Әуезовтің үйіне келген жалғыз президент – Отынбаева ғана

3 Қыркүйек 2018

Бауырлас қырғыз жеріне табанымыз тигенде бірден Шолпан-Ата шәріндегі Әуезовтің үйіне баруды жоспарладық. Ыстықкөл жағасындағы сол бір үй жайлы алғаш Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВТЫҢ кітабынан оқып едік. Алатау бөктеріндегі тау суына емес, ынтамыз қазақ-қырғыз руханиятының киелі шаңырағына айналған Мұқаңның үйіне ауа берді, ауа берді.

Кезінде еңселі болғанымен қазіргі күні жатағандау көрінетін тамның есігі жабық болып шықты. Бізді жазушының өзі еккен аққайыңдар ғана қарсы алды…

Ағаш қашадан аттап өтіп, үйдің ауласына кірдік. Бақшадағы алмадан бір-екі талын жұлып жедік. Есіктегі қара құлып көңілге кірбің салғанымен бұл жерден кеткіміз жоқ. Терезеге үңіліп іште не барын көргіміз келеді. Қазақтың бас жазушысы Ыстықкөлге шомылуға кетіп қалған сияқты. Әні-міне қақпаны айқара ашып Мұқаң маң-маң басып кіріп келетін сияқты. Сезімшілміз ғой…

Арада сүт пісірім уақыт өткенде жас шамасы елулерден асқан, қунақ қимылды көзілдірікті әйел адам келді. Біздің Алматыдан келгенімізді білген Саламат эже жылы қарсы алды.Жазушы «Өскен өркен» романын жазған қасиетті үйдің табалдырығынан аттадық.

«Мұхтар Омарханұлы 1958-1961 жылдары осы үйде шығармашылықпен айналысты. Жазушы қайтыс болған соң, 1970 жылы Қазақ ССР-не берілген. Бұл жер телімін жазушыға Қырғыз үкіметі сыйға берген. «Қырғызстанның кез келген жерінен үй салып алуыңызға болады» депті. Жазушы осы Ыстықкөлдің жағасын таңдапты. Әрбір құрылыс материалын Алматыдан алдырып, өзі салдырған. Мына аққайыңдарды өз қолымен екті. Балалары келгенде құшақтайды», — деп бастады әңгімесін Саламат КАБЫШЕВА.
Саламат эженің айтуынша, қазір бұл үйде жалғыз өзі жұмыс істейді екен. Қалалық кітапхананың қызметін атқарады. Мұқаңның жеке кабинеті ғана сол баяғы қалпында сақталған. Қалған бөлмелерге кітаптар қойылған.

«Мұқаң өмірге қайта келсем осы Ыстықкөл жағасында тұрар ем деген еді. Жазушы бұл жерді ерекше сүйген. Шолпан-Атаға жазды күні туристер ағылады ғой. Мен де соны пайдаланып жайма базарда ұсақ-түйек сатамын. Бағана сол жақта жүрген ем», — деді бізді күттіріп қойғанына ыңғайсызданған түрмен.

Қаз-қалпында сақталған қаламгердің жұмыс кабинеті ғана (бұл бөлмеге бізді кіргізбеді. Біз түгілі «жазушының ұрпақтарын да кіргізбеймін» дейді). Ал, кіре беріс кең залдың төргі жағы Айтматовқа арналыпты. «Айтматовты әлем оқиды» деген айдармен шет тілдердегі кітаптары, өзге де суреттері бар.

Босаға жақта Әуезовтің суреттері, түрлі кездесулерден, қырғыз жазушыларымен басқосулардан естеліктер… Тағы бір шағындау бөлме қазақ драматургиясы мен театр өнеріне арналған. Мұнда да әр түрлі суреттер мен көріністер. Қысқасы, қазақтың әйгілі жазушысы тұрған үйді бұзып тастауға немесе өзге біреуге өткізіп беруге болмайтындықтан, музей «жасауға» мәжбүр болған жайт аңғарылады. Жазушы өмірінен сыр шертер экспонаттар аз, тіпті, жоқтың қасы. Сол себепті, бос қалған орындарды бірдеңемен толтыру керек болғандықтан, Айтматовты, қазақ театр өнерін, одан кейін кітапхананы ойлап тапқан сияқты. Әйтпесе, кітапхана дей қоярдай емес, кітап қоры да шамалы (2000-нан асар ма екен?).

«Музейге қатысты қандай проблемалар бар?» деген сұрағымызға: «Айтпаймын», деп жауап берді. «Айта-айта шаршадық», дейді.

«Бұрын төрт адам істегенбіз қазір, үйге кетерде жазушының үйін Құдайға аманаттап кетеміз, басқа амал жоқ. 90-шы жылдары Ыстықкөлде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Ислам КӘРІМОВ, Асқар АҚАЕВ бас қосты. Қолымызға гүл ұстап, ауланы тазалап, көшені босатып, күні бойы күттік. Келеді деген… Келмей кетті. Президенттерден Роза ОТЫНБАЕВА ғана келді бұл үйге. Роза Исакқызына барлық проблемамызды айтып едік… Жақсы президент қой ол кісі», — деді Саламат эже.

Мұхтар Әуезовті өзінің ұстазы санап өткен Шыңғыс АЙТМАТОВ та осыдан 20 жыл бұрын бір келіпті. Қазақ жазушылары да сирек келеді. Келген сайын «Әуезов үйінің жағдайын жоғарыға айтамыз», деп уәде беріп кетеді екен. Бірақ, олардан да хабар жоқ.

20 жылдан бері қазақтың бас жазушысы тұрған үйде кітапханаша болып еңбек етіп келе жатқан Саламат эжемен қимай қоштастық. Тар, әрі бұлың-бұлың Мұхтар Әуезов көшесімен кетіп барамыз… Жан-жағымыз жайма базар.

Дереккөз: zhasalash.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика