Аманкелді Әбдібаев: «Жастардың бойынан отаншылдық қасиетті көргім келеді»

2 июля 2019

Абдибаев АманкелдіӘр адамның шынайы болмыс-бітімі болады. Адамның табиғаты ашылмаған құпия әлем дерсіз. Бір пенденің тал бойына Алла Тағала бірнеше қарым-қабілет пен өнерді жинақтап бергеніне қалай қайран қалмайсың. Кезінде адам жанының шипагері дәрігер болған ардақты ағамыз–Аманкелді Әбдібаев жайында осылайша жылы лебіз білдіре кеткеніміздің артықтығы болмас.
Қазыналы қарттықтың ауылына төккен тердің зейнетімен асқан абырой, биік мәртебелі сән-салтанатпен жетті. Біз бүгінгі әңгімемізде кейіпкердің жүрекжарды ойларымен бөлісіп, сан қырлы қасиетті бойына меруерттей жиған асыл ағаның ұлағат ауылына ат шалдырамыз. Шынайы болмысындағы жүрек толғаныстары мен тебіреністерін жеткізуге тырысамыз.

Сіз балалықтың бал дәуренін сезініп, оның рахатына бөленіп көрдіңіз бе? Жастық шағыңыз қалай өтті?
– Мен 1943 жылы 5 желтоқсанда Қазалы ауданындағы 7 ауылдық кеңеске қарасты Талқанбай бөлімшесінде дүниеге келдім. Әке-шешем де сол елдің ортасына сыйлы кісілер болатын. Беліміз бесіктен шықпай соғыс зардабын тартып өскен ұрпақтың бірімін. Аштыққа да, жоқтыққа да елмен бірге шыдадық қой. Балалықтың бал дәуренін онша сезіне қоймадық, ерте есейіп колхоздың малын бағып түрлі шаруамен айналыстық. Өйткені, әке-шешем ауру-сырқаулау болды. Бірінші сыныптан бастап колхоз орталығындағы 7 сыныптық мектепте, ағайын-туыстардың үйінде жатып оқыдым. Демалыс күндері 20 шақырым жердегі фермадағы үйге келеміз. Мектептегі білімді 7 сыныптан малшының баласы есебінде Қазалы қаласындағы мектеп-интернатта жалғастырып, 10 сыныпты 1961 жылы жақсы бағамен бітірдім. Оқушы кезім әлі есімнен кетпейді. Киімді жамап киіп, қолдорбамен жаяу ұзақ шақырымдарды жол етіп, бейнетпен білім алдық. Бірақ біз білімнің де, бір жапырақ қара нанның да қадірін біліп өстік. Қазір балаларымыз, немерелеріміз біз көрмеген игілікті көріп, біздің қиялымызға да кірмеген шет мемлекеттерде оқып жүр. Өркенді ел болдық. Білім-ғылым дамып, жаңа технологиялармен жабдықталған зәулім ғимараттарда, жоғары оқу орындарында қаракөз қазақ балалары білім алуда. Міне, бақыт деген осы. Мұның бәрі тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері мен асқан асуы деп білемін.
– Енді әңгімені өзге арнаға бұрсақ. Біз білмейтін сіздің қандай өнеріңіз бар?Домбыра шертіп, ән де айтатын боларсыз?
– Ән салуға құмар болатынмын. Домбыра шертіп, әуелететін де кезім бар. Қазақтың әндерін көп тыңдағанды ұнатамын. Мектеп қабырғасында жүргенде мені аудандық пионерлер үйіне ән салуға шақыратын. Өнерден құралақан емес едім. Бірақ, өнер жолына түсуге ата-анам ыңғай білдіре қоймады. Ал өлең жазатыным бар. Өлеңдерім жергілікті газеттерге жарық көріп тұрады.
– Дәрігерлік жолға түсуіңізге не себеп болды?
– Фельдшер мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген нағашы ағамның ақылымен дәрігерлік жолды таңдадым. Ағам еңбек жолымды кіші дәрігерліктен бастағанымды құптады. Өзіңіз білесіз, ол кезеңде білім алу қиынның қиыны еді. Ел ішінде оқып жоғары білім алғандар да саусақпен санарлық. Біз білім игерген заман тапшылықпен сәйкес келді. Оқу құралы да, студентке керек қағаз, қалам да қазіргідей қолжетімді болмайтын. Содан да болар, біз ерте есейдік. Көп қиындықтың артында бір қуанышы болатынына үміт артқан көңілім білім алуды қалады. Сонымен тәуекелге бел байлап медициналық училищеге оқуға түсіп, фельдшер мамандығын алып шықтым. Содан кейін Қазалы кеңшарында жұмыс жасадым. Мұнымен тоқталмай, жоғары білім алуға талаптандым. Қарағанды дәрігерлік институтына түсіп, оның санитарлық-гигиеналық бөлімін ойдағыдай бітіріп, дәрігер-эпидемиолог мамандығын бойынша облыстық СЭС қызметіне жұмысқа орналастым. Сол кезеңде облыс көлемінде мұндай мамандар аз кездесетін. Аталмыш мекемеде 2-3 жыл жұмыс атқарып, тәжірибе жинақтаған соң бастықтың орынбасары болып бекітілдім. Арада 3-4 жыл өткен соң мені облыстық дезинфекция станциясына бас дәрігер қызметіне тағайындады. Бұл мекеме тікелей министрлікке бағынады. Сол жерде де жақсы жұмысыммен және ұйымдастырушылық қабілетіммен көзге түскен болуым керек 3 жылдан соң қалалық СЭС-ке бас дәрігер қызметіне жіберді. Онда табаны күректей 25 жыл қызмет жасап, абыроймен зейнетке шықтым. Мұнан соң қалалық әкімшілікте кеңесші болып 3 жыл қызмет атқардым. Қазір қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Алла берген несібені теріп жеп, аға буынның салған сара жолын жалғастырып келе жатқан жайымыз бар.
– Өзіңіздің айналысатын сүйікті ісіңіз қандай?
– Мен салауатты өмірді жақсы көремін. Қимыл-қозғалыс өмір өзегі болу керек. Сондықтан бау-бақша жайқалтып, гүл еккенді, ауланы жасыл желекке айналдырғанды жаным қалайды. Үйдегі немерелерімді де жаныма ертіп жүріп, жүзім көмдіремін, тал ектіріп, жасынан еңбекке баулимын. Бір мезгіл таза ауада Жер- анамен тіл табысып, тіршіліктің сәні бақша өсіргенге не жетсін! Бойың да, ойың да тазарып, шабытың шалқиды. Көп қимылдағанды жақсы көремін. Қимыл қиялыңа қанат бітіреді. Жасыл желекпен бірге жан дүнием жасарып қалады.
– Қазір өңірдегі денсаулық саласының дамуы жайында көзқарасыңыз қалай?
– Біздің аймақтағы денсаулық сақтау саласы оң өзгерістерге қол жеткізуде. Жүрекке ота жасау, бүйрек ауыстыру оң нәтиже алып келіп жатыр. Әсіресе, кардиология саласы жақсы деңгейде жұмыс жасауда. Іштен туған бала, үлкен науқа­с дейсіз бе, жүрегі нашар болса, емдеп жатыр­. Кардиология, урологиялық орталық бар. Ана мен бала орталығы да емделушілердің алғысын алуда. Екіқабат әйелдерге көптеп көмек көрсетіліп жатыр. Облыстық медицина орталығы секілді емдеу орны елімізде санаулы.
– Тән жарасымен қоса жан жарасын емдейтін дәрігер қандай болу керек?
– Дәрігердің терең білімі болуы керек. Басқа мамандыққа қарағанда дәрігердің қоғам алдында да, адам алдында да, ар алдында да жауапкершілігі жоғары екені белгілі. Иман байлығы кәміл, сөзі биязы, кісінің жандүниесін баурап алатын қасиеті оның беделін биіктетеді. Жүрек байлығы мол, жаншуағы бар мейірімді болса тіпті ғанибет. 
Осыған байланысты естіген бір ұлағатты әңгімені айта кетейін. Ілгеріде америкалық бір ғалым көп жұрт бақыт деп санайтын бірқатар ізгіліктерді қағазға тізіп шығады. Денсаулық пен сүйіспеншілік, қарым-қабілет, байлық пен атақ-даңқ бұл тізімге алдымен тіркеледі. Сөйтіп үлкен жаңалық ашқандай көңілі шалқып келіп, осынау бақыт тізімін бір данышпанға тәкаппарлана ұсынады.
Сонда данышпан: «Тамаша тізім жасапсың. Бірақ, ең маңызды бір нәрсені ұмыт қалдырыпсың ғой» деп қарындашымен әлгі тізімге «Жүрек байлығы» деген бір ауыз сөз қосып қояды. Содан соң: «Алла әркімге де ақыл-ес пен денсаулық беруі мүмкін. Ал жүрек байлығын таңдаулы құлдарына ғана нәсіп етеді» деп ескертпе жасайды. Ә дегенде, бұл сөз жаңалық ашқан кісіге сенімсіздеу көрінеді. Сөйтіп елу жыл бойы жүрек байлығы жөнінде тәжірибелер жасап, зерттеулер жүргізеді. Ақыры, әбден қартайған шағында мынадай ой түйеді: «Бұл өмірде кез келген адамның түпкі іздейтіні жүрек байлығы екен…».
Міне, бұлар жарты ғасыр зерттеу жүргізген америкалық доктордың ең шынайы тұжырымдары. Осындай жүрек байлығын дәрігерлеріміз бойына тұмардай тағынып, науқас кісілерге барынша мейірім нұрын төксе деп тілеймін.
– Жастардың бойынан қандай қасиет көргіңіз келеді?
– Жастардың бойынан отаншылдық жігерлі қасиеттерді көргім келеді. Отанды сүю– отбасынан басталады. Отбасы тәрбие ошағы болуы керек. Ата-аналар балаларын тәуелсіз еліміздің тарихымен таныстырып, көрген қиындықтарды бала санасына жаңғыртып айтып отыру керек. «Отанды сүю– иманнан» дейді. Қазір жастар біршама дінге бет бұрды. Мешітке барады, діни сауаты бар. Десе де жастар арасында әскери борышын өтеуден қашу деген жаман әдет етек алып барады. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Отан – баршамызға ортақ қасиетті мекен. Оның тыныштығын, бейбіт аспанын, ұланғайыр шекарасын қазіргі жас қырандар қорғамағанда кім қорғайды? Сондықтан ұландарымыз табанды, ержүрек, батыл болған жөн. Ата-бабаларымыз қазақ жерін қасықтай қаны қалғанша қорғап, әкелеріміз Ұлы отан соғысында қарыстай жерді жау қолына бермеу үшін жан берісіп, жан алысқан жоқ па еді?! Сол ерлікті бейбіт өмірде байтақ отанымызды қорғау арқылы жаңғыртып, әскер қатарына барудан жалтармай, ер-азамат екеніңді дәлелдеген жөн.
– Қарттар үйіндегі қариялар мен жетімдер үйіндегі балалар тағдыры бүгінгі күні жүрек ауыртатын мәселеге айналды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
–Оны қоғамда орын алып отырған ең өзекті мәселе деп айтуға болады. Бағып-қағатын балалары, туыстары бола тұра ата-аналарын қарттар үйіне апарып тастау имандылық қасиетке жатпайды. Қазақ үшін бұл жат ұғым, ұят әдет. Ата-бабалар тар заманның өзінде мұндай келеңсіз әрекетке жол бермеген. Мүмкіндігінше қартайған шағында әке-шешені отбасының жылуынан айырмаған жөн. 
Ал жетімдер үйіндегі балалар тағдыры көкірегінде мейірімі бар, ойында түйсік-түйгені бар кез-келген адамның сай-сүйегін сырқыратады. Қазірде өзегінен жарып шыққан нәрестені қолайсыз орындарға тастап кетіп жатқан аналар бар екенін естігенде жағаңды ұстайсың. Жетім-жесірін жылатпаған дала заңын үлгі еткен, бабалар өсиетін пір тұтқан біздің намысты ұлтымыз үшін бұл қасірет. Сондықтан көрген-білгені бар үлкен әжелер, тәжірибесі бар аналар қоғамның осы дертіне бой алдырған нәзікжандыларға ақыл-кеңесін беріп, жастарға жол көрсетсе жақсы болар еді.
– Қаланың Ардагерлер ұйымын біраз жылдан бері басқарасыз. Қарттарымызға қамқорлық деңгейі қалай?
– Біздің ардагерлердің өзі бүгінде қала бойынша 23 мыңнан асады. Бұл салада жұмыс жасағаныма да 6 жыл болыпты. Биылғы жылы көпшіліктің ұсынысымен тағы 6 жылға сайландым. Аллаға шүкір, зейнетінің рахатын көріп отырған қарияларымыздың белсенділігі өте жоғары. Жұмысымыз жөнінен республика бойынша алдыңғы орынға шығып, біз басқа өңірлерге үлгі болып, тәжірибемізді таратып жатырмыз. Бізге жасалып жатырған қамқорлық ұшан-теңіз. Ардагерлердің денсаулығын түзеп, демалдыру мақсатында курорттарға, шипажайларға тегін жолдама беріліп жүр. Біз бүгінде қалыптасқан үлкен ұжымға айналдық. Өзіміздің автобусымыз бар. Көркемөнерпаздарымыз жан-жаққа концерттік бағдарламамен өнер көрсетіп қайтады. Оқу орындарына барамыз. Жастармен кездесеміз, ақылымызды айтамыз, өнегелі жолдарымыздан мағлұмат беріп тәрбиелейміз. Мереке сайын кәсіпкерлеріміз аға буынға қамқорлықтарын аямай, дастархан жасап, сый-сияпат көрсетіп жатады. Сөзім дәлелді болу үшін айта кетейін, Жаңа жылдың қарсаңында Еңбек Ері Абзал Ералиев ініміз ардагерлердің басын қосып, батасын алып, 100 ардагерімізді «Сыр ардагері» газетіне өз қаржысымен жаздырып берді. Ардагерлер ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын арнады. Үлкендерге құрмет, ыстық ықылас пен риясыз қамқорлықтан артық ештеңе керек емес. Сол үшін ардагерлердің алғыстан басқа айтары жоқ. Ел іші тыныш, тоқшылық заман болса болғаны.
– Аға буынды шыңдаған заман таршылыға ма, әлде басқалай себеп бар ма?
– Аға буынды шыңдауға заман таршылығы да себеп болған болу керек. Негізінде оларды шынықтырған сол кездегі қоғамның тәрбиесі, ата-баба дәстүрі деген құндылықтар. Біздің дәуірде ата-ананың атына сөз келтірмеу басты қағида болды. Ол кездегі әжелер тәрбиесі алтын бесік еді. Сосын қисса, дастан, батырлар жырын әртүрлі көркем әдебиеттерді құмарлана оқып, ақындар өлеңдерін жатқа айтатынбыз. Біз расында шыңдалып өстік. Соғыстан соңғы жылдар тауқыметі елге оңай болған жоқ. Құдайға шүкір, қазір заман тыныш, елде тоқшылық. Тәуелсіз ел болып, халқымыздың мәртебесі өсіп, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман болды. Бүкіл әлемде болып жатқан экономикадағы қиындықтар бізге де үнемшіл, барынша қанағатшыл, сабырлы болуды міндеттейді. Бұл уақытша қиындық деп ойлаймын. Тарихтың қаншама қиын өткелдерінен мойымай, жасқанбай, асқан сабырмен, тату-тәтті ынтымақпен өткен дана халқымызбен бірге еліміз тәуелсіздігіміздің мәртебесін асқақтатып, әлемнің биік мінбесіне көтеріледі деп ойлаймын. Сондықтан Елбасымыздың нұрлы жолға бастаған жігерлі жобаларын баршамыз бірлікпен жүзеге асырып, жұмылған жұдырықтай еңбек етсек алынбайтын қамал, бағындырмайтын биік болмайды деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет! Қажымай, талмай қарттықтың асуларын бағындырып, қажырлы еңбек ете беріңіз!

Сұхбатты жүргізген: Гауһар Қожахметова.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика