баһадүрбек Байтасов атындағы) көшесінде мекен­деді. Ауласындағы ал­ма бақтары керемет сыңсып, жемісі төгіліп тұрушы еді. Үйі­нің сол жақ бөлігінде құжыраны Жәкең екеуміз көрдік, пәтер алғанша Қаскең осында отбасымен тұр­ған екен.
1971 жылдың қазан айында Қасым-ақынның 60 жылдығы М. Әуезов атын­дағы академиялық драма театрында (қазір ТЮЗ ғимараты) тойланды. Стилист-жазушы, сөз зергері Тәкен Әлімқұлов ғажап баяндама жасады. Ахметжан ағама сөз берілді, ол сахнадан жүрекжарды риза­шылығын білдірді. Ақынның «До­сымның үйленуі» пьесасы бойынша спектакль қойылды. Театр алдында Әбең, Сәбең, Мұхамеджан Қаратаев жүр екен, баспалдақ тепкішектерінен тез-тез аттап, «Ассалаумағалейкүм!» деп сол кісілерге сәлем бердім. Сол күні Шахаңның ұлы Көбей кандидаттық диссертация қорғады да, көкемдер қойылымнан соң оның кешкі зияпат дастарқанына жа­зу­шылармен бірге барды. Осы жолы ақынның 60 жылдығына орайластырып, шаһардың шығыс жақ беткейінен бір шағын көше Қасым ағаның атымен атал­ды.
Қаскең 1938 жылы жазда аға­сы Әмірханмен бірге Матайға туыс­қандарын іздеп келеді. Әмірхан Ақтай Тұрғанбаевпен құрдас екен (1909 жылғы). Ақаңның үйінде әңгіме-дүкен құрып, кітаптарының арасынан Шаһкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» атты кітапшасын тауып алған Қаскең:
– Шіркін-ай, Абайдан соңғы ақынның ақыны Шәкең еді ғой! – деп тебіренеді, өзі сырнаймен ән салып, сол мезеттерде жазып жүрген:
Бір күй бар домбырамда тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған.
Өзіңе келдім сақтап, сүйген сәулем,
Көзіңнен айналайын жарқылдаған… – атты, сезім нұрына шомылған ғажайып өлеңін оқиды. Тағы бірде:
– Сонау күні Әсет Найманбайұлының әндерін тыңдадым. Қандай асқақ, әуезді! Өзі Қарашордың Майлық атасынан екен, – дейді.
1981 жылдың қаңтар айында кешке таман ақынның 70 жылдығына орай Виноградов көшесінде тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды, шағын митинг өткізілді. Әбең, Сырбай мен Ғафу ағалар сөз сөйледі. Қазақ радиосынан келген журналист Темірақын Жақыпов менің ақынға арнаған өлеңімді жазып ал­ды.
Қаскеңнің бейітіндегі ескерткіш әде­мі жасалыпты. Ескерткіш қоладан құ­йыл­ған, кітап, қалам, ақынның бейнесі жарасып, үйлесімді ком­позиция құрған. Мен мұны үшінші рет көрдім. Алғаш рет 1977 жылдың желтоқсанында жиен ағам Қабыкен (Ғабдолла Құлмағанов – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Қаскелеңдегі мұғалімі, мектеп директоры болған) қайтыс болғанда Мағзом жездей алып барып көрсетті. Екінші рет өзім 1978 жылы жазғытұрым тағы бір өлең-өнер фанаты, туған жездем Әкім Кәкімұлын апарып көрсеткем. Ал, кейін біз Астанаға қарай көшіп кеткеннен соң біраз жұрт ақын бейітін таба алмадық деп жүр…
1991 жылдың қараша айында Жоғарғы Кеңестің «Ха­лық Кеңесі» газетінің редакциясында қызмет істеп жүріп, басылымға жа­зылу науқанында Қарағанды облы­сындағы меншікті тілші Дәулет Мақашпен бірге ата-бабамыздың, соның ішінде Қаскеңнің еліне, Қарқаралы, Қазыбек би аудандарына барудың сәті түсті. Алдындағы қазан айында ақынның 80 жылдығы атап өтіліп, оған бас редакторымыз Сарбас Ақтаев та қатысыпты. Фрунзе кең­шары енді Қасым Аманжолов атын­дағы шаруашылық атаныпты, Ақ­қора елді мекеніндегі мектеп те сол кісінің атында, ақынның бюстіне барып тәжім еттік…
Енді, міне, артын­да тұтас ақындық мектеп қа­лыптасқан да­ра­боз ақынның, қазақ әдебиеті клас­сигінің 100 жылдық мерейтойы елі­міздің түкпір-түкпірінде аталып өті­­луле. Кеше ғана «Түріксойдың» қол­­дауымен Түркия астанасы Анкарада Қасым ақынның дүбірлі тойы өтті. «Жұлдыздар отбасы» біраз бетін Қасымға арнады. «Қазақ­с­тан-1» телеарнасы «Кеш жарық» айдарымен ақынның әндерін беруде. Өзі туып-өскен облыстың орталығы Қарағандыда ескерткіш бой көтерді.
Армансыз адам болмайды, оның үстіне ақын болса… Қаскең дүниеден озар алдында өзінің шәкірті әрі досы Сырбайға мынандай үш мақсатымды жүзеге асырмадым деп армандапты:
– Біріншіден, Абайдай ой мұхи­тының алыбы дәрежесіне көтеріле алмадым, екіншіден, осы заманның геройлары туралы Александр Пуш­киннің «Евгенин Онегин» шығармасы өресінде өлеңмен роман жазайын деп едім, үшіншіден, Парижде ға­жайып романист, сұңғыла суреткер Виктор Гюгоның мыңдаған халық өз балконына шыққанын тағатсыз күндіз де, түнде де күтіп тұрады екен, мен де сондай мерейге ие болсам деп едім…
Қаскеңді замандастары да қатты қадірлеген. Мәселен, біртуар ұлымыз Бауыржан Момышұлы оны нағыз дауылпаз ақын, басқаларды кү­шен­шек деп, ақын ретінде санамаған.
Иә, арман! Бірақ, ақын арманы орындалды. Мұны 56 жыл бұрын бас­талған екінші өмірі айғақтайды. Өшпестей із қалдырды, қазақтың ақи­ық ақындары Мұқағали, Жұме­кен, Төлеген, Кәкімбек, Са­ғи, Тұманбай, Қадыр, Мұхтар, кейінгі Кеңшілік, Жа­рас­қан, Тынышбай, Темір­хан, Дәуітәлі, Иран-ғайып, Исраил, Серік, Несіпбек, Ты­ныштықбек, Ұлықбек, Ға­лым­, Бауыржан, бергі Ма­ралтай мен Жанарбек өрген тұтастай айпара ақындық сұлу мектеп ғимаратының іргесін қалап кетті…
Алайда, сөз соңында айтарымыз, туған Қарағанды қаласындағы ақынның көшесі, Алматыдағы кө­ше шолтиған қып-қысқа, сын көтер­мейді. Шаһарда Тимирязев, Шаля­пин, Гайдар сияқты көшелердің әлі күнге дейінгі сіресіп тұрғанына таңымыз бар. Тимирязевті мың орап әкететін ғалымдарымыз бар. Шаляпиннен де сұлу тем­брлі дауысты әншілеріміз жетеді, ал Гайдардан сан есе асып түсетін ақын-жазушы артылып жы­ғылады. Бұл – ойлантатын жағдай.

Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
ҚР Ұлттық инженерлік академиясының
мүше-корреспонденті, Қазақстанның Мәдениет қайраткері,
Жазушылар одағының мүшесі,
Ә. Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Астана қаласы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика