Алматыда Халықаралық Қазақстан-Түркия лицейі ашылды

19 апреля 2016

Алматыда Халықаралық Қазақстан-Түркия лицейі ашылдыЖаңа бастама – жарқын болашаққа бастайтын көштің бірі екені анық. Сол себептен, Тәуелсіз еліміздің атар таңы – тікелей білім саласымен байланысты болып жатқандығы белгілі. Осы тұрғыда,  Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, доктор, профессор  Sabri HİZMETLİ жаңа оқу ордасын ашты. Тың жаңалықтың жаршы тұсы – Халықаралық Қазақстан-Түркия лицейі! Осы негізде білім алушы, әрбір жас қазақ тілі, ағылшын тілі, түрік тілі және орыс тілдерін меңгеріп шығады. Бұл бастама – Алматы қаласында, 2015 жылы ресми түрде ашылған болатын. Лицейдің негізгі білім берудегі мақсаты – мемлекеттік және халықаралық деңгеймен біріктіріле отырып, заманауи стандарттар бойынша құрылып, көп тілді және көп ұлтты оқу ордасына айналуы. «Сапалы тәлім-тәрбие және біліктілік – келешектің бастау көзі» — деген ұранмен өз жұмысын бастаған лицей, әрбір талапкерді мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде кез-келген салада өз мамандығы бойынша ісін жандандыра алатын, бірнеше тілді меңгеріп шығатын, қазіргі заманның ғылым мен мәдениетін қатар алып шығатын ұрпақты тәрбиелейтініне сенімді. Сонымен қатар, тек Қазақстандық ғана емес, ТМД елдерінің, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Түркия, Қытай және басқа да көрші мемлекеттердің балаларына есігін ашып, дәнекер сипатта бір ғылым ордасы екендігін көрсетіп отыр. Осындай білім жүйесін ашуда, Қазақстан Республикасының заңдары мен елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Халыққа Жолдауы»  негізінде жетістіктерге жету, студеттердің психологиялық-әлеуметтік дамуын қадағалау, қоғамның ұлттық және рухани құндылықтарын бағалайтын тұлғаларды жетілдіру және де нәтижесінде мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосуды мақсат ете білген Университет ректоры – Сабри Хизметлимен сұхбат жүргізген едік. 

— Сәлеметсіз бе Sabri мырза! Әрбір бастамаңыз ұзағынан болсын деген тілекпен, ашылып отырған лицейіңіздің басқа оқу ордасынан ерекше тұсын айта отырсаңыз?!
— Рахмет! Баршаларыңызды амандықтарыңызды тілеймін! Аталмыш лицей, негізінен өздеріңіз хабардар болып жүргендей көп тілді және көп ұлтты балаларға арналады. Мұндағы білім беру жүйесі – ҚР Білім және Ғылым министрлігі мен Әділет министрлігі тарапынан бекітілген. Университетіміздің жалғасы, ендігі кезекте білім берудің алғышартына айналатынына сенімім зор. Әрбір жастың сапалы білім алатынынын алға тарта отыра, саналы ұрпақ болады деп білемін! Бүгінде, осы негізде ұжым болып, іс атқарудамыз. «Білікті маман заман талабы» — демекші, лицейде заманауи мүмкіндіктің балығын дерлік қарастырдық. Айта кетсем, компьютер, лаборатория, спорт кешені, жатақхана, асхана, кітапхана және де білімге құштар жанның бәрін толыққанды тұрғыда қамтыдық! Сонымен қатар, тәжірибелі маманның шығуына тікелей атсалысу барысында, білімді де білікті оқытушыларды таңдадым. Мұның барлығы, елдің өркендеуінің негізгі кілті бола білген, жастарға жарқын болашақты көрсету!
— Sabri HİZMETLİ, Халықаралық Қазақстан-Түркия Лицейінің (ХҚТЛ) – қабылдау жұмыстарына, оқу төлемақысына тоқталсаңыз…
— Біздің оқу ордада білім алғысы келетін талапкерлер екі емтиханнан өтеді. Осы екі дәрежелі сынақтан өткен әрбір оқушы, (65-тен жоғары ұпай жинағандар) қабылданады.
Емтихандар қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілдерінде болып, жалпы әлем тарихы, математика, логика дәрістерін қамтиды.
— Қабылдау мерзімі – 2016 жылдың 1- 22 сәуір аралығында өтеді.
— 1) 23-сәуір
— 2) 14-мамыр күндері емтихан өткізіледі.
Сонымен қатар, тиісті құжаттармен келуі қажет. Ал, оқу төлемақысына келетін болсам, әрбір отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын басты назарға ұстау шарт. Бір айта кетерлігі, жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, оқу ақысын кредитпен төлеу жүйесі, гранттар бөлу тұрғысымен ерекшелінеді. 2016-2017 оқу жылында лицейге 5,6,9 сыныптарға талапкерлер қабылданылады. Әрбір сыныпта 25 оқушыдан аспайтынын да ескерте кетейін.
Өз ісіне нық сенімді, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан дамыған, Қазақстанды кез-келген салада басқара алатындай білімі бар оқушыларды дайындау барысында ашылған Халықаралық Қазақстан-Түркия лицейіне Алматы қаласындағы 83 колледждің қауымдастығының төрағасы Жантілеу Әзизхан өзіндік қолдауын білдіріп, жүрекжарды тілегін де айта кетті:
— Шыны керек, елімізде жыл санап, қазақ-түрік лицейлерінің қатары көбеюде. Соның нәтижесінде, білікті де білімді мамандар шығуда. Міне, осындай жақсы бастаманың санатына тағы да бір, өз алдына ерекше тұстары бар оқу ордасы қосылды. Бұл – қуантарлық жайт! Осы лицейдегі оң дүниенің бірі — оқушыларды заманауи бағдарламалармен қамту арқылы, білім деңгейлерін тереңдете түсетіндігі. Бүгінгі жас-жеткіншектер қазақ тілімен бірге, басқа да тілдерді біліп, үйреніп және өзгелерге үйретіп жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз! Осы лицейдің ашылуында сөз алған, Түркия республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза қаған Йылмаз Қазақстан мен Түркия елі мәдени және білім саласында да бірігіп жатса, еш артықшылығы жоқ екендігін, сондай-ақ, достық, бауырмалдық қарым-қатынасымыз өркендей түссе деген ыстық лебізінде айта кетті.
ХХІ ғасыр – ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі. Осы кезеңдегі, Қазақстанның жастары сапалы да саналы, білікті де білімді, ұтқыр да ұтымды пікірді айта алатын, өзгеге өнеге, өзі үлгілі ұрпақ болып өсуі керек. Ал, ондай ортаны қалыптастырушы – Халықаралық Қазақстан-Түркия лицейі болатыныны сөзсіз!

Ұлмира Қалжан


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика