Арман ҚАНИ. АЙМАУЫТОВТЫҢ ІЗІМЕН

4 Маусым 2017

Жүсіпбек АймауытовПатшалық-кеңестік империя кезеңінде Қазақстанның ондаған ұлттар мен ұлыстардың каторгасына айналып, Ресейдің халықтар түрмесі болғаны белгілі. Кеңестік қуғын-сүргін жылдары қазақтың небір аса көрнекті саяси қайраткерлері мен озық ойлы зиялылары Мәскеудің өзінде, я Сібір мен Магадан өлкелерінде түрлі жағдайда көз жұмды. Жүсіпбек Аймауытов (1889-1930), Смағұл Сәдуақасов (1900-1933), Әлихан Бөкейханов (1874-1937), Нығмет Нұрмақов (1895-1937), Нәзір Төреқұлов (1892-1937) , Сұлтанбек Қожанов (1894-1938), Тұрар Рысқұлов (1894-1938), Мағжан Жұмабаев (1893-1938), Сәкен Сейфуллин (1894-1938) туған жерлерінен жырақта, Ресей жерлерінде мәңгілік тыншу тапты. Кейбірінің мәйіттері Мәскеудің Дон зиратында өртенді, біреулері Ваганьков қорымында көмілді, кейбірінің мүрделері Колыма өңіріндегі мыңжылдық тоң астында қалды. Тек, 2011 жылы Смағұлдың мәйіт күлі салынған құты Мәскеуден Қазақстан¬ға жеткізілді. Сәкен мен Мағжанның қабірлері Магаданнан әлі іздестірілуде.
Ал біздің әйгілі жерлесіміз, саяси және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, драматург, аудармашы, журналист, педагог Жүсіпбек Аймауытовтың жерленген жері жайындағы дерек кеңестік кезеңде жұртшылықтан құпия сақталған. Аса қуатты дарын иесінің қаламынан туған «Қартқожа», «Күнекейдің жазығы», «Ақбілек» тәрізді шығармалар мен публицистикалық туындылар, В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой туындыларының аудармалары қазақ әдебиетінің інжу-маржандары іспеттес екенін оның өзімен деңгейлес классиктер ғана түйсіне алды. Сондай-ақ, Алаш қайраткерінің 1930 жылғы 21 сәуірде Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылып, Ваганьков зиратына жерленгенін жұртшылық бертін ғана білді. Ж. Аймауытовпен бірге Ахметсапа Жүсіпов пен Дінмұхамед Әділовтың 1928-1929 жылдары «контреволюциялық ұйымға мүше болды және кеңеске қарсы үгіт жүргіз¬ді» деген айып бойынша ату жазасына кесілгенін 2011 жылы сыртқы істер министрлігі қызметкері Серікқали Бәйменше анықтап жария еткен.
Кейін зертеушілердің талмай ізденуі нәтижесінде Жүсіпбек Аймауытовтың орыстың сұлу қызы Вера Николаевна Волковаға үйленіп, одан Бектұр (құжат бойынша – Аймауытов Виктор Юрьевич) мен Жанақ (құжат бойынша – Аймауытов Евгений Юрьевич) есімді екі ұл көргені анықталған. Вера Николаевна дүниеден өткен соң жазушы Евгения Кириловнаға үйленіп, одан Муза туыпты. Аймауытовтың ақталуына сол зайыбы айрықша еңбек сіңірген көрінеді. Алайда сол ақжарылқап күнге дейін Жүсіпбектің әулеті қорлық пен зорлық-зомбылықтың талайын көріпті. Бектұр 1937 жылы «Алашорданың баласы» деген айыптау бойынша 10 жылға бас бостандығынан айрылған, одан кейін де ұзақ жылдар бойы қудалауға ұшыраған. Қалған ұрпақтары да Қазақстанға келуге жүректері дауаламай, Ресей елінде үрейлі ғұмыр кешкен.
Солай десек те, Аймауытовтың өлімінің өзі қазіргі ақын-жазушылардың бойында өшпес рух отын тұтатқаны анық. Ертістің Кереку өңірінде ұлттық мәдениеттің дамуына ерекше үлес қосқан бір қайраткерге арнаған «Үйлесім» атты өлеңімде мен:
«Көкөзек, қанды айбалта, тұлпар Құлагер
Тұрғанмен есте,
Тар жолда бағын сынар ер!
Аймауытовтан айрылған айбоз өлкеде
Айбарлы рухқа екеуміз енді мұрагер!» – деп
жырлағанымның себебі осы еді.
БиылЖ. Аймауытовтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Павлодар мұрағатшылары Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің орталық архивіне сұрау салып, жерлес жазушының мәйіті Ваганьков қорымы аумағындағы жалпы зиратқа қойылғанын негіздейтін ресми жауап алды. Сол құжат маусым айының 23-і күні мұрағатшылардың қолына тиісімен облыс басшылығы Жүсіпбектің ұрпақтары мен шығармашыл зиялылар өкілдерінен делегация құрып, Мәскеуге арнайы іс-сапар ұйымдастыру мәселесін күн тәртібіне қойды. Осылайша, Жүсіпбек Аймауытов атылған кезден 84 жыл өткеннен кейін, 2014 жылдың 5 қыркүйегінде оның мәйітін іздеушілер тобы сапарға шықты.
Павлодар облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Айнұр Сәрсенбаева жетекшілік еткен, құрамында Г.Н.Потанин атындағы Павлодар тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Нұрахметова, жазушы, журналист, аймауытовтанушы әрі Аймауытовтың аталас ұрпағы Сайлау Байбосын, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Арман Қани және облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің фототілшісі Валерий Бугаев бар павлодарлық делегация алдымен Астанаға жетіп, сол қаладан аэробусбен Мәскеудің Шереметьев әуежайына ұшып келді де, іле Ваганьков қорымына бет түзеді. Алматыдан Жүсіпбек Аймауытовтың немересі Римма Аймауытова да Мәскеуге ұшып жетті.
Ваганьков қорымы жайында білгеніміз, қабірстан ресми 1771 жылы ашылыпты. Содан бері 500 мыңнан астам адам жерленген делінеді. Қазіргі кезде 100 мыңнан аса қабір сақталыныпты. Қабірстан көлемі мен пішіні әркелкі 60 учаскеден тұрады екен. Негізінен мұнда Мәскеу зиялылары мен көрнекті тұлғаларды жерлеу дәстүрге айналған. Кеңестік жаппай жазалау жылдарында ату жазасына кесілген тұтқындардың мүрделері көміліп, басына нөмірленген тақтайша орнатылған немесе өртеліп күлі қалдырылған. 1941 жылы Мәскеуге неміс әскерлерінің басып кіру қаупі туғанда көрнекті адамдардың қабірлерін жауға қорлатпау мақсатында көптеген белгітастар, жазулар және оларға қатысты құжаттар жойылып жіберіліпті. Соғыстан кейін бұлардың бір бөлігін қайта қалпына келтіру мүмкін болмай қалған. Қабірстанда бірнеше бауырластар зираты орнасласқан көрінеді. Жүсіпбек Аймауытовтың және онымен бірге өлім жазасына кесілген саяси қайраткерлердің мәйіттері сол зираттардың дәл қайсында көмілгенін енді тап басып айту мүмкін емес екен. Оның үстіне ондаған мүрделер жатқан бауырластар зиратын қазып, бір адамның мәйітін тауып анықтау соншалық қиын іс болса, бауырластар зиратында тек бір адамға мүсін орнатуға заң жүзінде жол берілмейтін көрінеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірнеше зиратының тек қабірстанның кіре берісіндегі біреуінде ғана 1994 жылы жалпыға ортақ жалғыз монумент орнатылған. Жүсіпбек Аймауытовты еске алып, аруағына құрмет көрсетуге арналған жиын сол ескерткіштің жанында өтті.
Шараға Мәскеудегі «Мұрагер» қоғамдық ұйымы мен Қазақстан елшілігінің өкілдері, Ресей мұсылмандары мүфтиятының Мәскеу қаласындағы қазақ диаспорасының молласы, қабырстан қызметшілері, қазақстандық телеарналар тілшілері де қатысты. Делегация атынан Сайлау Байбосын мен Римма Аймауытова сөйлеп, Баянауыл ауданының Жосалы ауылы маңындағы Жүсіпбектің атасы Дәндебайдың жұртынан және Алматы зиратындағы Жүсіпбектің ұлы Бектұрдың қабірінен алынған топырақты ескерткіш түбіне себездеп төкті. Ал қабырстан қызметкері сол жердің топырағын арнайы құтыға салып, Арман Қаниға табыс етті. Бұл топырақ Павлодарда Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театры алдында 19 қыркүйекте ашылатын Жүсіпбектің ескерткішінің түбіне салынатын болады.
Сайлау Байбосынның айтуына қарағанда, Жүсіпбектің аталары мен туыстары жерленген Дәндебай зираты күтімсіздік салдарынан мал тұяғының астында қалған. Енді зират қоршауын қайта көтеріп, сол жерге апаратын жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Сонымен бірге өзге де іс-шаралар жүзеге асырылғаны құба-құп екен.
Римма Аймауытованың айтуына қарағанда, әкесі Бектұр қуғын-сүргін зардабынан жүрегі әбден шайлығып қалғандықтан бертінге дейін өзгелерге де, өз балаларына да ұлтымыз татар деп айтып, шынайы ата-тегін жасырып келіпті. Римма Бектұрқызы (Викторовна) көзіне жас алып тұрып сөзін аяқтай келе осы сапарды ұйымдастырған Павлодар облысы басшылығына және іс-шараның сапалы әрі мағыналы өткізілуіне қолдау көрсеткен Қазақстан елшілігіне ризашылық сезімін білдірді.
Қаралы жиын соңында саяси қуғын-сүргін құрбандары монументіне және Ұлы Отан соғысы құрбандары монументіне гүл шоқтары қойылып, олардың және қабырстанда жерленген барша мұсылмандардың аруақтарына бағышталып құран оқылды. Бұдан соң делегация Қазақстан мен Орталық Азия коммунистік жастар интернационалының қайраткері Ғани Мұратбаевтың (1902-1925) қабірі басына, Ресейдің көрнекті тұлғалары: Сергей Есенин (1895-1925), Владимир Высоцкий (1938-1980), Влад Листьевтің (1956-1995) қабірлеріне барып, ескерткіштеріне құрмет көрсетті. Біздің Мәскеудегі екінші күніміз қала күні мейрамына дөп келді. Соның нәтижесінде мерекелік іс-шараларды тамашалау мүмкіндігіне ие болып, «Чистые пруды» гүлзарындағы Абай мүсінін, Арбаттағы Пушкин мен Наталья Гончарованың мүсіндерін көріп, ғажап әсерге бөлендік.
Сол күні түнде Мәскеудің Домодедов әуежайынан аспанға көтерілдік. Азаматтық міндетін абыроймен атқарған делегацияны Жүсіпбек Аймауытовты және өзге де ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген киелі жердің көк түтіні көлбеңдеген мамыражай аспаны күтіп тұрғанын жан-тәнімізбен сезіндік.

Арман ҚАНИ,
Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика