Әрине, мен оған бәрін кешіремін…

19 Желтоқсан 2017

«Бала кезімізден бірге өстік бауырым емес пе туған…»   –  деп күрсініп қояды Сәбина. «Әке-шешем сіңіліме ерекше көңіл бөліп, аса еркелетіп өсірді, Зарина үшін «жоқ» деген сөз болмайтын, шешем қалаған нәрсесін сатып әперетін. Заринаға тіпті қарсы сөз сөйлеуге болмайтын, бір жерін түзетіп жатсаң әке-шешем шан жуытпайтын. Көршілеріміздің балалары мектепке өздері барып, өздері келіп жүре беретін, ол кезде заман тыныш, және ауылда қазіргідей бала ұрлау деген атымен жоқ болатын.

Мен таңертен, ол түсте оқитын, сондықтан мектептен келе сала мен оны киіндіріп, сабағына апарып тастап, кешке таман сабақтан алып келемін, алып кетуге ұмытып көр, анам ойбайлап, мектепке қуады. Кіші сыныпта болсада балалықпен менен сыныптастарымен дүкенге қашып кетеді, мен болсам оны іздеп жүремін, сол кездегі құрбыларына еріп еркін жүргісі келетінің маған ренжіп айтып жататын. Сүйтіп сіңілім де ер жетті, бірақ өскен сайын біздің тіл табысуымыз қиынға ұшырады, әрине қайта татуласамыз, бірақ сөзге келіспей қалуымыз тезірек болтын. Сонымен жылдар өтіп жатты, әрбіреуіміз өз жолын таңдап, өмірде өз орнын тауып, өмір сүріп жаттық. Әрине апаларымыздың үйінде жиындарда кезігіп тұратынбыз, бірақ сонда да татулығымыз көпке шыдамайтын, небір жоқ нәрселерге келісіп қалатын едік. Қанша ол мені ренжітсе де үлкен болып мен кешірім сұрап баратынмын, ол ешқашан өзі бірінші келмейтін. Оның қуанышында, қайғысында да әрқашанда қасында табыла білдім, өйткені қаным, туған бауырым ғой жаным ашиды. Жүрегімді ауыртатыны, ол болса басыма іс түскенде тіпті жағдайымды да сұрамайтын, шын айтсам осы іс-әрекеті жүрегімді жаралайды. Бойжеткен кезімде мектеп қабырғасында мені оған апайлары үлгі тұтатын, бір кездері «осыдан шаршадым», деп сіңілім айтып салған маған ренжіп.

Қазір өмірдегі бір жағдайлармен сіңілім менімен тұрып жатыр, екеуіміздің де жеке өміріміздің тас-талқаны шықты, байғұсты күйеуі тастап, баласын құшақтап ол қалды, жесір болып, менде баламды құшақтам қалдым. Басында жақсы тұрып жатыр едік, бір-бірімізге демеу болып, оның жұмысында бір мәселелер туындаса, үйге келіп өшін менен алғандай мінезін көрсетіп, көңіл-күйімді жиі түсіретінді шығарды. Ұлын да маған қарсы қойды ол болса сәби не түсінеді, ол жоқта бала жүгіріп маған келеді «апатай қыдыртшы бұрынғыдай», деп.  Әпкесі болғандықтан сөйлескім келеді, оның іс-әркеті дұрыс емес екенін түсіндіргім келеді, бірақ бұл айтқанынан қайтпайтын, тек өзін ғана тыңдайтын адам. Талай баласына да жәрдемдескенмін, оны бағалап жатқан бауырым жоқ, керек болса әлі де қол ұшымды бергім келеді, бірақ бұл тек ақшаға көмек көрсеткен қайдағы бір бөтендерді бағалайды, ал бауырларының шын жүректен берген көмегін еш бағаламайды. Тіпті «сен маған әпке емессің, мен сені сыйламаймын», деп талай жүрегімді ауыртып, жылатып жүр. Әрине, мен оған бәрін кешіремін, өйткені ол менің еркелеп өскен сіңілім, кей кезде қай жерден қателік жібердім деп өзімді кінәлаймын келіп, осыған ақыл айтпай үндемей дегеніне неге көніп жүре бермеймін деп өзімді жеймін, арамыздағы жас айырмашылығы да  сондай аз емес. Кей кезде бұл маған деген көз-қарасын ешқашан өзгертпес деп қолымды бір сілтеймін». 

Қымбат Керейбай


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика