Ауған соғысы ардагерлеріне ескерткіш қойылды

12 октября 2017

Ер есімі ел есінде. Бұрнағы күні Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданында Ауған соғысына қатысқан сарбаздың құрметіне сәулетті ескерткіш бой көтерді. Кеңес билігінің мағынасыз соғысына қатысып, жас өмірлерін құрбан еткен ардагерлер «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұлықталды, — деп хабарлайды  Qasym.kz тілші.

Тарихты ашып қарасаңыз, адамзат баласы осы күнге дейін мыңдаған соғысты бастан өткергенін көресіз. Қай соғыс болмасын адамдарға жеңіл тиген жоқ. Миллондаған жас сарбаздар қолына қару алып, қарсы тараптың әскерилерін өлтіруге тиіс еді. Сан мыңдаған ана баласынан, сәбилер әкесінен айырылды. Бейбіт өмірге жету үшін қай халықтың болмасын жердің бүтіндігі мен елдің амандығы үшін, бейкүнә сәбилердің тыныш ұйқысын қорғау үшін небір тар жол тайғақ кешуден өткенін баяндайтын тарихы бар. Біздің халқымыздың ерлік дастаны ата-бабамыздың сонау заманда найзаның ұшы, білектің күшімен жер қорғауынан бастап, одан бергі небір соғыс зобаландарын бастан өткерунен көрініс алады. Әсіресе өткен ХХ ғасыр әлем елдерінде кескілескен ұрыстарға толы еді. Солардың бірі – Ауған соғысы.

Кеңес билігі Орта Азиядағы өз ықпалын арттыру мақсатында Ауғанстан еліне әскер кіргізіп, дұшмандарға қарсы қанды соғысты бастап берді. Бұл майданға әскер сапында жүрген қазақстандық сарбаздар да қатысып, қанқұйлы соғысты көзімен көрді. Бір парасы сол жақта жүріп жан тапсырса, елге оралғандары ауыр психологиялық соққымен оралды. Енді біреулердің кеудесін оқ тесіп, жарымжан күйде қайтты.

Қалай десек те, бұл соғыстың біздің елге тигізген зардабы ауыр. Сондықтан да интернационалдық парызын өтеген азаматтардың ерлігі ел жадынан сөнбеуі керек. Мұны жергілікті кәсіпкерлер де жақсы түсінсе керек. Нұра ауданындағы Киевка кентіне орнатылған еңселі ескерткіштің бар шығынын кәсіпкер азаматтар көтерген.   

Мүсіннің авторы – қарағандылық суретші Игорь Баграмов. Мүсіндік композиция екі бөліктен құралады. Біріншісі – солдаттың кеудесі, екіншісі – әскери керуендер өткен бұралаң тау жолдарының бейнесі.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ниқанбай Омарханов ерлердің есімін мәңгі есте сақтап, оларды барынша дәріптеу керектігін атап өтті.

— Ауған соғысы қазақстандықтардың, балаларын жоғалтқан әкелер мен аналардың есінен кетпейді. Барлық ұрпақтар өз батырларын – сол сұрапыл соғыстың барлық қиындықтарын бастан кешкен қарапайым сарбаздарды дәріптеулері қажет, — деді Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов.

Кезінде қатерге бел буып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, өздерінің отан алдындағы парызына адал болған жерлестерімізді мәңгі есте сақтау, бүгінде өзімізбен бірге Сыр елінің көсегесін көтеруге атсалысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп-құрметтеу – біздің борышымыз.

Ескерткіштің ашылу салтанатына аудандағы барлық жауынгер-интернационалистер, олардың жақындары жиналды.

Айта кетейік, Нұра ауданынан Ауған  соғысына  96 адам аттанған екен. Олардың төртеуі жат елде құрбан болған.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика