ӘШІМЖАН АХМЕТОВ: ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ ТҰЛҒАСЫ

5 февраля 2020

Бұл күндері мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым және еліміздің жоғары білім саласының ұйымдастырушысы Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов 70 жасқа толар еді.

Алланың жазуымен, нағыз күші кемеліне толған кезде өмірден өтті, одан бері 8 жыл болыпты. Керемет, ғажайып адам жайлы достары мен әріптестері жазған естеліктерін ұсынамыз.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

                                                                                                   Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ…

Өмірден өтуде кезек жоқ. Ол өкінішті. Әсіресе, жасына жетпей жақсылар кетіп жатса…Әшімжан Ахметов-сол жақсылардың бірі еді.

Әдетте біреу о дүниелік болып жатса,сырттай болсын, жиынында болсын: «Жақсы адам еді, әлі жүре тұрғанда берері мол еді…» деген сияқты сүйеу сөздер айтылып жатады. Әшімжан туралы олай атуға болмайды. Әшімжанмен Парламентте әріптес болдық, отбасын таныдық, жасаған еңбектерін көрдік, сондықтан Әшімжан туралы жай айта салуға хақымыз бар.

Ол ерекше жаратылған жан еді. Ешкімге ұқсамайтын. Ылғи асығыс, бір шаруасын үлгере алмай жатқандай болып жүретін. Барған жерінде жұмысты тез-ақ үйлестіріп тастайтын. Алматы мен Астанада болса да, Ақтауға барса да, Өскеменде де, туған өлкесі Таразда да, қайда барса да артында үлкен із қалдырады.

Әшекең бауырымен екі сайланымда да бірге болып жұмыс істедік. Әңгіме оның депутаттығында емес, немесе ғылыми атағында емес. Оның адамгершілік қасиеттерінеде болып отыр.

Кейін мен зейнеткерлікке кетсем де ол сол баяғы сыйластық қатынасын ешбір үзген емес. Тіптен сонау Маңғыстауға қызмет бабымен ауысып кеткеннің өзінде Дина келінімзге мені, Қаратай Тұрысовтың үйіндегі Әскергүл жеңгесін, Венера деген тағы бір араласып жүрген достарымыз бар-барлығымызды Маңғыстауға ертіп әкелуді тапсырып, жаны қалмай өзі де күтіп алып жүретін. Жаңа жердегі істеген, тындырған істеріне риза болдым. Менімен маңғыстаулық жерлестерімнің кездесуін өткізді. Сонда байқағаным, ондағы ел Әшімжанды, Әшімжан ондағы халықты бөтенсімепті, қоян-қолтық араласып, сіңісіп кетіпті. Соған қатты риза болып қайттым. Бұл екенің бірінің қолынан келе бермейді. Оның аяқ астынан өмірден өтіп кетуі қабырғамызды қайыстырып ақ кетті.

Әшімжанның әсіресе балажандығы таң қалдыратын. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді, олардың түрлі жанұялық той, бас қосуларында болып жүрмін, сонда Әшімжанның балаларына ғана емес, үлкен ұлы Бақытжаннан туған немерелеріне деген мейірімі өте ерекше еді.

Әшіжан Жамбыл-Әулиеата жерінің перзенті ғана емес, ол еліміздің батысында да, шығысында да қызмет істеп, елге, халыққа сүйкімді бола білді. Өйткені ол сол халықтың қамын жеумен жүретін. Оның елге жанашырлығы оның депутат кезіндегі жиындарда, бас қосуларда көтеріп жүрген ойлы сауалдарынан да байқалатын. Тіптен сонау бүйірде жатқан Маңғыстау халқы ерекше бір топ қой, сол ел Әшімжан кеткенде жылап-еңіреп қалды. Әлі күнге сол елдегі жергілікті адамдармен хабарласып тұрамын. Кезінде Маңғыстау облысы бойынша жастар газетінің тілшісі болып та істеген кезім болған. Сол кездегі тынысқан жастар бар, үлкендер бар, солар күні бүгінге дейін Әшімжан жөнінде еске алып отырады. Халықтың махаббатын арқалап батысқа да, шығысқа да барып үлкен кішінің ілтипатына бөлену екенің бірінің қолынан келе бермейді.

Келесі бір барған сапарым Әшімжанның 55 жасқа толу мерейтойы болатын. Бұл 2005 жылдың 23 ақпаны. Мен оған мынадай өлең жолдарын арнадым.

Әшімжан бауырымның туған күніне:

Кезің жоқ мені өзіңе жат санаған,

Жаның пәк, аумайсың бір жас баладан.

Ішінде адайлардың жалғызсырап,

Жүр ме деп келіп қалдық Астанадан.

Кей пенде байлық жиып,қорғаштады,

Құр жиған байлықтың да болмас мәні.

Бақыты азаматтың байлық емес,

Байлығы-сүйген жары,жолдастары!

Бақыт сол-алғыс алса қалың елден,

Жақсылар ондай жанның жанына ерген.

Осының бәрі сенде бар,бауырым,

Бұл саған бір Алланың бағы берген.

Қазақтың саған тартса бар ұланы,

Еліміз бақыт нұрға малынады!

Елу бес-екі «5»қой-ел бағасы,

Жігіттей жиырмадағы жаның әлі.

Маңғыстау икелі ел ғой мағыналы,

Бұл жерде дертті жандар сауығады,

Киелі ел «ұлым»десін сені әрқашан,

Қолдасын пір Бекеттің әруағы!

Әшімжанның өзі істеген Тараз жері жақсы бір журнал шығарыпты. Мен мұны сол университеттегі азаматтардың көргендігі деп білемін. Әшімжан да сол оқу орнынан шықты, Ленинградта оқыды, қорғады, тағы да араға біраз жылдар салып туған университетіне оралды. Мен айтар едім, ондай азаматтарға университет атын берсе де аздық етпейді.

Тараз талай ғасырлық тарихы бар көне қаламыз ғой біздің. Бұл елден арғы тарихты айтпағанның өінде Бауыржандар, Шерхандар тәріздес талай азаматтар шыққан мекен. Облыс басшылары бар, басқалар бар, Әшімжанды қалай ұлықтаса да лайықты тұлға, «әй, бұл неге бұлай?» деп ешкім де айта алмайды деп ойлаймын. Мектеп атын беру керек пе, мұражай ашу керек пе, одан біздің кедейленіп кетпейтіндігіміз белгілі.

Әшімжанның жолдастарына, достарына, көзін көрген көпке рахмет. Ол кетті екен деп айналып кетпей, үлкен істерді қолға алып жатыр. Сондықтан азаматтың бейнесі оны білетіндердің жүрегінде, санасында жүреді, істеген істері ешқашан өшпейді деп ойлаймын.

Әшімжанның келіншегі Дина да өз алдына жан-жақты, өнерлі, іскер, адамдармен араласып тұруға бейім бір жан. Икемді, мейірбанды жан. Бүлдіршін балаларды тәрбиелеуге, жетілдіруге бар өмірін арнап келе жатқан, қоғамда өзіндік қызметі, орны бар сіңлілдерімнің бірі. Отбасындағы екі ұл да жақсы азаматтар. Немерелер де бар шүкір. Енді Динаға солардың қызығын көруге жазғай, сол күндердің куәсі болғаймыз деген тілек айтамын. Жақсылықтарыңда, қызықтарыңда бірге бола берейік демекпін.

Ирак Елекеев

ҚР Парламенті Мәжілісі

I және IV шақырылымдарының депутаты

ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН АЗАМАТ

Әшекен жөнінде көп айтуға болады. Біздің таныстығымыз Мәжілістің бірінші шақырылымының депутаты ретінде сонау 1995 жылдан бастау алады.

Мен Әшекеңнің сауда және өндіріс министрлігінде орынбасарлық қызметте істегенін еске алып кейде «Сен саудагер болған екенсің ғой» деп қалжыңдаймын. Ондай ол кәдімгідей ренжіп, шамданып, келіспей қалатын:

-Мендегі қайдағы саудагерлік, мен өндірісте істеп өндірісті басқарғанмын-дейді.

Әшекең елге сыйлы азамат қой, біраз облыстарда жұмыс істеді. Мұнын бір дәлелі ретінде мынадай бір жайда еске алмай болмайды. Менің Маңғыстау өнерінде ұзақ жылдар қызмет істеген Тарас Мажитұлы Қасымов деген жақын ағам болатын. Дүниеден озғанына көп бола қойған жоқ. Сол айтып отыратын: «Қанша жыл осы Маңғыстау өңірінде қызмет істеп келеміз, университет тарихынан хабарсыз болдық, не істеп, не қойып жатқанынан ел де хабарсыз болды. Әшекең келіп университеттің жаңа өмірі басталды. Біз тәріздес осы өңірдің азаматтары жиі шақырылатын болдық. Менің өзім Әшекең келгесін ғана кафедра профессоры,университеттің құрметті профессоры болдым. Әшекең әп дегеннен оқу орнының елмен, халықпен қатынасып ерекше жандандырып жіберді» деп әр уақытта айтып отыратын.

Екінші жағынан менің анам осы Тараз қаласында жатыр. Кезінде үлкен баласының қолында болған. Біреудің жағдайы бар, біреудің жағдайы жоқ, уақыт өтіңкіреп, басы қарайтылмай қалған болатын. Әңгіме сол бір бітпеген шаруа жайы сөз бола қалса керек, Әшекең мен әрі ағасындай болып кеткен Лесхан шын ниеттерін білдіріп, жігіттеріне тапсырма беріп, шешемнің басын көтеріп ақ тастаған болатын. Мұндай адамгершілікті, мұндай биік адамилықты, мұндай үлкен жүректілікті қалай ұмытуға болады? Бұл өмір бойы ұмытылмайтын қасиет, өмір бойы алғыспен еске алатын қасиет.

Әшекеңнің кіші ұлы Ғалымжан менде кеңесші болып қызмет істеді, өз ұлымыздай болып кеткен. Сол ұлымыз мемлекеттік қызмет академиясына оқуға түсерде Әшекең «Өзіңіздің балаңыз ғой не істесеңіз де» деп маған аманат болған. Ғалымжан баламыз академияға оқуға түсіп, ол да орнын тапқандай болды.

Кейінгі бір жылдары жолымыз түсіп Санкт-Петербург қаласына бардық. Ол кезде Парламентаралық ассамблея жұмыстарымен жиі-жиі баратынбыз. Біз барғанымызда Әшекең өзі оқып кеткен оқу орнына барып келуге ұсыныс жасады. Сонда осындағы «Құрмет тақтасында» ілулі тұрған Әшекеңнің суретін көріп қатты риза болғаным да бар еді. Өзіміздің қазақ жігіттерінің қай жерде де лайықты жүргендігі үшін мақтаныш сезімі пайда болған болатын.

Әшекең бір емес екі рет біздің кәсіпқой Парламентімізде депутат болып, табиғи қорларды пайдалану Комитетін басқарды, яғни төрағасы болды. Ұмытпасам, 1996 жыл болу керек, біздер үлкен делегация құрамында Англияға бардық. Делегацияны марқүм ағамыз Қаратай Тұрысов басқарып барды. Сол кезде бізде салық заңына бірінші рет өзгерістер енгізілді. Қазақстандағы шет елдік компаниялардың, ел алдымен мұнай компанияларының салық төлеуін реттеу жұмыстарында Әшекеңнің зор үлесі болған еді.

Кейінгі бір кездескенде Қаратай ағамыз «Сен бізге Атырауыңды қашан көрсетесің?» дегені. Содан оның да сәті түсіп бәріміз жиналып, арамызда Мәжіліс Төрағасы марқұм Марат Оспанов та бар Атырауға келдік. Осы сапар Әшекең екеуіміздің түнімен отырып, бір емен жарқын әңгімелескеніміз бар тұғын.

Әшекеңмен соңғы кездесуіміз Алматыда, бір жолдасымыздың тойында болған болатын. Әшекең кешігіп келді. Самолеттен жай түскен болар деп қоя салдық. Кезінде мән беріңкіремеппіз. Барлығын да енді қайта ой елегінен өткізіп жатырмыз. Әшекең сол кезде-ақ денсаулығы болмай, теңселіңкіреп келген екен-ау. Барлығымыз тілек айтуға шыққанда арамызда Әшекең болмады, тысқа сыртқа шығып кетіпті. Аяғы міне, осындай ауыр қазаға әкелді. Арамыздан осындай азаматтардың ерте кеткені өкінішті.

Мына тірліккктерің өте дұрыс болды, естелік фильм түсіріп жатырсыздар, кітап шығарғалы жатырсыздар… Бәрі оңынан болғай! Әшекеңдей азамат біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады!

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ

Тарих ғылымдарының докторы, академик

АЙТУЛЫ АЗАМАТ ЕДІ…

Мен Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовпен 1994 жылы наурыз айының басында Қазақстан Республикасының 13-ші шақырылымының депутаты болып келгенде таныстым. Біріміз ойдан біріміз қырдан дегендей ол Жамбыл өңірінен, мен Маңғыстау облысынан сайланғанбыз.

Жоғарғы Кеңес жұмысы кәсіби болғандықтан депутаттар сала-сала бойынша Комитеттерге бөлініп қызмет атқаратын болдық. Менде, Әшімжанда білім саласынан келгендіктен, ұлағатты ұстаз, ірі ғалым, академик Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлы басқаратын Комитетке бардық.

Өмірбек ағамыз Комитеттің алғашқы отырысында-ақ әрқайсымызға бағыт-бағдар балгілеп берді. Асыққанымыздың аптығымызды басып, шабандауымызды қамшылап дегендей бірқалыпты еңбек етуге жол сілтеді.

Бірнеше рет депутат болған, Мәскеуде білім алған, академик деген дәрежесі бар, қазақтың тұңғыш университетінің жаңа ғимаратын салған, Қазақстан тәуелсіздігінің, тек Қазақстанда емес, бүкіл Кеңестер Одағында еркендікке қозғау салған Желтоқсан оқиғасында бастамашы ретінде көзге түскен университет ректоры ретінде қуғын көрген, түптің-түбінде ақталып арын таза ұстаған Азаматқа бұл қиынға соққан жок. Себебі Өмекеңді тек біз емес, бүкіл қазақ халқы сыйлайтын еді. Сондықтан да болар, басқа комитеттерде айқай-шу, дау-жанжал, қызыл кеңірдек айтыс болып жатқанда, біздің комитетте салиқалы отырыстар өткізіліп, заңнама жұмыстары бірқалыпты атқарылып жатты.

Ия, бұл кезең Қазақстан халқы үшін де оңай болған жоқ. Кеңестік кезеңде үрдіс алған байланыстар үзіліп, дүкен сөрелері қаңырап, ішерге ас, киерге киім тапшылығы белең алғанда, елдің бәрі жапа-тармағай ала қап арқалап кетті. Техника пайдаланатын жанар-жағар май, азық-түлік үшін өрістегі малмен айырбас жүріп, оны да азайтуға шақ қалдық. Халықтың наразылығы туындап, олар өздері сайлап жіберген қалаулыларына өкпе-реніштері мойлап, Үкіметке деген сенімі азайып, әр жерден дүмпулер шығып жатты.

Осыны желеулеп біраз депутаттар күнделікті отырыстарда сабырлы жұмыс істеу орнына айқай-сүреңге айналдыратын. Бұл бір жағы сөзін сөйлеген болып халыққа жағыну болса , екінші жағы «Отқа май тамызу» тәсілі болатын. Қазекем «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп айтқандай, айқай-шу жүрген жерде береке болушы ма еді? Ақыры әртүрлі себептермен бір жылда тарадық. Енді ғана үйренісіп, жұмыла жүк көтеруге бейімделіп, отбасымызды көшіріп келуге дайындалып жүргенде осындай оқиғаға тап болдық. Олжамыз бір жылда 7-8 заң қабылдап, ондаған заңдарға түзету енгіздік. Әрине бұл аз еді. Ал ең үлкен олжамыз Елбасының сарабдал саясатының бірі астананы Ақмолаға көшіру жөнінде шешім қабылдадық. Депутаттар кімнің-кім екенін енді білісіп, сыр алалысып жатқанда өз жөнімізге кетуге тура келді. «Қудай салды біз көндіктің» кебін кидік. Сүйтіп аз күнде ағайындай болып кеткен Әшімжанмен коштасуға тура келді. Естіп жаттым, қылшылдаған қырық жастың төрт-бесеуіне келген Әшекең «Өткір кездік қын түбінде жатпайды»дегендей Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары болып қызмет істеп жатыр екен. Тағдыр адамды адаммен тоғысырам десе қиын емес екен. Тура бір жылдан кейін Әшекеңмен «Қара шаңырақ» Парламентте бас қостық.

Міне осы кезіңде кімнің кім екені белгілі бола бастады.Мен Сенат депутаты, Әшімжан Мәжіліс депутаты ретінде Палаталардың отырыстарында Комитет төрағалары болып сайланып,қызметке кірістік.

Палаталарымыз бөлек болғанымен «илейтініміз бір терінің пұшпағы» ретінде және Палаталардың бірлескен отырыстарында Заң баптары бойынша қызу тартыстар жүріп жататын. Осы реттерде Әшімжан білімнің іргетасын Санкт-Петербургта қалағанын байқатып, ылғи да белсенділік көрсетіп, ұтымды пікірлер айтатын. Өз ұсыныстарын қайтпас қайсарлықпен өткізіп жататын.

Парламент құрудағы тәжиребенің аздығының орнын толтыру үшін шетелдерге шыққанда да жоғарғы мәдениеттің үлгісін көрсетіп, алғырлық танытып, шетелдік әріптестермен тез арада тіл табысты.

Осындай қым-қуат тірлік атқарып жүріп, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалушы едік. Оның үстіне біздің маңдайымызға астананы Алматыдан Ақмолға көшіру миссиясыда жазылды. Сүйтіп, 1997 жылдың желтоқсан айының 8-ші жұлдызында Ақмолаға келіп түстік. Әсем Алматының қоңыржай ауа райынан соң Ақмоланың бет қаратпас суығына шыдау оңай болған жоқ. Оны айтасыз, қаланың белуардан жерге кірген үйлерінің түрі көзге қораш көрінетін. Оған қоса жатқан қонақ үйіміздің салқындығын айтсаңызшы…

Осындай бір күні Әшімжан маған: «Өм-аға, қалай жаурап жүрген жоқсыз ба? Сәл шыдаңыз, әлі-ақ үйреніп кетесіз. Елбасының бұл саясатының түп-төркінін түсінетін жанның бірісіз ғой, бес-алты жылда бәрі де өзгереді»-деп інілік қамқорлық жасап, салиқалы ой тастаған еді. Осы орайда Елбасының көрегенділігі арқасында ел ордасын қазақ жерінің бел ортасына көшіру солтүстік көршілеріміздің желбуаз саясаткерлерінің аузына құм құйды. Астанамыз адам танымастай өзгерді. Көк тіреген зәулім үйлер бой түзеп, жақын-алыс көршілер таң қалатын жағдай туды. Жалпы Әшімжан ғана емес, көпшілігіміз осылай боларына сенгенбіз.Президент Нұрсұлтан Назарбаев реформаларының стратегиясы

Парламент қабырғасында барынша қолдау тауып, құқықтық базамен Заң жүзінде қамтамасыз етілді.

Парламенттің бірінші сайланымы Қазақстанда нарықтық экономиканы және жаңа әлеуметтік қатынастарды қалыптастыру үшін қажет бес жүзге жуық заңдарды қабылдап, оларға мемлекет Басшысы қол қойды.

Депутаттық мерзіміміз біткен соңда Әшімжанмен тағы да қоянқолтық жұмыс істеу жағдайды туды. Ғылым докторы, профессор, Қазақтан Республикасы инженерлік академиясының академигі Әшімжан Сүлейменұлы Білім және ғылым министрінің орынбасары қызметін атқарды.

Ал мен болсам Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті болдым. Әшімжан бұл қызметке де бел шеше кірісіп, біздің білім ошақтарын Дүниежүзілік қауымдастығына қосу, білімге ұлттық мазмұн беру, жаңа оқулықтар жазып дайындау, білім стандарттарын, пән бағдарламаларын жасау істеріне елеулі үлес қосты.

Тағдырды қойсаңызшы. Бір жарым жылдан соң Әшімжан менің туған өлкем Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университеттің ректоры болып тағайындалды. Бұл істе де ол тек білімдер ұстаз ғана емес, сонымен қатар ұйымдастыру қабілеті мол басшы екенін көрсете білді. Аз уақыт ішінде жоғарғы оқу орнының материалдық-техникалық базасын арттырып, мульти-медия жабдықтары түзіліп, электронды оқу жүйелері енгізілді. Әшімжан тек қана университет ісімен ғана айналысып қоймай, өңірдің қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысты. Облыс тұрғындарының төл баласындай болып кетті.

Арада бес жыл өткенде артында өшпес із қалдырып, енді батыстан шығысқа бірақ тартып, сондағы университеттің ректоры болды. Ол жақта да оқу орнына жағымды жаналықтар енгізіп, жақсы сөздер естіліп жатты. Жалпы Әшімжан қай жерде жүрсе де сол жердің басшысы ғана емес, түбегейіл жаңалықшысы, жаңартушысы болып жүргеніне де көзіміз жетті. Осындай игі қасиеттерінің арқасында Елбасының да қашанда назарында болып, қай жерді түзеу керек болса сол жерден табылатын байқалды. Әшімжан енді Мемлекеттік қызметті басқару академиясына ректор болып, жоғары лауазымды орындарға жауапты басшылар дайындауға кірісті. Бұл жұмысы да жемісті болып, ел аузына ілікті.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын кездесіп қалып, Әшімжанды туған өлкесіндегі Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы университет ректоры болып тағайындалуымен құттықтадым. Қашанда ақжарқын қалпымен рахметін айтып, «Е, Өм-аға, жас келген соң туған топырақ тартады екен, осы өтінішімді Елбасыға айтып едім, рахмет, қабыл алды. Енді бар білім мен тәжірибемді жерлес жеткіншіктерге арнасам деген ойдамын» деп айтып еді.

Ия, «айтып еді» деп өткен шақпен жазып отырғанымыз Әшімжандай асыл азамат былтыр 63-ке қараған жасында ойда жоқта осы қызметте жүріп, дүниеден озды. Абай хакім: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп айтқанындай, артында тәрбиелеген мың сан жеткіншектер қалдырған Әшімжан секілді азаматтарды да өлді деуге болмайтын шығар. Себебі олардың әрқайсысы тәуелсіз еліміздің туын ұстар болшағы емес пе? «Ғалымның хаты өлмес» деген осы да…

Жалпы ер азаматтың биік белестерден өтіп,еліне елеулі қызмет істеуі жанындағы жарына да байланысты ғой. Бұл жөнінен Әшімжан олжалы болған. Жан жары Дина келін өте сарапдал адам. Әшімжанның түтінін түзу шығарумен қатар, «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырып, балалар бағының меңгерушісі ретінде жүздеген балалар тәрбиелеп келеді. Сонымен бірге Әшімжанды есте қалдыру жөнінде елеулі істер атқаруда.

«Орнында бар оңалар» дегендей Әшімжанның ұлдары да әке атына кір кілтірмес үшін әр салада қызмет атқарып жүр.

Бәрін айтта бірін айт дегендей қазақ «жылқыда да жылқы бар, қазан аты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деп Әшімжан еліміздің егемендігін арттыруда елеулі үлес қосқан айтылу Азамат еді.

Қимас көңілмен еске ала отырып, алдың жарық болып, пейіште нұрың шалқысын! Жалған дүниеде жүрген кезде Сені біз естен шығармаймыз.

Мәңгілік кім бар дейсіз?

newsroom.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика