Әже (әңгіме)

26 декабря 2018

2007 жыл. Күздің қара суығы. Әлі қар жауа қоймаған өлі ара мезгіл. Түн ортасынан ауа қоймаған кез. Аягөздің топырақты дауылы селдір көдені тамырынан суырардай жұлқылап тұр. Танк бригадасының шатырлы қалашығы дауылпаздай күңіренеді. Екпіндей соққан желден артиллерия батареясының орын жайы болған УСБ-56 шатыры да кедейдің қараша үйіндей сықырлай қозғалады. Бейне бір мұхит дауылымен арпалысқан желкенді кемелер армадасы дерсің. Тек мойындары қаз қатар қылқиған мұржалар ауық-ауық қою түтінін бұрқ еткізіп, осы мекендегі тіршіліктің дамылсыз екенінен белгі бергендей болады.


Қаудыраған дыбыспен брезент есікті ысыра ашып, ішке ұзын бойлы, ақ сұр аға лейтенант ызғарлы түннің ызбарын ала кірді. Қос темір пеш осы сәтті күткен хор әншілеріндей екілене соққан желге ілесіп гүр­-гүр ете қалды. Орнынан ұшып тұра келген сарбаз құлақшынын кие сала, бойын тіктеп:
-Аға лейтенант мырза, батарея…,-деп зауылдай жөнеліп еді.
-Тыныш,менің кеткенім жаңа ғана,- деді офицер.
Содан соң портупейлі қайыс белдігін босатып, бас киімін қолына алып: «Сержант Қарамурзин қайда?-деп сұрады.
-Бөлім кезекшісі шақыртып алды. Жеке құрамды түгендеу қорытындысын тексермек.
-Түсінікті,-деді иығындағы компьютер салынған қара дорбаны столға қойып , арқасыз ағаш орындыққа сықырлата жайғасқан офицер,- Жумажанов шайың бар ма?-деді.
-Қазір қайнап қалар. Жаңа ғана су үстегенмін.
Жұмажанов есік тұстағы шымылдық іспетті брезентті айқастыра жауып, пештің үстін ағаш жаңқасымен ақырындап ашып көмір сала бастады. Жуан саусақтары шелектегі көмір кесектерін пеш ішіне асқан жылдамдықпен тоғытуға кірісті. Дене бітімі аю сияқты еңгезердей болғанымен өте епті. Желден тотыққан жүзінде, қоңыр көздерінде сабырлылықтың, шыдамдылықтың нышаны бар. Бетін шарпыған ыстықтан қалың қара қастарын түксите түйіп, кезерген қалың еріндерін жымқыра тістей ошақтың шойындарын ысырып орнына қойды. Қып-қызыл темірге қарылған қарағай жаңқасы күйіп, шатыр ішіне жұпар таратты. Оның бар іс-әрекетін көз алмай қарап отырған аға лейтенант:
-Отты байқаңдар. Иіс тиіп қалмасын,-деді ескерте бұйырып.
-Қарап отырамыз, аға лейтенант мырза,- деген жауынгер шәйнегін отқа қойып, ескі газетті бұрыштағы темір аяғы сыйдыйған ескі столға жайды. Газет үстіне қаңылтыр қалбырдағы майшабақ пен бұқтырылған сиыр еті, майонез, сыртына қант қатырған он шақты тоқаш, жарты нан, қағаздағы сүт және құлақты үш темір тостаған қойылды.
Үнсіздікті бұза кірген, осы шатырда орныққан реактивті артиллерия батареясының командирі Мақсұт Ханжанов. Оның жарау аттың мүсініндей тұлғасына әскери киім әдемі жарасқан. Жазық иығындағы қос погоны бүктелмей түп-түзу тұр. Кең маңдайында түзу қара қастары, жұқа бетінде қырлау біткен мұрны мен қаймыжықтай ерні үйлесім тапқан. Сығырайған қара көздері маңдай қуысына тереңірек орналасқан. Екі жағы пышақтың сыртындай етсіз. Сіңірлі қолдары бүркіттің топшысындай мығым.
Мақсұт әскери күртесін шешіп белдігін кителіне тақты. Салалы саусақтарымен бұйра шашын сипай қайырып, шүңірек көзімен бірдеңе жоғалтқандай айналаны шола бастады. Шатыр іші өзгеріссіз сол қалпы. Есік аузына таяу пештің шетінде сыртын түтіннің ысы қарайтқан темір шәйнек ызылдап тұр. Палатка ішінің бар жиhазы: жерден 60-70 саниметр биіктікте ағаш шөркелерді жалпақ тақтайлармен біріктіре тегістеп өзі жасатқан қос қапталдағы ағаш тапшандар, пілтелі керосин шам өшкеннен соң әрі жарықтың әрі жылудың көзі болған қос темір пеш, үстінде жұмыс құралдары жайғасқан жазу-сызуға арналған жалпақ стол, жауынгерге қажет бұйымдар салынған ескі шкаф. Палатканың төр жағындағы қосалқы есік жабылып, оның кіре беріс қуысына күнделікті жағатын отын үйілген.
Шкаф есігіне бекітілген айна пеш есігін ашқан сайын шатыр ішін сәулемен құбылтып, жамылғыларын қымтана жамылған сарбаздардың сұлбасын аңғартады. Барлығы қатты ұйқыда. Бүгін өткен артиллериялық атыстан әбден шаршаған. «Қара дорбадағы компьютерді есепке алмасақ, жиырма бірінші ғасыр емес құдды бір уақыт өлшемінен тыс қалған өткен ғасыр сұрапылымен арбасқан Мәскеу түбіндегі қазақ әскери бөлімі сияқты екен», — деп ойлады Мақсұт ішінен бәтеңкесінің бауын босатып жатып.
Мұның бәрі оған балалық шағын еске түсірді. 90-шы жылдар ауылдарда электр болмайтын. Далада Арқаның ақ бораны ұлып тұрғанда, жал пештің іргесінде, пеш ошағынан төбеге түскен қызғылтым жарықтың құбылуына қарап, қарт анасының алдына басын төсеп жатуды ұнатушы еді. Әжесі Несібелі мұның басынан сипай отырып, заманының небір қилы тағдырларынан, тағылымды тарихынан сыр шертетін. Өткен өмірінің әр сәтін дәл бүгін болғандай асқан шеберлікпен сипаттайтын. Бір ауық үнсіз қалып, қоңыр дауысымен әңгімесін бастайтын:
— Мешін жылы. Қазан айы. Сымтастың Терісбұтақ қойнауындағы қыстақта тұратынбыз. Қарағайы тақияның үкісіндей, сай аңғарына араласа өскен қайың, терек, қараталы жас келіншектің бұрымындай сұлу өлке -менің туған жерім. Тау басындағы жалаңаш жақпар тастарда –арқар, бетегелі бұйраттарда — елік, өзен бойындағы томарлы тоғайларда – бұлан мен қабан мекендейтін. Қарағайлы сілемдерінде сілеусін жасырынып, селеулі сары адырларында қасқыр жортатын. Төмендегі жамырай шашылған қойтастарда — түлкі, тобылғылы жалаңаш жондарда – борсық пен суыр тіршілік ететін. Шырқау көгінде – қыран бүркіт қалықтап, ну орманында – қаршыға мен ителгісі сусылдап, қия шыңдарында сұңқары сорғалап жемтігін іздейді. Қалың ағашында құр қонақтап, жадағай қырқаларында шіл ұясы өретін. Қамысы ырғалған айна көлінде сары ала қаз, көк ала үйрегі мамырлайтын. Терең шаттардың батпақты саздарын бүлкілдетіп, ырғайлы сайлардың қызыл тастарын жара сылқылдап, адам мен аң-құс атаулыны Алланың нығметімен жарылқап сансыз бұлақ ағатын. Мөп-мөлдір суы жолындағы көк шалғынға нәр бере бұралып, етектегі Қадір өзеніне құятын. Біздің ауыл да тау қалқасындағы қысы-жазы суы қатпайтын тұма бастаулардың біріне қоныс тепкен. Мен тоғыздар шамасындағы ойын баласымын. Қаңыраған жұртта қалған төрт үйдің біріміз. Халықта бұл күнде мал жоқ. Ерте күзде көбін сойып қалаға алып кеткен, қалғанын ортаға өткізген. Әлділердің біразы қызыл дүрбелеңде мал-мүлкімен шекара асқан. Қалғаны кәмпескеленіп, жер аударылған. Жаңа құрылған колхозда шамалы сауын сиыр, қой-ешкі болатын. Біздің, қасаптан аман қалған, жалғыз ала сиыр да табынға алынған. Отбасында алты жанбыз. Әкемнің қайтыс болғанына айға жуықтаған. Соңында шиеттей екі ұл, үш қыз қалдық. Жарықтық пенденің ала жібін аттамаған тақуа адам еді. Жайнамаздың үстінде көз жұмды. Ал анам рух-жігері мұқалмайтын өте қайсар жан тұғын. Адуындылығы сол ешкімді бет қаратпайтұғын. Жүрек жұтқан мықтылығына сан мәрте куә болдым. Қара күз түсе колхоз табынындағы жалғыз сиырымызды қасқыр тартып кетті. Желінін жұлып алыпты. «Мал болмайды. Жұмыскерге соямыз» деп даурықты шолақ белсенді Қыпшақбай. Анам сабыр сақтап, әкемнің досы Жақсыбайға қарады. Жақсыбай: «Алладан, кешегі Нәбидің аруағынан қорықсаң етті. Мә Күлән мал болса болар, болмаса соярсың» деп шабынан қан сорғалаған сиырды ағам Құрманның қолына ұстатты. Сиырды ағам жетектеп келді. Шешем қыл арқанды алып келіп, сиырдың төрт аяғын қазық бау шалып тұсады. Артқы тірсегін шаптай байлаған арқанның ұшын алдыңғы тұсаудан өткізді. Шешеме Дәулет пен Құрман көмектесіп, үшеулеп жабылып жықты. Аяғын буып байлады. Бауыздауына қарағай шөркені салды.Тұмсығын тұмшалай тартқан жіпті ағашқа орады. Құрман ағам құран сүресін оқыды. Түгеліміз қол жайып, бет сипадық. Шешеміз: «Дәулет бері кел балам»,-деп қолындағы әкемнің күміс сапты пышағын үлкен ағамның қолына ұстатты. Ұстатты да қолының сыртынан қапсыра қысып көзінен жас парлап жатқан ала сиырдың тамағынан орып жіберді. Қан шапшып кетті. Анам тамырды қолмен басты. Тілін тістеген мал кеңірдегін қырылдатып, өкпесін кере ауа тартты. Сылқылдап аққан күрең қан, көгалдың ішін қуалай жүйткіді. Арқаннан аяғын суырардай соңғы рет серпілген ала сиыр жанын берді. Дәулет пен Құрман шешеме сиыр сойысты. Біз апам Қаниса екеуміз ішек қарын аршыдық. Өкпе-бауыр, мойын еттерін, төсті, бір қолды қабырғасымен алып қалдық. Қалғанын мүшелеп, тұздап ауыз үйге ұра қазып көмдік.
— Қандай үйде тұрдыңыздар,- деп сұрайтын әңгімеге ұйыған ол,- киіз үйде ме?
— Кезінде марқұм әкемнің Алла берген ырыс-несібесі өзімізге де ағайын туысқа да жететін. Екінші ағам Құрман туған жылы ағаштан орыс мұжықтарына ақысына мал беріп, төрт бөлмелі ағаш үй салдырған екен. Қыста сонда, жаз жайлауда он екі қанат ақ боз үйлерде,- деуші еді анасы сөзін жалғап:
-Сонымен қар да түсті. Күн суытты. Мыңғырған мал көзден бұл-бұл ұшты. Қалың нөпір кәсіпсіз сандалды. Соғымға бірнеше ірі қара, қой соятын қонағына сыбағасын баптайтын қазақ, аяз қыса қуатты ас ауқатсыз қатты ашықты. Ашынған ел-жұрт Сәбеттің үкіметіне лағынет айтып аңырады. Қасқырдай ұлып, босып кетті. Өлексе жеді. Өлуге қорықты. Көмілмей, көзін қарға мен сауысқан шұқыды. Сай салада «аш-арық» деген құбыжық жортты. Үйлер тігулі қалды. Жүктер жиюлы қалды. Әбдіре толы алтын-күміс, асыл тастың алақан толы арпадай құны болмады.
— Аш- арық деген не. Аң неге ауламады кісілер.- дейтін ол аңтарыла.
-Балам-ау, Қазыбектей абыздар, Бұқардай жыраулар жол көрсетпесе хан аспай ма, қара азбай ма. Хандар мен билердің, батырлар мен асылдардың ұрпақтары қуғындалды. Қалың бұхара бассыз қалды. Ақыл айтып, жөн сілтер жан қалмады. Қойын құрттап, айранын ұрттаған тексіздер ел тізгінін ұстады. Ары мен жерін малынан артық санаған азаматтар ақпен де қызылмен де соғысып тау мен таста жортты. Жесір мен жетім панасыз қалды. Ақтар мен қызылдар арпалысқан алмағайып заманда қыран мен құмай, түгіл бұт артар қылқұйрық қалмады. Ақылы кем сорлылар аштық пен жалғыздықтан жабайыланып, қанды ауыз қорқауға айналды. Жол торыды. Міне солар аш-арық.,- деп әжесі күйіне бір толғап әрі қарай көсілетін.
Сол жылы біздің үйге бір ит пайда болды. Қара ала дүрегей. Мойнында қайыс қарғы бауы бар. Көп болса үш қар басқан жас арлан. Не адасып қалған аңшының , не көштен қалып қойған байлардың иті. Оны жақсылыққа жорып асырап алдық. Аты — Мойнақ. Анам мен ағаларым ауыл іргесіндегі үш-төрт үйлі жетім жесірге аштық көрсете қоймады. Дәулет пен Құрман ит қосып қоян аулайтын. Оның үстіне соғым болған ала сиырдың еті бар. Олардың және бір атқаратын ісі: Аш-арықтар қазбасын деп күн ара әкемнің топырағын бұлақтан су тасып қатыратын.
Қыстың бел ортасы. Бір күні түн ортасында итіміз өршелене қатты үрді. Төбе тықырлай бастады. Ыңырсыған үндер, қытырлаған дыбыстар қаттырақ шыға бастады. Ит арсылдап, шыр айнала жүгіреді. Біз барлығымыз оянып алғанбыз. Елегізіп анама қарадық. Ол сыр бермеді. Дәулеттің қолына пышақты, Құрманның қолына бізді ұстатты. Апам Күлпанның қолына қайнап тұрған шәйнекті берді. Сіңлім Айбөпе екеумізді бұрышқа отырғызып, күзен ішікпен қымтады. Содан соң тік тартпа пешті ашып, ағаш пен қи толтырды. От лапылдап жана бастады. Қолына қайың шоқпарды қыса ұстап есікті серпе ашып:
-Ау басқарма, Қыпшақбай. Шай сораптап неғып отырсың қорадағы аттарыңды әкетті мыналар. Аттан Ат Ұста ,-деп айғайды салып атып шықты. Артынан Дәулет пен Құрман жүгірді. Шәйнегін көтеріп Күлпан кетті. Сырғып түсіп тыпыр-тыпыр қашқан екеуге шоқпар тиді. Қасқырдан да қаймықпайтын дүрегей ілбіген сорлыларды тірсектен тістеп лақтырды. Жалбыраған қос бейне еңбектей қашып құтылды. Шыңғырған ащы дауыстары көпке дейін құлақтан кетпеді. Жанымыз түршікті. Ертесіне көрші қолаңмен жиылып, қыр астындағы ауылға, Жақсыбайдың үйінің қасына көшіп кеттік. Келгендер аш-арықтар екен. Аң қағатын ит адамға ұмтылмайды. Өлексе сасыған кәпірлерді Мойнақ кісіге есептемеген ғой. Ол кезде үй төбесін алдымен оқтай түзу сырғауылдармен жабады. Оның үстіне қамыс төселеді. Қамысты шілікпен бастырып, саздауытты жерден ойылған қара шым төселеді. Содан соң ғана иі қанған сары балшықпен сыланады. Бейшараларда не әл болсын қатқан шымды тырмалағанмен шілікке де жете алмапты.
Сонымен не керек зарықтырып көктем де келді. Жаратылыс тіршілігіне жан кірді. Айдын көлде сары ала қаз қаңқылдады, көк ала үйрек барқылдады. Орман — тоғайда құр ойнақ қызды. Бізге де берекесін әкелді күн жылуы.
Дәулет өзінен үлкендерге ілесіп құрға тұзақ құрады. Жолы болғанда екі-үшеу ұстайды. Көбі оны күндейтін. «Біздің қыл тұзақтан Күләннің байпақ тоқитын жібінің салымы мол» -деп. Содан бір жолы жұмаға жуық уақыт бос қайтты. Анам бірде таң атпастан тұрып Дәулетті оятты.
-Балам тұр. Түс көрдім. Әкең айтты: Алты лақ әкелдім. Біреуі шарбақтан секірді. Оны іздмесін»- деді». Тұр енді бүгін жолың болып қалар,- деп ағамды оятты.
Екі сағаттай уақыт өткен соң бес құрды арқалап Дәулет келді. Есіктен кіре :
-Апа, сіздің түсіңіз тура келді. Орманның ортасындағы ашық алаңқайда бір тұзағымдағы құсты шешіп жатқан Әмірді көрдім. Сіз айтқан соң көрмегенсіп өтіп кеттім,- деді ол қуанышын жасыра алмай күлімсіреп.
-Жарайды ол байғұс та қайбір жетісіп жүр,- деген шешем маған қарап:
-Екеуін Жақсыбайдыкіне апарып бере ғой. Бала шағасы сорпа қылсын,-деуші еді.. Мен лып етіп жүгіріп кететінмін.
Ағам Құрман өжет, табыскер болатын. Жаз бойы орыс мұжықтарын жағалап, көмектесе жүріп егін егуді үйренетін. Олар Талдының Боқтыдан бастау алатын Сарыбұлақ дейтін саласының бойында бидай егетін. Күз түсе Құрман Дәулетті ертіп кетті. Екеулеп қолмен масақ үгіп, арбамен төрт қап бидай әкелді.
Біз қыстамаға жақсы қормен түстік. Бірақ биылғы қыс өткен жылдардан да ауыр соқты. Қар аралас жаңбырдан жер қатып, мал тебіндей алмай қырылды. Адам шығыны былтырғыдан да көп болды. Жазғытұрым даладағы өлімтік иісі қолқаны қапты. Елді індет жайлап, ағам Құрман мен сіңілім Айбөпе шешекке шалдықты. Ол пәле мөлдіреп шығады. Содан соң жоғалып, адамның ішін жайлап, жалмап тынады. Бірінші Айбөпе қайтыс болды. «Апа, Апа!» деп сандырақтап, аппақ жүзі мен алау ерні албырады. Ажалға кім араша түскен, алды да жөнелді. Ақ періште аспанға ұшып кетті. Әкесінің жанына. Оны жаңа туған бөбектей құндақтап әкемнің жанына қойдық. Қиыны Құрманның қазасы болды. Бұл дүниелік емес екінін сезгендей ол қайтарында екі көзі шоқтай жайнап «Дәулет саған жалғыз қиын болатын болды ғой» деп күрсінді. Таң ата өмірден өтті. Ертесіне оны да жерледік. Аңырап қалдық. Түңіліп кеттік өмірден. Екеуінің де жаны жәннатта шығар иншалла.
Екеуі үнсіз қалатын. Ұрланып анасынының жүзіне үңілуші еді бұл. Күлгін тартқан көздерінің қарашығына жас тұнып тұрушы еді сол сәтте. Сәлден соң мұның бала жүрегін ауыртпайын дегендей күлімсірейтін. Сол кезде жанарынан ыршып түскен қос тамшы әжім басқан жүзінде жапырақ бетіне қонған шық тамшысындай тұрып қалатын.
-«Жарығым, көзімнің нұры»- деп бауырына басатын үрпие қараған мұны көзін жаулығының шетімен сүртіп.
Оның мұңды естелігін электр фонарын ербеңдете палаткаға жүгіре басып кірген сержант бұзды. Қаршығадай шап шағын денесі шиыршық атып тұр. Құлақшынын шешкені сол еді тікірейген шаштары мен қалқиған құлақтары ПВО локаторына ұқсап қалды. Ол алға ұмсына қолын шекесіне төсеп:
-Аға лейтенант мырза кіруге рұқсат етіңіз,-деді
-Рұқсат, кір Әсет,- деп жауап қатты бұл.
-Мына күн не болып барады,- деп кейіген сержант сырт киімін шешіп, штык қанжарын беліне байлады.
-Не болушы еді. Бұл дауыл Атлант мұхитынан қарлы дорбасын көтерген бұлттарды қуып келе жатқан шығар,-деді офицер әзіл айтқандай. Мұнысы өзіне де ұнамады. Бейне бір параллель әлемнен жаңа оралғандай көңілі алабұртты.
-Жылдамырақ қар жауса екен,- деді шегір көзді жігіт командирінің көңілі қалмасын дегендей күлімсіреп,- Көзіміз бен ауызымызға топыраққа толып кетті, әйтпесе.
— Одан да казарманың жөндеу жұмыстары аяқталса екен демейсіз бе,- деді сарбаз қулана жымиып.
— Алдағы аптада кіріп қаламыз сәтін салса,- деді Мақсұт екеуіне де жауап қатқандай әңгімені шорт үзіп.
Жұмажановтың сөзінің жаны бар. Күн суытып барады. Ал бейбіт уақытта тұтас бір бригаданың шатырларда жатқанына төрт айға жуық уақыт өтті. Мердігер мекеме кінәлі ме, әлде басқа себептер бар ма. Әйтеуір жұмыстары бір өнбей қойды солардың.
Сақырлап шәйнек те қайнады. Қол жуылды. Тостағандарға күрең шай құйылды. Сары жігіт қалам қағаз салынған қайыс планшетін ашты. Ішінен бәкі алып қаңылтыр қалбырларды ашты. Сарбаз нан турады. Үшеуі тамақтанды. Бүгін өткен артиллериялық атыс жайын көңілдене сөз қылды. Реактивті батарея оқу- жаттығу қорытындысы бойынша үздік деп танылған болатын. Қолбасшының өзі сый тапсырды, мақтау айтты.
— Мақа, осы сізден сұрайын деп жүрген сауалым бар еді. Нақты ұрыс жағдайында кім неге жауап береді және осы неге артиллеристерді артқа көздеп алға атады дейді осы. Мен байланыс бөлімшесінде болғандықтан осыған мән бермеппін,- деп сұрады сержант командирінен әлденеге кінәлі оқушыдай желкесін қасып.
Мақсұт оған ойлана қарап:
-Алдымен бірінші сұрағыңа жауап берейін. От позициясына атуға бұйрық беретін, нысаналарға от ағынын дәл бағыттауға арналған есеп қисапты жүргізетін — батарея командирі және атуды басқару взводы. Бұл командалық бақылау пункті. Ол — нысана көрінетін жерде не оң не сол қапталда бекінеді және қашықтықты анықтайтын ДАК құралы мен бұрыштарды өлшейтін ПАБ-2А буссолімен жабдықталады. Ал зеңбіректер жасырылған жер – от позициясы деп аталады. Онда әр қайсысына үш зеңбірек тиеселі екі от взоды орнығады. Оларды бірінші взводтың командирі — аға офицер басқарады. Екі бекіністе де офицерлер отты басқару құралы мен карта арқылы есеп шығарады. Тек екінші взвод командирі оқ-дәрі мен әскери көліктердің орналасуына жауап береді. Ал екінші сауалыңның қысқаша жауабы мынау: Барлық зеңбіректер артта елу-алпыс метр алыста құрылған буссоль арқылы негізгі бағытта параллель орналастырылады. Әр зеңбіректің бағыттаушы операторы панорамды көздеуіш монокулярының тік сызығын ту сыртымыздағы орнықты нәрсенің тік қырымен сәйкестендіру арқылы артқы жақтан барлығына ортақ бағыттаудың негізгі және қосымша нүктелерін белгілеп жазып алады. Ол қозғалмайтын кез келген нәрсе, ал түнде — коллиматор. Басқару пунктінде нысанаға дейінгі қашықтық пен картадағы координата сызығының солтүстік бағыты мен нысана арасындағы диррекциялық бұрыш анықталады. Мұны – полярлық, ал картадан анықталатын басқару пункті мен от позициясының орны — тік бұрышты координата деп аталады. Ату таблицасынан оқ зарядына сәйкес прицел, буссоль арқылы бұру өлшемі анықталады және от позициясы мен нысана биіктіктерінің айырмашылық деңгейі есепке алынады. Зеңбіректің көтеру тетігі арқылы прицел қойылады. Ал бұрыштық ауытқу панорамдық көздеуішке қойылып бұру тетігі арқылы, яғни стволды бұру арқылы көздеуіш монокулярындағы тік сызықты бағыттаудың негізгі нүктесіне сәйкестендіреді. Сондықтан біз артқа көздеп алға атамыз.
Жауға кенеттен және дәл соққы беру үшін ауа қысымы, температурасы, желдің бағыты, заряд температурасы, жердің өз осінен айналуы, деревация, яғни снарядтың өз осінен айналғанда оңға ауытқуы есепке алынады. Тағы бір ескеретін жайт артиллерияда шеңбер 360 градусқа емес 6000 бөлікке бөлінеді. Сондықтан бұрыш өлшейтін барлық құралдар 60-00 негізінде жасалады.
Барлыған тәппіштей түсіндірген ол сөзін аяқтап әңгімеге ұйыған екеуіне сынай қарады. Мұның жауабына көңілі толған екеуі жарыса сөйледі:
-Мен соншалықты көп зат есепке алынып, ескеріледі деп ойламаппын күрделі екен,- деді ойға шомған сержант.
-Жердің айналғаны да әсер ете ме,- деді сарбаз таңданысын жасыра алмай басын шайқап.
Әсер еткенде қандай. Мысалы ұшақ батысқа ұшса және шығысқа тура сол әуе жолымен кері қайтса. Қайтқанда аз уақыт жұмсайды. Себебі оған жер қарсы қозғалады. Мен сендерге қысқаша негізін түсіндірдім. Талдап тарқатып айтсақ таң атыруға болады,- деп әңгімені түйіндеді де : Жеке құрам үлкен жұмыс атқарды. Шаршады. Әңгімені осымен доғарайық. Жұмажанов сен дамылда орныңа Қайырбековты оят. Әсет сен жарғыны ашып рота кезекшісінің міндетін шолып шық.- деп бұйыра қысқа қайырды.
Столды жинастырған сарбаз орнына басқа жауынгерді тұрғызып ұйқыға кетті. Әсет өзіне қажетті мәліметтерді смартфонын сипақтап іздеуге кірісті. Бұл да компьютерін ашып, алдағы сабақтарға қажетті жоспар жасауға кірісті. Бөлім кезекшісі келіп кетті. Сержант отты қаузайтын, қадағалайтын сарбазды ауыстырды. Далаға шығып шылым шегіп келді. Мақсұт жұмысын аяқтап сыртқа шықты. Жел басылып, дала тылсым тыныштық құшағына енген екен. Өзен жақтан салқын леп келді. Аспанға қарады. Ол тұнжырай қарауытып мұның өзіне үңілгендей. Сол сәтте кірпігіне қар мамығы қонақтады. Біреу,екеу,үшеу… . Сансыз қиыршық көктен саулады. Ол бойын сергіте жаттығу жасады. Басындағы қарды сілкіп ішке кірді. Тостағанның бірін шайып, қоюлатып шай құйды. Ойға шомды. Өз өмірінің қазіргі кезеңін от кешкен аталарының дәуірімен салыстырды. Бұл оларды көрмеді. Тек сырты сарғыш тартқан суреттер мен әжесі марқұмның айтқаны бойынша елестетін. Анасы сандықтан ескі фото суреттерді алып шығып, ішіндегі әскери киім киген екі жас жігіттің бейнесін әжімді саусақтарымен аялай сипап, сағынышпен мұңдана қарайтын. Олардың бірі туған ағасы, бірі жан жары. Бұл да суреттерді қолына алып өзіне қадалған ойлы көздерді мақтанышпен тамсана тамашалайтын. Атасы да, нағашысы Дәулет те жас шағында сұлу болыпты.
— Апа-ау, осы менің атам не үшін сотталған?,- дейтін бұл анасын тұңғиық ойдан бөле әңгімеге тартып.
-Сәбет үкіметі тексіздердің астына көпшік қойып, зиялыны зиратқа да жерлетпеді емес пе? Талай боздақ ит жеккенде қалды емес пе.,- әжесі әлденені есіне түсіргендей аялдады. Әңгімесін әрі қарай жалғап:
-«Атаң халық жауы атанып екі рет он жылға сотталған. Мұсылманша сауат ашып, орысша училище тәмамдаған бай баласын үкімет қалай жақсы көрсін. Алғашқы ұсталғанында аталарың қиыр шығыста тұрған. Иә, Ресейдің Владивосток қаласында»-дейтін әжесі орыс қаласының атын анық айтып, ол кезде оған аңызға ұқсас оқиғасынан сыр шертетін.
«Дүйсеке тықыр саған таянды. Қазір аттанбасаң кеш болады. Бауырыңнан кем қылмай өсіріп едің. Байдың, батырдың тұқымысың. Сені тыныш қоймайды. Сексен де көзге көп түсіп кетті. Соңыңа мықтап түсті. Ұрпағыңды аман алып қал. тыныштық орнағанша елге келме» деп Шүңгілтай жылқышысы бір күнде құжат жасатып үлкен атаң Дүйсекті отбасымен Абыралы жаққа шығарып салыпты. Содан сенің аталарың Семей, Барнауыл жағалап отыз екі тескен тау өтіп, Хабаровский крайға орнығыпты. Есеп-қисапқа, орыс тіліне жүйрік атаң бір мекемеге есепші болып жұмыс істепті. Орыс келіншегіне үйленіп екі бала сүйіпті. Бірақ жазмышқа не шара бірінші жұбайы соңында шиеттей екі баласын қалдырып, асқынған аурудан көз жұмса керек.
-Ал сіз қайдасыз онда,- деп шыдамсызданатын ол әжесі адасып қалғандай басын көтеріп сұраушы еді.
-Мен Атаң Сексенмен соғыс аяқталғаннан кейін таныстым. «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар» дегендей біз де елді тастауға мәжбүр болдық. Оны келесі бір жолы айтайын, ал қазір атаң туралы тыңда,- деп сөзін жалғады:
Атаң Сексенге бірінші таққан айыптары көтеріліс ұйымдастырдың, жапон тыңшысысың деп жала жапқан. Бір жылға жуық із-түссіз жоғалып кетіпті. Үлкен атаң қос жетімді құшақтап ұлының не тірі, не өлі екенін біле алмай зар илепті. Бір камерада саяси тұтқын поляк шалы екеуі болыпты. Кейін осының бәрінен бізге сыр шертетін:
«Жиырма бір жастағы жас жігіт едім сол поляк қарт, камера қабырғасы толы кітап төрт класс училище бітірген маған институт білімін берді. Ол кісіге тамақ та, кітап та үзілмей келіп тұратын, ал менің тірі екенімді тек жыл өткен соң ғана білді ғой. Уақыт өткен сайын таным дүнием кеңейіп, өмірге деген өз түсінігім қалыптаса бастады. Кейде бір сұраққа дауласып, тамақ ішпей қоятынмын. Жастық қой әрине. Сол күні ол да нәр сызбайтын. «Сіз іше беріңіз, тамақ сіздікі ғой, менің қарным аш емес деген маған: Қасқыр да күшігін тамақтандырмай бойына еттің нәрін сіңірмейді. Мұны сенің халқың жақсы түсінеді мес пе», дейтін жарықтық. Рухани азығың мол болса, НКВД ның желкеңді көгерткен темір сызғышы да, ұйқысыз таңдар да жігеріңді сындыра алмайды екен. Таң атқанша тыным көрсетпей мойын тұсымыздан ұратын, адам көз ілмесе ақылынан адасқандай күй кешеді екен. Өң мен түстің арасында «Жапон тыңшысымын деп мойында, иттің баласы» деген НКВД жендеттерінің бақырғаны, «Балам, қол қойма ешқандай қағазға, шыда, қария менің де үмітім бар жақсылықтан» деген поляк қарттың сабырлы үні естілетін. Бірде азапты түннен қалжырап камераға келіп ұйықтап кетіп түс көрдім. Түсімде НКВД басшысы Ежов қанды тулақта отыр екен бүрісіп. Түсімді қарияға айттым. Ол үндемеді. Сол күні оны жауапқа шақырды. Жарты сағат уақыт өткен соң қайта оралды. Кіре «Әулием қайдасың Ежов орнынан түсіпті біз енді босаймыз» деді қуанып. Содан не керек айтқанындай екеуміз де ақталып шықтық,- деуші еді жарықтық. Кейде Мағжанның мына өлеңін айтып:
Ел қайда, есіл қайда,нұра қайда
Нұраның ағып жатқан суы майда…-деп әндетіп жүретін. Бұл шумақтарды ол тұтқын ғұмырында қанша айтты десеңші. Ақ селеуі толқындай тербелген сары даланы, қарағайы үкілі бөріктей Боқтыны, ағайын-туысты қалай сарғая сағынды десеңші. Сол кісілердің жүйкесі, рухы қандай мықты. Қара жерге басы кіргенше біреудің мансабына жығылғанын, сөзінен тайқығанын көрмедім. Ал сендердің күйгелектікке салынатын жөндерің тіпті жоқ. Адамзат баласы қиындықта ысылады, шыңдалады. Тек тәнге емес жанға да азық керек. Әйтпесе алған білім, ғылымда оның жанына, рухына беретін нәр болмаса адам нәпсісінің бұғауында шырмалады. Жүректе махаббат, санада ой болу керек. Бұрынғылар қандай еді,шіркін. Мына тарғыл тастар мен сайын далада тіл болса айтар еді. Өз бабаң Олжабай Абылай хан Петерборға аттандырған үш жүз адамның бірі болған. Шен алып шекпен киген. Үлкен алтын төс белгіс аласапыран кезде жоғалыпты. Оның екі баласы Ханжан мен Ханкелді Кенасары әскерінде қол басқарған. Сондықтан тектілігіңе сай болуың керек.
Апа-ау ал сіз кімнен тарайсыз,-дейтін сол кезде бұл еркелей жымиып.
Түп нағашың Нәби Арыстанбек, Тубек, Құсбек деген ағайынды төрелердің Тубегінен тарайды. Олар Талды өзенінің сағасын, Кент пен Боқты тауларының арасын мекен етіп, қалың елдің ұйтқысы болған.
-Алшынбай, Құнанбай дәуіріндегі Құсбек пе»,- деп сөзін бөлуші еді бұл өз білімділігіне масаттанғандай.
-Иә, жарығым.Қалың елді ұйыстырған, атына заты, дәулетіне сәулеті сай дана адамдар болған ғой барлығы, Арғы бабамыз Бөкейді әкесі Барақ сұлтаннан «Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды» деп Шекшек Нұралы би Жетісу жақтан хан көтереміз деп алып келіпті — деп әңгімесін одан ары жалғайтын:
-Заманның нәубет шағында большевиктер ел билеген кезде қудалау, бірін бірі көрсету өршіп кетті.. Содан не керек шығысқа қарай біз де жылыстадық. Жалғыз біз емес Қарқаралының қалың қаракесегінің көбі көшті. Боқты, Кент, Балқантау мен Қарқаралыда бабалар рухын қалдырып қиянға сапар шекті. Біз де көшке ілестік. Шаршап шалдығып, буряттың Улан-Удесіне келіп қоныстандық. Мен ол жақта іс тіктім. Анам маған көмектесетін. Күлпан апам оны базарға шығарып сататын. Бешпет, жекет, шалбар, көйлек тігетінмін. Құдайдың маған берген өнеріне барлық ғұмырымды арнадым. Ағам Дәулет зауытқа жұмысқа кірді. Жағдайымыз жақсарды. Бірақ қабырғалы қалың ел жерін аңсады. Ақыры заман тыныштала бастаған кезде үлкен көш туған жерге бет түзеді.
Жұрт елге оралды. Біз Қарағандыға көшіп келдік. 39-шы жылы ағам әскерге алынды. Күлпан тұрмысқа шықты. Заман енді түзелді-ау дегенде соғыс басталды. Дәулет…
Әңгіме кілт үзілетін. Бір нүктеге қадала ойланған әжесінің иегінен аққан жас омырауына төгілетін. Күрсіне дауысы әлсірей сөзін жалғайтын:
Дәулет соғысты Брестте қарсы алды. Хабарсыз кетті. Тұтқынға түсіп, азаптан немістің Даугавпилс концлагерінде көз жұмыпты. Кейін бейбіт уақытта атаң барып анықтап қайтты ғой бұл қасіретті. Мен үйде жалғыз қалдым. Шешем сарғая тосты. Сенбедік. Әкемнің соңғы шырағы да өшті. Өзімді жалмауыздай сезіндім.
Мұның да жаны күйзелетін сол шақта. Екеуі де жылайтын. Ант ұрған Гитлерді, неміс біткенді сыбайтын ішінен. Содан соң екі жеңімен анасының бетін айғыздай сүртіп:
-Апа-ау Дәулет атамның қаны біздің тамырымызда ағып тұр ғой,- деп жұбататын анасының жаралы жүрегін бұл.
-Иә жаным, оның жасамаған жасын сендер жасаңдар. Отан жолында шейт болғандардың жаны жәннатта шығар,-дейтін қол орамалымен көз жасын құрғатып.
Тағдырға мойын сұнбасқа пендеде не шара бар. Тұқымың тұздай құрығыр фашис иттің баласы талай боздақтың қанын шашты ғой. Жалпақ жұртқа келген зұлматқа көнбеске шараң бар ма. Қайта біздің халық қиындыққа көнбіс, қайсар ғой. Қан майданда да, тылда да ерлік жасады. Вагон-вагон қылып төккен шешенді, кәрісті, татарды тағы талай сорлыны да бауырына басып қамқорлық көрсетті.
-Ал Сексен атам қай жерде соғысқан, Берлинге барған ба,- деп бұл шерлі әңгіменің ауанын басқа арнаға бұратын.
-А Атаң ба ол кісі неміспен соғыспаған,- деп әжесі сөзін сабақтайтын.
Атаң соғысты қиыр шығыста қарсы алыпты. Жапондармен соғысыпты. Майданды капитан атағымен аяқтапты. Мына медальдар соның куәсі,- деп сырлы сары сандығын ашып, өткеннен сыр шертетін белгілерді мұның алақанына салатын да сөйлеп кететін.
Әкесінің өтінуімен соғыс аяқталған соң атаң Түркістан Әскери Округіне ауысу үшін рапорт жазыпты. Қол қоймаған соң запасқа шығып елге оралыпты. Сол кезде екеуміз Қарағандыда кездестік. Атам марқұм келіп шешеммен сөйлесіп, біз Сексен екеуміз қосылдық. Мен қалада жаңа отбасыммен қалдым, анам, апам Қаниса мен жездем үшеуі елге кетті. Соғыс адамдарды жақындастырды біріктірді. Менде жаңа отбасыма жылдам сіңісіп кеттім. Сәбилі болдым. Отбасымызда жеті жан – атам, апам, Сексен, балалар Ел мен Бэла, кішкентай Зейнеп және мен. Атаң экономист болып жұмыс істейді. Апам қолғап, ұсақ-түйек тігіп сатады. Тапқан табыс ештеңеге жетпеді. Содан мен бұрынғы кәсібім іс тігумен айналыса бастадым.. Жағдайымыз оңалып күн көрісіміз жақсара бастады.
Көрешегіңді көрмей көрге кірмейсің деген сөз рас екен. Күндердің бір күні бір топ адам сау етіп жетіп келді де атаңды тұтқындады. Жала жабылып абақтыға қамалды. Сот он жыл кесіп берді. Қарағандыда қалмай Колымаға сұранып кетті. Себебі ол жақта бір күн үш күнге есептеледі екен. Содан үш жыл алты ай дегенде аман есен үйге оралды. Атаң келгеннен кейін жыл өткен соң тәтең Қамар, араға екі жыл салып сенің әкең Ғазиз дүниеге келді. Жоңғармен арпалысқан арғы бабаларың Тоғалақ батырдың тұқымын жалғап міне сендер өсіп келе жатырсыңдар.,-деп ұзын сонар хикаясын аяқтайтын.
Шүңірейген көздері күлгін тартқан, аппақ шаштары жібек орамалға жасырынған, мұрны қызара тершіп аңыз бен ақиқаттан сыр төккен қара кемпір бұған әлемдегі ең қымбат жан болатын. Оның шерткен мұңды хикаялары арқылы бұл Қарқаралы даласын жайлаған батыр мен бағланның, би мен байдың, сатқын мен опасыздың кімдер екенін санасына сіңіретін. Туған жеріндегі әр тастың тарихи тағлымы бар екенін жақсы білетін. Жаз демалысқа шыққанда барлығын атпен аралайтын. Сонда Абылай жоңғарға қарсы жиын өткізген Кеңестас, қара жерге қызғылтым тастар қадала қоршалған қалмақ бейіттері ұлы даланың жансыз куәсіндей сағымдана тербелетін. Атаның аманатын арқалатып, арыстан тұлғасын асқақтататын жартасты таулар мұның да аласармауын сұрайтындай көрінетін.
Алыстағы анасымен жүрегімен тілдескен Мақсұт есікті айқара ашып сыртқа шықты. Жалт-жұлт еткен көрініс жанарын қарыды. Жер аппақ жібекке ораныпты. Ақ сонар. Аспан шайдай ашық. Көкжиектен шапағы шашырай көтеріліп келе жатқан күн қардың бетін алуан түрлі сәулемен құбылтты. Қар емес бейне бір гауһар мен ақық уыстап шашылғандай. Талай зарды жұтып әжімдене қартайған кейуананы біреу бетінен сипап айдай сұлу аруға айналдырып жібергендей ғажайып. Ол бірнеше қадам жасап, тоқтады. Алақанымен ақ мамықты көсіп алып асап жіберді. Бетін ысып, қолын үйкеді. Қолы дуылдап, жүзі алаулады. Шатыр ішінен Әсеттің «Батарея, ұйқыдан тұр» деген айғайы естілді. Сарбаздар киініп сыртқа шыға бастады.. Керемет деп ойлады ол ішінен саусақтарының ұшымен тағы да қар қиыршықтарын іліп алып,- Әр түйіршік қар біріне бірі ұқсамайды. Адамдар да сол сияқты. Халықтар да қайталанбайды. Себебі қайсының болмасын салт-дәстүрі, ойлауы, сөйлеуі, жаратқанына жалбарынуы мүлде бөлек. Әр түрлі бояу сияқты. Араластырсаң тартымсыз сұр түске айналады. Төгіп тастасаң құрдымға кетіп жоғалады. Жоғалса әлем әдемі реңінен айрылады. Соны неге түсінбейді екен адамдар. Әлде жүректеріндегі парасат көзі озбырлықпен тұмшаланған ба екен. Оның ойын әндете сап түзей кетіп бара жатқан сарбаздар бұзды. Аяқтарын қатар алып, қолдарын жарыса сермеп ұзап барады. Бірақ рухты азаматтары, қайсар ұл-қыздары барда қазақ жоғалмас,- деп сыбырлай сөйледі саптың соңынан жүгіре ілескен жас офицер.

Өтебай Құрманғазы
Қарқаралы қаласы


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика