«Алланың мейiрiм-шапағаты өлшеусiз деп халықты адастырма»

17 января 2019

Екi жол

Көр азабынан құтылып маhшардағы сират-ул көпiрi арқылы бейiшке бастайтын жол:

Фәниден – бақиға, күнәдан – ғибадатқа, күмәннан – кәмiлге (сенiмге), нысапсыздықтан – нысапқа, қараулықтан – қанағатқа, сараңдықтан – сақилыққа, надандықтан – адамгершiлiкке, кесiрлiктен – тағатқа, мекерлiктен – мейiрге, шаhуаттан – шапағатқа бет алған Тәуба жолы.

Ал, керiсiнше жүрсең, көр азабынан Жаhаннам азабына бастайтын шайтан жолына түсесiң. Бұл жөнiнде имам Ғазали:

«Тағы да айтатын бiр мәселе: Алланың жақсылық мархабаты мол, мейiрiм-шапағаты өлшеусiз – деп халықты адастырып қоймағын! Өйткенi, бұдан оның көңiлiне жайбарақаттық, астамшылық кесапаты пайда болар. Шариғат жолына кiрместен, Алла рұхсат етпеген iстермен шұғылданса – жаман мiнез-құлықтың ықпалында кетер», – дептi.

Бұл екi жолды Абай да көрсетсе керек. «Абай жолы» қайсы?

Абай: «Кiмде-кiм аhиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, бiлмек керек:

Еш адамның көңiлiнде екi қуаныш бiрдей болмайды, екi қорқыныш, екi қайғы – олар да бiрдей болмайды.

Мұндайда екi нәрсенi бiрдей болады деп айтуға мүмкiн емес. Олай болғанда:

Қай адамның көңiлiнде дүние қайғысы, дүние қуанышы – аhирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес.

Ендi ойлап қарай бер – бiздiң қазақ та мұсылман (ба) екен?..»

Бұл бiрiншi жол, яғни, «осы дүниеге керектiнi» емес, аhиретке керектiнi» алып, рух тазалығын тандайтын имандылық ықылымы, адамгершiлiк жолы.

«…Бiреудiң бiлгендiгiне – бiлместiгiн таластырып, бiреудiң бағына, малына күндестiк қылып, ия көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тiлеудi — құдайдан тiлемей, пендеден тiлеп: «Өз бетiммен еңбегiмдi жандыр» -демей: «пәленшенiкiн әпер» демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай бiреу үшiн бiреуге жәбiр қылуына не лайығы бар? Екi ауыз сөздiң басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ… Оның несi адам?»

Бұл – екiншi жол, яғни, имансыздықтың – азғындықтың жолы.

Ал, ендi қай жолмен жүретiнiңдi өзiң танда.

Тұрсын ЖҰРТБАЙдың күнделігінен
Фото: gamer.ru
zhasalash.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика