Аяулы Ана! Қарашада қайтқан құс…

30 ноября 2016

Естелік

…Егер өлгендер қайтып
оралатын болса, менің анам
бәрінен бұрын, ең бірінші
болып жетер еді…
Жеті жасар жетім баланың сөзінен.

Аяулы анаКеруен күндер келмеске кетіп, жұлдыз түндер ағып жатыр біртіндеп… Асау аттай арындаған қайран Уақыт тоқтаусыз зымырап барады. Кеше ғана аяулы Анамызды ақырғы сапарға, мәңгілік мекеніне шығарып салып едік. Бүгін, міне, соған да сегіз жыл болыпты.
Анасыз өткен сегіз жыл… Өлшеулі өмірдің бір қиындысы. Шарасыз қалған шерменде көңіл-күйдің іздей-іздей қанатының талғаны. Көнбесіңе амал жоқ, тағдырдың басқа салғаны. Кімге болса да, тірліктің бір күні тоқтайтыны – ақиқат. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр шіркіннің бұралаң жолында киелі Күннің қасиетті нұр-шуағы сияқты туған Ананың мейірім-шапағаты сәт сайын керек екен адамға. «Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да, перзенттік парызыңды өтей алмайсың» дейтін хадис сөзі текке айтылмаған.
Дәл қазір шешейдің соңғы сәттері, ақырғы сапарының өзі сағымды сағынышқа айналғандай. Табиғаттың жыл мезгілдерінің өзі бұрынғыдан жылдам өтіп жатқан секілді. Кеше ғана жайраңдаған жаз еді, бүгін күрең күз келіп, арты қатал қысқа ұласып жатыр.Тағы да сол суық та сұрқай қараша айы… Осынау қамықтырған қасіретті ай – 1990 жылы ардақты әкемізді алып еді, онан кейін 2008 жылы аяулы анамызды әкетті.
Біздің анамыз Сәлима Мәжиденқызы – 1926 жылы Орал облысының бұрындары Чапаев, онан кейін бертініректе Тайпақ ауданы қосылған, қазіргі кезде Ақжайық деп аталатын үлкен ауданда өмірге келіпті. Ерке Жайықтың жағасында тұлымшағы желбіреген кішкене қыз әкесінен ерте айырылған. Сол уақытта үлкен ағасы Мағауия жоғары оқу орнын бітіріп, Қарағандыға қызметке жіберілген екен. Бұл – 1940 жыл болатын. Әкесі қайтыс болған соң, тұрмыстық жағдайлары қиындаған шешесі екі баласын алып, сол жылы Қарағандыға көшіп келеді. Мағауия есімді үлкен ағасы бұлар келгеннен кейін 1941 жылы соғысқа алынады. Шешесі, інісі үшеуі ешкімді танымайтын бөтен қалада қиыншылықты көп көрген. Арада екі жыл өткенде ағасы Мағауия соғыстан жараланып, қайтып оралады да, бұрынғы қызметін жалғастырады. Қарағанды қаласында, осы облыстың аудандарында жоғары қызметтерде істейді.
Сәлима осы қалада жеті жылдық мектепті бітіріп, әрі қарай оқытушылар институтының дайындық бөліміне түседі. Оны бітіргеннен кейін, институттың бірінші курсына қабылданады. Соғыстың соңғы жылдарында қаладағы тұрмыстық жағдайының қиындығына байланысты арманшыл жас әрі қарай оқуын жалғастыра алмаған. Сонан дәм-тұз тартып, осы Сарыарқада қалып қойған.
Біздің әкеймен 1950 жылдардың басында танысып, отау тігіп, шаңырақ көтерген. Екеуі қырық жылға таман бірге болған уақытта отбасында он баланы тәрбиелеп өсірді. Бәріне де білім алғызып, ел қатарына қосты. Әкей қайтыс болғаннан кейін де анамыз біраз жасап, балаларының барлығын аяқтандырып, немерелерінің қызығына кенеліп, шөбере көрді. Кеңес Үкіметі кезінің өзінде-ақ он бала өсіріп, тәрбиелегені үшін «Алтын Алқа» тағынып, Батыр Ана атанды.
Шешеміз өте шаруақор, қарапайым жан болатын. Мінезі сабырлы да салмақты еді. Бір отбасында он баланы тәрбиелеп, асырап – бағу оңай шаруа емес. Өмір бойғы бар арманы – балаларын жеткізіп, жетілдірсем деп еді. Әкеміз екеуі қосылып, бізді ылғи да ақ жолға, адалдыққа, қарапайымдылық пен еңбекқорлыққа баулыды.
Сол ұлағатты ұядан түлеп ұшқан біздер бүгінде кең байтақ еліміздің әр қиырында еңбек етіп, тіршілік етудеміз.
Дана халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қанатты сөз бар.
Марқұм анамыздың қайтпас сапарға аттанғанына сегіз жыл толуына орай рухы разы
болсын деген ниетпен Құран-дұға бағыштап, мына өлең жолдарын арнаймыз:

Өмір деген – тағдырыңның өткелі,
Өкініш сол: тұрақтамас, өтпелі.
Керуен күндер, жұлдыз түндер жылыстап,
Жылдар өтті… аяулы Анам кеткелі.
Сонан бері өтіп жатыр елес күн,
Ішіндемін тұманды бір елестің.
Жылы сөздер айтылғанмен қаншама,
Дәл өзіңдей жұбата алмас мені ешкім.
Кетеріңде құшағыңды жайып кең:
«Қош, құлын…» деп соңғы сөзді айтып ең.
Елегізіп құс секілді кешіккен,
Қайран Анам, қарашада қайтып ең.
Сонан бері мазалайды мұнар күн,
Ұйқы бермей тереңімде тұнар мұң.
Өмір бойы өзіңді іздеп өтермін,
Жүректегі шер-қайғыны ұғар кім?..
Асыл Ана, біз табынар пір едің,
Соғып тұрды сәби үшін жүрегің.
Ал қазір сен жұмақтасың, білемін. Бізге және адамзатқа арнаған,
Қабыл болсын, ғұмыр бойғы тілегің!
Алыс әрі жұмбақ болып көрінген,
Тілеуімді тілер пейіш төрінен.
Құран-дұға жетсе екен деп тілеймін,
Бағышталар бұл пәнидің өрінен.
Мешіт пенен арасында мазардың,
Күйін тыңдап Өмір атты базардың.
Жүре тұрсам жарығында Жалғанның,
Әлі талай естеліктер жазармын!

Әлімжан Құтжанұлы Жақан-тегі,
Қарағанды қаласы.
Қараша айы, 2016 жыл.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика