Әулие тау

23 июля 2018

1418821074_lҚызыларай тауының ортасында тұрған бір биікті «Әулие тау» деп атайды. Ұшар басында киіз үй сияқты үңгір бар. Үңгірдің төбесі тесік, одан ішіне жарық түседі және ортасына от жаққанда түтіні сол тесіктен шығады. Үңгірдің іргесіндегі кісі бойы терең апанда су бар. Оң жақ босағасында қай заманда қашалғаны белгісіз, пошымын шөккен түйе сияқты етіп жасаған тас мүсін тұр. «Бұл жерге баласы жоқтар бала тілеп келсе, әулие аян береді. Науқас адамдарды басына мал сойып, құдайы жасап түнетсе, ауруынан айығады, суын ішкен адамға ем болады» дейтін аңыз бар. Мен осы Әулие тауға қатысты екі жағдайға куә болдым.
1941 жылдың жазында біз сол маңайдан шөп шауып жатқанбыз. Ауылдағы Қасым мен Мәруа шешей қосылғандарына он жылдай өтсе де перзент көрмей, екеуі бала тілеп Әулие таудың басына мал апарып сойып, үңгірдің ішіне түнейді. Қасым ұста өз қолынан қазан асатын темір ошақ, шай қайнататын мосы, от көсейтін шымшуыр істеп апарып үңгірде қалдырады. Сол түні Мәруа шешей түс көріп, түсінде бір ақсақал: «Балалы боласың», – деп аян беріпті.
Ұзамай Қасымды армияға алып кетеді. Оларды Ақмолада үш ай әскерге дайындайды. Бала біткендігінен ешқандай белгі болмаған соң, бұл қалай болды деп, Мәруа шешей азық-түлігін алып, Қасыммен кездесуге артынан іздеп Ақмолаға барады. Күйеуінің жанында үш күн болып, қош айтысып, ауылға қайтады. Содан шешеміз жүкті болып, Қасымның аузынан түсіп қалғандай аумайтын Шаймұрат деген ұл бала тапты. Қазір ол Ақтоғай ауданының орталығында тұрады. Ал Қасым әкей соғыстан оралмады…
Енді өзім сияқты жетім, әрі құрдасым Қажыкәрімнің басына тап болған қайғылы жағдай жайында айтайын.
Жалғыз шешесі бар Қажыкәрім 1946 жылы Қызыларай тауындағы «Шелпек» деген қыстақта Ыбырахим деген бақташыға көмекші болып істеді. Құз жартасты таудың ішінде екі отбасы малын бағатын. Қажыкәрімде бір бұзаулы сиыр ғана бар, азық-түлік тапшы, аң аулап күн көреді.
Желтоқсан айында қар қалың. Екі тазысы, мылтығы бар он жеті жасар балаң жігіт кешке қарай бұлақтан су ішуге келген бір топ арқарды көріп, тазыларын арқарға қосып, күндегі әдеті бойынша мылтығын, пышағын алып, ізге түсіп, жаяу жүріп келеді. Қосауыз мылтығын оқтап, тазыларын жанына шақырып, құлжаны қарауылға алып, мылтықтың шүріппесін енді басайын деп жатқанда: «Әй, атпа!..» – деген ащы дауыс құлағына саңқ етеді. Бұл кім болды екен деп жан-жағына қарайды, бірақ ешкім көрінбейді. Арқардың кәрі құлжасын мылтықпен гүрс еткізіп атып салады. Осы кезде екі құлағы тас керең болып, басы айналып, есі ауып құлап түседі. Құлжа қанын сорғалатып, құлап жатқан жігіттің үстінен бір-ақ қарғып, көзден таса болады. Тазылар арқарды қайта қуып кетеді.
Күн қараңғы тартады. Таудың басы, қар қалың, тұруға шамасы жоқ талып жатқан жігіт бірде есі кіргенде не де болса таудың етегіне жетейін деп, биік таудың басынан ауыл бетіне қарай домалайды. Мылтығы мен пышағы бір жерде, тымағы мен қолғабы бір жерде қалып, өзі таудың етегіне келіп түседі. Кәрі шешесі көршісі Ыбырахимге келіп: «Қажыкәрім әлі жоқ, түн ортасы ауып болды, іздеп келсеңші», – деген соң, ана кісі өгізге мініп, қараңғы түнде біраз жерді аралап, таба алмай қайтады. Таңертең колхоздың орталығынан отын алуға келген кісілер қардың үстінде жатқан шала-жансар халдегі балаң жігітті тауып алып, шанамен үйіне жеткізіп салады.
Қажыкәрім бірде тілге келіп, болған оқиғаны шешесіне бастан-ақ баяндап: «Апа, сиырдың жалғыз бұзауын сойып, мені әулие таудың басына апарып түнетіңдерші», – депті. Қыстың күні онда оны кім апарып түнетеді. Ол кезде колхозда адам дәрігері де жоқ. Қыста ешкім қатынаспайтын қыстақта, биік құз таулардың арасында, үш күн жатып жетім жігіт қайтыс болады. Артында аңырап кәрі шешесі қалады…
Әулие тау мен «киелі арқарға» қатысты бұл жағдайлар маған осы күнге дейін жұмбақ боп қалып отыр.

Ғайнолла Нығыметұлы Қарабалин,
ұстаз, публицист.
«БАСТАН КЕШКЕН – ЕСТЕН КЕТПЕС»
кітаптың авторы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика