Аягүл МАНТАЙ: «Әдебиеттегі сатқындық пен екіжүзділікті әңгіме етудің өзі жиіркенішті»

8 Тамыз 2018

10517477_673690362718992_4379395010813004211_n– Aягүл, биылғы Нобель сыйлығын әдебиет аталымы бойынша алған Светлана Алексеевич жайлы әртүрлі пікірлер айтылуда. Орыс қоғамы «Ресейді сынағаны үшін ғана алды» десе, біздің Әуезхан Қодар, Амангелді Кеңшілік ағаларымыз «оның шығармаларының көркемдігінен публицистік сарыны басым еді» деген пікірлерін білдірді. Бұған қарап Нобель сыйлығының әдебиетке деген өлшемдері өзгерді дей аламыз ба?
– Жазушыларға Нобель сыйлығының берілуінде саяси астар бары бұрыннан белгілі. Мысалы, эмиграцияда жүрген Бунин Нобель сыйлығын «Арсеньевтің өмірі» романы үшін алғанын көптеген жазушылар қабылдай алмайды. Сөз жоқ, Бунин – мықты жазушы. Нобель сыйлығына әбден лайық. Бірақ, көркемдігі әлсіздеу романы үшін Нобельді алуы – әдеби ортада жазушыға жақсы атақ әперген жоқ. Әрине, мұны сұңғыла Бунин білді. Бірақ, сол сәтте Бунинге бұл сыйлық керек еді, анығы, ол ақшаға өте мұқтаж еді. Бунин Нобель сыйлығының ақшасын шетел­де қашып, тарығып жүрген біраз орыс жазушысына таратып берді. Ара­да көп уақыт өтпей, өзі тағы да жоқ­шы­лықтың зардабын тартты. Адами құн­дылық тұрғысынан қарасақ, Бунин біраз жазушыға көмектесіп, олардың уақытша да болса әлеуметтік мәселесін шешіп берді.
Светлана Алексеевич – егер әде­биет­тің мұраты тұрғысынан қарасақ, Нобель сыйлығына лайық емес жазушы. Ал, Нобель сыйлығын берудің «өз ережесі» бар. Егер Нобель сыйлығының ережесі дәл бүгінгідей жалғаса берсе, біздің елде мемлекеттік сыйлықтың берілуі секілді, қадірі төмендеп кетеді.
– Қазақ жазушыларының арасынан бұл сыйлыққа кімдерді лайық дей аласың?
– Меніңше, Төлен Әбдік бұл сый­лыққа әбден лайық. Шығармаларында дәстүршілдік пен жаңашылдық үйле­сім тапқан. Бірақ… Төлен Әбдіктің шы­ғар­малары басқа – басқа, түрік тіліне ауда­рылғанына көп болған жоқ.
– Әдебиеттегі ұлтшылдық туралы не айтар едің? Бүгінгі поэзияда, прозада ұлтшылдық сезімдерге ойнау, әсірепафос көбейіп кеткен жоқ па? Бұл әсіресе, поэзияда көбірек көрініп жүр. «Бөрінің ұрпағымын!», «Алашым, қазағым» деген тіркестермен жиі ұшырасамыз.
– Өкінішке қарай, біздің елде «әде­биеттегі ұлтшылдық» рушыл­дық­тың көлеңкесінен шыға алмай жатыр. Бұл – ұлт әдебиеті үшін, жалпы ұлт бо­ла­шағы үшін өте қауіпті. Қадыр Мырза Әлінің «Иірімінде» айтылатын сонау Ғабең, Ғабекеңдердің кезіндегі «рушылдық ауруы» уақыт өткен сайын асқынған үстіне асқынып жатыр. Мысал ма? Мысал толып жатыр. Кез келген мүшәйрада, жалпы әдеби байқауларда қазылар алқасының белді мүшесі өзінің рулас інісін, не қарындасын жүлделі орынға тартып, сол үшін күреседі. Ас­танада жыл сайын өтетін «Шабыт» фес­тивалі кәдімгі саудаға ұқсайды. Қазы­лар алқасының кейбір мүшелерінің пиғы­лынан шошып, «мынау қара базарда жұмыс істейтін саудагер ғой» деп таң­ғалған кездерім бар.
…Осыдан біраз жыл бұрын еліміз­де «сериалды мүшәйра» өтті. Сол мүшәйрада асып бара жатқан таланты жоқ, бір жас жігіт қатарынан бірнеше рет жүлдеге ие болды. Жап-жас жігіттің өлермендігін көп адам ұна­та қойған жоқ, әрине. Арада біраз жыл өткесін сол жігіт айтады: «…Мү­шәй­рада екі-үш рет орын алдым. Бәрінде де жүлдеге алған ақшаны маған орын әперген ақын ағамызға әкеліп бердім. Ол кісі «Саған атақ, ал, маған ақша керек» деп, темекіме ғана ақша беріп, қалған ақшаның бәрін өзі алды. Мен ол мүшәйрада тек рөл ойнаушы клоун болдым. Есесіне, мені өзім қатарлас көп жігіттер жек көріп кетті» дейді қамығып. Әдебиеттің киесі барын тү­сінбейтін және түсінуге ешқашан ұм­тылмайтын жігітті де, әлгі ағасын да біртүрлі аяйсың. Біздегі әдебиеттегі сат­қындық пен екіжүзділікті, аярлықты әңгі­ме етудің өзі жиіркенішті.
…Өзінің «бөрінің ұрпағы» екенін, «Алаштың идеясын жалғастырушы» екенін жазып жатқан ақындардың бұл тақырыптағы өлеңдері бір-біріне тым ұқсас екені рас. Солай болуы заңды да. Ауылда туып-өскен прозашылар ауыл тақырыбын айналып өтпейді ғой. Кейін өзін-өзі жетілдіріп, шамасы келсе, қала прозасын, сосын адамзаттық проблемаларды қозғайды. Ал, біздің жас ақындар сіз айтқан тақырыпта әдебиетке жолдама беру үшін жазатын секілді көрінеді маған. Мұндай тақырыптағы өлеңді жүрек көзінен өткізіп жазған ақындарымыз да бар және мұндай өлеңдер ұлт үшін, ұлт болашағы үшін қажет.
– Мәскеудің Әдебиет инс­ти­ту­тындағы атмосфера қандай? Бү­гін­гідей ақша үстемдік құрған заманда әдебиетші болуға бел байлау жанкеш­тілік емес пе? Бұл тұрғыда, әр елден жиналған жастардың арасындағы көңіл-күй қалай?
– Осы жазда РУДН-нің (Ресей Халықтар Достығы университе­ті) әдебиеттану мамандығының магис­тра­турасын бітірдім. Әрі қарай Мәс­кеуде аспирантурада тегін білім алу­ға мүмкіндігім болғанымен, бас тарт­тым. Себебі, менің мақсатым: ғы­лым­мен емес, әдебиетпен, таза шығар­ма­шы­лықпен айналысу. Жазда Әдебиет институтының жоғары әдеби курсына оқуға қабылдандым. Жоғары әдеби курста жазушы, ақын болғысы келген жастар шеберлігін дамытады. (Әрине, шын мәнінде, солай болса…) Бірақ, жоғары әдеби курста бюджеттік негізде тегін білім алу деген ұғым жоқ.
Түсінесіз бе, тегін оқудан бас тартып, мұнда келсем, бұл – менің ең үлкен арманым еді. Мен арманымды жүзеге асырғым келді. Проза тобында оқитындардың бәрі орыстың қыз-жігіттері, жалғыз шетелдік мен едім. Шығармашылық шеберлік (ең негізгі пән) сабағын жүргізетін жазушы «Әрқайсыларыңның шығармаларыңды шетінен талқылаймыз, бәріміз оқып, өз пікірімізді ортаға саламыз. Кім ең алғашқы болып, өз шығармасының талқыланғанын қалайды?» деп сұрады. Бәрі үн-түнсіз. Ешкім үндемеген соң, «Онда менен бастайық» дедім. Маған жазушы бақырайып қарады да: «Сіз тұра тұрыңыз» деді. Сосын: «Кім бар?» деп тағы сұрады. Орыс қыз: «Мен» деп қолын көтерді. «Онда келесі апта сіздің шығармаларыңызды талқылаймыз» деп жазушы әлгі қызға бәрімізге ортақ поштаға әңгімесін жіберуді қадап айтты. Мені елемегені, шынын айтқанда, «өзіміз тұрғанда, сенен бастамаймыз» деген орыс жазушысының пиғылы, менмендігі ренішімді тудырды. Әрине, бұлай ашық айтқан жоқ. Оны түсіну үшін сондай мықты түйсіктің де қа­жеті жоқ еді. «Негізі ең алғаш болып тал­қылауға шығармамды мен ұсынып едім» дедім. Жасы елуден асқан үлкен кісінің «жоқ, сіз емес, ол бірінші айтты» деп көзімді бақырайтып қойып, өтірік айтқаны одан сайын ызамды тудырды.
Өзім бітірген РУДН-де негізінен шетелдіктер оқиды. Тобымызда он екі қытай, тоғыз орыс және жалғыз қазақ мен болдым. Бірақ, мен онда ешқандай шеттетуді, жалғызсырауды сезінген емеспін.
Әрине, «Бірінші болып менің шы­ғар­маларым неге талқыланбады?» деп өлермендік танытып отырғам жоқ, де­генмен, оқуға ақша төледім бе, менің құқым бәрімен бірдей болуға тиіс. Егер мен Қазақстанда университетте оқытушы болсам, жиырма қазақ үнде­мей отырып, бір басқа ұлт өкілі тақылдап, жауап берсе, оның құқы­ғын еш­қашан шектемеймін. Мен де пендемін ғой, іштей «қазақ жас­та­ры неге үнсіз?» деп ренжуім мүмкін, бірақ, оқы­тушылық этиканы сақтауға тиіспін.
…Бізді сол күні институт ректоры Алексей Варламов қабылдап, өз қолымен жоғары әдеби курста оқиты­ны­мыз туралы куәлікті тапсырды. Рек­тордың қасында біздің курстың ше­бері, әлгі жазушы отырды. Ректор бәрі­мізге қарап, «Сұрақтарыңыз болса, қойы­ңыздар» деді. Тағы да бәрі үнсіз. Бі­рінші болып екі-үш сұрақ қойдым. Кеңестік кезеңде бірнеше талантты қазақ ақын-жазушысы жоғары әдеби курсты бітіргенін, өтпелі кезеңнен кейін араға бірнеше жыл салып Қазақстаннан жоғары әдеби курста білім алуға кел­генімді, егер біздің елден талантты жас­тар келіп жатса, қандай қолдау көр­сететінін сұрадым. Басқа да екі-үш сұ­рақ қойдым. Ректормен екеуміздің ара­мыздағы диалог өте қарапайым, жылы өтті. Шынымды айтсам, шығармашылық шеберлік сабағын жүргізетін шеберді қабылдай алмадым. Қыруар ақшаны желге ұшырып, уақытымды өлтіргім келмеді. Түсінесіз бе, мен үшін уақыт өте қымбат. Нақты мақсаты бар адам үшін уақытты жоғалту – сәтсіздікті өзің барып құшақтау. Мен ақша төледім бе, өзім күткен деңгейде білім алуға тиіс­пін. Егер сол деңгейде білім алмаймын ба, неге уақыт өлтіруге тиіспін? Ойланып, ештеңе алып шықпайтынымды түсініп, саналы түрде жоғары әдеби курсты тастап, оқуға төлеген ақшаны тиынына дейін қайтарып алдым. Негізі Мәскеудегі беделді бір университеттен ғылыми тәжірибеден өтіп, бір мықты әдебиеттанушымен жұмыс істесем, үйренерім көп екенін түсініп, үш университетке ғылыми тәжірибеден өтуге өтініш жасадым. Екі-үш күннен кейін емтихан тапсырып, ғылыми жетекшімен сөйлесем. Сосын үш университеттің ішінен мықты әдебиеттанушыны таң­дап, сол маманмен бірге жұмыс істеймін.
– «Жауһар», «Депрессия» секілді біраз еңбектеріңді оқыдым. Шығар­маларыңда кейіпкерге іш тар­тып мүсіркеу жоқ, таңдауды өзіне қал­ды­расың. Бұл шешіміңді әдеттегі біреуге ақыл айтқыш, мораль оқуға құмар қоғамға қарсылық деп қабылдасақ бола ма?
– Ф.Достоевскийдің, Э.Золяның шығармаларындағы ақиқатты тану, кейіпкерлерінің ішек-қарнын ақтарып, көрсетуі ұнайды. Шығармаларындағы айтатын ойын, идеясын оқырманына «шайнап беріп, жұтқызғысы келетін» жазушыларды мүлдем қабылдай алмаймын. Шамаң келсе, оқырманның ұйықтап жатқан санасын «сілкілегенге» не жетсін?! Менің бұған дейін жазған, жазып жатқан шығармаларымның бәрі де – эксперименттер. Мен әлі өзімнің нағыз шығармамды жазғаным жоқ.
Меніңше, бүгінгі оқырманға мүлдем мораль оқуға болмайды. Психологқа барған адамның өзін-өзі жеңіл сезі­нуінің негізгі себебі: психолог жүйкесі қатты шаршаған адамның сөзін бөл­мей, үнсіз тыңдайды. Ал, қатты шаршап, өмірден түңілген адам үшін оны біреудің зер салып, тыңдауы өте ма­ңызды. Мысалы, депрессияда жүрген адамның сөзін жақын туыстары, дос­тары бір тыңдайды, екі тыңдайды, үш тыңдайды, сосын «қойшы, сенен шаршадым» дейді ғой. Ал, психолог ақша алды, сол себепті, сөзін бөлмей, тыңдауға тиіс. Депрессияға қатты түсіп, өзіне-өзі қол жұмсап, өлгісі келетін адамды кейде бір-ақ адам құтқарып қала алады. Ол соншалықты ақылды болмай-ақ қойсын, тек депрессияға түскен адамның сөзін тыңдап, оның өзіне қымбат адам екенін көрсете алса болды.
Мен өмірде өзімді өзімнен жасырсам да, шығармаларымда жасыра алмаймын. Менің оқырмандарым менің шығармаларымнан өзін көріп, таныса деймін.
– Бір кездері халықтың кітап оқуы­на «Новый мир», «Роман-газета», өзіміздегі «Жалын», «Жұлдыз» сияқ­ты әдеби журналдардың ықпалы зор болып еді. Қазір қалай ойлайсың, осындай әдеби журналдарда болашақ бар ма?
– «Қазір адамдар газет-журнал оқы­майды, іздегенін сайттан оқиды» деген пікірдің жаны бар. Бірақ, көптеген сайт­тар дизайнын жаңартқанда, ескі мате­риалды сақтамайды. Ал, газет-журналдар – бүгінгі таспаланған тарих. Кезінде өзім әдеби басылымда жұмыс істедім ғой. Біздегі әдеби журналдардың бюд­жеті өте мардымсыз. Басқа басылым­дарда жұмыс істеп, қосымша ақша таппасам, менің жалақым түкке де жетпейтін. Әдеби басылымда жұмыс істейтіндердің көпшілігі қосымша жұмыс істейді. Олардың жалақысын көбейтпей, сол жалақыға сай, жақсы материал жазуын талап етпей, авторларға қомақты қаламақы төлеп, тартпай, әде­би басылымдарды көтермей, бәрі бекер. Маған біздің елде қазір әдеби басылымдарды көтеру емес, сақтап қалу процесі ғана жүріп жатқандай көрінеді.
– Метрода, кітапхана, поез­да болсын өзің кездестірген орыс қоға­мын­дағы қайыршы, бақытсыз адам­дар­дың кі­тап­қа, әдебиетке құмар екенін жазып жүрсің. Біздің қазақы қоғам мен қазір өзің өмір сүріп жатқан орыс қоғамының осын­дай адами құн­дылықтарға қатыс­ты ұқ­сас­тықтары мен айыр­ма­шы­лық­тары жайлы не дер едің?
– Мәскеудегі Ф.Достоевский атын­дағы кітапханадан бірнеше рет қаңғы­бас әйелді көрдім. (Тағдырын кітап­хана­шыдан естідім) Қолында – «Еван­гелие». Кейде кітапхананың бір бұры­шында әдеби кітап оқып, қисайып жа­та­ды. (Бұл өзі оқырмандарға еркіндік бе­ріл­ген ерекше кітапхана). Әйел өзін-өзі тапқысы келеді.
Мәскеуде өмір сүріп жатқаныма екі жылдан асты. Алғаш келгенде метрода кітап оқып отырған адамның көбіне таңғалғам. Бұған дейін бірнеше жыл Алматыда тұрдым. Әрине, екі қаланың адамдары мүлдем салыстыруға келмей­ді. Алматы халқының жүзі жылы болса, мәскеуліктер суық. Соншалықты кітап­құмар қаланың жастары метрода көбіне үлкендерге орын бермей, отыра береді. Осыған қарап, мұнда «кітап адамды тәрбиелеудің құралы» деген түсінік «өлі ұғымға» айналғанын аңғаруға болады…
– Болашақтағы жоспар, ойлаған мақсат-мұратың не?
– Менің бір түсінгенім: әлемдегі жетістікке жеткен жазушылардың бәрі де – шығармаларында Құдайды іздейді. Толстой, Гюгоның шығармалары мәң­гілік сауалдарға жауап іздейді. Се­бебі, олар шығармалары арқылы оқыр­манға ақиқатты таныту мақсатында жұмыс істеді, олардың өмірлік миссиясы да сол еді. Оқырманға ақиқатты танытатын шығарма жазуды армандаймын. Қазір осы бағытта өзімді жетілдірудемін.
– Сұхбатыңа рақмет. Өзіңнен жаңа шығармалар күтеміз.

Сұхбаттасқан 
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ 
Baq.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика