Алматыда екі баланың мәйіті сандықтан табылды

17 мая 2017

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында жеке үйлердің бірінде тұрған ескі сандықтан екі баланың мәйіті табылды деп хабарлайды NUR.KZ.

Қайғылы оқиға 14 мамыр күні орын алған. Марқұм болған балалар бір-біріне көрші болып келеді. Есімдері Ермек Дулатұлы және Абылай Иманғазиев. Қайтыс болған Ермектің әкесі Дулат Әкімжанов баласының жоғалғанын кешке естіп, Ащысай ауылына түнде келген.

«Абылайдың анасы екеуміз ажырасып кеткенбіз. Ол анасымен бірге Ащысай ауылында тұрады, №74 мектептің төртінші сыныбын бітіріп жатыр еді. «Бала жоғалды» деп шақырған соң ауылға келсем үйдің сырты адамға толы. Маған бір көршіміз «Абылай мен Ермек Қаратұрық ауылына кеткен болуы мүмкін» деп айтты. Машинамен түнделетіп сол ауылды қарап шықтық. Сосын жүрегім жамандықты сезіп, үйді қайта қарайық «балам сабырлы, ол алысқа еш уақытта кетпейді» деп ауланы ақтардық. Үйдің алдында кішкене сарай секілді екі бөлмелі үй тұрушы еді.

Ішіне кіріп едім, еденнен қан тамшысын көрдік. Артынша Ермектің анасы «Балалар мында жатыр» деп айқайлап жіберді. Қарасақ, екі бала бүктелген бойы сандықтың ішінде жатыр. Біз олар талып қалған екен деп, көлікке салып алып ауруханаға апарадық. Тексеруге әкеткен дәрігерлер сәлден соң, «олар тұншығып өлген» деп хабарлады. Сараптамадан шыққан ақ халаттылар «балалар сандықта емес, суда тұншыққан, себебі қолдары аппақ» деп түсіндірді. Ал ана әлеуметтік желіде тарап кеткен хабарламада «сандықта тұншыққандары соншалық, бір-бірінің беттерін тырнап тастапты» дегеннің бәрі өтірік.

Балалардың денелері таза. Тек менің ұлымның бір беті ойылып тұрып жараланған. Бірақ қан жоқ. Мен балаларды біреу өлтіріп, қылмысын жасыру үшін сандыққа әкеліп салып кеткеніне сенімдімін. Себебі, сандық кішкентай, екі бала өздігімен сыймайды. Бөлменің ортасындағы қан іздері қайдан шықты бәрі жұмбақ? Бір сұрайтыным, полиция қылмыскерлерді тауып жазаласа екен. Мен әкемін, олардың да баласы бар ғой. Тәртіп сақшылары «балалар тығылмақ ойнап сандықта жасырынған, сосын шыға алмай қалып тұншығып өлді. Ана қан ауа жетпеген соң мұрындарынан аққан», — деді қайғы жұтқан әке Дулат Әкімжанұлы.

«Полиция бірнеше жайтты ескерулері қажет. Жетінші мамыр күні баламды сегізінші сынып оқушысы қылқындырып, талдырған. Ес-түсін білмейтін Ермекті аудандық аурухана апарып бетін бері қаратып, учаскелік инспекторға арыз жаздық. Сол іс ақыры қозғалмады. Менің күдігім сол, үлкен балалар әлімжетік жасады ма?», — дейді Дулат.

Аталған оқиғаға қатысты Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «мәйіттің табылуы» деген баппен қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмысы басталып кеткен.

«Екі баланың өліміне қатысыты бірнеше сараптама дайындалды. Осы сапартамалардың нәтижелерінен соң ғана оқушылардың неден қайтыс болғаны туралы нақты айта аламыз. Ата-ананың қайғысын түсінеміз. Бәрімізге ауыр. Полиция заң шеңберінде ғана жұмыс жасайды. Аталған іс департамент басшыларының бақылауында», — деді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметкері Көбейхан Нұрахмет.

Ал қайтыс болған оқушылардың денелері 15 мамыр күні Ащысай ауылында жерленді. Көршілері екі бала да сабырлы болған және сандыққа тығылып ойнап, қайтыс болғанына сене алар емес.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика