Әруақ па, әлде басқа ма?

28 августа 2017

Бұл, шынында да, болған оқиға. Жетпіс жыл өмір сүрген кеңестік жүйе құлап, ел іші мойынға түскен ауыртпашылықтан қиналып жүрген кез еді. Ауыл жастарының көбі жұмыссыз. Күнкөріс қамымен кейбіреулері қала асып кетсе, енді бірі елде. Бұрынғыдай колхоз-совхоздың жұмысы жоқ, қолы босап қалған жігіттердің дені ауылымыздың соңғы көшесіне жиналып, кешқұрым әңгіме-дүкен құрады. Ел ішінде не көп – әңгіме көп, ойдағы-қырдағыны айтып тауысқанша кеш батып та қалады. Күнде осылай болмаса да, күнара жастар жиылып, шер тарқатысады.


Бір күні кешқұрым қызу әңгімеге кіріскенде, бұлардың жанынан басынан аяғына дейін аппақ киінген орта бойлы кісі үн-түнсіз өтіп бара жатады. Алғашында жігіттер оған мән бермей, әрі қызық әңгіменің шырқын бұзғылары келмей оған мән бермейді. Кейбіреулер «біздің осында отырғанымызды білетін біреу әдейі қорқытқалы шыққан ғой» деп те ойлайды. Әйтсе де ақ киімді кісі олардың көз алдынан жоғала қоймайды. Осы кезде жігіттер, шынында да, дегбірсіздене бастайды. «Бұл кім болды екен? Апақ-сапақта неғылған адам?» деп, артынан «Әй, кімсің? Тоқта!» деп айқайлайды. Ақ киімді кісі не тоқтамайды, не дыбыс бермейді…
Бір кезде сол жердегі бес-алты жігіт оны қызық көріп, соңынан қуа жөнеледі. Әлгі адам алдарында әудем жерде кетіп бара жатыр, ал жігіттер қанша жүгірсе де жетер емес. Ол тіпті бірқалыпты жүріп бара жатқан секілді. Жігіттердің бірінде қолшам бар екен, сонысының жарығын түсіріп, соңынан қалмай келеді. Бір уақытта әлгі адам елсіз жаққа, қорым тұсына қарай жүреді. Соңынан қалмай біраз қуалаған жігіттер әлгі адам зиратқа жақындағанда қорқып, амалсыздан кері қайтыпты. Әрі қарай жүруге ешкімнің жүрегі дауаламапты.
Осы оқиға ауылда біраз күнге дейін дуылдап, екпіні басылмады. Қызу әңгімеге арқау болды. Мен де мұны ести сала оқиға ортасында болған жігіттерге жолығып, анық-қанығын сұрап білдім. Олар, шынында да, оның не адам, не басқа екеніне көз жеткізе алмапты. Жақын тұста, шамамен 20-25 қадам жерде кетіп бара жатқан адамға барын салып жүгірсе де жете алмағандары таңғалдырғанын айтты. Сонда ол кім болды екен? Жын-сайтан ба, жоқ әлде фәниден бақиға көшкен адамның аруағы ма? Елес дейін десек, бес-алты адамға ол бірдей елестемейді ғой.

Пана РАХЫМБЕРДІҰЛЫ
Ойық ауылы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика