ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ «БЕСІНШІ КОЛЛОНА»: ОЛАР КІМДЕР?

5 Ақпан 2017

Қазақтың "гей" жігіттері үйленді«Қазақтың «гей» жігіттері үйленіп, отау құрыпты. Масқара!». Дәл осындай жазбаның әлеуметтік желіні «кернеп кеткеніне» де көп болған жоқ. Даудың басы мына бір суреттен басталған. Арзан ақпараттан сенсация жасауға құмар жандар көп қой. Бірден іліп алып, таратып әкетті. Бұл қашан болған оқиға, шынымен де отау құрды ма? Бәлкім сәтсіз әзіл болар? Ондай ой ешкімді де мазалаған жоқ. Жұрт кезекті рет біреудің басына қарғысты үйіп-төгіп, өз эголарын қанағаттандырып алды. Болды.

Байқайсыз ба? Қазақ жеріне, ұлтына қатысты өзекті мәселелер көтерілген тұста әлеуметтік желідегі фейктердің де белсенділігі арта түседі. Оларға өсек жазудан әріге бармайтын сайт-порталдарды қосып қойыңыз. Әлеуметтік желідегі өсек құмар фейктер мен ақпараттық порталдар бірін-бірі толықтырып, жұрт назарын арзан дүниеге аударуға тырысуда.
Қараңыз, ресейлік депутат Шперов «Қазақ жерін РФ құрамына қосуға уәде берді». Бұл Қазақстанның территориялық тұтастығына төнген ашық қатер болатын. Бірақ әлгі «масқара, сұмдық» деп ауыз жаппайтын белсенді топ осы тұста үнсіз қалды. Қайта халықтың назарын аудару мақсатында желіге өтіп кеткен дүниелерді қайта шығарып, әлеуметті басқа дүниемен алдандыруға тырысты. Тіпті әншілер де аяқастынан «сенсациялық» сурет пен мәлімдеме жариялағыш болып шыға келеді.
Мәселен дәл осы суреттің желіге шыққанына да 2-3 жыл болды. Кейін шулы суреттегі оқиғаның «сәтсіз әзіл» екені де хабарланды. Бұл сурет сонау «Мой мирдің» кезінде-ақ жұртты шулатып, «жаға ұстатып» қойған. Бірақ ол жеткіліксіз болған тәрізді. Жұрт қайтадан шулай бастады.
Осыдан бірнеше күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтегі «бесінші колонна» мүшелерін анықтауды тапсырды. Бұлар елдегі саяси-экономикалық өзгерістерді болдырмаудың қамын жасап жүрген «сатқындар».
Мұны неге айтып отырмыз? Мемлекеттегі ірі өзгерістер тек биліктен ғана бастау алмайды. Мемлекеттің қайнар көзі халық. Яғни өзгеріс орнауы үшін халық соған дайын болуы керек. Белсенділік танытып, талап етуі тиіс. Бірақ әлеуметтік желінің де артында әлгі «бесінші колоннаның» мүшелері тұрған тәрізді. Әйтпесе осындай маңызды сәтте маңызы жоқ ақпараттың дендеп кетуін қалай түсінуге болады? Әлемжелідегі «бесінші колонна»: олар кімдер?
Жақында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің «Фейсбук» парақшасында Министрліктің ресми сайтына жаңа қосымша енгізілгенін хабарлады. Бұдан былай сіз әлеуметтік желілердегі суицидті, есірткіні насихаттаған, терроризм мен экстремизмге, қатыгездік пен ұлтаралық жанжалға үндеген топтарға және сайттарға шағым білдіре аласыз. Дұрыс. Енді осыған орай қазақ қоғамын азғырып һәм жаңылыстырып отырған топтарға шағым түсіруіміз тиіспіз. Атын атап, түсін түстеп.
Нүкте.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика