Бақыт Кенжеев: Қаламгердің бәрі «Пиросмани» не «Руссо» емес

14 сентября 2018

I Халықаралық Жазушылар Форумына келген қонақтар қатарынан Бақыт Кенжеевпен тілдесіп қалуға ынтық болдым. Себебі қазақта осындай ақынның барын оқушы кезімде әкем айтқан. Сырттай таныстығым сол кісінің әңгімесінен басталды. Елге 3-4 жылда бір келетінін естігендіктен, мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтын еді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі сөз зергерлерінің басын қосқан шара алдында Рахат Паласта тіркеуден өтіп, Абай/Махамбет залына кіргенімізде іші толы «великие умы»…

Адамдар мен ақындар…
Ақ-қара костюм кигендер ішінен өзім іздеген ақынды тану қиынға түспеді. Екінші қатарда тельняшка жейде киіп отыр екен, бірден тани кеттім. Алғашқы күні айналшықтап жақындай алмай, сыртынан ғана бақыладым. Оның мінберге шығып сөйлегендердің ойына қандай эмоция танытқанын, өзі келісе бермейтін пікірлер легі жауғанда досы Алексей Цветковтан: «Дай папиросу» деп темекісін қалтасына салып ап, залдан шығып кеткенін… «аңдып» қана жүрдім… …Шараны суретке түсіріп, сұхбат аламыз деп ақынымыздан көз жазып қалдық. Фойеде де жоқ. Ақыры папиросын бұрқыратып тұрған жерінен таптық. Жақындап сұхбат беруін өтінгенімде, «У меня телефон сел. Только через минут 20… или… Вы можете подняться со мной в номер» деді. Біз артынан ілестік. Ақын 632-бөлмеге тоқтаған екен. Кірер-кірместе қайта темекі тұтатты.
Үстелде тұрған Pentax-ке көзім түсіп: — Суретке түсіруді ұнатасыз ба? — дедім.
— Ұнатамын, бірақ қолымнан келмейді. Бұрынғы әйелім суретші, одан «Осы мен сапалы аппаратқа түсірсем де әдемі шықпайды, біреулер арзанмен де шедевр жасап жатады. Онысы несі?» десем, «Оған да талант керек» дейтін…

— Фотография — өнер ме?
— Еш күмәнсіз! — Оған жақын өнер, яғни, кинематографияға деген көзқарасыңыз қандай?

— Мен қатардағы көрерменмін. Әдебиетке ғана шын әуеспін.

— Қазақ әдебиетін, қазақстандық қаламгерлерді оқисыз ба?
— Бір де бірін қалдырмай оқимын деп айта алмаймын. Себебі, кітаптарды табу оңай емес. Мысалы, Павел Банников деген ақынмен таныспын, шығармашылығын ұнатамын. Юрий Серебрянский есімді прозаик бар. Ербол Жұмағұлды да сүйіп оқимын. Сондай-ақ, Әуезхан Қодар сынды ерекше адаммен таныс болдым. Әрі ғалым, әрі жазушы еді. Ол секілді екі тілде еркін сөйлеп, еркін жаза алатын адамдар өте аз. Сондай адамның өмірден өтуі қазақ мәдениеті үшін орны толмас қайғы деп білемін.

— Ал, өзіңіз қазақ тілін түсінбейтініңіз үшін өкінесіз бе?
— Әрине. Өкінгенде қандай! «Болды», «Жаман бала» (күліп) деген сияқты кішкене кезімнен есімде қалған сөздер бар. Анамыздың ұлты орыс болса да, тұрмыста қолданатынбыз.

— Оқырман сіздің атаңыздың ишан болғанын біледі. Сопылыққа көзқарасыңыз қандай? Тәңірге сенесіз бе? — Әрине! Шыны керек, мен шоқындырылғанмын. Десе де өзге сенімдерге деген көзқарасым оң. Ешқандай құдіретке бағынбай оңды-солды өмір сүргеннен, бір күш бар екенін мойындаған жөн.

— Яғни, атеистерді ұға алмайсыз.

— Олар туралы «Байғұс адамдар» дегеннен басқа айтарым жоқ. Менің достарымның арасында да Тәңірге сенбейтіндер аз емес. Олар менің химия ғылымы бойынша жоғары білімім бола тұра, «аспанда адамдарға қарап отыратын бір атаның бар екеніне» қалай сенетінімді түсінбейді (күліп).

— Ал, Поэзия — сол Тәңірдің берген сыйы ма, әлде… еңбектің нәтижесі ме ?

— Өкінішке орай, Поэзия — әрі сый, әрі еңбек. Мысалы, дәруіштің аурудан айықтырар қасиетін жоғары медициналық біліммен ұштастырса, нәтижесі қандай болады? Бұл да сол секілді. Кез келген өнер мен кәсіптің негізі болады, соны игерген артық етпейді. Бір жағынан Пиросмани, не кеденші Руссо секілді тума таланттар да болады. Туындыларынан аңғал балалықтың иісі шығып тұрса да, ол — өнер.

— Әдебиетке енді аяқ басқан жазушылар мен ақындарға көп оқып, білімін арттырудан өзге қандай кеңес бересіз? XXI ғасырда ақын не жазушы болудың қандай мәні бар? Бәрі айтылып қойған жоқ па?
— Жоқ… Бәрі айтылып қойған деген қате. Жаңа әдебиет бұрынғыны, бұрынғы әдебиет қазіргіні жоққа шығара алмайды. Әр заманның адамы өзге. Біз классиктердің тілімен сөйлемейміз, қызығушылықтарымыз да бөлек. Оларды өз заманына өткізуші күш ретінде бағалаймыз. Вергилийдің Дантеге тозақты көрсеткені секілді Абай мен Пушкин де өз замандарына есік ашады. Бұл, әрине, құнды. Бірақ онымен тоқ болмайсың. Себебі, әлем өзгеруде. Үлкен қарқынмен.

Дереккөз: massaget.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика