Алты баланың анасы Америка асқан ұлын іздеп, шарқ ұруда

30 августа 2017

Бүгінде алты баланың анасы атанып отырған келіншек Америкадағы баласын тауып беруге көмектесуімізді сұрады. Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласынан тұрғыны Әлия Асанова Stan.kz сайтының редакциясына хабарласқан болатын.

3 жылдан беру күндіз күлкіден, түнде ұйқысынан айырылған жанның оқиғасы көпшілікке сабақ болады деген ниеттеміз.

«2003 жылы дүниеге ұл бала әкелдім. Толғағым уақытынан бұрын басталып, сәбиімді 6 айында босандым. Ағзалары жетілмегендіктен баланың денсаулығында ақау болды. Сол мезетте отбасымның шырқы бұзылып, күйеуімнен ажырасып жатқан едім. Оның үстіне жақындарым шала туылған нәрестеге қарай алмайсың деді. Содан ұлымды перзентханаға тастап кеттім. Арада үш жыл өткеннен кейін перзентімді Америкадан келген Тамара Россотти есімді келіншек асырап алды», – дейді Әлия.

Әлия ұлының есімін Эльдар деп қойған. Баланы асырап алған шетелдік келіншек оны Luccо Rossotti деп атапты.

«Тамараның арқасында мен баламмен ғаламтор арқылы араласып тұрдым. Эльдар туған шешесінің кім екенін білетін. Екеумізді бірдей «мама» деп атайтын. Суреттері мен хаттары пошта арқылы келіп тұрды. Асырап алған анасы ота жасатып, баламның денсаулығын қалыпқа келтірді. Мен оған ризамын», – деді ана.

Алайда, 2014 жылы Американың Калифорния штатынан суық хабар келген. Эльдарды асырап алған әйел ми ісігінен көз жұмған. Сол уақыттан бері Әлия Асанова шетел асқан баласымен байланыс жоғалтыпты. Қазір кіммен және қалай тұрып жатқанынан бейхабар.

«Әрине, көп адам менің өзімді кінәлайды. Мен ақталмаймын да. Баламнан қандай жағдай болмасын бас тартпауым керек еді. Бұл менің тағдырым. Ұлымның қалай, кіммен өмір сүріп жатқанын білгім келеді. Онымен араласып сөйлескім келеді. Америкаға барып іздеуге менің қаражатым да мүмкіндігім де жоқ», – дейді ол.

Әлияның бар білетіні, Эльдар анасының өлімінен кейін кіндік әкесімен қалған. Бірақ ол кісі ешқандай байланысқа шықпай қойған. Хаттарды тасып жүрген ресейлік курьерден де еш мағлұмат ала алмапты. Бұл ретте Әлия Асанова еліміздің Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрайды.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика