Автобуста болған оқиға өз түріне ренжіген әйелді тәубасына түсірді

12 апреля 2018

…Ауылда өскен қыз едім. Мектеп бітіргенше, оқуға түскен кезде де, қыз бойының сымбаттылығы, сұлулық туралы ойлар мені еш мазаламаған екен. Әйтеуір он екі мүшемнің түгел, ақыл-есімнің дұрыстығы жеткілікті болған шығар, барыммен базар болып жүре беріппін. Маған көңілі ауып, үйленсем деген бір жігіттің «Арықтасаңшы…» дей беретін сөздеріне де аса мән бермей, оған: «Дей бергенше маған арық бол, арық қыз тауып қарық бол» ‒ деп жазып жібергенім есімде.

Алайда, тағдырдың талай сынақтарға салуынан, балалығыңнан түк қалдырмастан, өмірдің өзі есейтетін сәттерінен кім қашып құтылған дейсіз? Өзге бір адамға тағдырым байланып, ер мен әйелдің жұптық өміріне аяқ басқанға дейін өз түрімнен өзім жеритін күнге жетем деп ойламаған едім. Әйел адам үшін ер адамның наразы сөзінен ауыр ештеңе жоқ екен. Әйел ерінің көтермелеуімен, бағалауымен, көркем сөздерімен көркейеді. Ал еркектің жарының бойынан сұлу, мінсіз тұлғаны іздеп, көңілі толмауы, қалжыңымен қағытып, сын айта беруі, кекетіп, кемсітуі, оған әйелді сендіруі ‒ әйелдің сағын сындырып, өмір бойы өзін табалап өтуіне жеткілікті екен. Егер, аса Мейірімді Алла мені бұл кеселден құтқармаса, надандық батпағы мен шүкірсіздік шыңырауынан шыға алмай, өмір бойы қор болып өтер ме едім?..

…Рахым жауып тұрған, Жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылған, шайтандар кісенделген, нәпсіні тізгіндеп, жүректі күнәлардың тотынан тазартуға, Құранмен емделуге, амалдарды түзетуге берілген мүмкіндік ‒ ұлы айдың ішінде едім. Құлшылыққа құлшына кірісіп, түндерді дұғамен өткізуге барынша тырысып жүрген күннің өзінде де, айыпталуға лайық нәпсім бәрібір мені мазалауын қоймайтын. Иманымды әлсірететін естеліктер, әлденеге наразылық, жүректің сығылуы, түнерткен түрлі ойларға тұншығу секілді пенделігім қатар жүрді. Әсіресе, айна алдынан өтіп, өзіме көз тоқтатқан сайын сырт бейнеме деген жек көрушілік жүрегімде от боп маздайтын. Бетімнің әр жерін түрткілеп, «түу, мына жерім мынандай болғанда ғой, неге мына жерім бұндай болды екен?!.» деген секілді ойлар жүрегімді жұлмаласа, екінші жағынан «неге бойым ұзын болмады? Ана жерім.., мына жерім…» деп, өз бойымның мініне бойлай алмай, шүкірсіздік батпағына батып кете бердім.         

Міне, алдына келсем болды, мені тұтқындап алатын айна алдына тағы келіп, сыртқы мінімді санап тауыса алмай, наразылық пен надандық бойымды билеп, булығып тұрмын. Еңсем езіліп, жүзім тұтығып, санам тұманданып барады. Қол жетпес сұлулықтың суретін қиялмен салып, болмайтын арманға еніп кеткендеймін.         

Бойымда патшалық құратын кесек ет бұл жағдайдан әбден сығылып, шаршағандай еді. Алла сыйлаған иманның игілігімен шығар, сол жүрегім маған қалың қанағатсыздыққа беріліп кеткенімді, бір емес, екі емес, ендігі шектен шығып кеткенімді сездірді. Күнә жасап тұрғаныңды сезгендегі халіңді сипаттау тіпті қиын ғой. Ішімнен өрт шыққандай боп, екі бетімді ұяттың оты қарыды. Жүрегім шым етіп, сыздап кетті. Су ішінде жанталасып, тұншыққан жанды шашынан тартып суырып алғандай, қап-қара қалың ойдан санамды суырып, өз-өзіме келдім де айнадан теріс айнала бере: «Аллам, маған өзімнен төмен біреуді көрсетші» ‒ деп, терең бір деммен жай ғана сыбырладым…         

Адам баласы ұмытшақ емес пе? Өзімнің қандай сезімде болғанымды, не сөйлегенімді сол сәтке, айна алдына қалдырып, артынша-ақ ұмытып кетіппін. Бұл қылығым бейне бір кейде ұстап қалатын ұстамалы ауру секілді бір дерт еді. Мен ұсталып қалатын ондай күпір ойлар мені босатқанда, қайта иманды күйіме еніп, құлшылығымды жалғастырып жүре беретінмін…

Екі күн өткеннен кейін, нағашы әпкеме амандасып қайтпақ боп, баламды алып үйден шықтым. Аялдамаға қарай бет алдық. Әпкеміздің үйіне дейін тасымалдайтын екі автобустың бірі келіп тоқтады. Автобустың артқы жағына барып отырдық. Ойымызда ештеңе жоқ, үйден шықпайтын екеуміз бір қыдырғанымызға мәз болып келе жатырмыз. Екі-үш аялдамадан кейін осы автобусқа бір ерекше жан мінді. Өзінің кішкентай, қып-қысқа аяқтарын көлік баспалдағына әрең жеткізіп, теңселе, қинала ішке көтеріліп келеді. Бұрын бұл кісіні мүлде көрмеген екем. Кәдімгі ергежейлі әйел. Оның бізге қарағандағы ауыр халін, қиындығын көрсеңіз ғой!…

Ол кісіні көргенде, жаныма жай түскендей шошынып, демімді ішке терең бір тарттым. Қасымдағы балам ондай жаратылыстың барын бірінші рет көргеннен соң ба, таңғажайыпқа кез болғандай аң-таң боп, орнынан тұрып кетті. Іштегі эмоциясын бірден шығаратын бала емес пе, «Ана?!.. Анау…» деп, қолын шошайтып енді сұрай бергенде, дереу тыйып тастадым. Не үшін тыйғанымды түсінгендей болса да бірақ, тұрған жерінде аузы ашылып қарап қалған.

Баламның таңғалысын қойшы, басы кәдімгі егде адамның басы, ал бойы төрт жасар баланың бойындай болған, ергежейлі әйелді дәл осы біз мінген автобусқа мінгізіп, бізді артқы жаққа отырғызып, оны автобус алдына тұрғызып бізге анық көрсеткен Алла Тағаланың бұл ісін кездейсоқтық деп айта алам ба?! Жоқ, әрине.

Осыдан екі күн бұрынғы пенделігім, шүкірсіздігім, әсіресе, «Аллам, маған өзімнен төмен біреуді көрсетші…» деп сөйлеген сыбырым есіме түсіп, таңғалдым. Міне, Алла маған өзімнен әлдеқайда төмен біреуді көрсетті. Сол отырған жерімде дереу тәубеге асықтым. Басым төмен салбырап, ұялғанымнан көзімді жерден ала алмадым. Санам алай-дүлей боп, өз қылмысымнан қысылып, ішімнің астан-кестеңі шығып жатқан еді.

Қалайша? Қалай ғана барымды бағалауға соқыр болдым? Алла жаратқан әп-әдемі бейнемнің шын мәнінде шүкір етуге ғана лайықты екенін неге ойламадым?… «Иә, Кешірімді, кешіргенді жақсы көретін Аллам! Мені кешір! Ақиқатында Сен Өзіңе бойсұнуға қайтып, тәубе қылған құлдарыңның тәубесін қабыл етуші, аса Мейірімдісің! Ендеше, мені кешір, тәубемді қабыл ал!» ‒ деп іштей жалбарынамын…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика