Астаналықтар жаңа жылдық шыршаның тәуелсіздікке дейін орнатылуына қарсы шықты

14 Қараша 2017

Танымал экономист, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Тәуелсіздік күнін атап өтпейінше Астанаға шырша орнатуға болмайды дейді. Ал, орнатылған шыршаларды ол алып тастауды талап етуде. Қазақстанның басты мерекесі өтпейінше көшелерді де жаңажылдық нақышта безендіруге ол қарсы. Бұл туралы  newtimes.kz агенттігі хабарлады.

Өзінің осындай талап-арызын М.Тайжан ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке жолдады. Экономист арызды жалғыз өзі емес, жүзден астам адамның атынан жазып отырғанын да мәлімдеді.

«Қазақстан Тәуелсіздігі жарияланған күн―16 желтоқсан біздің елдің азаматтары үшін ерекше маңызға ие. Бұл күнге жету үшін жылдар бойы қаншама боздақтың қаны төгілді. 1986 жылы 17-18 желтоқсанды, 2011 жылы 16 желтоқсанды сіздер ұмытып кеткен жоқ деген ойдамыз. Бұл күнді жаңа жыл мерекесімен қатар қоюға мүлдем болмайды. Одан кейін, хронологиялық тұрғыдан да бірінші тәуелсіздік күні келеді», ― дейді ол өзінің Facebook-парақшасында.

Мұхтар Тайжан Жаңа жылға дайындалуға қалған 10 күн де молынан жететінін айтып отыр. Ол сондай-ақ, Қазақстанның барлық қаласында Жаңа жылдық безендіруді тоқтатуды талап етті. Оның орнына көшелер мен көпшілік орындар ұлттық нақышта, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен безендіруін ұсынды.

Айта кетейік, Астананың бірнеше жеріне бүгінде жаңажылдық шыршалар орнатылды. Республиканың басты шыршасы ЭКСПО кешеніне қойылатын болады.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика