Аманғали Мұхтаров. Үндесіп жатқан ұлылық

19 Қыркүйек 2016

Қасым Аманжолов скирпкадаҰлылар жайында қалам тербеу қандай қиын?! Алайда, олардың ұлылығын ұлықтап жүру кейінгі ұрпаққа үлкен парыз секілді. Қай ақынды алмасаң да, оның шығармашылық тұрғыда өсуінің өзіндік кезеңдері бар. Оларда алғашқы қалыптасу жылдарында өзінен бұрын өткен ақындарға еліктеу, олардан үйрену, үлгі алу басым болады. Тек қаламы төселіп, өзіндік мені мен өзіндік үнін тапқан соң ғана ақындықтың ұлы даңғылына түседі. Сондай артында үлкен жол қалған ірі ақындарымыздың бірі Қасым Аманжолов екені даусыз. 
Қасымның поэзияға шындап араласуы 1930 жылдардың шамасы. Шыны керек бұл отты жылдар еді. Күнде бір ду, күнде бір оқиға болатын. Ақын-жазушылардың барлығы бел шешіп, белсеніп сол оқиғалардың арасында жүрді. 1927-1928 жылдардағы кәмпеске, одан кейінгі тігерге тұяқ қалдырмаған колхоздастыру кезеңі, 1937-1938 жылғы жаппай халық жауларын ұстау, ату.., барлығы азғана уақыттың ішінде болған үлкен оқиғалар. Алашордашыларды да есін тандыра қуғын-сүргінге салған осы кез болатын. Баз бір есімі елге танымал ағаларымыз соларды жерден алып, жерге салып жатқан уақытта, жас, қаны қайнап тұрған Қасым жұмған аузын ашпаған. Мәселен, Сәбит Мұқанов Мағжанға:
Сен құлан, өз қағынан жүрген жеріп,
Ел аман, жұрт тыныш кезде қайғыға еніп…-
десе, ақын Әбділдә Тәжібаев:
Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,
Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім,
Кезбеймін есуас боп ен даланы
Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.
Көрде аулақ, өз басымнан өлім де аулақ
Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін, –
депті. Әрине бұл сөздерді ол екеуіне сол заманның үйіріп соққан желі, идеологиясы айтқызып отыр. Алайда Қасымның осы ойлардың жетегінде кетпегені жанымызды жылытады.   Демек,  Қасым оларды   іштей   жек   көрмеген.   Жүрегінде   оларға   деген бір ізгілік, жылылық болған. Қаншама қағаздар ақтара отырып, Қасымның «Алашордашылар былай еді, олай еді» дегендей сөздерін, ойларын кездестірген жоқпыз. Керісінше «Алаш» партиясының белді мүшесі, үлкен ақын  Мағжан Жұмабаевтан үйреніп, оны өзіне үлгі тұтқанға ұқсайды. Әсіресе, махаббат, сезім сырларын бейнелеуде тап бір кереметтей болмағанымен қос ақынның сырлары өзара үйлесім тауып жатады. Бұл кездейсоқтық болмаса керек.
Мағжан:         Кел, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін.
Қасым:           Кең жайып құшағымды шақырамын,
Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым.
Ал енді Қасымның «Мен сүйем аспандағы алтын күнді» деп, басталатын өлеңі Тұрсынхан Әбдірахманованың тілімен айтсақ: «Тура Мағжан ауылынан келдім» деп, өзі айтып тұр. Бұл өлең Мағжанда «Сен сұлу» деп аталады. Екі өлеңнің шумақ саны да, құрылысы да, лирикалық ой, сыр мен сезім, бәрі-бәрі бір-бірінен аумай тұр. Сөзіміз дәлелді болсын, екі өлеңді де толық келтіреміз.

Мағжан:
Білем анық: жанға жайлы Май сұлу,
Жарқ-жұрқ еткен майда нажағай сұлу.
Қызықты орман, көңілді еркін кең дала,
Күміс табақ көкте жүзген ай сұлу.
 
Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,
Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу.
Әдемі аспан төбедегі көк шатыр
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
 
Сылқ-сылқ күліп сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығардакөтерілген бу сұлу.
 
Шаңқай түсте өткір алтын күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,
Бәрінен де маған сәулем сен сұлу!
Қасым:
Мен сүйем аспандағы алтын күнді,
Самалды майда желді салқын түнді.
Мен сүйем ауаменен ширатылып,
Құлаққа жылы тиген мұңлы үнді.
 
Мен сүйем сылдыраған салқын суды,
Судағы салқындаған үйрек қуды.
Мен сүйем күн шығарда көтерілген
Көгілдір көк жібектей – көкшіл буды.
 
Менсүйем ерікті-еркін таудың құсын,
Сайрасатын төрт бөліп түн ұйқысын.
Мен сүймес дүниеде ешнәрсе жоқ,
Сүйемін табиғаттың барлық күшін.
 
Дүниеде сүймейін нені ғана –
Бәрі қызық өзіме, бәрі жаңа.
Сонда-дағы осының бәрінен де,
Артық сүйем дүниеде сені ғана.

 
 Бұлардан басқа Мағжан қолданған «балды тіл, шолпаным, айым, күнім» деген секілді тіркестер Қасымда да өріп жүр. Әрине, біз бұл сөздермен Қасымды екінші Мағжан деуден аулақпыз. Ол өз сөзін өзі айтып, өзіндік өршіл үнін танытып кеткен ақын. Алайда оның Мағжан поэзиясымен жете таныс, тіпті олай болмаған күннің өзінде, әйтеуір таныс, хабардар болғанын, өсу жолында оған да мойын бұрғанын айтқымыз келеді. Қасымның  ақындық жолда түлеп, жандануына ұлтжанды ақынның аз да болса әсері болғанына күмән тудырғымыз келмейді. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бернияз Күлеевтердің де есімін атай кеткеніміз ләзім. Тағы бір айта кетер жай, адам бойындағы қасиет жалпы табиғаттан берілгенімен оған айналасындағы адамдардың да әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда Қасым мен Абдолланың бір-біріне белгілі деңгейде әсер еткені даусыз секілді. Олардың замандас, тұстас болғаны бар, және екеуінің де профессор Қажым Жұмалиевтен тәлім-тәрбие алғаны тарихи шындық. Бір ұядан ұшқандардың бір-біріне ықпал жасамауы тегі мүмкін емес.
Абдолла да Бернияз секілді қыршын кеткен ақынның бірі. Жас, албырт ақынның шарқ ұра іздену үстінде Байронға кездесуі оны романтиктер қатарына қосты. Әрине, оған әсер еткен жалғыз Байрон ғана емес, оның Мағжанға еліктегенін де аңғару аса қиынға түспейді. Әсіресе, мына бір жыр жолдары Мағжанның махаббат лирикасын еске салып тұрған жоқ па?!
Келші, сәулем! Күн білезік салайын,
Күн жүзіңе күміс маржан тағайын.
Күлкің күміс, күн сәулеңе жыр төгіп,
Толқыныңмен біраз сәулем, ағайын.
Ақын жан-сарайының сезім-күйі мен махаббат сырларын осылайша нәзік те, сыршыл романтикамен жырлады. Ол сыршыл романтиканың, зор арманның ақыны еді. Қасым секілді ақындықты мәңгілік мұрат етті.
Қос шырағдан мезгілсіз оты сөніп,
Жер ана сарайына кетсем еніп,
Өшпес бірақ рухым, өшпес мәңгі,
Денем мейлі топырақ болсын семіп.
…Анам жырмен тербеген бесігімді,
Жырмен жазам тарихқа есімімді.
Жылдар жылжып, өтсе де талай ұрпақ.
Өз жырыммен қағар кеп есігімді.
Осы бір жолдардың Қасымның «Өзім туралы» өлеңімен үндес келуі жай ұқсастық қана болмаса керек. Мұны Қасым жоғарыда айтылған өлеңінде терең таратып жазған болатын. Міне осыны білген адамға Қасым поэзиясындағы шымырлықтың, өршілдіктің, өзгеге ұқсамас өктемдіктің қайдан келгенін түсіну қиынға соқпайды.
Өмірде үйрену бар да, оны бойыңа сіңіріп кейінгі буынға үйрету, үлгі болу бар. Қасым Аманжолов даралығымен, ірілігімен тек оқырманын таңдантып қана қоймай, өзінен кейінгі «қазақ поэзиясының жапырағын жайқалтқан» талантты інілеріне де өнеге көрсете білді. Олай болса Қазақ поэзиясында Қасым мектебінің әлдеқашан-ақ қалыптасып қойғанын айта кету еш артық емес деп ойлаймыз. 1960 жылдары Қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерген ірі ақындарымыз Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиевтер  т.б. ақындардың Қасым Аманжоловты жыр  жолында  өздеріне  үлкен  ұстаз тұтқанын бүгінде әдебиетшілер де, зерттеушілер де, ақын-жазушылар да айтып жүр. Демек, Қасымның   мәңгілік  дәуірі  баяғыда-ақ  басталып  кеткен.  Жоғарыда аталған ақындардың бәрі де дүлдүл ақынға ұқсап, дара тұлғалы талант болуды мұрат қылды. Олар сол арманның өресінен табылды да. Қасым:
               Өзім болып айтармын өз сөзімді
         Жамау жасқау жинап мен құрамаспын.
         Жұрттың сүрлеу жолымен жүргенім жоқ,
         Нар тәуекел, омбылап тура бастым.
деп, өзіндік бағытын, ешкімге ұқсамйтын даралығын танытса, поэзиямызда Қасымнан кейінгі буын өкілі, ірі ақын, тамаша талант иесі, өз уақытының кейбір кереғар ойларымен үйлесе алмаған, шындықтың шырақшысындай болған, көлгірсуді білмеген Мұқағали Мақатаев:
         Расулдай бола алман!
         Жырым бөлек!
         Өзімнің үнім керек, тілім керек.
         Өзгені де өзіндей сүйген елім,
         Өз ақынын табады түбінде кеп, –
деуінде үлкен сыр, ертеңгі күнге деген үлкен үміт жатыр. Өз талантының өзгелер бағалай алмаған деңгейін өзі айтты, зор екпінмен айтты. Ол да табынған құдіреті қара өлең ғана екенін, ең бастысы өзінің өзге ешкімге ұқсағысы келмейтінін де, ұқсамайтынында дәл Қасымша толғады. Қасым Аманжолов поэзияға, өлең құдіретіне бас иіп:
             О, өлең! Досым бар ма сенен жақын,
             Қарашы өмір өлең, өмір ақын, –
деп толғана жырлап, толқи сөйлесе, жүрек сырын тебірене, төгіле ақтарса, Мұқағали өлеңге:
             Поэзия!
             Менімен егіз бе едің?
             Сен мені білесің бе, неге іздедім –  
деп   сырын  шертті.   Қасым   үшін    жанына  ең  жақыны,  серігі – өлең. Өлеңнен   басқа  жақын   досы жоқ.   «Қарашы, өмір – өлең» деп, мынау дүниенің,   өмірдің   өзін   өлеңнің   аясына сыйғызып  қойған. Өлеңге осыншалық   кең   мағына  берген   ақын  жалғыз   Қасым  шығар.   Ол   одан   әрі «өмір – ақын» дейді. Өлең мен ақынның арасына ешқандай сына қаға алмайтынымыз  қаншалық  ақиқат  болса,  ақынның философиялық пайымдауында   да   соншалық   білгірлік   пе,  даналық па, әйтеуір бір кереметтік   бар.   Бұл   түсінік   ақындық   сөзден   гөрі,   дәлелдеуді   қажет етпейтін   қағидаға   жақындау.   Ал   өлең   Мұқағали   үшін  егіздің сыңарындай.  Ол поэзияны «алауыртқан таңдар мен қарауытқан таулардан» іздейді.  «Кездескен адамдардан, бұлақтар мен бақтардан, шырақтар мен оттардан,   досы   мен  қасынан,  бұлт  пен  жасыннан,   нөсер жауыннан іздейді…  Қарап  отырсаң   осының   бәрі – өзіңнің    өмірің,   өміріңнің    сәттері  мен   белестері  емес  пе?!  Демек,  Мұқағали  да  өлең  мен   өмірдің  арасына шек қоймайды. «Өмір – өлең» деп атап  айтпаса  да  айтқан   сөзінің   бәрі   соған   сайып  тұр.  Дүниенің бәрін жиып тастап,  өлеңмен  сырласқан екі алыптың үнінің, ойының бір арнада тоғысып жатқанын көрмейсің бе?!
Қасым:          
Боламын ақын Қасым әлі де мен,
Өлеңін бөбегіндей әлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.
Солақай    сынның  «сойылынан»  көз  ашпаған ақын келер  күндерге зор үмітпен қарайды.   Қанша  жыл,  қаншама   ғасыр   өтсе   де   нұрлы  өмірді өзінің   өлең-жыры,  ән-күйімен   тамсандыра   беретініне   бек   сенімді.  «Өлеңін  бөбегіндей  әлдилеп»   келер   күндердің   қажетіне  жұмсамақ. Осындай   ұлылықты   жан-жүрегімен,   бүкіл  болмыс-бітімімен  түсінген Төлеген Айбергенов:
Уақыттың бойламаған тереңіне,
Өзімдей балдырған жас өлеңім де.
Күн сайын сылап-сипап келем оны,
Халқымның жаратам деп керегіне, – дейді.
Өлеңін    аялаған  екі ақын. Бірі   «бөбегіндей   әлдилесе», екіншісі «балдырған  өлеңін  сылап-сипап»  тұр. Екеуінің   де   өлеңге  шаң  жуытар   түрі жоқ. Оның (өлеңнің) елі мен жұртына рухани  азық боларын кіршіксіз   көңіл мен  адал ақындық екеуіне дәл осылай  айтқызып тұр.  Біз бүгін   олардың үкілеген   үмітінің   ақталғанына  толық  куәміз.  Иә,   нағыз  ақындар  ғана   поэзияны   осылай   аялап,   оған  дәл осындай қамқорлық танытса керек. Сондай жырлар ғана жылдар сынына төтеп бере алары хақ.
Қазақ   поэзиясында   өзіндік   қолтаңбасы   бар  ақын   Қадыр  Мырза Әли де  өсу  барысында  Қасым  Аманжоловқа  мойын  бұрғанын,  оны    өзіне ұлағатты ұстаз тұтқанын  жоғары  да  айтып  өттік.  Өмір  құбылыстары    мен табиғаттың  тылсым  сырларын  бейнелеуде қай  ақын  болмасын, өзіндік   сөз   өрнегі   мен   бояуын табуға   тырысады.  Сонымен    ерекшеленіп,    зорая   түседі. Сондай сәттілікті  Қадыр ағамыздың шығармаларынан жиі байқап, таң қалып жүргеніміз жасырын емес.

Қасым:
 … Жарқ-жұрқ етіп жүруді
Нажағайдан үйренгем,
Шадыман шат боп күлуді
Күн мен айдан үйренгем.
Тәкәппарлық ерлікті
Асқар таудан үйренгем;
Мен бір жанмын ерікті
Жарысып желмен жүгірген.
Ашу-қайғы дегенді
Қара бұлттан үйрендім
Қадыр:
Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,
Дархандықты қазаққа дала берген секілді.
Еркелікті ерікті желден алған секілді.
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.
Қасарысқан ерлікті шыңнан алған секілді.
Көшіп-қону дегенді құмнан алған секілді.
Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді.
Мың бұралған тағдырды жолдан алған секілді.
Түнеруді тұнжырап түннен алған секілді.
Күн шуақты күлкіні күннен алған секілді.
Бұл екі өлеңнен ұқсастық іздеудің керегі жоқ. Екеуі екі бөлек, жеке-жеке ғажап дүниелер. Қасым өз бойындағы керемет мінездерді табиғаттың сырлы құбылыстарымен салыстыра суреттесе, Қадыр Мырза Әли сол ғаламат құбылыстарды қазақ деген тұтас ұлттың тұла бойынан іздейді. Ізденіс ақынды үлкен жетістікке жеткізген. Оның әрбір ұқсатулары, баламалары бұрыннан  айтылып  жүргеніне  қарамастан,  жаңа  қырынан  көрініп, жүрекке жылы жол тауып, сезімді баурап алды. Әлбетте, байқап отырғанымыздай Қасым айтқан керемет ойлар Қадыр қаламында өзгеше өрнек тауып, тереңдей түскен. Өлеңнің ұйқасында, құрылысында, сөзді құбылта, ойната қолдануында да көп өзгеріс, жаңалық жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай ұқсатулары да қарапайым. Бірақ соның өзінде тереңдік, әсерлілік, әсіресе, ұлттық таным-түсінік ерекше көрінеді. Сол құбылыс өлеңге зор қуат, тамаша көркемдік шешім берген. Жалпы кеңес дәуірінде Қасымнан  басталған  ұлттық рух  қуатын жырлау Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли арқылы тереңге тамыр жайғанын ешкім жоққа шығара қоймас.

Аманғали Мұхтаров.
Ф. ғ. к., Қайнар университетінің доценті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика