Әркімнің өз Тұманбайы бар

23 марта 2016

Тұманбай МолдағалиевӘркімнің өз Тұманбайы бар Қырғыз халық жыры “Жiгiт өлмес болсашы, жiбек тозбас болсашы” дейдi. Дариға-ай… Ақын өлмес болсашы бұл дүниеде. Бiрақ қатал өмiрдiң қатiгез заңы бiздiң бүйiрiмiзден қабырғамызды бiтеу суырып алып, шындыққа көзi¬мiздi ашады. Тұмағаң жоқ. Өзi өмiр-бақи жырлап өткен Алматысының шығысында бiр төмпек болып жатқанына да бiрсыпыра уақыт өтiптi. Мынау ағыл-тегiл жаңбыр сол ақынды жоқтап тұрғандай әсер қалдырады. Жыласын. Арада талай жылдар, бәлкiм ғасырлар өтер, Тұмағаңдай ақын қазақта ендi тумайды, кейiнгiлер жете туар, кете туар, бәлкiм өте туар, қалай болғанда да Тұмағаң дара қалпында, жалғыз қалпында, мұңды қалпында, қорғансыз қалпында қала бермек.

«Құстар қайтқанда» Тұмағаңды еске алатын боламыз.
«Көктемдi қондырып қанатына, Құс қайтып оралды Алматыма» деп балаша қуанатын ақын қайта тiрiледi көктем сайын.
«Баратын талай тойым бар, Кiретiн талай үйiм бар» деп асығатын ақын жүрек қайта соға бастайды.

***

Туған қалаңызға (жә, бұл ұнамаса ауылыңызға) талай жыл бармай кетiп, арада көп уа¬қыт өткен соң қайта бiр соққан кезiңiз болды ма? «Ия» десеңiз, бiздiң бұл әңгiмемiз Сiзге түсiнiктi болмақ. Мұнда барлығы да Сiзге таныс – көшелер де, көршiлер де, бұрылыстар мен орамдар, жалғыз аяқ соқпақтар, ескi, жаңа ғимараттар, ауа да, су да… Көзге соншалықты ыстық, көңiлге соншалықты жақын, сөйте тұра Сiз өзiңiздi бiртүрлi жат iшiндегi жалғыздай сезiнесiз. Алғаш солай сезiнген сәт жүрегiңiз шым ете қалады… Ол ендi жазылмас дертке айналғанын Сiз әлi бiлмейсiз. Бала кезiңiзде оқыған өлеңдердi қайта парақтағанда адам өзiн жаңағы айтқан ескi қонысқа жаңа оралғандай күй кешерi анық. Бұл сезiм кезiнде Тұманбай Молдағалиевтiң “Қош, көктем” атты (Жазушы” баспасы, «Алматы, 1971 жыл) тұңғыш таңдамалысын оқып өскендерге жақсы таныс болуға тиiс.
Ол жинақты оқығанда шынайы Тұманбай, шыншыл Тұманбай, баладай аңқау, сәбидей адал Тұманбаймен қауышар едiңiз. Тұманбай туралы бұрын-соңды жазылған мақала авторларының арасында оның “Қазбек”, “Ай да бүгiн аласарып” атты қарапа¬йым ғана өлеңдерiне тоқтамағандар кем. Pасында да, мұндай шынайы жырлар бiр оқығаннан кiмнiң де болса жүрегiнде мәңгi ұялап қалары сөзсiз едi. Ол өлеңге соғыстан оралмаған әкесiн жоқтап келдi, жесiр қалған шешесiн, жетiм өскен әпкесiн, зарықтырып көрген жалғыз ұлы Дәурен мен Күлтай жеңгемiздi жырлап келдi. Бiр қызығы, оқырман ол жырларды жетiм баланың жылаңқылығы-дағы деп емес, өз мұңындай қабылдады, өз қуанышындай шаттанды. Неге дегенде, Тұмағаң оқырманның көз жасын жалынып сұрап алатын жасандылықтан аулақ едi. Сонысымен қазақ даласын өзiне баурады. Оның сол кездегi бiр өлеңiнде өзi ғашық болған қызға досының да ғашық болғанын бiлiп (“мен сен үшiн махаббатымды өлтiрдiм,тiлi шықпай үнсiз жатқан күйiнде”) дейтiн “Сыр” атты өлеңi болды. Ең жақсы өлеңi деуге болмас, бiрақ ең шынайы жырларының бiрi едi. ”Сол қызға арнап жазатұғын жырыңды, Өзiң емес ылғи маған жазғыздың” дейдi өлең кейiп¬керi. «Сол қыз болды, жұлдыз болды әңгiмең. Соны тыңдап елтiп едiм, қалғып ем, Махаббат деп сөйлер едi жүрегiң, Жүрегiмдi жерге көме салдым мен». Осы өлеңде Тұмағаңның өзi бар. Досының көңiлiн қимайтын кө¬ңiлшек, ешкiмдi де ренжiткiсi келмей¬тiн адал, жұрттың бәрiне жақсылық тiлейтiн аңқау, күле қарағанның бәрiне жан сырын ақтара жөнелетiн сыршыл, болмаған, ешқашан болмайтын да алыс бiр нәрселердi армандайтын қиял¬шыл жiгiттiң бейнесi бар. Сол жылдары Алматыға Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген бозбалалардың қай қайсы да, бiр қызығы осы өлеңдi бiлетiн. Сырласа келе қай қайсымыз да сол өлеңдегi оқиғаны бастан кешкен боп шығатынбыз. Ақындар деген өзi әу бастан бақыты кем халық бол¬ғаны ма сонда, о тоба?!
М.Әуезовтың “Абай жолы” романында Абай қыстың күнi салбурында адасып жүрiп айдалада Тоғжанның үйiне тап келетiн көрiнiс бар емес пе едi? Тұмағаңның “Шығармадың әдет¬тегi салтпенен, Iшiлмедi қызыл деген, ақ деген, Мүмкiн ендi оралмаспын бұл жаққа. Мүмкiн әлi жолым түсiп көп келем. Немесе бiр жолаушылып жүргенде, Ақ боранды аяз қысқан түндерде, Мүмкiн сенiң тап келермiн үйiңе Алыстатар бiздi сонда бiр бөлме” деген өлеңi де сол жылдардағы ғашық жандардың сүйiктi өлеңi едi. Бәрi де таныс, бәрi де жүрекке жақын өлеңдер. Ол өзiнiң бiр өлеңiнде “арман ғып айтып менi де қызыға ма екен бiр бала” деп жазғаны бар. Бiр бала емес, мың бала қызықты. Мыңдаған жасөспiрiм¬дер Тұмағаңа ұқсап ғашық болды, сүйген қыздарына Тұмағаңның өлең¬дерiн өз аттарынан жолдады. Қазақ жастарының қанша буыны Тұмағаңның өлеңдерiмен тәрбиелендi. Бұдан былай да бiз ғашық боп өскен сол жырларды оқитын болса (солай болатынына сенгiмiз келедi) қазақ жаман болмасы анық
Ұлы Отан соғысы тақырыбына қа¬лам тартпаған ақын кемде-кем шығар, бiрақ сол алапат кезеңдегi ел тiрлiгiн, жетiмдер мен жесiрлер өмiрiн, кедей¬шi¬лiк пен жоқшылықты дәл Тұмағаңдай бере алғандары көп емес. Жесiрдiң жоқтауын, жетiм баланың зарын өз құлағыңмен естiгендей боласың. Бұл оның шығармашылығындағы ең биiк белестiң бiрi екенi даусыз. Оқып отырып көзiңнен ыстық жастың қалай ытып кеткенiн бiлмей қаласың. Бiрде бiр нашар өлең жоқ топтама деуге болады.
Соғыс. Ауыл. Жетiм бала. Бiр үйде абысынды-ажынды әйелдер. Қыс. Күн қақап тұр. Жетiм ұлдың жеңгесi буынып-түйiнiп кеткелi жатыр. Себебi күйеуiнен қара қағаз келген. Баланың басынан сипап “Кекiлдiм, сен маған ренжiме, кейiн түсiнесiң” дейдi (Қайран қазақтың келiндерi, өзi түскен шаңырағын тастап басқа ерге тұрмысқа шыққалы жиналып жатыр, сөйте тұра қайнысының атын тергеуден танбайды. Мұны тек бiздер,қазақтар ғана түсiне¬мiз). Жетiм бала тас түйiн, көзiнен жас шығар емес. Iштей “Өскен соң қайтсем де кек аламын” деп кiжiнедi. Кiм¬нен кек алады, не үшiн алады? Киноға дайын-ақ тұрған осындай көрiнiстер қазақтың қайсы ауылында да болды емес пе?!
“Екi ананың, екi әкенiң ұлымын” деген өлеңiнiң жөнi басқа. Түптiң түбiнде тарихта әр ақыннан екi-үш өлең ғана қалатын болса, мына өлеңнiң оза ша¬уып шығарына сенгiмiз келедi.
Ұлы Отан соғысына жауынгер болып қатысқандардың арасында Қасым, Сырбай, Тоқаш ағалардың жырлары қаншалықты қадырлi болса, тылдағы өмiрдiң анық суреттерiн Тұмағаң мен Өтежаннан табамыз десек артық айтқандық болар ма екен?
Ел басына сондай зұлмат күндер қайтып келмесе екен.

***

Ескi заманның ақындары Римдi “Aeterna urbs” (әтөрнө өрбiс), яки “мәңгi қала” деп дәрiптеген. Осы қалаға келген адам, әлбетте, алдыменен бiздiң қазақ Ұрым деп атайтұғын қағанаттың ескi тарихына қайта үңiлiп, Коллизей қирандысы, көне театрлар мен стадиондардың құландыларынан бастап, Помпей жанартауы, Неаполь, Флоренция, Милан, Верона, Венеция шаһарларын бiр-ақ аралап шыққысы келедi. Көлденең көк аттыға Италияның бүгiнiнен кешегiсi қызық екенi даусыз, әлбетте, ертеңi де қызық болатынына сенгiң келедi. Бақ пен дәулет Жерорта теңiзi елдерiнен кетiп, солтүстiкке қарай ауғанын iшiң бiлiп тұрса да сенгiң келедi. Өз басым Римге қашан барсам да жоғарыда ұшын шығарып қана қойған ұзын сонар тарихты да емес, оны айтасыз, сол Ұлы өр¬кениеттiң түбiне жеткен дала перзентi Едiл батырды да емес, қара айғырын азынатып әкелiп “мiне, нағыз сенатор!” дейтұғын Каллигулла қағанды да емес (бiрақ неткен даналық едi десеңiзшi!), Тұмағаңды ойлаймын. Римде менi Тұмағаңның өлеңдерi алып жүредi, Римде мен адаспаймын, жалғызсырамаймын да, себебi қасымда Тұмағаң болады. Бағана сөздiң басында айтқан бала кезден таныс әлемнiң iшiне қайта кiрiп кеткендей өзiмдi өте жақсы сезiнiп жүремiн. Жат жерде жүрсем де жатырқамаймын. Әрине, әлем әдебиетiнде Рим туралы, Италия ғажайыптары туралы талай тамаша туындылар бар. Оны қалың оқырман жақсы бiледi. Бiрақ солардың арасында мен үшiн Тұмағаңның “Қош, көктем” атты тұңғыш таңдамалысына енген “Жүрегiм менiң сапарда” атты тарауының орыны ерекше. “Жүрегiм менiң сапарда” жеке кiтап болып та шықты, бiрақ ол менiң қолыма түскен жоқ. Нақтырақ айтар болсам, осы кiтаптағы “Римдiк Антонийдiң он жыры” атты топтама тұтас бiр кiтаптың жүгiн көтерiп тұрғандай. Өмiр-бақи өлең жазып, өмiр-бақи том-том кi¬таптар шығарып, бiрақ осындай он өлең жаза алмай кеткен бақытсыз ақындар қаншама. Бұл топтамада кешегi жетiм болып өскен Тұманбайдың, бiр Тұманбайдың ғана емес, соғыстан соңғы тұтас ұрпақтың кескiн-келбетi бар. Бiр сөзбен түйiп айтсақ, “шырылдаған қызылшақа шындық” (Ө.Нұрғалиев) бар. Қазiр екiнiң бiрi батыр. Қазiр екiнiң бiрi ақын. Әй детiн әже, қой дейтiн қожа болмаған соң, ойымызға не келсе соны жазамыз және соның бәрiн өлең деп түсiнемiз, өзге¬лердiң де солай түсiнгенiн қалаймыз. “Екi елi ауызға төрт елi қақпақ” деген сөздiң неге айтылатынын әрбiр қалам ұстаған қазақ қатты түсiнген кездер болды десек, бұл кейiнгi жастарға ертегiдей естiлуi мүмкiн. Бас кесер мен тiл кесер екi босағада “саптыаяққа ас құйып сабынан қарауыл қарап тұрған” (М.Әуезов) заманда мынадай өлең жазу расында да батырлық болатын:
Бақыт iздеп Ромаға тарттым мен, Баласы едiм кең даланың ат мiнген. Балалықтан айырды ғой бұл қала, Айырды ғой қызығы мол шат күннен.
Өзiңе кеп тiрелдi ғой сөз басы, Бүгiн менi баяғыдай қозғашы. Адам жынды болар едi күлкiден, Сен болмасаң қасиеттi көз жасы.
Сiз осындағы Рома (Рим) қаласы дегендi Алматы деп қабылдаңыз, сонда Тұманбайды дұрыс түсiнесiз. Немесе:
Шараптан да шаршадым мен, Шал¬қысам деп iшiп ем. Көңiлiмнiң аңсауымен, Өткендi еске түсiрем…
Шылым тартпа дейсiң маған, Жақсы тiлек ол да аса. Оны қолға несiн алам, Егер мұңым болмаса.
Мұның кейiпкерiн де Римдегi “бұл өзi әлде шындық, әлде өтiрiк” (Е.Iбiта¬нов) Антонийдiң сөзi деп емес, Тұманбай деген ақын жiгiттiң ешкiмге көр¬сетпей жазып жүретiн өлеңдерiнiң бiрi деп, өзiнен басқа ешкiмге айпаған, айтуға қорыққан сыры деп ұққан мақұл.
Ал мына жолдарды оқысаңыз ше?
Аспаным түгел ашық емес менiң, Бұлт көшiп, естiмеймiн жел ескенiн, Альпiнiң құздарында қозы баққан, – аяғы жетiм күнiм елестедiң.
Осындағы Альпi тауларын өзiмiздiң Алатау, Асы жайлауы деп оқысаңыз, бала Тұманбай көз алдыңызға келiп тұра қалады емес пе?! Асылы, жақсы өлең деген қандай өлең? Бiреулер жас кезде жазған жырлар дейдi, ендi бiреулер қиналғанда не қуанғанда туған дүниелерiн айтады, ал мен жақсы өлеңдер деген жарияланбайтын (тiптi болмағанда әзiрше жарияланбайтын) жырлар деп ойлаймын. Жазғанның бәрi жарыққа шығуға тиiс деген қағида жоқ, жазғаның жарияланбасын деген заңның жоқтығы секiлдi… Тұмағаң iшiне симаған дертiн өлеңге түсiрiп жүрiп, бiр күнi “ендi өлеңiм Көкшенiң бойынан асып кеттi “(Абайдың Көк¬байға айтатын сөзi ) дейтұғын күн туғанда римдiк Антонийдi тапқан секiлдi. Және дұрыс тапқан, сәттi тапқан. Одан кейiн Тұмағаңда дәл осындай сәттi дүниелер көп болды ма, аз болды ма – ол басқа әңгiме.
Өкiнiшке орай, аталмыш топтамадағы көптеген жырлар оның 2002-жылы жарыққа шыққан таңдамалы туындыларының көп томдығына енбей қалды. Топтаманың аты да өзгерiп, “Римдiк Антонийдiң жырлары” боп шыға келiп, заты да солғын тартқан. Тумысында нәзiк көңiлдi ағамыз неден-дүр секемдендi, не осы өлеңдердi қай¬та бастырудың қажетi жоқ деп санады. Бәлкiм,баспа осылай шештi. Ол жағы маған беймәлiм. Мысалы топтаманың бел омыртқасы секiлдi:
“Қай көшемен жүрсе-дағы күнiне, Жылтылдаған көздi тартқан дүние. Өзiм аштан өлем-ау деп қорқамын, Кос¬тюм сатып әперер ем iнiме. Сол дүкендер шықты алдымнан тағы да, Арзан зат жоқ мына менiң бағыма. Өзiм аштан өлем-ау деп қорқамын, Жүзiк сатып әперер ем жарыма. Бар сыбағам басқа қолдан кете ме, Өз ауызыма қолым бiрде жете ме? Қарны ашып қала ма деп қорқамын, Бiр ойыншық алар едiм бөпеме. Күйiнемiн қанатқандай кеудемдi оқ, Әттең, дүние дәл көздейтiн мерген жоқ. Өз өзiнен түйiле¬дi жұдырығым, Көтеруге, көтеруге дәрмен жоқ” деп аяқталатын алғашқы өлең атымен жоқ.
Бұл Тұмағаңның студеттiк шағы туралы “Достарым, жылылықты сездiм қанша, Сағынам сендердi мен көз жұмғанша. Бiр костюм онымызға ортақ едi, Киюшi ек кезектесiп тоздырғанша” дейтұғын өлеңiмен астасып жат¬қан жоқ па?!
Сондай-ақ оқырман жақсы қабылдаған “Асханада” атты өлең де көп томдыққа енбей қалған: “Ән де бiттi, тарқаған той секiлдi, Бұрдым мен де әлгi әншiге бетiмдi. Қолына ол ақтабақты алды да, Ендi жұрттан ақша бер деп өтiндi. Кеттi менiң тұла бойым шымырлап, Бақытымды әкеткендей күн ұрлап. Жоқшылықтың жырын айтты ақырын, Күмiс ақша, жез ақшалар сыңғырлап”.
Бұл топтама бүгiнгi Алматының, тек Алматының ғана емес, жалпы қазақ қо¬ғамына нарықтың әкелген жанды суреттерi емес пе?!
Әдетте, Тұмағаңды махаббат ақы¬ны, көктем ақыны деп қабылдаймыз. Оның махаббат тақырыбына жазған талай өлеңдерi ауыздан-ауызға көшiп әлi күнге кеше жазылғандай тамаша әсерiн жоғалтпай келедi. Мысал ретiнде қазақ эстрадасының сүйiктi әндерiне айналған “Бақыт құшағын¬да”, “Екi жұлдыз”, “Жаздың түнi бар¬қыт едi әдемi”, “Бар ма маған ғашық адам бiр жерде”, “Алатау қызы”, “Кезде¬се¬мiз, жүздесемiз бiз дәйiм”, “Ақ шашты кейде атадан қорқам”, “Менiң туған күнiм ғой, қалғымайын”, “Ойнасын мейлi, менiмен тағдыр”, “Шақырады көктем” секiлдi өлеңдерiн айтсақ жет¬кi-лiктi. Бiрақ мен “Қош, көктем¬дегi” махаббат әуендерiн бәрiнен биiк қояр едiм.
Көп досымнан ерте көктедiм, Мүмкiн ерте солармын. Мен сенi ер¬келет¬педiм, Мүмкiн қатаң болармын. Көп досымнан ерте ояндым, Ертерек ұйықтап қалармын. Оған айып етпе, аяу¬лым, Мен жасқа толы жанармын.
Не бiр күндер бастан өттi, Жабықпасын көңiл ерте. Айдалаға тастап кеттi, Ата-анам өлiп ерте.
Тағы бiр мысал:
Мен үшiн бокал көтерме, Шарабың жерге төгiлер. Бұл өмiрден кетерде, Қалдырып маған, соны бер.
Мен зерiктiм бұл өмiрден, Алдамшы егер шаттық бар десең. Көкiрегiме күле кiрген, Бақытпысың, қайғымысың әлде сен, – деген өлеңдер шынайылығымен де, шындығымен де керемет баурайды. Маған осы күнге шейiн шын Тұманбай деген осы өлеңдердегi Тұманбай секiлдi көрiнедi де тұрады.
Ол кезде римдiк Антонийдiң мұңдары бiзге түсiнiксiздеу болатын. Бүгiн ше? Мынау Римнiң Тұмағаң жазған өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы көрiнiсi: “Ресторан. Әлдекiм¬дер жырлайды. Даяшылар жүгiруден тынбайды. Өлерiнi үш күн қалған қарт кiсi Жас бикештi шараппенен сыйлайды. Ақшаң болса, ақ шараптан және алғыз, Дегендей-ақ сұрланады балаң жүз. Темекiнiң көк түтiнiн көлбеген, Ауа орнына сiмiредi анау қыз. Қыздың неге көңiлi жарым, жүзi мұң, Жоғалтқан ба махаббатың жүзiгiн. Машинада екеу кетiп барады, Бiр-ақ түннiң бөлiсуге қызығын” .
Бұл не өзi? 1960-жылдардағы Рим бе, әлде 2000-жылдардағы Алматы мен Астананың көрiнiсi ме?
Тұмағаңның кiтаптары, иншалла, әлi талай жарық көрер, заманның қабағына бола өлеңге қиянат жасалмауға тиiс, сол кезде жоғалған, қиылған, қысқарған жырлар мен жолдар қалпына келерiне сенгiмiз келедi.
Өлеңге сатқындық жасалмасын.
Бiздiң әңгiмемiзге арқау бол¬ған “Қош, көктем” (“Жазушы” баспасы, Алматы 1971 жыл) атты тұңғыш таңдамалы жинағы екенiн тағы бiр ескерт¬кiмiз келедi. Әлбетте,одан кейiн Тұмағаң талай кiтап шығарды. Қазақта кiтабы ең көп ақындар көшiн Мұзафар Әлiмбаев пен Тұманбай Молдағалиев бастайды. Соңғы кiтаптары, жалпы соңғы отыз бес, қырық жылдағы шығармашылығы туралы өзгелер айтады деген үмiттемiз. Әркiмнiң өз Тұманбайы бар емес пе?!

***

Ақын Тұманбай туралы сөз бұл эскиздермен бiтпесi анық. Менi қинайтыны – ақын Тұманбай өлеңде қанша көп мақталса азамат Тұманбай “жуас түйе жүндеуге” дегендей, өмiрде сонша көп сыналды. Соның көбi әдiлетсiз сындар болатын. 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасын талқылаған бастауыш партия ұйымының жиналысында қазақ ұлтшылдығын сынап сөйлеген сөзiнен бастап (сол жиналыстың хаттамасын жариялаймыз деп Тұмағаңды қорқытып-үркiтпекшi болған жiгiттер арамызда әлi жүр), балаларын қазақша оқытпай,орысша оқытқаны (балалары орысша сөйлейтiн жазушы тек Тұ쬬¬а¬ғаң ба?!), жалпы Молдағалиевтер жанұясының мұсылманшылыққа көзқарасы, “Түп-тұқияннан өзiме шейiн” атты анау бiр кiтап туралы пiкiр аламын деп соңынан қалмаған журналистердiң өсегi, кейде тар шеңберде ойлайтыны, ресми билiктi жөнсiздi айтпағанда, жөнiмен де сынау¬дан үзiлдi-кесiл¬дi бас тартатыны, өлеңдi шамадан тыс көп жазатыны, арнау жазатыны бәрi-бәрiнiң шындығынан гөрi жақтым күйе, жаптым жаласы көп сөздер едi. Бiр қазақ ұлтын сүйсе Тұмағаңдай-ақ сүйсiн. Мен кезiнде Қадыр Мырзалиев пен Тұм¬ағаңа тиiсе сөйлегендерге қарсы мақала да жаздым. Бiрақ, үндей алмай қалған кездерiм де болды. Ол күрестiң ақыны емес,одан төңкерiс¬шiл¬дiк күтудiң қажетi жоқ едi. Ол қорғансыз болатын, бiрақ дәрмен¬сiз емес едi. Оған өкпелейтiндер көп болды, бiрақ ол ешкiмге ренжiмейтiн.
Жетiм өскендiктен бе екен, Кеңес тәрбиесiмен есейгендiктен бе екен, ресми билiкке сенумен болды. Ол өмiрiнiң аяғына дейiн билiктен мейiрiм, шапағат күттi. Бұл сол тұстас қалам¬гер¬¬лердiң көбiне тән қасиет. Бiрақ билiк Тұманбай деген ақын барын ол өлген күнi ғана есiне түсiрген секiлдi. Онда да уақытша ғана. Бұл заңды да. Билiк басқа, ақынның тағдыры басқа.
Қайран Тұмағаң…

Есенғали РАУШАНОВ,
ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты
«Жас Алаш» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика