Бақытбек Есентаевтің қарындасы жазған хат көптің көзіне жас үйірді

23 августа 2017

Баян Есентаеваның бұрынғы күйеуі, қазір түрмеде отырған Бақытбек Есентаевтің қарындасы Нағима Есентаева өзінің «Инстаграм» парақшасында ағасына арнап жазған хатын жариялады. 

«Ағатайым менің, әбден сағындым асқар тауымды! Кішкене кезінен өте салмақты, ақылды, адал,өте тазалық сүйгіш, қалжынбас, спорт десе жанын беретін бала болатын. Бала боп ешқашан әке-шешемізге жаман сөз естіртіп көрген емес. Мектепте, әскерде жүргенде спорт жағынан, тәртібі жағынан тек Мақтау қағаздары келіп тұратын артынан. Мен кішкене кезімнен ағамды мақтан тұтып өстім. Балалық шақ қызық қой, қазір есіме түссе күлкім келеді. Ағатайым Чехословакия да әскерде болғанда мен айына 2-3 рет хат жазам. Сонда хаттың ішіне әскерде қарны ашып қалмасын деп 50 тиын, 1 рубль деген темір ақша салып жіберетінмін. Сол кезде не деген жындымын. Ол тиындар ауыр конверт көтермей тұрады. Соны ауылдың хат тасушылары алып тастайтынын, тиын салуға болмайтынына миым жетпеген ғой. Тағы ол тиындарды күнделікті мектепке пирожки алып жеуге берген тиындарды ұстамай жинап салатынмын ғой. Қазір балаларыма айтып күліп аламыз.

Менің ұл- қызым да нағашы ағаларын жақсы көреді. Осы уақытқа дейін ағатайымдай қамқоршы жанашыр жан болған емес өмірімде. Әкеміз құшағында қалған төрт жетімді  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қалай өсіріп жеткізсем екен деп күндіз-түні тынбай еңбек етті.

Әкеміз балаларының ішінде Бақытбекті ерекше жақсы көріп, үлкен үміт артты. Ағатайым әкемнің сенімін ақтап, ақылды болып өсті. Екі жоғарғы білім орнын бітірді. Әкеміз үнемі бізге айтып отыратын «Жарығым, менің осы ұлым. Бәрің осы ұлымның ақылын тыңдап, осы ұлымның шешімімен жүріңдер» деп. Содан бері үлкенімізге де, кішімізге де ақылшы, қамқоршы болып жоғымызды бар етіп, барымызды асырып қашан да жанымыздан табылып,  қолұшын беріп келді. Өмірінде осындай жағдайға ұшырайды деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бірақ бұл да бір сынақ шығар біздін әулеттің басына берген. Бір күні қуанышпен  қауышатын күндерімізге де жетерміз. Сіздер маған ренжімеңіздерші неге жаза береді деп. Уақыт өткен сайын ағама деген сағынышым ұлғайып, жаным ауырып жүр. Сіздерге жазып ішімдегімдіні шығарып алсам, бір жеңілдеп қалғандай боламын»,- деп жазады Нағима Есентаева.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика