Бәйге жиреннің тағдыры

22 июля 2018

9Әкем Кәрім Мәжит баласы аса әңгімешіл, өмірден көргені мен басынан кешкендерін түйіндеп айта алатын болмысы биік, парасатты жан еді. Менің жазушылық жолға түсуіме де әкемнің әсері көп болды. Оның өзі жайлы айтқандарын жадыма тоқып, өз жанымнан ештеңе қоспай, қағазға түсіруге тырыстым.

Бәйге

Тоғыз жасқа толар-толмас кезім еді, қазір ойласам, бұл 1921 жылдың сүмбіле айының бас жағы екен. Әкем Мәжит қапсағай денелі, жаурынды, ұзын бойлы, жүзі суықтау кісі, ал анам Балғаным орта бойлы, ақшыл өңді, әдемі кісі, інім Мұхит екеумізге «қарағым», «шырағымнан» артық сөзге бармайды. Таңертеңгі шай үстінде әкем маған тесіле қарап:
– Тақымыңды бекіт, жирен төбелді бәйгеге қосамыз, бүгіннен бастап үстіне сен отырасың, – деді.
Үнсіздік.
– Неге үндемейсің, әлде қорқып отырсың ба? – деп әкем тамағын кенеді.
– Апырай, отағасы-ай, әлі тым кішкентай ғой, Оразәлі өз баласын ыңғайлап жүр демеп пе едің? – деді анам баяу ғана сөйлеп.
– Жо, жоқ, оның баласы он бес жаста, ұзақ шабыста аттың белін талдырады. Елу шақырым оңай жол емес. Сондықтан атбегімен ақылдасып, осылай шештік.
Анам үнсіз қалды. Жеті жастағы інім мені бүйірімнен түртті.
Атбегі Оразәлі сақалы шошайған, шүңірек көзді, шағын кісі. Мені қасына алып, үш-төрт күн әңгіме-дүкен құрды. Жирен төбелге қайта-қайта мінгізіп, түсірді. Үстіне қалай отыруды, шабыста тынысын қалай сезінуді, тақымды қалай қысып, қалай қамшылауды, тізгінді қалай ұстауды, топырлай шапқан аттардың арасында қысылып қалмауды, қай шамада тізгінді ептеп босатуды, қай кезде сауырына қамшы тигізуді ежіктеп үйрете бастады.
– Денең әжептәуір ірі, бәйге балалары сені қомсынбайды. Ат үстінде едірейіп тік отыр, жүзіңді суыт, айналаңа алақтап қарай берме, аттың жалы мен құлағына, сосын алдыңа қара. Саспа, жүрегіңді тоқтат. Бір қамшыны беліңе қыстырамын, бір қамшының бүлдіргесін оң қарына орай ілесің, білдің бе? – дейді атбегі мені жауырымнан сипап.
– Білдім, – деймін мен міңгірлеңкіреп.
– Міңгірлеме, үнің ашық-жарқын шықсын, кәне…
– Білдім, – деп дауыстаңқыраймын.
– Дұрыс, міне, осылай сөйле. Аттың үсті жел, желге қарсы жігеріңді жаны, өз денеңді өзің биле, санаңды кеңейт. Демді мұрныңмен тартып, аузыңнан шығар. Аузыңмен дем тартпа, тұншығып қаласың, білдің бе?
– Білдім, — деймін ашық-жарқын үнмен.
– Өте дұрыс, – дейді атбегі.
Осы сөздерді ол сан рет қайталап, мені әбден мезі етті. Кеште қасына алып жатып көзім ұйқыға кеткенше бәйге аттарының сан түрін, бәйге балаларының мықтылығын, тапқырлығын әңгімелейді. Әйтеуір күні-түні айтатыны аттың қыры мен сыры. Басқа әңгіме жоқ.
Кештеу жатып едік, қатты ұйықтап қалған екенмін, мені біреу жұлқылап оятты. Көзімді ашсам әкем. – Аттың тілегін тілеп, неге сергек жатпайсың, а? – деп ол маған ожырая қарады. Атып тұрдым. Күн көзі енді-енді қылтия бастапты. Төсегім киіз үйдің шығыс бетінде еді, жинайын деп еңкейе беріп-ем, «Бол тез, бетіңді жу, әй, мұндай жайбасар болармысың», – деді әкем мені қарымнан ұстап.
Анадай жерде үстін ақ кенеппен мәлінте жапқан жирен төбелді жетектеп атбегі атам жүр. Мені әкем әй жоқ, шәй жоқ дедектете алып келді де, атқа көтеріп мінгізді. «Иә, сәт, ей, Аллам баламның тақымын берік қыла гөр. Ақ сарыбас садақа», деп әкем бетін сипады. «Айтқаның келсін, уа, Жаппар ием, сәтін сала гөр», деп атбегі атам да бетін сипады.
– Жайыққожаға маңдай тіреп барып, кейін қайтарсыңдар. Атты желіктірмей, бірсыдырғы ұстап отырса болды ғой. Ертоқым салғаным жоқ, осы бастан жайдақ отырып үйрене берсін. Солай емес пе, Мәжит қалай ойлайсың? – деді атбегі атам.
– Дұрыс, жөн, жөн, тақымын бекітсін, – деп әкем басын изеді.
Әкем астындағы торысын тебініп қалып, шаба жөнелді. Ауыздықпен алысқан жарау аттың үстінде тізгінді шым-шым тартып, желдіріп келемін. Бойымды тез үйреттім, қорқып, үрейленгенім жоқ. Сол көтере шоқырақпен Жайыққожаға тіреліп барып, кейін оралдық. «Тізгінді ептеп босат, ауыздыққа тіре», деді әкем дауыстап. Айтқанын істеп едім, жирен төбел ағыза жөнелді. «Мойныңды қатайт, құйрығыңды қозғама, тақымыңды жазыңқыра, тізгінді сол қолыңмен ғана ұстап, оң қолыңды ербеңдетпе», – деп әкем жанай шауып келеді. Сәлден кейін «Беліңді бүкірейтпе деймін», деп ақырды әкем. «Иә, иә, осылай, осылай отыр, сіреспе, қарың талып қалады, өзіңді еркін ұста», – деген сөздерді құлағым шалды.
Қай жерден қосылғанын аңғармаппын, жанарымды сол жағыма аударсам, атбегі атам да қатарласып шауып келеді, астындағысы құлақасқа ғой деймін!
– Әй, балам, әнебір жотаға дейін жібер аттың басын, – деп айқайлады ол, – сосын тізгінді шым-шымдап тартарсың… Айтқанын бұлжытпай орындадым. Кешкісін:
– Атқа отырысың жаман емес, әлде де үйрене түсетін тұстарың баршылық, – деді атбегі атам маған жылы жүзбен қарап.
Менің аңғаруымша, қарашаның (қыркүйек) басында Есенгелді – Қосқара батырларға ас беріліп, сонда атшабыс болады екен. Маңғыт көлін жағалай көптеген киіз үйлер тігіліп, көптеген мал сойылып, сол ұлан-асыр асқа алыс-алыс жерлерден қонақтар келетін көрінеді. Бас бәйгеге бір үйір жылқы, бір табын өгізше беріледі-мыс. «Есенгелді Қосқара, Қолына ұстап қос найза, Көкірегіне жебеген», деген жыр жолдарын Оразәлі атамның аузынан сан рет естідім.
Ара-тұра мінгізіп, тақымымды бекіткені болмаса, жирен төбелді сиректеу көретін болдым. Негізінен атбегінің бір өзі айналысады ғой деймін. Бірақ ат жөніндегі әңгіме-дүкен баяғыша. Мені көзден таса қылмайды, ойынға жібермейді. Мезгілінде тамақ ішуім қадағаланады.
– Жүр, атаңның батасын ал, – деді әкем қатқылдау үнмен.
Атам Мұқаш ақбоз үйдің қақ төрінде екі көзін шаңыраққа қадап жатыр екен, мен кіріп барғанда басын көтеріп:
– Кел, келе ғой, тәуекел еткен екенсің, жүрексінбе, Алла сәтін салса, бәрі де оңынан болады. Түсімде ертеректе жоғалып кеткен қаршығам, зуылдай ұшып кеп, оң иығыма қонды. Кел, маңдайыңнан иіскейін, – деп маңдайымнан иіскеді де, – бара ғой шырағым, – деді. Әкем мені қолымнан жетектеген күйі екінші үйге кіргізіп:
– Балғаным, Кәрімді суға түсіріп, таза киімдерін кигіз, кешке қарай аттарды кейін айдайтын жерге жүрулері керек, – деді қаттырақ сөйлеп.
– Көтек, – деді анам, – қазір, қазір.
Екіндіде атбегі атам екеуміз бір атқа мінгесіп, жирен төбелді жетекке алдық. Әкем мен анам үйде қалды. Біраздан кейін түйе арбаға отырып, екі атты да жетекке алдық. Содан келесі күні түс қайта межелі жерге жеттік-ау, деймін! Сенделіп жүрген бір адам. Мәлінтіп жауып тастаған аттан көз тұнады. Қараша киіз үйге кіріп, шай ішіп, ет жедік. Жирен төбелді неге екенін қайдам, күркеге кіргізді.
– Енді тамақ ішпе, ертең күн шыға бәйге басталады. Жетпіс төрт ат дейді. Мәре сызығы Маңғытқа кіре берер тұста. Қашықтық елу шақырым. Қарағым, жирен төбел ақылды жылқы, дегенмен, сақ бол. Алла тілекті берсе, Мосағаштан өте бере тізгінді жібер. Әр жағы бір ұмтылыс, он шақырым. Бар дауысыңмен: «Ағатай» ұранын шақыр. Аттың саурын сипай қамшыларсың. Қызулыққа салынбай, сабыр сақта, қарағым, көпшік қажет емес, арнайы жасалған жеңіл ер ғой, үзеңгісі де ағаш, астына тоқым салып, құр айылмен төстен бір тартамын. Салмағыңды үзеңгіге емес, құйрығыңа сал, жарай ма? Шақырым сайын қарауылдар тұрады, оларға көңіл аудармағайсың.
– Жарайды ата, ұқтым, – деп едім, «Сенен естиін дегенім – осы сөз ғой», деп атбегі мәз болды.
Ол тура осы сөзді тағы да бірнеше рет қайталап, атты жетектеп ойпаңдау тұсқа бағыттады. Маған арба үстіне жатуға тура келді. Өйткені, атбегі атамның нұсқауы солай еді.
…Көкала шаңнан сытылып, оң қапталға шықтым. Жирен төбел сілтеп келеді. Алдыма әуелі екі ат, одан кейін үш ат шықты! Ара қашықтық онша емес. Тізгінді ептеп босатып едім, жирен төбел бесеуімен қапталдасты. Біраз жер алтаумыз егестік. Кенет, оң қапталымнан екі ат басып озып, шаң жұттырды. Қиғаштай шауып таға да оң қапталға шықтым. Үзеңгімді бауырына тигізіп, сәл-пәл дыбысымды шығарып, «Шу», деп едім, жирен төбел алдағы екеуімен қапталдасып еді, бірақ, оза алмады. Сол салғыласумен Мосағаштан өтіп бара жатыр екенбіз, тізгінді босатып аттың сауырына қамшы тигіздім. Арттағы бесеудің үшеуі бізге қосылды. Оздырар емес. Жирен төбел оң құлағын қайшылады. «Ағатайлап» сауырына тағы да қамшы тигіздім. Топырлай шауып мәреден өттік. «Жирен төбел, сүйінші, жирен төбел озды, сүйінші», деген дауыстар құлағыма тигендей болды.
Талықсып кетсем керек, бетіме бүріккен салқын судан есімді жиып, көзімді сығырайта ашып едім, Таңсық балуан мені көтеріп тұр екен. «Мәжиттің жирен төбелі озды, құдай берді», деген дауыстарды естіп, қуанғаннан балуанның көкірегіне тығыла түстім…

Тағдыр

1921 жылдың жедді (желтоқсан) айының орта тұсы болуы керек, әкем ауырмай-сырқамай ажал құшты. Аңырап біз қалдық. «Елу бір жасында бақилық болды», деген молданың үнін құлағым шалды. Біраз күндерден кейін атам Мұқаш пен көкем Хамит дүниеден өтті. Атам сексен үш, көкем отыз бесте екен. Екеуі бір күнде қайтыс болды. Несібелі шешеміз бен анам Балғаным, апайларым – Сәпен, Қашым, інім Мұхит және мен қалдық.
Көктемде үйге мылтық асынғандар келді. Өздері көп, ат-арбалы. Біразы өзге тілде сөйлейді. Екі-үш қазақ жүйрік атты сұрады. Аула-қораны қарады, таба алмады. Анама дүре соғып, белдікке асып тастады. Несібелі шешемізді тепкілеп, есінен таңдырды. Ешкім араша түсе алмады. Мен терезе алдында тұрған пышақты оң қолыма ұстап, күпілі қазаққа қарай ұмтылып едім, ол шалт қимылмен қолымды бұрап, «мына күшік қайтеді-ай» деп мені омақастыра есік жаққа лақтырып жіберді. Пышақ қолымнан ұшып түсті. Әйтеуір, біздің бағымызға екеуі де тірі қалды. Сөйтсек, анам атты шөмелелермен қоршалған қораның ішіне байлаған екен, іздеушілер байқамапты. Кейінірек естідік, бұлар Көкжардан Гурьевке қарай қашқан қарулы Қарақшылар көрінеді.
Мал мен жалшыларға басшылық етуді анам Семғалиға міндеттеді, көмекшісі анамның немере інісі Таңсық балуан.
Несібелі шешем (Мұқаш атамның екінші әйелі көрінеді) кей кезде жоқтау айтып жылап отырады. Жоқтауынан есімде қалғаны:
… Үшеуін алып құдайым,
Біздерді жетім етті ғой.
Көзімнің жасын бұлайын,
Келмеске олар кетті ғой, уһ!
Тағдырдың басқа салғанын,
Көтермеске не шара?!
Бермейді құдай алғанын,
Өзегім от боп жанса да, уһ!
Анам үнемі дауысын шығармай жылайды. Үйге адымдай кірген Таңсық балуан талтайып тұрып:
«Әй, Несібелі, бәрі Алланың ісі, шыдау керек. Мына балаларға бас-көз болудың орнына сенікі не, үлкен басыңмен дауыс шығарып?», – деп қаттырақ сөйледі. Сосын анама бұрылып: «Балғаным, әлгі адайдың мырзасы тағы да адам жіберіпті», деп жөткірініп қояды.
– Ол не дейді осы, қандай шаруасы бар екен дегенім ғой, – деп анам орнынан көтеріледі.
– Жирен төбелге қолқа салып жүргенін ұмытып қалдың ба? Бір түстен бір үйір жылқы алсын да жирен атты маған берсін. Шау тартып қалған қызыл нарды қоса беремін. Бір кәдесіне жарар, – деп сәлем айтыпты.
– Апырай, мал өзімізде де жеткілікті ғой. Не істейміз, ол жылқыны сатырлатып, а? – деп анам қабағын шытты.
– Қайдам, Балғаным, қайдам! Жүйрік ат көздің құрты емес пе, ұрлатып аламыз ба деп қорқамын, – дейді Таңсық теңселе сөйлеп.
Үнсіздік.
– Жирен төбел Мәжиттің көзі ғой, (енді бір-екі жылдан кейін Кәрім де бой көтереді). Көзіміз қиып қалай біреуге береміз. Әй, Таңсық, өзің неге мінбейсің, сол атты. Иә, болмаса, жетектеп жүр, – дейді, Несібелі шешем тосыннан әңгімеге араласып, – Саф алтын ғой, ол ат, саф алтын, – дегенді қосып қояды.
– Алтын демекші, бізге керегі алтын ғой. Сол мырзаны маған жолықтыршы, – дейді анам Таңсыққа иек қағып.
– Жарайды, апа, бүгін-ертең хабарласайын.
Таңсық сыртқа шығысымен Несібелі шешем үндемей бұрышта отырған Сәпен мен Қашымды бауырына тартып екі көзін тарс жұмып алып дауыс салады:
…Оу, қос құлыным, құлыным,
Омыртқадағы жұлыным.
Не болар енді біздің хал.
Салды ғой, құдай құрығын, уһ!
Жүрегім күйіп кетті ғой,
Алуға құдай епті ғой,
Тәңірім бізді аямай,
Қайғының дәнін септі ғой, уһ!
Мұхит пен екі анам ағыл-тегіл жылайды, менің көзіме жас үйірілмейді, безеріп қатып қаламын. Айтпақшы, анамның айтуынша Сәпен он үште, Қашым он бірде. Ақбала мен Жәміш күйеуде.
Содан не керек, келесі күні адайдың мырзасы келді. Маңдайы кере қарыс, пошымды кісі екен. Қосшысына бір бие жетектетіп келіпті. Шәй ішіп, біраз отырды. Анам екеуі оңашаланып көп шүйіркелесті.
– Жеңгей, ертең түс қайта келермін, келістік. Бірақ бұл жөнінде ешкімге тіс жармағайсың. Ана биені бір кәдеңе жаратарсың, құр қол келгенше дегенім ғой, – деп атына мінді. Атқосшысы екеуі шығысқа қарай жортып кетті.
Ертеңіне дәл айтқан уақытында адайдың мырзасы үш кісі боп келді. Сосын анамды оңаша шығарып, бірдеңелерді берді. Анам бергендерін шұқшиып санады ма, білмеймін, жайған ақ матасын бүктемей біраз әбігерленді. Сонан соң белін жазып «Дұрыс екен» деп күбірледі де:
– Таңсық, жирен төбелді шығар қорадан, – деп дауыстады.
Таңсық қолындағы айырмен бір шөмелені былай лақтырып, екіншісін былай лақтырып, әп сәтте қораның есігін ашып, ішінен жирен төбелді жетектеп шығып еді, ат пысқырынып аспанға үш рет қарғығанда зіңгіттей балуан жігітті үш ретінде де аяғын жерге тигізбей көтерді-ай, дейсің! Сонда менің есіме бір секіруі жетіспей, екі рет қыз Құртқаны әуелете көтерген Қобыланды батырдың Тайбурылы түсті.
– Тәйт, қарағым, тәйт, шырағым, ой, айналайын, ақылдым. Хас тұлпар осылай мінез көрсетеді, – деп адайдың мырзасы өбектеді де қалды. Менің күлкім келді, бірақ, күлмедім.
– Ал жеңгей, жиреннің көрімдігін беріп жіберемін, не қаласаңыз, соны айтыңыз, – деді адайдың мырзасы екі алақанын уқалап.
– Бұйымтайым жоқ, шырағым, аттың бағын байламасаң болды, – деді анам көзіне жас-ап.
– Ол не дегеніңіз, жеңгей. Бәрі ойдағыдай, бәрі ойдағыдай, – деп мырза атына мінді. Қасындағы екеу жирен төбелді жетекке алып, желіп кетті. Адайдың мырзасы астындағы құласын шырқ көбелек айналдырып:
– Жеңгей, бала-шағаңа мархабат тілеймін, – деді де тебініп қалып төкпектете жөнелді. Менің ішім қыз-қыз қайнап, неге екенін қайдам, тұлабойымды ашу кернеді. Ал анам солқылдай жылап, жерге отыра қалды да: – А, құдайым, біз не жаздық, а, құдайым, біз не жаздық?– деп саусақтарымен қара жерді осқылады.

Марат Мәжитов,
«Әкемнің әңгімесі» атты естелігінен ықшамдалып алынды.
«Жұлдыз» журналы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика