Америкадағы қазақ балалары туралы деректі фильм түсірілді

14 Ақпан 2017

Америкадағы қазақ балалары туралы деректі фильм түсірілдіЖас режиссер Қанат Бейсекеев АҚШ азаматтары асырап алған қазақ балалары туралы деректі фильм түсірді. Бас-аяғы 40 минутқа созылатын картина ағылышын тілінде дайындалған. 

«АҚШ-та қазақ қызын кезіктіріп қалғанымда фильм түсіру туралы ой келді, сол кезде асыранды балалар туралы алғашқы репортаж жасадым. Бірақ бұл тақырыпта фильм түсіруге тәжірибем аздық ететіндігін ұқтым, ағылшын тілін де жетік меңгермеген едім. АҚШ-тағы қазақстандықтар туралы деректі фильмдер түсіріп жүріп, америкалықтар асырап алған қазақ балалары туралы жақсы дүние түсірсем екен деген ой келе бастады», – дейді Қанат Бейсекеев.

Жобаны жүзеге асыруға бар болғаны 5 мың АҚШ доллары жұмсалған. Қаражат Краудфандинг компаня арқылы халықтан жиналған. Аз уақытта межелі сомма дайын болған соң, түсірілім жұмыстары басталады. Бұған бір жылға жуық уақыт кеткен. Өйткені картинаны Қанат Бейсеккев жалғыз өзі дайындаған.
Ол АҚШ тұрып жатқан қазақ балаларымен және олардың өгей әке-шешелерімен сұхбаттасып, жат жердің жағдайын біліп қайтты. Айтуынша, балалар шетелге тым ерте жаста кетсе де, көңілдерінің бір түпкірінде туған жерлері туралы ой сақталып қалыпты.

«Фильм Американың 7 штатында түсірілді. Оған 7 мен 21 жас аралығындағы 8 кейіпкер кірді. Қазақстаннан асырап алынған балалардың Америкадағы өмірін әңгімелеймін. «Америкалық мәдениетке қалай бейімделді, Қазақстан естерінде қалды ма, өз Отандарын қалай елестетеді және Қазақстандағы өмірі туралы не біледі?» деген сұрақтар төңірегінде сұxбаттар өрбіді. Олардың барлығы асыранды екендіктерін біледі, тым ерте жастан Америкаға кеткенмен, өз Отандары туралы аздаған естеліктері де бар», – дейді режиссер.

Деректі фильм ақпан айының соңында көрерменге жол тартады. Бұл коммерциялық жоба емес. Сондықтан да оны ақша табу мақсатында емес халыққа ұсыну, шетелдегі қазақ балаларының тұрмысымен таныстыру мақсатында дайындалған. Әрі түсірілім жұмыстарына халықтың қаражаты жұмсалғандықтан, ол барлық көрерменге тегін таратылмақ.

«Картина қазақстандықтарға қолжетімді болғанын қалаймын. Оған адамдар өз қаражаттарын берді ғой. Ең бастысы, адамдар өз ақшаларының неге жұмсалғанын білуі керек», – дейді режиссер.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика