Ана тілінің қадырын білген….

14 августа 2018

бас2015 жылғы 12 желтоқсанда белгілі ғалым-лингвист, филология ғылымдарының докторы, профессор Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаевтың туғанына 100 жыл толады.
Профессор Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев — қазақ тілі білімі мен ғылымының дамуына зор үлес қосқан, қазақ лингвистикасының тарихында орны бар тұлға. Т.Р Қордабаев қазақ тілінің грамматикалық синтаксисі, тарихи грамматика және әдеби тіл синтаксисі, жалпы тіл, лексика, түркология мен қазақ тілі ғылымы тарихының мәселелерін жан-жақты зерттеген академиялық деңгейдегі білікті ғалым- ұстаз ретінде көптеген шәкірттерің есінде қалды.
Қазақстанда бұрын екі университет болатын, бірі Алматыда, екіншісі Қарағанды қаласында. 80 -ші жылдардың ортасында Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ бөліміне Алматыдан қазақ тілі білімінің белгілі мамандары: профессор Т.Р.Қордабаев пен профессор Ә.Құрышжановтың Қарағанды қаласына келіп студенттерге дәріс беруі қазақ бөліміне ерекше серпіліс берген кез болды.
«Тіл құдыреті күшті, тарихы мен ішкі заңдылықтары бар, халықпен бірге өмір сүретін, жаны бар табиғи құбылыс. Тілді – тіл ғылымы зерттейді, тіл ғылымы ежелгі дәуірлерден: үнді топырағынан, ежелгі қытайдан, гректерден, арабтардан бастау алады», — деп, биязы жіңішке дауысымен, жетпістегі жасына қарамастан шаршағандықтың, не кәріліктің бір белгісі жоқ, ортадан төмен бойлы, профессор Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев «Жалпы тіл білімі» курсының лекцияларын Қарағанды мемлекеттік университетінің бірінші курс студенттері, яғни біздерге 1985 жылы осылай бастады.

******

1

Төлеубай Қордабаев жас кезінде

«Қазақ аймағының шаңырағын көтеріскен…: Тілші-ғалым, ұстаз Төлеубай Қордабаев туралы» Орталық Қазақстан газетінде жарық көрген А.Мауқара­ұлының мақаласынан:
Қыр қазағының өміріне отырықшылық мәдениетін де алғаш әкелген осы кісі. Мектепке дәретхана мен моншаның салынып, оған кіріп-шығу, түсу-шығуды да Төкең басы қасында жүріп, елге қолма-қол үйретіп дағдыландырған. Өстіп, біріне-бірі ұқсамайтын қызық күндердің жемісі де пісіп, сол жылы алғашқы 106 бала тұңғыш мектептен сауатын ашқан екен.
Төкең оған тоқмейілсімей-ақ, мектепке жаңа қызыл бұрыш, мұғалімдер кеңсесін салуға қызу қамданып жүрген мұршасыз күндердің бірінде төбеден жай түскендей хабар жетеді. Ол — екінші соғыстың өрті.
Төкеңнің жерлестері бірінен соң бірі отандарына қайтып жатты. Мектеп ісі үзілген жоқ. Жаңа оқу жылы да басталды. Тұрмыс-тіршілік те күрт төмендеп кетті. Ұн, шай аз. Киім-кешек тапшы. Осындай қысылтаяң шақта тек Төкең ғана алған бетінен қайтпай бұрынғы серпінмен жүрді. Мектеп балаларына жоқтан-бардан тауып, тамақ істетіп, қарындарының ашпауын қадағалайды. Балалардың киімін қолма-қол жамап-жасқатады. Әйтеуір өзі ашқұрсақ, жүдеубас жүрсе де шәкірттері үшін ештеңеден аянып қалмайтын. Сіңіріне ілінген жаңа мектеп те «Қазақстан мұғалімінің» ғана жүрек жылуымен тірлік кешіп тұрғандай көрінуші еді…
Төкең содан 1942 жылы аймақ орталығына жұмысқа шақырылады. Бұл кезде қазақстандықтардан ешкім де қалмаған еді. Сол кездегі ең үлкен білім ордасы — «Орта білім» атты мектепке ұстаздыққа келген. Төкең мұндайда қанға сіңген мінезімен, мұғалімдіктен тыс қым-қуыт қызметтерге кірісіп кетеді. Баян-Өлгей аймағының алғашқы ұлттық газеті «Өркендеуді» шыға-рысты. Соғыстың хабарын «Правдадан» аударып, үздіксіз жазып тұрған. Былайша айтқанда, Төкең еліне қайтқанға дейінгі газеттің негізгі төл тілі, автор өзі болған екен… (Архивті ақтарса ол бір қызық тарих шығар).
Е, Төкең, — айта берсек, Баян-Өлгейдің театр өнеріне де үлкен үлес қосқан адам. Спандияр Көбеевтің «Қалың малындағы» Қожашты ойнап, «Жалбырдағы» Елеместі, келіншегі Күләшпен қатар сахнаға шығарғанда Өлгейдің өнерге сусаған алғашқы тұрғындары бірде көздеріне жас алып, бірде шексілелері қатып күліп, «Обай-ау, анау әлгі өзіміздің «Қазақстан мұғалімі» ғой деп, талай-талай разы болды.
1944 жылы Төкеңнің отбасында Сейітіне серік боп, Сейіл деген ұлы туып, қуанышқа бөлентті. Әттең мұңғыл топырағында туған сол ғайыптың құсы көп тұрмай, 1946 жылы екі жасында шетінепті. Сол жылы күзге салым Төкең отбасымен бірге біржола Отанына қайтты. Артында өзіне жан-тәнімен қандас бауырлары қимастықпен қоштасып қала бөрді. Ұлының жас қабірі қалды. Ең құрметті естелік боп, сол жылы Баян-Өлгейде туған көптеген ұлдарға «Төлеубай» деген ат қойылды.
Мұңғыл үкіметі Төлеубай Қордабаевтың үлкен еңбегі үшін, шын жүрекпен атқарған жанкешті қызметі үшін ең жоғарғы наградаларының бірі — «Алтын жұлдыз» («Алтын гадас») орденін сыйға тартты. (суретіндегі екінші орден). Міне, Төкең осылайша мұңғыл қазақтарының ең ардақты адамдарының бірі боп, тарих бетінде қалды.

******

Білімге келгенде студенттерге қатал талап қоятын профессор еді, сонымен бірге әділ, өте мейірімді, кішіпейіл адам болатын.Үлкен ғалым үшін Қарағанды жылдары ғылыми жағынан табысты болды, кеншілер қаласында Т.Р.Қордабаевтың бірнеше ғылыми еңбектері: «Қазақ тілі білімінің даму, қалыптасу жолдары»,«Түркология және қазақ тілі білімі», «Түркология тарихы» (ЖОО арналған оқу құралы) жарық көрді.
Бірінші курстың аяғы болатын. Курстық жұмысты қазақ тілінің лексикасынан қорғайтынбыз. Курстық жұмысымды «Құдайберген Жұбанов және қазақ тілінің термин жасау принциптері» деген тақырыпта қорғадым. Курстық жұмысты қорғау кезінде Т.Р.Қордабаев аудиторияға кіріп, артқы жақта бос тұрған орынға жайғасты. Жұмысты тыңдау аяқталған бойда жұмыстың біржақтылығына риза болмады ма, әлде ойын маңызды мәселеге бұрғысы келдіме екен ғылыми жетекшім Ұлбала Оспалақова апайға, жұмсақ дауысымен: «Мыналар, калькадан басқа,төл термин жасау дегенді білмейді екен, Құдайбергеннен бұрын Ахаңдар төл термин жасау принциптерін қарады, қазақ тілінің болашақ мамандары қазақ тілінің сөздік қорын, байлығын, оның ерекшеліктерін терең білгендері дұрыс»,- деп аяқтады.
Төлеубай Рақымжанұлының «Ахаңдар» дегені қазақ лингвистикасының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов екенін, екі жылдан кейін бүкіл жұртпен өзімізге ашатынымызды сол сәтте біле қойған жоқпыз.

******

2

Доцент Т.Р.Қордабаев 70 жылдарда

«66 жыл тіл деп тыным таппаған ғалым туралы бір үзік сыр» «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж. Жақыповтың мақаласынан:
Студент кезіндегі бастан кеш­кен үлкен оқиғасы 30-шы жыл­дарда Ахмет Байтұрсынұлы­мен кез­десуі болатын. Өзі ұлы ұстаздың бейнесін былай деп еске алатын: “Ғұ­ламаға тән сабыр­дың, мұсылманға тән мүминдіктің белгісіндей болып отыр екен. Ғайнитден екеуміз (бұл кісі кейін Академияның коррес­пон­дент-мүшесі болған Мұсабаев) сәлем бердік. ҚазПИ-дің студенті екенімізді айттық, “Мұғалім болыңдар, одан үлкен бата болмайды”, – деді жарық­тық. Бұл – Ахаңның екінші рет ұлтшыл ретінде “ұсталуының” алды, 1936 жыл болатын”.
1946 жылы Моңғолиядан елге оралысымен Қазақстандағы білім беру ісіне белсене кірісті.
Ғалымдық жолы 1946-1949 жылдары ҚазПИ-де сабақ беруден басталды. Бұл жылдары ол қазақ тілі грамматика­сының практика­лық мәселелеріне арнап әдіс­т­е­ме­лік еңбектер жазды. Ал теориялық зерттеулердің нәтижесі 1949 жылы қазақ тіліндегі етістіктің шақтары туралы ғылыми жетекшісіз-ақ кан­дидаттық диссертация қорғаумен бір түйінделді (Сол кездегі дис­сертациялық кеңестің мүшесі, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан же­текшісіз диссертация дайындауын жас ғалым Төлеубайдың батыл­дығы ретінде бағалаған екен).
50-жылдары қазақ, түркі тіл ғылымында көзге түсер екі оқиға болды. Бірі – сөйлемнің толық­тауыш мүшесі мен пысықтауыш мүшесінің аражігін ажырату жөнінде 1952 жылы М.Бала­қаев­­тың “Халық мұғалімі” журна­лын­дағы мақаласынан басталған пікірталас, 1959 жылға дейін со­зылды. Оған ға­лым­дар мен мектеп мұғалімдері белсене қатысты. Осы пікірталастағы үлкен ой Қордабаев тарапынан туды (“Халық мұға­лімі”, 1954, №2). Екіншісі – түркі тілдеріндегі сабақтас құрмалас сөй­лемнің бағыныңқы сыңары­ның сипатын нақтылау мақса­тында 1956 жылы Алматыда түркі­тану­шылардың бүкілодақтық кеңесі өтті. Доцент Т.Қорда­баев­тың сол кезде ұсынған “бағының­қының дербес бастауышы болуы қажет” деген түйіні қазақ тіл білімінде осы күнге дейін тоқ­там­ды тұрғы ретінде сақталып келеді. Осы 50-жылдары қазақ тілінен Төкең түзген бағдарламалар кейінгі толықтырулармен бүгінгі күнге дейін пайдаланылып келе жатыр.
ХХ ғасырдың 60-жылдары ол тілдің синтаксистік саласында айрықша еңбек етті. Соның бірі 1961 жылы шыққан “Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис” оқулығындағы құрмалас сөйлем бөлімінің авторы болғандығы. Бұл оқулық бағдар­ламалық деңгейдегі зерттеу мен оқытудың алғашқы толық нұсқасы еді. Содан да болар, ол осы күнге дейін жоғары оқу орындары фи­лология факультеттерінің шәкірт­тері мен оқытушыларының қолы­нан түспей келеді.
Осы бір тұста айрықша атай кететін нәрсе, Т.Қордабаевқа дейін қазақ грамматикасы сөйлем шегінен (бас әріптен нүктеге дейін) шыққан жоқ. Қазір мәтін, күрделі синтак­систік тұтастық деп атап жүрген тың тілдік бірлікті қазақ тілінде алғаш атын атап, түсін түстеген, оны зерттеу проб­лемасын алға қойған осы ғалым болатын (Тарихи син­таксис мәселе­лері, А., 1964, 191-196-беттер). Тағы бір сонылық туралы. Ғалымның сөйлем тиянақты ойды емес, жеке ойды білдіреді деген өзіндік пікірі болатын (Тілдің структуралық эле­менттері, А., 1975). Оны дәлелдеу – болашақтың ісі.
Сондай-ақ бұл жыл­дары қазақ тілі син­так­систік құры­лысының та­рихын алғаш терең бойлап зерттеген де Т.Қор­дабаев болатын. ХV-ХХ ғасыр­лардағы қазақ жазбалары тілінің синтак­си­сінен қор­ғаған док­тор­лық диссерта­циясын (1967) айтпағанда, тіл та­рихын зерделеген бірнеше іргелі еңбектер жариялады. (“Тарихи син­таксис мә­се­лелері”), А., 1964; “Қазақ жазбалары тілінің син­таксисі” (1963), “Поэзия­лық шығарма­лардың син­так­систік құрылысы” (1964). Бұл бағыттағы зерттеулерінің халыққа тиген тікелей пайдасы сол – оның жетекшілігімен тарихи грамматикадан бүгінгі студенттер қолында жүрген оқулық жарық көрді. Тарихи синтаксис саласындағы зерттеулері 1985 жылы халықаралық “Советская тюркология” журналының бетінде түркі тілдері грамматикасының тарихын жүйелі зерттеудің үздік үлгісі ретінде баға­ланды.
Ғалымның әдеби тілдің тарихи қалыптасуы жө­нінде де өзгеше пікірі болды. Әдеби тіл дегенді ол бастапқы мағынасы (“литера – жазу”) тұр­ғысынан қараған сияқты. Сол жазба тілдің көпшілік халық тілімен үйлесу ке­зеңін кеңес кезінен көрді де, қа­зақ әдеби тілі кеңес кезінде қа­лыптасты деп санады. Бірақ оған дейін қазақ тілі әлеуетті бол­маған деп ешқашан есептеген емес.

******

Өткен ғасырдың 80 жылдардың аяғы мен 90 жылдардың басы қоғамның демократияға бұрылу және тазару кезеңі болды. Н.С.Хрущевтің «жылыманан» кейінгі қоғамның ашылуы М.С.Горбачевтің 1985 жылы сәуір айынан басталған қайта құру, тарихи «ақтаңдықтар» ашылып, тоталитарлық- әкімшілік империяның бет пердесі ашылған кез еді. «Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсынов пен Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы» партия қаулысының шығуы, кейін Шәкәрім Құдайбердиевтің, Міржақып Дулатовтың ұлт тарихы мен мәдениетіне қайта оралған, ал бермен келе мемлекеттік тәуелсіздігімізге ұласқан жылдар болды.Көпті көрген ақсақал өзінің көргендерімен осылардың басы қасында болды, жағаласып жүрді. Оның ұлт, тіл үшін керегін жақсы білді, үндемей қалмайтын уақыт екенін жақсы түсінді.Төкең осы кезеңді аумалы –төкпелі кезең демей, тарихи өзгерістердің басы деп, бар жанымен қабылдап, уақыттан қалмады. Өзі де қайта жанданды, көп жазды, көп басылды. Көпті көрген қария жазып, жариялауға асықты. Ғылыми еңбектерінде, конференциялар мен ғылыми баспасөзде ашық және жиі айтып жүрді.
Елдегі демократиялық, жариялылық пен қайта құру процестерімен бірге қазақ тілінің мәселелері көтеріле бастады. 1989 жылдың ақпан айында Космонавтар алаңында орналасқан ҚарМУ-нің филология факультеті ғимаратында облыстық телеарнаның хабар түсіруімен облыстың зиялы қауымы және қала жұртшылығының қатысуымен мемлекеттік тіл мәртебесіне қолдау білдірген жиын өтті. Факультет деканы Жәнібек Бектұров жүргізіп, оны ұстаздар Хайролла Мырзағалиұлы Нұрмұқанов, жазушы Жайық Кәгенұлы Бектұров, Мұрат Кәрменұлы Смағұлов ағалар жалғастырды, ал осы жиынды Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев бастады, сөз сөйлеп ашты.
Төкең сөзінде: «1920 жылы Орынборда Қазақ автономиялық социалистік республикасы құрылғаннан кейін тіл өзекті қаралып, тілді дамыту ұлттық кадрларды даярлау арқылы жүргізілгенін, қазақ тілінің бірнеше рет әліпбиі ауыстырылғанын, соңғысы кирилицаға икемделгенін, бұрында қазақ тілінің — мемлекеттік мәртебесі болғанын, бірақ уақыт өткен сайын, соңғы елу жылда мүшкіл халге жеткенін, енді мемлекеттік мәртебеге жеткен жағдайда тілге қамқор, мұқият болу керек, тілден айырылып қалған кезде болды, тіл дамыту — көптің ісі, тіл үшін халық болып жұмылу керек», – деп,сөзін қобалжи аяқтап, жылап жіберуге сәл қалып,көз жасын қол орамалымен сүртіп, онысын көрсеткісі келмей, трибунаға жақын шыға берістегі есіктен шығып кетті.
1986 жылғы желтоқсан оқиғалар естен кетпейді. Желтоқсанның 17-20 күндері сабақ барысында қойған сұрақтарымызға Төлеубай Рақымжанұлы: «Шырақтарым, қазақтың жағдайын қазақ тілінің бүгінгі халінен көруге болады, сендер жиырма бессіңдер, бітіргеннен кейін кімге жетесіңдер, Москва қазақтың басшы болғанын қаламайды. Москва ұлт саясатын қашаннан бері бұрмалап келеді», – дегені есімде. Сол күндері Төлеубай Рақымжанұлы факультет деканы Болат Әбішұлы Байтанаевтың кабинетінен бір шықпай Қарағанды қаласында алаңға шыққан студенттердің тағдырына алаңдаумен болды, қайткенде ушықтырмай, оларға ара түсіп, «шырылдап» жүргенінде көрдім.
Желтоқсан оқиғаларынан соң 1987 жылғы наурыздан бастап партияның қазақ тіліне «жанашырлық» саясаты басталды, Г.Колбиннің тілді үйренемін дегенін, ұлттық тіл мен мәдениетке «қамқорлық» деп, партия қостілділік саясатын бастады. Осы кезде 1987 жылғы наурыз айында Төлеубай Рақымжанұлымен келісіп, тіл мәселелері төңірегінде «Индустриальная Караганда» газетіне «Слово –душа народа» деген тақырыпта өзара әңгіме құрып, сұхбатымызды жарияладық.
Сұхбат тақырыбының өзегі қазақ тілінің жағдайы, қызметі және тіл байлығы туралы болды. Сол мақалада айтылған профессор Т.Р. Қордабаевтың көтерген мәселелер қазірде маңызын жойған жоқ, сол күйінде: «Тіл үшін халық болып жұмылу керек, тілді дамыту көптің ісі», «Билік басында қазақ тілін терең білетін және ұлтжанды азаматтар болуы керек», «Қазақ тілі әлі де бірнеше ұрпаққа жетпеуі мүмкін, шынайы тіл саясатын жүргізбесе», «Тілді оқытудың көпқырлы әдістемелік жүйелерін игермейінше, әлемдік тілдерді оқыту деңгейіне жетпейінше тілдің қарасы әлі ертерек» деген ойлары сол кезде жазылып қалды.
Төлеубай Рақымжанұлының студенттерге деген қарым қатынасы туралы ерекше айтқым келеді. Жоғары курста Төлеубай Рақымжанұлы «Қазақ тілінің синтаксисі», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» курстарынан лекциялар оқыды, әрбір студенттің жан дүниесіне үңілетін, өзіне, бауырына тартып, білімге деген талап қаталдығына қарамастан кейде әкеңдей еркелетіп, жақындатып, еркін сөйлесетін. Студенттердің дипломдық жұмыстарын қорғауға қатысып, пікір айтып, тілек білдіріп, шығарып салған ұстаз — ғалым еді.
Бүгінде ол кісіден білім алған шәкірттері еліміздің әр түкпірінде, Төлеубай Рақымжанұлының тікелей ғылыми мектебінен өткен белгілі ғалым Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Алтайұлы Жақыповты, филология ғылымдарының докторы, профессор, ІІМ Қарағанды Заң академиясының кафедра меңгерушісі, полиция полковнигі Шапағат Шарапатұлы Жалмахановты айтуға болады, ал біздің топта оқыған: Сәменова Света, Амангелді Мамытов, Тұрсынова Мархабат бүгінде филология ғылымдарының кандидаттары, Жезқазған, Түркістан, Қарағанды университеттерінің доценттері, ал Сәрсембекова Сайлаугүл, Ысқақов Мейрамбек, Жақанова Жұпар, Әсетуллина Ләззат және тағы басқа құрбыларым студенттер мен шәкірттерге қазақ тілін оқытуға арнаған білікті мұғалімдерге, кәсібіне берік қалған, ана тіліне абыроймен қызмет етіп жүрген ұстаздарға айналды.
1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің  11 шақырылымы сессиясында бұрынғы Қазақ ССР-і Конституциясының бір тармағы тұтастай «Тіл туралы» Заңына айналды, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебісі белгіленді, ал тәуелсіздікке ұмтылған жылдары «Тіл тағдыры –ел тағдыры» ұранымен қазақ тілі — тәуелсіздік туына айналды. Төкең айтқан тілдің құдыретін уақыттың өзі көрсетті.

******

3

Төлеубай Рақымжанұлы жұбайы Гүлбахраммен (Күләш) бірге 80 жылдардағы сурет

Қазақ тілі халқымен бірге өмір сүріп келеді, тілде өркенін кеңге жайып, қанатын көкке самғағысы келеді, Каспийдің ақ шағалары іспетті алыстан шулап, біресе толқынға бұлқып, біресе биікке серпіп, өзінің тағы бір асау толқынын күтіп тұрғандай көрінеді.
Тіл — жаны бар құбылыс, олай болса тілдің келешегі баянды, зор, ана тілімізде сөйлеу, жазу, қастерлеу, насихаттау және оны дамыту барша қазақтың ісі.
Саналы ғұмырында қазақ тілінің қадырын білген және сүйген қазақ тілінің профессоры Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев- ана тілі алдындағы парызын өмірінің соңына дейін адал атқарған ұлағатты ғалым және ұстаз еді.

Салауат Кәрім, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың
республикалық үйлестіру –әдістемелік
орталығының ғылыми
қызметкері — аудармашы

P.S. Фотосуреттер Роза Төлеубайқызының архивінен алынды


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика