Аңыз адам – ақиқат тұлға

2 марта 2016

(Ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл)

Аңыз адам - ақиқат тұлға2016 жылдың 24 ақпан күні Абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, Қазақ ССР-нің алғашқы Әнұранының авторы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толуына орай Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесе отырып, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды облысы, Долинка кенті «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы», Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің қатысуымен «Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасы және қайраткерлік тұлғасы» атты «G-global» форматындағы ғылыми онлайн — семинар өтті. Ғылыми семинардың мақсаты -қазақ халқының ғылымы мен өнерінің дамуына үлес қосқан қазақтың біртуар азаматтарының бірі Қайым Мұхамедхановтың өмір жолын, еңбек жұмыстарын, ең бастысы өнер мен ғылымға жанашыр тұлға екендігін кейінгі ұрпаққа, жас буын өкілдеріне таныту. Қайым Мұхамедхановтың қазақ әдебиетіндегі алатын орны, шығармаларының маңыздылығын насихаттау болып табылады. Республикалық «G-global» форматындағы ғылыми семинардың модераторы, ф.ғ. д., ШҚМУ профессоры Картаева Айжан Маратбекқызы болды. Ғылыми семинар бағдарламасы бойынша Қайым Мұхамдехановтың өмірі мен шығармашылығына арналған видеоматериал көрсетілді. Алғашқы сөз Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті филология факультетінің профессоры, доктор Жандос Қожахметұлы Смағұловқа берілді. Ж. Смағұлов «Абайдың ақындық мектебі туралы айтыс ақиқаты» тақырыбында әңгіме қозғады. Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қ. Мұхамедханов туралы очерк, мақалалардың авторы Тоқпаев Уалихан Дөшкенұлы ғалымның соңғы сәттерінде қасында болып, ғалымның өз аузынан естіген естеліктерімен ЖОО студенттері мен зиялы қауыммен бөлісті. Ғылыми семинарда бұдан әрі сөз тізгінін Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы» КММ директоры Бекбалакова Гаухар Абушахманқызы алып, «Ж. Бектұровтың мұрасы — өскелең ұрпаққа өнеге» тақырыбында баяндама жасады. Алматыдан ғалымның қызы «Қайым Мұхамедханов атындағы білім мен мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымының директоры Дина Қайымқызы Мұхамедхан ғалым туралы құнды естеліктер мен мәліметтер айтты. А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының өлкетанушысы З.Мұхтарханқызы семинарға қатысушыларды Қ. Мұхамедхановтың 100 жылдық мерейтойына орай құрастырылған  «Қайым Мұхамедхан: библиографиялық көрсеткіш» электронды нұсқасымен таныстырды. Қайымның Қарағанды лагерінде көрген қиыншылықтары, басынан өткерген ауыртпалықтарын Долинка кенті «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы» қызметкері Ісләмов Ібірахым Ісләмұлы баяндаса, көпшілікпен жұмыс бөлімінің жетекшісі Дребезгов Андрей Сергеевич мұражай да сақталған Қайым Мұхамедхановтың суреттермен таныстырды. Бұдан әрі әңгіме Жайық Бектұров пен Қайым Мұхамедхановтың арасындағы рухани байланыс, Ж. Бектұров кабинет-мұражайындағы Қ. Мұхамедханов туралы құнды жәдігерлер турасында өрбіді. Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Сирек кітаптар мен қолжазбалар және мұражай жәдігерлері» бөлімінің қызметкері Хумарбек Ербұлан «Жайық пен Қайым тағдырлас» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамадағы құнды да, тың ақпарат Ж. Бектұровтың Қ. Мұхамедхановқа жазған хаттары еді. Бұл хаттарда нендей сыр айтылған. Қысқаша үзінділер келтірсек. Бірінші хат 1980 жылы 11 қазанда жазылған екен. Хатта амандық-саулық сұраса келе: «Мен сізбен сырласпақ түгіл, онша пікір алыспаған да адаммын. Сөтсе де кейде алыстан іш тартпай, ара-тұра хат жазып қоятыным бар. Сол дағдыммен бүгін де хат жазып отырмын» дегенді айтып бірден әдебиет төңірегіндегі мәселелерге көшіп, кейін өзінің «Ақын мен арамза» атты поэмасы туралы Қайым Мұхамедхановтың ойын құптайтынын айтқан. Бұл хаттың негізгі арқауы «Ақын мен арамза» поэмасы болыпты. Келесі хат 1993 жылы 23 наурызда жазылған екен. Бұл хатта да амандық-есендік сұрасып әдебиет тынысы сөз етіліп, әңгіме әрі қарай былай өрнектелген: «Өзіңізді жуырда телевизиядан көріп, тыңдадым. Абай мен Шәкәрімнің шын көзі болдыңыз. Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың, Әлиханның, Семейде болуы, бұл жолда сіздің Семейде еңбек етуіңіз бүгінгі әдебиет үшін бақыт. Алматыда бұндай қор кейін жиналды, шындық іздеген кісіге табылды, Қызылжардан да табылып, Орынбордан, Оралдан, Ақмоладан да, Қазааннан да, әлі күнге мұралар табылар. Өзімізді қинаған НКВД-дегі біраз жәйттер шығып жатыр, тіпті үлкен ағалардың қанды жаспен жинаған, айтқан сөздері жүрегімізді елжіретіп жатыр » деп өздерінің көрген қиыншылықтарын, жалған жаланың бір күндері ашылатынын үмітпен, қуанышпен жазған.

Ақынның алдыңғы хатында сөз еткен «Ақын мен арамза» атты поэмасы сол кездегі биліктегі қазақ бола тұра өзінің кім екенін ұмытқан кейбір дүмшелерге арналғанын айта келіп: «Ақын мен арамза біраз тартқан шерім күлкім, жалпы жауыздыққа атылған оғым еді. Бұл еңбегімнен өзімше іштей біраз күш алдым. Сізбен бізді бір кезде түк жазықсыз айыпқа салды, бұған күйіндік, қапаландақ, жәбірлендік кегін, өшін ала алмадық. Жалған нақақпен кіналанып, жазықсыз жапа шектік. Зұлымдардың бет пердесін жыртқанымыз үшін олардан былапыт сөз есту, қиянат көру одан да үлкен қорлық емес пе. Ондай оңбағандар біздің сөздерімізді өздеріне өздерін таныту, кекетуі, өз ойымен жалпақтауы бізді қуантпаса, ренжітуге тиісті емес» деп өздерінің көрген зұлымдықтарын өлеңде баян етіп, сол зұлымдардың бетперделерін шешуге тырысқанына қуанады. Бұл хаттар Жайық пен Қайым арасындағы рухани байланысты білдіретіні хақ. Хаттардағы сақталған сырлар осындай еді. Сөз соңын «Қазақ руханияты үшін еткен еңбегі, төккен тері келешек ұрпақ үшін ұмытылмас, өмір жолы мен шығармашылық тұрғыдан қарағанда қос арысымыз да қазақ мәдениетінің, қазақ әдебиетінің шырағын сөндірмес үшін еңбек еткен тағдырлас тұлғалар екені даусыз. Қазақ руханияты үшін бұндай адам төзгісіз қиыншылықтарды бастан өткерген тек қос арысымыз емес еді. Әйткенмен, соншалықты қиыншылыққа төтеп беріп, тағдыр дауылына мойымай, қолына қайта қалам алып, қазақ әдебиеті беттерінде құны жоғалмас еңбектер қалдырған қос арысымыздың ізгі істері мәңгі ұрпақ жадында» деп түйіндеді мұражай қызметкері.

Ұлылықтың көшбасы атанған Абай, Шәкәрім, Мұхтар, есімдерін жаңғыртқан Қ.Мұхамедханұлы есімі әдебиет бетінен, халық жүрегінен жоғалмайтын, Абай жырларындай ғұмырдан — ғұмырға жалғасын таба беретіні сөзсіз дей келе, ғылыми-семинар жұмысын аяқтады.

Хумарбек Ербұлан

Ж. Бектұров атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының

«Сирек кітаптар мен қолжазбалар

және мұражай жәдігерлері» бөлімінің қызметкері


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика