Арыстағы жағдай – бақылауда

26 июня 2019

Арыс қалының іргесіндегі әскери бөлімнің оқ-дәрі сақтайтын қоймасы өртеніп, бейбіт елдің берекесін ұрлаған жарылыс болды. Оңтүстіктегі ағайынның амандығын тілеп, оқыс оқиғаға қабырғасы қайыспаған жан қалмады десек, жаңсақ айтқанымыз емес. Төбелерінен зымыран зуылдап, үрейі ұшқан халықты эвакуациялауға күштік құрылымдармен қатар, астында көлігі бар белсенді азаматтар да атсалысқан. Қарағандыдан арыс қаласына 10 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді. Көмекке азық-түлік, киім, бірінші қажеттілік заттары кіреді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне, Қорғаныс министрлігіне және Түркістан облысы әкімдігіне жарылыстың зардаптарын жою бағытында шұғыл шараларды қабылдауды тапсырды. Қазір арнайы комиссия құрылып, апаттың себеп-салдарын зерттеуде. Мемлекет басшысы жағдайды толық бағамдау үшін Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбекпен және құзырлы органдардың басшыларымен бірге оқиға орнына барды.

Жарылыстың алғашқы дүмпуі естілген сәтте бас амандығын ойлаған жұрт қаланы тастап шықты. Аласапыранда ата-анасынан көз жазып қалған сәбилердің бір парасын бейтаныс жандар өздерімен бірге ала кетіп, Шымкент қаласындағы орталық мешітке орналастырған екен. Үйжайын тастап, жан сауғалаған жандардың да дені осы жерді паналапты. Оларға жергілікті тұрғындар қолдан келгенше материалдық және моральдық қолдау көрсетуде.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, жарылыстан зардап шеккен 31 адам медициналық мекемелерге орналастырылған. Зардап шеккендердің бесеуі – балалар, оларға медициналық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, көлігіне снаряд түскен бір адам қаза тапқан.

Қазір қалада апаттың салдарын жою тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бос тұрған үйлерді күзету шаралары жүргізілуде.

Айта кетейік, Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан кейін облыстарда «жедел желілер» ашылды. Қарағанды облысы бойынша 8 (7212) 43-00-54 нөмірлі «жедел желі» тұрғындарға ақпараттық және психологиялық көмек көрсетуде.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.
Ortayq.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика