Әлемнің Абайы. (Асан ОМАРОВ)

13 Мамыр 2018

Басы…

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті, –
дей келе, «осы үш сүю болады имани гүл» деп тұжырады Абай. Иман, дін деген ұғымдары мәнісін осылай түсіндірген ғұлама ойшыл болмаған. Бұл арада адамзатты «мұсылман», «кәпір» деп жіктеудің исі де жоқ.
Қорыта келгенде, Абайдың даралығы, кемеңгерлігі ол ашқан күллі адамзатқа ортақ рухани жаңалықтар һәм идеалдармен өлшенеді. Олар аз емес, біз кейбір бастыларына ғана тоқталдық.
Айта кетелік, ислами жат ағым өкілдерінің біз таухидті меңгердік, бір Құдайдың затын таныдық, мекенін білдік деп жүргендері бос сөз. Абай Құдайдың мекені қайсы деген даулы мәселеге «Мекен берген, халық қылған Ол лә мәкән», яғни «Құдай мекенсіз», – деп жауап берген. Мұны  қазақы түрде «Құдай әр адамның жүрегінде» және «Әділет, мейірім қай жерде болса, Құдай сонда» деп ұқсақ та болады.

Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ,
Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.
Еш нәрсеге ұқсамайды Ол еш нәрсеге,
Кітаптың айтқанынан ойлама көп.
Ғұлама ойшылымыздың бірі Мәшһүр Жүсіп Құдайдың затын тану мүмкін еместігін осылайша жеткізген.
Хакім Абайдың көпшілікке жұмбақ, жабық күйде қала беретіні несі? Себебі, айтқандарын түсінуге даярлық, белгілі бір парасат биігі керек. Абай жаңалығын жеткізе білудің өзі де жаңалық. Жастарымыз дінде адаспауы үшін айтылған жайларды тағы бір пысықтай кетелік. Біз әуелі Алланың хикметін танудың құралы – ғылым деп түсінік бердік. Онан соң, махаббат пен әділет те Тәңірінің ісі, хикметі екеніне көз жеткіздік.  Сөйтіп, Құдайдың бұлжымас үш заңы бар. Олар: ғылым, мейірім, әділет. Міне,  таным атаулының атасы – осынау үш феноменді анық білуге саяды. Олар жеке адам өмірі мағыналы болуына да, қоғамдық сана толысуы үшін де айырықша құндылық.
Бақсақ, Абай өсиеттері Құранға негізделген. Ислам ілімі діншіл бол, күні-түні мешіттен шықпай сәжде қыл демейді. Жақсы адам, яғни хақ мұсылман – «уәлләзинә амәну уә ғамалус-салих» істеуші. Араб сөйлемінің қазақшасы: иман келтіру һәм жақсы іс-амалдар істеу. Осынау екі шарт-қағида Құранның күллі мағынасын (тәулиін) өзіне сыйдырып тұр. Бірінсіз бірі жарым. Абай да Құдай тағаланың салған жолы  – осы екі шартты орындау деген. Осы танымнан «босанбаңдар!» дейді.
Абай түзген имандылық формуласы –  Тәңірілік үш феноменді (ғылым, мейірім, әділет) мойында, оларды күнделікті өмірде нық ұста деген мағынаға саяды. Құдай жолы не дегенге – «Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Хақ жолы осы әділетті» деп анықтап береді. Көпке пайдасы жоқ, тек ахиреттегі қамын жеген «діншіл» кісіні «Харекетсіз – сопы монтаны» деп сөгеді.
Сонымен, «кемеңгердің кемеңгерлігі неде» дегенді тағы бір пысықтайық, кемеңгерлік мәні – хақиқатты таныту арқылы қауымға Алла тағаланың салған тура жолын көрсету. Абай осы шартқа толық лайық әлемдік тұлғамыз.
Махаббат-шапағат иесі
Махаббат деген, қысқа айтқанда, Алланың нұры. Егер жер бетіне Күн сәулесі түспесе, тіршілік атаулы жойылар еді. Сол сияқты махаббатсыз «дүние бос», онсыз адам өмірі – мағынасыздық. Абай осы ақиқатқа көзі жеткен, сенімі кәміл кемеңгер. Оған мысалдар арқылы да көз жеткізелік.
Абыз Абай 1902 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық әлем халықтары костюмдерінің көрмесіне киім үлгілерін жіберіпті. Бұл туралы архивтік деректі Омбы қаласының мемлекеттік мұрағатынан Семейдегі Абай мұражайының қызметкерлері тауып әкелді. Құжатта Халықаралық көрмеге ат салысқан тоғыз қазақтың ішінде Ибрагим Құнанбаев екі киім үлгісін («костюм киргиза и мальчика») жіберді деп көрсетіліпті («Абай» журналы. – 2013 жыл, №1). Осы жылы әйгілі «Ескендір» поэмасын жазған деген болжам да бар.
Жазда Абай үйден шығып, көлеңкеге сырмақ, кілем төсетіп отырады екен. Мал баққандар, бие сауғандар, үй шаруасын істейтін әйел-еркек, қыз-келіншек, бозбалалар Абайдың айналасына келе бастайды. Абай олардың аздаған болса да білетұғын өнерлерін байқап ап тапсырма береді. Біреуіне өлең айт дейді, біреуіне ән сал, біреуіне күй тарт деп домбыра беріп, кейбіріне тақпақ, жаңылтпаш, кейбіреуіне күлдіргі әзіл-қалжың айттырады. Өзі де солармен бірге қызықтаса күліп рақаттанып отырады. Міне, Абайдың «күндегі әдеті» (Әрхам) осы болған.
Адалдық, әділдік, арлылық Абайда тумысынан, ал тәубешіл, сабырлы, төзімді, мейірімді болу сияқты көркем мінездерді өзін өзі тәрбиелеудің, өсу мен жетілудің ұзақ жолында қосқан.
Тұрағұл әке мінезі жұмсарып, дағдысы өзгергені жайлы былай дейді: «1897 жылы май айының басында үлкен ауылға (Жидебайға – А.О.) келсем, әкем ұранқай үйінде екен. …Мен сәлем беріп кіріп келгенде, сәлемімді алар-алмастан «Сыртқа (Бақанас жайлауы) шығасыңдар ма?» – деді. Мен: «Оған бізде жүк артар түйе жеткіліксіз ғой» дедім. «Мен түйе жинап берейін, Сыртқа шығыңдар» деді.  Сол үйде отырған Оразалы деген балалау жігітті Есіркеп деген сыбайласының ауылына жіберді, үш түйесін берсін деп. Есіркеп орташа мал біткен адам, Жортардың балаларының ішіп-жегенінен қашып, 2-3 жылдан бері менің әкемді паналап отырушы еді. Оразалыға «түйем жоқ» деп, түйе бермей жіберіпті». Есіркептің түйе бермегені, оны Абайдың ренжімей қабылдауы – Тұрағұлды қайран қалдырған.
Тағы Тұрағұл 1904 жылғы бір мезетті есіне алады: «Менің балам Жәбрейлді әкемнің өлеріндегі науқасы басталғанда, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда лапылдап ұмтылып еді: – Қаны тартып, жүрегі сезіп тұр, – деп қатты рахаттанып қалды. Мен: – Жоқ, аға, нені біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылды ғой, – деп едім, «Сен білмейсің», – деп мені тыйып тастап, аузындағы шайнаған өрігінің етін баланың аузына салды».  Немерелері «аталаған» Абайға «Сәлем берелік!» деп ат сабылтып келіп-кетіп жатқан дос-жаран, құдандалы туыс,  алыс-жақын қонақтар көп болған. Кемеңгер бәрі-бәрін өле-өлгенше жылы қабақпен қарсы алған. Ой көзімен қарасақ, «Адамды сүю» деген де, әулиеліктің нышаны да осы.
Абай мейірім-шапағат иесі болғанының бір мысалын Т.Әлімқұлов өзінің «Жұмбақ жан» кітабында келтіріпті. Ол Абай ауданының тұрғыны қарт әжей Мақыптың қайын атасы Қорамжан туралы естелігі. «Ұрлықты кәсіп еткен атам Қорамжанға «Сенде бір бұйымтайым болып тұр, бересің бе?» – депті Абай. Атам сасып қалып: -Алыңыз, алыңыз… – дейді. – Ендеше, Қорамжан, ұрлығыңды бер! – Берейін, берейін… бірақ мен қайтып күн көрем? – депті атам. Абай аз ойланып тұрып: – Жаныма көшіп кел! – депті».
Осылайша Қорамжан отбасымен Абай ауылында Мағауия қайтыс болған 1904 жылға шекті тұрады. Мағауияның жетісінен кейін: «Сендерді енді өз ауылдарыңа көшірейін деп отырмын. Мен де енді қанша өмір сүрер дейсің. Көзімнің тірісінде көшіңдер» деп, Абай «Бізге екі бие, екі түйе, бір сиыр берді. Киіндірді. Біз жігітек руы отырған Сарыкөл деген жерге көшіп бардық. Бір айдан соң «Абай қайтыс болды» деген хабар келді ауылға» деп сөзін тәмамдайды Мақып әжей.
«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңінде:
Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін, Құдайым-ай!(1888) –
демей ме Абай. Қоғамның басты құндылығы – адам. Сол үшін данышпан мейірлі болуды өзінің өмірлік ұстанымы етті.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?! (1899).
«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген пәлсапалық өлеңінің түйіні осы. Табиғатта тым сирек бір келі металды алу – сан талай тонна тау кенін қопаруды талап етеді. Сол сияқты Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дегені ұзақ өмір тәжірибесін қорытып айтқан аса құнды өсиет екені сөзсіз.
Намазды қайтіп оқыған?
Бүгінгі жастарды кемел Абайдың намазы да қызықтырады. Сұрақтар жиі қойылады: «Абай бес уақыт намазға салғырт қараған ба, жоқ, әлде қатаң орындаған ба?» – деп. Осыған жауап беріп көрелік. Абай заманында сәжде қылмаған қазақ сирек. Абай «Абыралыға» деген өлеңінде сынға алғандай, иман не дегенді білсін білмесін, бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысқан. Бірақ Абай қатардағы мұсылман емес, ол дана әрі әулие. Мұсылманшылығы, тақуалығы һәм Құдайға құлшылығы өзінше болып келеді. Мұсылмандық тәжірибеде Аллаға мінәжаттің екі түрі бар: бірі – намаз, екіншісі – зікір. Әулиелік дәрежеге жеткен кісіге бұлардың артық, кемі жоқ. Айтпақшы, қасиетті Құранда да намаз, зікірдің аражігі ажыратылмаған.
Халық ақыны Төлеу Көбдіков жас жігіт шағында Абаймен бірнеше рет жүздескен, есінде қалғандарын тұшымды етіп, жазып қалдырған адам. 1897 жылы жайлауда Төлеу ақын Наушабай деген Абайдың құрдасымен бірге ақынның үйіне ат басын тірейді. «Азырақ отырғаннан кейін күн екінті болды. Наушабай тысқа шығып, дәрет алам деп түрегелді. Абай күліп: «Дәрет алсаң да, зікір салсаң да енді қонақ үйге барасыздар», – деді» (Абай туралы естеліктер. – Семей, 2010. -182 бет).  Бақсақ, Абайға намаз бен зікір бір ұғым. «Намаз оқысаң да» деп емес, «зікір салсаң да» деп айтқаны сол.
Тағы бір жанама дәлеліміз – Абайдың 38-сөзінде намаздың ишараты неде екенін тәптештеп түсіндіруі. Көпшілік намазды оқысақ «мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды». Бірақ құр денемен қылған намаз бәһра бере ме? Бермесе керек. Сондықтан Абай намазды «тазалыққа кіргендігіңді, кәміл ыхласыңды көрсетіп», яғни Тәңіріні еске ала отырып, орында деп ескертеді.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін.
… Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек (1896).
Осы сияқты ұлы өсиеттерді артқыға мирас еткен Абайдың хақ мұсылмандығына шүбә келтіру еш мүмкін емес. Намазды оқсысын, мейлі, оқымасын, онан Абайдың иманы еш кемімек емес. Өйткені, намаздың міндеті – адамның иманын кәміл ету, басқаша айтқанда, пенденің қатайған жүрегін жібіту, жұмсартуға саяды. Басқаша ойласақ, адасамыз.
Келтірілген мысалдар Абай мінәжәтін бірде намаз оқумен, енді бірде іштей зікір салумен өтеген болар деген ойға жетелейді (негізі, 38-қарасөз тұнып тұрған зікір. Оны жазған жылдары Абайдың бір Тәңіріге ғашықтығы шырқау шегіне жеткені хақ).
Ой-пікірімізді Көкбайдың естелік сөздерімен сабақтайық: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. …Сондықтан сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кездерде оқиды, бірақ, ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын».
Иә, «Абай намазды қалай оқыған?» деген сұраққа жауапты Көкеңнен асырып жеткізу мүмкін емес шығар. Сөйтіп, Абай ғибадат қылуымен де бөлек адам. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ғажайып өлеңнің иесі, кеудесі зор Абай, әрине, Тәңірі алдында ғана бас иеді, кішірейеді.
Кәміл мұсылман бола тұра, хакім Абайдың құлшылықты толассыз қылмағаны несі? Бұл бір Тәңірі күні-түні таза жүрекпен ойлағандықтың, яғни әулиліктің белгісі деп білеміз.  Құранда: «Қиямет күні сендерге мал-мүлік, перзент, бақ-дәулет ешқайсынан пайда жоқ. Тек ол адам маған таза жүрегімен келсе ғана пайда бар» (Ғашия сүресі, 89-аят) делінген.
Сөзімізді Шыңғыс Айтматов пікірімен сабақтайық. Ол хакім Абайдың әлемдік ақыл-ойды дамытқаны жайлы былай дейді: «Өзімен өзі дара қалып қоймай, әлемдік ақыл-ой дамуы ағысының алдына шығып, адамзатпен бірге алға жылжуды тарих Абай секілді ұлылардың ғана еншісіне берсе керек».
Кемел, ұлы ойшыл адамның бір аты – хакім дегенбіз. Тағы бір аты – әулие. Олай болса, келесі баянымызда Абайды әулиелік қырынан сөз етеміз.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика