Асылан Қуанышұлы. «О, бейкүнә махаббатым менің!»

21 декабря 2019

Х (икс)

Түшш…
Тыныш…
Бізге
Күлуге болмайды;
Жылауға болмайды;
Сұрауға болмайды
Ештеңе…
Білуге болмайды;
Білмеуге болмайды;
Жүруге болмайды;
Жүрмеуге болмайды,
«Кеш» деме».

Отыруға да,
Жатуға болмайды;
Тұруға болмайды,
Тізерле.
Ұқпауға болмайды;
Ұғуға болмайды;
Құрмауға болмайды;
Құрауға болмайды
Жүз өрмек.

Сүймеуге болмайды;
Сүюге болмайды;
Күймеуге болмайды;
Күюге болмайды
Не етесің…
Көнбеуге болмайды;
Көнуге болмайды;
Көрмеуге болмайды;
Көруге болмайды
Қатесін…

Армандамауға болмайды;
Армандауға да болмайды;
Елтуге болмайды;
Елтімеуге де болмайды
Бақытты болашақ дәміне.
Сенбеуге болмайды;
Сенуге болмайды
Бәріне…

Ким Ки Дук

Көктем:
О, бейкүнә махаббатым менің!

жөзекшелердің елесі кезген иесіз үйде
кері айналған сағатқа қарап ессіз күлеміз…

Жаз:
Ақырын өліп жатырмыз,
Кіршіксіз күнәдай баяу ұмытылып…

Маңдайына жарты ту қадаған будда мүсіні…
Өздігінен қозғала алмайтын балбал тастар…
теңіздің түпсіз тереңіне жұтылып…

Күз:
Қашанда нөлді көрсететін таразы
Барша арман-қиялымызды көтерсе де
нөлге көрсетеді…

Қыс:
Біз — жоқпыз…
Ауа ғанамыз…

Тағы да көктем:
Құдай салыстырып ойнасақ қайтеді, Гидок?

О, менің бейкүнә махаббатым!

 

Алаң

Қаланы күңіренткен жалғыз қарға
шыршаны айнала жүгірген өзімді есіме салады…
әлдеқайда асығатын
немесе
асықпайтын…

Мұз құрсауынан қашқан өзен
еркіндікке ұмтылады тамшылап…
Балалар арбасындағы шырылдаған сәбидей…
Оны сүйреген анадай…

Қар бетіне жазылған есімім секілді
қоңыр көшеден баяу ағып барамын.
Өз қолыммен жасаған аққала
балбалға айналып кетердей…
қорқамын…

Төменге кезелген мұз сүңгілері
төбеме шаншылып қалардай…
Жол жиегінде жатқан бір үзім нан
Балалар арбасында шырылдаған сәбидей…

Қаланы күңіренткен жалғыз қарға секілді Отаным…
Шыршаны айнала жүгірген өзімді есіме салады…
Әлдеқайда асығатын…
немесе асықпайтын…

Қоңыр
(Ай Қызына)

Түн жұтқан көлеңкемізді сағынып,
Жаңа айдың тууын тілейміз
(Ол бәлкім кеудеге тұтылған жүрекке ұқсас…
немесе
құйрығы қолыңда қалған сары кесірткедей —
уақытша табыттан ешқашан шықпас).

Табанымыз мүжіген жолдың
қай ойығын жамаймыз суреттермен ескі
(Мүмкін біз іздеген көлеңке
ескі суреттер астында қалды
немесе
бұлттан биік кеңістікке көшті,
тәуелсіз өмір сүру үшін мәңгі)?

Жаншып келе жатып қаңғыған жапырақтарды
Нәзіктік жайлы сөйлейміз асқақ.
Иә, біздің көлеңкеміз сондай нәзік еді
(Әлдебір өзенге ағызып кетті оны жаңбыр (?)
немесе
ақшыл көк теңізге лақтырды асфальт)…

Шіркін, керең шешейлердің еститінін көріп,
Соқыр әкейлердің көретінін ұқсақ…
(Жұмақ?)…
Бәрібір бірақ
түн жұтқан көлеңкемізді сағынып,
Бақытты болашақ туралы армандап қоямыз кейде
кеудеге тұтылған Жүрекке ұқсап…

ОТШАШУ

Мереке сайын
анама отшашу алып бер деп жылайтын күндерді қалай ұмытайын?
Түсімде көрген құмырсқаны бақытқа жорып,
Ертесіне илеуіне су толтырып ойнайтын балалық шағым да есімде.

Қанатын өрт шалған бейшара құстар айнала ұшып,
түнгі аспанды тіліп
жұлдыздай ағып түсетін.
Илеуін су басқан құмырсқа
босып бара жататын
белі үзілсе де, үміті үзілмей.

Сонда деймін
әлдекім отшашу шоғына алақанын жылытып,
Топыраққа сіңіп бара жатқан суға ерінін жібітіп
үлгеретін еді ғой…

Әлі де
мереке сайын отшашу атқым келеді,
құлап түскен жұлдыздарды көтермекке биік.
Әлі де
мереке сайын отшашу атқым келеді,
қараңғылықты жарып өтпекке
үй шатырының жанына қалған ұйып.

Бірақ тағы да
құстар тас төбемнен жұлдыздай ағып бара жатады
ұясынан жыраққа…


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика