Атақтан жалыққан Верди

13 сентября 2016

Джузеппе ВердиТағдырынан талантты адамның өнердегі жолын ешкім де жаба алмайды.

Құдай ондай құқықты ешкімге бермеген. Шынын айту керек, «фортепьянода нашар ойнайды» деп дарынды жасты оқуға қабылдамаған Милан консерваториясының оқытушыларында да қызғаныш ниет болған жоқ. Бірақ олардың ең үлкен қателігі: талантты тани алмады. Бұл анау-мынау емес, атағы жер жарған Милан консерваториясының профессорларына үлкен сын еді. Сол қателіктері арқылы олар талантты тұншықтырып тастауы мүмкін еді, бірақ табиғатынан алған бетінен қайтпайтын Верди өзін консерваторияның профессорларына ғана емес, әлемге мойындатты. Бүгінде Милан консерваториясы Джузеппе Вердидің атымен аталады. 
Джузеппе Верди 1813 жылы қа­рапайым отбасында өмірге кел­ді. Әкесінің деревняда кірісі өте аз, тіпті түскен табысы ішіп-жеуге де жет­пейтін трактирі болды. Ана­сы ті­гін­ші еді. Отбасы көбіне-көп трак­тирге келіп, тамақтанған адам­­­дардан қалған асты ішіп-жей­тін. Жоқшылық еңсесін езген әке­сі мен анасына қарап, кіш­кен­тай ита­льян баласы түрлі ойға бе­рі­ле­тін. «Әке-шешем ертелі-кеш тыр­банып, еңбек етсе де, бір байымай-ақ қойды. Байымақ түгілі, тойып тамақ жейтін күніміз аз. Есейіп, ер­жеткенде мен де осы­лай өмір сү­рем бе? Жоқ, менің бұлай өмір сүр­гім келмейді. Ме­нің бай болғым ке­леді» деп қиялға шоматын. Ар­ма­ны асқақ баланы үміті алдамады. Бірақ… бай болу үшін, атақты болу үшін ол талай кедергілерден өтті. 
Музыканы қатты жақсы кө­ре­тін бай көпес Антонио Барецци түй­сігімен кішкентай баланың те­­гін адам емес екенін сезеді. Му­зы­­ка пәнінің ұстазына ақша тө­леп, Вер­диді оқытып, болашақ ком­по­зиторды өз үйінде тегін тұр­ғызды. Миланға оқуға аттан­ғанда да қал­тасына қомақты ақша салып бе­ре­ді. Консерваторияға түсе алмаған Вер­ди музыкант­тар­дан өз бетімен дә­ріс алып, білімі мен талантын же­тілдіреді. 
«Егер Вердидің өмір жолында сау­­дагер болса да, ақша үшін ар-ож­­данын сатпаған Барецци кез­дес­­пе­генде, тағдыр жолы қалай қа­­лып­­тасар еді» деуге болмайды. Өмір­ге Верди секілді талант келу ке­рек болды. Құдай оның өмір жо­лында Барецциді кездестірді. Бәл­кім, Бареццидің өмірге кел­гендегі бір миссиясы: Вердиге кө­мектесу бол­ған шығар, кім біл­сін? Өз ба­сым талантты болса да, кейбір шы­ғармашылық адам­да­рының та­нылмай қалуын қырсық мі­незі­нен емес, ең бірінші жұлды­зы­мен, тағ­дырымен байланысты­рам. Да­рын­ды болу аз, маңдайың­да «сәт­ті­лік» деген жазу болсын. 
…Кейіннен Верди үй иесінің қы­­зы Маргаритаға музыкадан са­­бақ беріп жүріп, ғашық болып қа­­ла­ды. Маргаритада сұңғақ бой­лы, арық, сүйкімді жігітті іштей ұната­тын. Вердидің болашағына сенген Ба­рецци жалғыз қызының ше­ші­мі­не қарсы келмейді. Мар­га­рита өмір­ге екі бала әкелді. Екеуі де кіш­кентай кезінде ше­тінеп кетті. Көп ұзамай 26 жасын­да Маргарита да көз жұмады. Кейбір заман­дас­та­ры «Верди әйелі мен ба­ла­ла­ры­ның өліміне қайғырған жоқ. Ол тіп­ті әйелін сүймеген де шы­ғар… Ба­реццидің қамқорлығын көрген соң, оның алдында өзін қарыз се­зінгендіктен ғана Маргаритаға үй­ленген шы­ғар. Атаққұмар, қа­тыгез жан» деп жазғырды. Сал­қын­қанды Верди өзін-өзі іштей жеп, жа­қын адам­дарын оңашада жоқ­тай­тын. 
Бұл тағдырдың әжуасын қара­майсыз ба? Ең жақын адамдары­нан айырылған композитор тап­сы­рыс­пен жазып жатқан коме­дия­лық опе­раны аяқтауға тиіс еді. Тра­ге­диялық опера болса, бүкіл қай­ғысы мен мұңын, өкініші мен ар­манын қа­ғазға түсірер еді-ау, ко­медия жазу­ға тиіс қой! Комедия сәт­сіз шы­ғады… Отбасынан айы­рылған адам өзгелерге қайдан күлкі сый­лай алсын?! Сол күндері күн­­делі­гіне «Мен бұдан кейін еш­теңе жаз­баймын» деп жазды. Шы­ғар­ма­шылық адамын жан күй­зелісінен жазу ғана емдейді. Мұ­ны, әрине, Верди жақсы түсін­ді. Бар қайғысын ұмытқысы ке­ліп, жазуда өші кеткендей жаза бер­ді, жаза берді. Сол күндері оның өміріне сәуле түсіріп, мұң­лы әлемін нұрландырған бір әйел болды. 
Жаздың ең ыстық күндерінің өзін­де үстінен қара костюмін тас­та­майтын түрі сұсты, қатал, бір­беткей, қырсық Вердиді әйелдер жақсы көретін. Оның өмірінде көп әйел болды. Өз кезіндегі та­ны­мал әнші Джузеппина Стреп­пони тіпті, махаббат үшін карье­расын «құрбан етті». Джузеппина сү­йгені үшін «жезөкше, саған Вер­ди ешқашан үйленбейді» де­ген адамдардың мазағы мен өсе­гіне де шыдады. Сүйіктісінің кө­зін бақырайтып қойып, басқа әйел­­дермен ашық кездесіп жүр­генін де кешірді. Ол шыдамдылық танытып, кешіре білді. Уақыт өте келе өзіне Вердидің үйленетінінен үміт үзе бастады. Арада он бір жыл өткенде барып қана Верди үйлену туралы ұсыныс жасады. Бұл кезде Вердидің жасы елуде еді. Джузеппина да жас емес еді. Вердидің шығармашылығының шарықтауында Джузеппинаның еңбегі аз емес. Әрқашан сүйіктісін қолдап, оның шығармашылықпен еркін айналысуына жағдай жасап, қамшылап отырды. Мұны, әрине, сұңғыла композитор жақсы білді. Джузеппинадан артық әйел тап­пасын да жақсы түсінді. Тіпті Вер­­ди жағдайын жасап алып, шар­шап, шығармашылықтан қол үзбек болғанда «ең жақсы дү­ниең­ді енді жазасың, егер әрі қа­рай жалғастырмасаң, бүгін жарқ етіп, жоқ боп кететін көп таланттың біріне айналасың» деп қамшылағанда осы мықты әйел еді. Джузеппинаның жүйкесімен ойнап жүріп, Верди ең жақсы дү­ниелерін жазды. 
Верди «Әйел күйеуіне әрқа­шан адал болуы керек. Күйеуіне бү­кіл жан-тәнімен қызмет етуге тиіс» деген талап қойды. Өзінің кейіп­кер әйелдерін де көбіне осы т­алап негізінде кейіптеді. 
Верди табиғатынан өте сақ адам еді. Танымайтын адам түгілі, та­нитын адамдардың өзімен абай­лап, сақтанып, қарым-қа­ты­нас жасады, ал журналистерге сұх­бат бергенді мүлдем ұнатпады. Қо­ғамнан оңашаланып, адам­дар­дан, журналистерден бойын аулақ сал­ған сайын, Вердидің өмірі өз­­гелерді қызықтырған үстіне қы­­зықтыра түсті. Кейбіреулер Вер­ди «тәкаппар, өркөкірек, адам мен­сінбейді» деп айыптап, кінә­лап жатты. Жалғыздықты сүйетін, та­лантты бола тұра, өзіне көңілі тол­­майтын, музыка әлемінде жаңа­­лық ашқысы келіп, өзін-өзі із­­деп жүрген оның ешкімге ұқса­майтын өз әлемі бар еді. 
Верди шедеврлері: «Риго­лет­то», «Трубадур», «Травитаны» бірі­нен кейін бірін араға жыл сал­май жазды. Осы үш операсын жа­зып біткенде есімі әлемнің му­зыка тарихына еніп кеткенін өзі де білмеді. Композитор бұрын­ғы­дай батырлар образын жазуға ұмтылмады, қарапайым адамдар ар­қылы шынайы өмірді көрсетті. Бұ­рынғы қолдан жасайтын күр­деліліктен саналы түрде қашып, қа­рапайымдылық арқылы күрде­лілік­ке ұмтылды. Он сегіз жылдан соң әйгілі «Аиданы» жазды. 
«Егер Египет билігі «театрдың ашылуына байланысты жаңа опе­ра жазып беріңіз» деп өтініш айт­пағанда «Аида» жазылмас па еді» деп ойлауға да болмайды. Адам­зат­тың эстетикалық танымын кеңей­тетін «Аида» сынды дүниені әкелу о баста Вердидің тағдырына жазылса керек-ті. Алғашында араб­тардың ұсынысын Верди қа­был алмайды. Олар Вердидің ше­шімін екі жыл күтеді. Шығар­ма­ны оқып көріп, ұнатып, опера жазуға келісімін береді. Өз шы­ғар­машылығына аса үлкен жауап­кершілікпен қарайтын, таланты да, талғамы да биік Верди Египет­тен ақша алып, «тапсырыс қой» деп әлдебіреулер секілді қатар­да­ғы шығарманы жазып бере салған жоқ. Верди әр шығармасын жүй­ке­сімен жазды. 
Оның опералары бірінен кейін бірі қойылып жатты. Оны жұрт «гений» деп атап, талантына та­бынды. Атақтан да, қошеметтен де адам жалығады екен. Верди жа­лықты. Жалыққаны сол: мар­киз титулынан бас тартты. «Өмір не деген ұзақ? Ұзақ өмір сүрудің қа­жеті қанша? Атақ пен мара­пат­тан кенде емеспін. Неге менің жан дүниемде тыныштық жоқ. Бұл әлде менің ашкөздігім бе, қа­на­ғатсыздығым ба?» деп шарқ ұрып, өз сұрақтарына жауап із­деді. Бірақ ақылды, салқынқанды ол қатты құлазудан, депрессияға тү­суден сақтанып, өзін ылғи қа­таң бақылауда ұстады. Бәрінен тез жалығатын, тыныштық тап­пай­тын жанын қалай емдеуді біл­ді. Ол өзінің өмірге келгендегі мис­сиясын да жақсы білді. 
Верди мен немістің әйгілі ком­позиторы Вагнер екеуі бір жыл­да туған. Екеуі де көзі тірі­сін­де атақ пен даңқтан кенде болған жоқ. Екеуі өмірде ешқашан кез­дес­песе де, бір-бірін жек көріпті. Кә­дімгі қызғаныш. Бірақ екеуі бірін-бірі, шын мәнінде, мойын­да­ды. Верди итальян операсына, ал Вагнер неміс операсына жаңа­лық енгізіп, шарықтатты. Бірақ му­зыкада ұлт жоқ қой. Әрқашан за­мандастарын мақтап, көтер­ме­леп қоятын Вагнер Вердиді тың­дағанда «Дұрысы ештеңе айтудың қажеті жоқ» дегеннен басқа еш­теңе айтпапты. Біреу туралы ар­тық әңгіме айтудан әрқашан сақ бол­ған Верди Вагнерді ұнат­па­ға­нын ешқашан жасырмапты. Бі­рақ Вагнер дүние салғанда «Қандай өкі­нішті! Ол музыка тарихында өзі­нің өшпес ізін қалдырды» деп күңіреніпті. Иә, Верди де, Вагнер де – пенде. Бірақ жай ғана пенде емес, музыка тарихында төңкеріс жа­саған ұлы адамдар. 

Аягүл МАНТАЙ
«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика