Әмір Темірдің түркі жұртына жасаған үш қастандығы

19 мая 2019

Әмір Темірдің түркі жұртына жасаған үш қастандығыҰлы империя құрған Ақсақ Темір жөнінде аз жазылып, аз айтылған жоқ.
Ерекше  қабілетке  ие  ұлы жиһангер  еш  жеңілуді  білмеді. Жеңгенін  аямады. Жеңілген   елдің   ұлын  құл  етті,  қызын   күң  етті. Шаһарларды  қиратты,  адамдарды  аяусыз  қырды.  Оның қатыгездігінде  шек  жоқ  еді.  Бір  ғана,  Ғират  қаласын  алғанда   адам басынан  мұнара  тұрғызғанын,  Үндістанға  жасаған  жорықта  қолға  түскен   100 мың  адамды   бие  сауым уақытта қырғызып тастауын   еске  алсақ та  жеткілікті. Иран жеріндегі Исфаган шаһарын  басып  алып,  қол  астындағы  70  мың әскерге  бір-бір бас  кесіп  әкелуді міндеттеуі  де   оның  аса қаншелек   қолбасшы екенін  көрсетеді.   
Соғыстың  аты  — соғыс,  басқыншылықтың аты —  басқыншылық.  Құрбансыз  болмайды.  Десек  те, адам  қанын  аса  көп  төгу  жақсылықтың  белгісі  болмаса  керек-ті.  Ақсақ Темірдің  барымташыдан  басқаншыға дейін өсуі  тек  қан  төгіс  арқылы келген.  Өз  жақындарын аямаған  адам  өзгені  аясын  ба?  
35  жыл  билік  құрып,  27    мемлекетті  басып  алып,  өз  дәргейіне  қаратқан, «әлем әміршісі» атанған  Ақсақ  Темір кім еді? Деректерге  көз  тастар  болсақ,  Әмір Темір 1336 жылы 8 сәуірде Маураннахрдағы Кеш қаласында, қазіргі Шахрисабзда, Самарқанның оңтүстігінде орналасқан жерде дүниеге келген көрінеді.   Тегі — Барлас  руынан.   Әкесі — Тарағай.  Барлас ақсүйектерінің бірі. Ақсақ  Темір   аса  ірі  Темір   мемлекетінің  қабырғасын  қалады. Оған Мәуреннахр, Хорезм, Каспий өңірі ғана емес, сонымен бірге Ауғанстанның, Иранның аумағы, Үндістанның, Ирактың, Закавказьенің және басқа елдердің бір бөлігі енді. Оның жалпы аумағы 14 млн шаршы  шақырымға  жетті.  Ол  басып  алған  жерлерден  он  саусағынан   өнер  тамған     шеберлерді  жинап, ғажайып   зәулім  сарайлар,  медресселер,  кесенелер  тұрғызған.  Соның  бірі  — һәм  бірегейі  Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Бұл әлем  әміршісінің  бір  қыры.  Десек  те   түркі халқы  үшін Ақсақ  Темір   үш  үлкен  қастандық   жасады  десек  қателеспейміз. 

Біріншісі —  Тоқтамыспен  жауласып  Алтын Орданы  талқандауы. Шығысы  Ертістен   батысы Дунайға  дейінгі  аумақты  ашса алақанында,  жұмса  жұдырығында  ұстап  отырған  Алтын Орда  Ақсақ Темірдің   бірнеше  мәрте қанды  жорығынан  кейін   әлсіреді.  Тоз-тоз  болды. Бөлшектенді.  Бұл жөнінде Ю.В. Мизун: «Казалось, что русские обречены на вечное рабство. Но им помог Бог руками (мечами) Тамерлана. Тамерлан разгромил Орду, и Россия получила передышку, поскольку Орда была занята своими внутренними проблемами. В такой ситуации московский князь в 1405 г. отказался платить дань Орде» [15], – деп жазады. 
Осылайша  Ақсақ  Темір  орыстарға  азаттық  алып  берді.  Егер де   Ұлы  жиһангер көрегендік  танытып,    түбі  бір  көшпенді  империяға  шабуыл  жасамағанда,  Алтын  Орданың  түтіні түзу  шыға  берер  ме  еді?  Ондайда   бүгінгі күні  сонау  Тынық  мұхитынан  Орал  тауына  дейінгі  ұлан-ғайыр аймақта   түркі  жұрты  самсап  отырар  ма еді, әттең!  
Екіншісі Ақсақ  Темірдің  шаңдатқан  жорықтары   батыс  пен  шығысты  жалғап  жатқан   сауда  жолы – Жібек  жолының   түбіне  жетті.  Жүк  артқан    керуеннің  тоқтауы  жол  бойындағы  елдімекен, шаһарлардың дамуына кері  әсер  етті.
Үшіншісі  Еуропа   мемлекеттерін бірінен  кейін  бірін басып  алып,  Осман империясының  дәргейіне  көшіріп  жатқан   түрік сұлтаны  Ілдірім Баязитті Анкара  түбіндегі  шайқаста  жеңуі,  түріктердің Еуропаны  жаулауын  ширек  ғасырға шегерді.   Ақсақ  Темір   Осман  империясымен   соғыспағанда,  бүгінгі  Еуропаның жағрафиясы   өзгеше  болар  ма  еді?  
Осылайша  Ақсақ  Темір   түркі  жұртына  үш  қастандық  жасады.  Алтын орда  орнында  тұрғанда, Жібек  жолының  саудасы қыза  бергенде, Осман империясы  керегесін   кеңейте  бергенде бүгінгі  түркі  жұртының  мерейі  қазіргіден де  үстем болып, мейманасы  тасып  жатар ма еді. Өкініштісі  -тарих  доңғалағын кері  бұралмайсың.

Дереккөз: Айқын.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика