АПТА АЙҚАСЫ: Майқапшағайда не болған?

11 марта 2017

Өткен аптаның басында БАҚ беттерінде Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан ауданының «Майқапшағай» кедендік бекетінде Қытайдан көшіп келе жатқан жесір ананың 59 900 АҚШ доллары тәркіленгені туралы хабар тарады. Бұл жаңалық көптің наразылығын туғызып, қып-қызу талқыға салынды. Қазақстанға барып жатқан елді шекарада тонап жатыр дегеннің бәрі шындық па? Қандастарымыздың көңіліне күдік ұялатқан не нәрсе? Оқиға қалай өрбіген: ағы қайсы, қарасы ше? Анықтап көрейік…Кеден бекеті

Бәрі қалай басталды?

Гүлжан Мәуітхан есімді кейуана ақпан айының 8-і күні Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға қоныс аударды. Елге көшерден бұрын Қытайдағы дүние-мүлкін сатып, ақшаға айналдырады. Бұл қаражатқа Астана қаласынан үй алуды көздеген. Бұл туралы «Baq.kz» жазған.
Ары қарай. Шекара бекетінен өту барысында ақшаны Гүлжанның туыстары бөлісіп алады. Яғни оның өзінде — 19 700, інісі Мәуітхан Мұқияттың қолында — 10 500, ұлы Әділбек Мұқташұлында — 9 900, жиені Сайлан Мейрамбекте — 9 900, жиен келіні Гүлжанат Солтіккенде — 9 900 АҚШ доллары болған. Жинақтай келгенде:59,900 АҚШ доллары.
Әу баста кеден бекетінен кедергісіз өткен жолаушыларды арада аз уақыт өткен соң қайта тоқтатып, тексеруден өткізеді және қалталарындағы барлық қаражаттарын тәркілеп алады.

— Кеден қызметкерлері әрқайсымызды бөлек-бөлек кіргізіп, сұрақтың астына алды. Қытай елінде туып-өскен, орысша білмейтін, кириллица жазуын оқи алмайтын, Қазақ Елінің заңдарымен таныс емес біз шекарашылар не деп айт десе, солай айттық, түсініктеме және тергеу қағаздарын өздері жазып, оған қол қойдырып алды. Әңгіме кезінде қасымызда не аудармашы, не заңдық қорғаушы болмады. Ақыры олар барлық ақшаны маған тиесілі етіп көрсетіп, қағаздар толтырып, менің мойыныма қылмыстық жауапкершілікті артып, өмір бойы жиған қаржымды тәркілеп алды, — дейді Гүлжан Мәуітхан.

Ары қарай оқиға қалай өрбіді?

Тоғызыншы наурыз күні Астана қаласындағы «НұрОтан» партиясының Республикалық қабылдау бөліміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова келіп, жесір ананың арызын тыңдаған. Бұл туралы ақын Ауыт Мұхитбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған-ды.

— Айдың-Күннің аманында адал ақшасынан айырылған ананың уәжін тыңдаған депутат ханым, қолынан келгенше, Заң аясында көмектесетінін, керек болса қаржы жағынан да қол ұшын берітінін айтып, жарым көңіл Гүлжан Мәуітханқызын 8 наурыз мерекесімен құттықтап, бір буда роза гүлін және балкүлшесін сыйлады. Бір айдан бері жегені желім, ішкені ірің болып жүрген қандасымыз көзіне жас алып, депутат сіңілісінің бетінен сүйді, көз жасына ерік берді…», — деп жазды ақын.

Кеденшілер не дейді?

Ratel.kz ақпараттық-сараптамалық порталының хабарлауынша, Кеден бекетінің бас маманы Марат Сеитов Қытайдан келген қандасымызға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізген.

— Бұл азамат Кедендік Одақ шекарасына ірі көлемде ақша әкелетіндігі туралы өтініш білдірмеген. Заң бойынша 10 мың доллардан көп ақша әкелу үшін жазбаша өтініш жазылуы керек. Егер ақшаның көлемі 10 мың доллардан аз болса, онда жазбаша немесе ауызша өтініш білдіруге болады. Қазір бұл мәселеге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 243 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді, — дейді ол.

Кеденшінің айтуынша, ірі көлемдегі қаражат жолаушылар аяқ киімдерінің ұлтарағына жасыру арқылы алып өтпек болған. Контрабандалық жолмен елге әкелінген қаражаттың жалпы соммасы теңгеге шаққанда 19 миллионды құрап отыр.

Ақшаны неге жасырды?

— Анығында, ол ақшаның бәрі жеке өзіме ғана емес, балаларыма, ініме тиесілі болатын. Қазақстанның ішкі тәртіп жағдайынан хабарсыз болғандықтан, соншама еңбекпен келген ақшаны кездесуі мүмкін ұры-қарылардан қандай сақтықпен алып жүрудің де жолын білмедік.

«Ол жақтағы жаман ниетті адамдар атып, тонап кетеді» деген дақпырт біздің үрейімізді ұшыратын. Сосын, барлық ақшамызды киімдеріміздің әр жеріне бөліп жасырғанымыз да шындық», – дейді Гүлжан Мәуітхан «Baq.kz» тілшісіне берген сұхбатында.

Сот күні белгіленді

Даулы мәселеге соңғы нүкте қойылатын сәт таяу. Майқапшағай ісі бойынша сот отырысы 17 наурыз күні өтетін болды. Бұл туралы «31 арна» хабарлады.

— «17 күні сотқа шақырып жатыр» дегенде таңертеңнен бері жыладым. 55 жыл өмір өткізгенде, Қытай мемлекетінде жүргенде қылмысты атанбап едім, елім-жұртым деп келгенде қылмысты атанып, сотқа тартылатын болып отырмын,-деп бағанадан бері балама да шырылдап жыладым, — дейді Гүлжан Мәуітхан.

Оның айтуынша, бұл мәселе Қытай жеріндегі қандастардың да құлағына жеткен екен. Олар Қазақстанға барғандардың бәрі «тоналып жатыр» деген үрейге бой алдырған екен.
Мәселенің мән-жайы енді бір аптадан кейін анықталмақ. Бір нәрсе анық: кеденде келеңсіз оқиға орын алды. Кеден тарапы — жедел және әр қазаққа түсінікті болатындай мәлімдеме жасауы керек еді. Заң бойынша қарапайым тілмен түсіндіріп. Әрине, қылмыстық іс қозғалып жатқанда, процесске қысым жасалмауы тиіс. Келісеміз. Бірақ сырттағы миллион қазақтың бір ғана сұрағы бар: не болған? 17 наурызды күтейік…

Жасұлан Күрішбеков,
«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика