Анасын ұрып өлтірген еркек аңдамай қалғандығын айтып ақталды

29 августа 2017

Арақ құйылған дастарқан басында сөзге келіспей қалған ер адам анасына жұдырық ала жүгіреді. Ашуға булыққан ол өз анасын соққыға жығып, жер жастандырған. Осы жайтқа байланысты қаралған сот ісінде айыпталушы кінәсін мойындаудан бас тартып, анасының кездейсоқтықтан көз жұмғандығын айтып ақталмақ болады. Оның бұл сөзін әкесі де қолдаған, деп хабарлайды Бұқара.кз.

Жантүршіктірер оқиға Бесқарағай ауданы, Бөкебай ауылында орын алған. Ішімдік 31 жастағы азамат пен 58 жастағы анасының арасында кикілжің туындапты. Сот материалдарына сүйенсек, даудың басы анасының ұлы мен оның азаматтық некедегі әйеліне тіл тигізгеннен кейін басталған.

Ұлы анасын қатты итеріп жібергенде ол төсектің шетіне соғып алып, құлап түседі. Одан соң баласы анасының басынан бірнеше рет ұрады. Анасы сол жерде талып қалған. Жәбірленуші орталық аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, үш күннен соң жантәсілім етті.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай «Анамды төсекке ебедейсіз отырғызып қалғанда ол басын соғып алды» дегенді айтады. Оның әкесі де бұл сөзді қолдап, ұлын соттамауды сұрады, алайда сараптама нәтижесінде еркектің әйел адамды аяусыз ұрып-соққандығы анықталған.

Бесқарағай аудандық соты сотталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мәжбүрлі түрде ішімдікке тәуелділіктен емделу жазасын тағайындады. 31 жастағы азамат сот үкімімен келіспей, «байқаусызда болған адам өлімі» бабын тағайындауды талап етіп, апелляциялық шағым түсірді. Дегенмен істі қайта қараған апелляциялық сот коллегиясы бұл шешімді еш өзгеріссіз қалдырды.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика