«Аналар үйінен» дау шықты

2 мая 2017

Қарағандыда ашылғанына үш-ақ жыл болған «Аналар үйінен» дау шықты. Жас аналар қиын жағдайға тап болдық деп жыларман күйде отыр. Тіпті «Аналар үйінен балаларымызбен бірге қуылдық» деген аналар, орталықтың ішінде болып жатқан біраз сұмдық жайттарды жайып салды.

«31 арна» тілшілеріне сұхбат берген Ақмаржан Демесінова есімді келіншек, қайын жұртына жақпай, далада қалған. Оның бар үміті осы Аналар үй болған.  Жас ана көру қабілеті нашар ұлын тегін көрсетілуі тиіс ем-домның арқасында сауықтыруды ойлағанын айтады. Бірақ сегіз айдан бері орталықты паналап келген келіншек «Аналар үйінің» үйлестірушісі дәрі түгілі, жөргектің өзін әрең беретінін айтады. Сорақысы, орталықтың өкілдері баламды кемсітеді дейді.

— Мен ол жерге бармаймын. Далада қалсам да, ол жерге барып баламды қорлатып қоймаймын. Менің өзімді қорласа, қорлай берсін. Жарайды, мені оралман деп кемсітеді, — деді Аналар үйінің паналаған Ақмаржан Демисинова.

Кеше тапа тал түсте «Аналар үйінен» қуылдық деген сегіз әйел сәбилерімен бірге далада екі сағат бойы жүргендерін айтады. Соның кесірінен бір қабат киім кигізіп үлгерген балаларына суық тиіп қалған көрінеді. Ақерке Байқасымова онсыз да ауырып жүрген төрт айлық балам енді не болады деп егіліп жылап отыр.

— Бізге айтты далаға шығуға болмайды деп. Бізді тағы далаға больницаға барыңдар деп шығарғанда қазір, міне, балам ауырып отыр қатты отдышкамен, — деді Аналар үйін паналаған Ақерке Байқасымова.

Ал орталықтың үйлестірушісі жағдайды түсіндіріп бермек түгілі, түсірілім тобын алып қоршаудан да өткізбеді. Дегенмен, Қарағандыдағы Аналар үйінен шыққан шу Астанаға дейін жетіпті.  

— Аналардан түскен арыз бойынша арнайы комиссия Қарағандыдағы Аналар үйін тексеруге барды. Бірақ әйелдер жазған шағым хатындағы фактілер расталмады. Олар осылайша өздерінің орталықта қалу мерзімін ұзартпақ болған, — деді «Ана үйі» Қоғамдық қорының атқарушы директоры Бибігүлі Махамбетова.

Ашынған аналар жауапты органдағылардың тексеріс жүргізуін талап етеді. Өйткені, «Аналар үйі үйлестірушінің әрекеті күмән келтіреді», дейді. Сөздерінше, қамқорланушылардан наннан бастап, көмірге дейін ақша жинайтын орталықтың өкілі, еріктілер балаларға әкелетін заттарды жымқырып қалады екен. Тіпті, бұны дәлелдейтін суреттері де бар көрінеді.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика