Александр Затаевич: «Қазақтар – менің туған халқым»

6 Қазан 2018

56705ee2792d0Қазақстанның бірнеше қаласында, мысалы Астана, Алматы және Шымкентте Александр Викторович Затаевич атындағы көше бар. Үйлердің қабырғасында «Затаевич атындағы көше» деп жазылған тақтайшалар ілулі тұр. Александр Викторович өткен ғасырда қазақтың әндері мен күйлерін жинап нотаға түсіріп, олардың сақталып қалуына үлкен еңбек сіңірген азамат. 
1920 жылдың көктемінде Орынбор қаласына Варшавадан белгілі сазгер әрі музыка сыншысы А.Затаевич көшеде ілулі тұрған хабарландырудан қазақ музыкасының кеші болатынын біледі. Қазақ әндерінің әуенділігіне таң қалған сазгер үйіне келе салысымен жанұясының мүшелеріне: «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын», деп өз шешімін білдіреді. Бұл болашақта аңызға айналатын ұлы істің бастамасы екенін ол кезде ешкім де білген жоқ. 
1922 жылы «Степная правда – Дала шындығы» газетінің 9 мамыр күнгі санында «Революция дауылы арқасында Қазақстанға кездейсоқ келген Затаевич елдің түкпір-түкпірінде болып қазақтың түрлі мазмұнды 655 әнін мәңгілікке жоғалып кетуден сақтап қалды» деп жазды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазақстанды зерттеу басқармасы тарапынан жазылған сазгердің өмірбаянында: «А.В.Затаевич 1922 жылдың соңына таман барлығы 1093 әнді жинады» деген мәліметтер келтірілген.
Көптеген ән мен күйлерді Затаевич революциядан кейінгі азамат соғысы зардабын шеккен қазақ халқының өкілдері, білім іздеген қазақ жастарынан жазып алады. 
Көп жылдардан соң Затаевичтің жазбаларынан оның қазақ музыкасын жинауды қалай бастағаны жөнінде жазғаны табылыпты. Бірде сол кезгі кеңестік партия мектебінің оқушылары арасында бір жаңалық тез тарайды. Түрі қазаққа мүлде ұқсамайтын бір кісі, бірнеше күн бойы жатақханаға келіп студенттердің айтқан әндерін тыңдайды екен. Алдына жайған қағаздарына бір түрлі нүктелерді тізіп болған соң, сол нүктелеріне қарап отырып тек қана Мұқаш деген жігіт білетін әндерді айтып жиналғандарды таңқалдырыпты!
Бірде Затаевичтің жазғанына бір қазақ ұзақ қарап тұрыпты. Ол басқалардың ән салғандарын сағаттар бойы үндемей бақылапты. Александр Викторовичтің: «Сіз ән айтпайсыз ба», деген сұрағына «Жоқ» деп жауап беріпті әлгі адам. Бірақ, Затаевич әр келген сайын сол бір бейтаныс әрдайым қасына келіп тұрады екен. Бір күні екеуі жатақхананың есігі алдында кездесіп қалады да «Ешкім жоқ, бәрі қала аралап кетті» деп Затаевичке жатақханаға кіруін өтінеді. «Ешкім жоқ болса, кіріп не қыламын», деген сазгерге әлгі кісі: «Жүріңіз, мен ән айтамын», депті. Таң қалған Затаевич оның орындауында біршама жаңа әндердің әуенін жазып алады. Содан соң: «Бұрын неге маған ән айтып бермедіңіз?» деп сұрайды. Бұл сұраққа ән орындаушы: «Сіздің не істеп жүргеніңіз туралы көп ойландым. Енді түсіндім, жақсы іс істеп жүрсіз, сіз қайтыс болғанда суретіңіз биік жерге ілінетін болады», деп жауап беріпті.
1922 жылдың ақпанында Ақмола облысының делегаттары Бүкілқазақ партия конференциясына баруға жолға шығады. Ортасында шойын пеш тұрған вагонға мініп екі жарым сөтке дегенде Орынборға жетеді де қаланың ең бір көрікті саналатын Кеңес көшесіндегі «Еңбек сарайы» деп аталатын пеші жоқ қонақүйге орналасады. Суықтан жаураған делегаттар киімдерін далада да үйде де шешпейді. Конференция жұмысы ертеден кешке дейін бірнеше күнге созылады. Осы жиылыстың делегаттарының бірі Затаевичпен кездеседі. Александр Викторович ең алдымен «Сізбен танысуға болады ма» деп сұрайды. Содан соң өзінің композитор екенін айтады. Бірақ жас қазақ жігіті «композитор» деген сөзді бірінші рет естіп тұрғандықтан, әрі Затаевич деген есімді естімегенін айтады. «Мақұл, кейін біле жатарсыз», деп жауап берген жаңа танысы «Сізді жақсы әнші деп естідім», дейді. «Құдай сақтасын, ондай өнерім жоқ», деп күле жауап беріпті жас жігіт. Бұл болашақ жазушы Сәбит Мұқанұлы еді. «Сіз жассыз ғой, аздап болса да ән айтатын шығарсыз…» Сонымен екеуі кешке жатақханада кездесетін болып келіседі.
Кешкі оннан кейін, қараңғы әрі суық жатақханаға келген композиторға жаңа танысы: «Мынадай боранда, әрі кеш қас қарайған уақытта бұл жүрісіңізді түсіну қиынға соғып тұр», дейді. Александр Викторович болса: «Сіздер жақында елдеріңізе қайтасыздар, менің үлгермеуім мүмкін, сондықтан қымбат уақытты оздырып алмауым керек» деп жауап береді. Сәбит Мұқанұлы бірнеше ән шырқайды. Затаевичті әсіресе «Мақпал» атты ән қатты таңдандырады. «Мен бұл әнді бұрын да бірнеше рет естіп жазып алғанмын. Сіздің орындауыңыздағы ән тіптен өзгешерек екен», деп тамсанады.
Композитордың саусақтары суықтан ісініп, тырнақтары көгерсе де жұмыс істеуін доғармайды. Әбден жаураған кезде тұрып ерсілі-қарсылы жүріп бойын жылытып алады. Ән айтушы жігіттің қасында азамат соғысы жылдары партизан болған атбасарлық Шөпбай деген жігіт ұйықтай алмағандықтан бұларға қарап: «Өй, өңшең еріккендер! Бұларың не?! Әннің әуенін қағазға жазамын деу нағыз ақымақкершілік қой. Одан да, жатсаңдаршы!» деп күңкілдейді. «Мақпалды» дұрыс жазып алу үшін бірнеше рет айтқызған Затаевике: «Айттым ғой болмайтын іс, деп. Бәрін доғарып жатыңдар, басқаларға да ұйқы беріңдер» деп ұрсуын қоймайды. Біраздан соң Затаевич жазуын доғарып, «ал, енді өзім айтып көрейін» деп жәй ыңылдап әннің әуенін қайталайды. Мына көріністі көрген Шөпбайдың есі шығып кетеді. Өзінің төсектен атып тұрғанын байқамай: «Мәссаған! Әннің әуенін қалай жаттап ала қойды?!» дейді қатты дауыстап. 
Ертеңіне келісім бойынша Сәбит Мұқанұлы Затаевичтің үйіне барады. Қонағын жымия қарсы алған Александр Затаевич Сәбит Мұқанұлына бірнеше бума қағаз жазбаларын көрсетеді: Мына әндерді қазақ зиялырының айтуынан жазып алдым. – Қазақтың ән айтпайтыны жоқ. Көрерсіз, кешегі Шөпбайды да әлі-ақ ән айтқызамын, – деп күледі композитор.
Жалпы Затаевич қазақ әндері мен күйлерін 500-дей адамнан жазып алған. Затаевичке қазақ әндері мен күйлерін жинауға қазақ зиялылары да көптеп көмек қолын ұсынды. Олар: халық композиторы Жаяу Мұса Байжанұлы мен Үкілі Ыбырай, Әміре Қашаубайұлы – әнші, Аманкелді Иманұлы – батыр, Сара Есқызы – қоғам қайраткері, Жанбике Шанина – әнші, Елубай Өмірзақұлы – Қазақстанның халық артисі, Алма Оразбайқызы – қоғам қайраткері, Шөпбай – 2-Бүкілқазақ партия жиылысының қатысушысы, Дәлилә Оңғарбайқызы – Қазақ мемлекеттік театрының артисі, әнші, Ғани Мұратбайұлы – қазақ жастарының көшбасшысы, Қаныш Сәтбайұлы –ұлы ғалым, Ғабит Мүсірепұлы – жазушы, Қазақстанның халық артистері Қалибек Қуанышбайұлы, Серке Қожамқұлұлы, А.Тоқпанұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі т.б. 
А.Затаевич өзі туралы:  «Інжу-маржан іздеушімін» деп әзілдейді екен. Қазақ әндерін жинастырумен қатар сазгер халық әндерін орындаушылар туралы да естелік жазуды әдетке айналдырған. Мысалы Сәбит Мұқанұлы туралы «Туған халқының әндерін жанындай жақсы көруші», Әліби Жанкелдин жайында «Торғай қазақтарының әндерін керемет орындаушы», Қаныш Сәтбайұлы туралы «Баянаула жағының әндерінің білгірі әрі нақышына келтіре орындаушысы» деп жазғаны белгілі.
Қазақтың белгілі сахна жұлдызы, «Аманкелді» көркем фильмінде басты кейіпкерді сомдаған Елубай Өмірзақұлы өзінің Затаевичпен кездесуін былай деп еске алады: «Ол кезде мен милиционер болып қызмет ететінмін. 1922 жылдың жазында Орынбор қаласындағы Халық ағарту институтына оқуға жолдама алдым. Емтихандарды тапсырып болған соң мені бір кісінің іздеп жүргенін естідім. Затаевич туралы мен бұрын естіген болатынмын. Бірақ оның дәл мені іздеп жүргенін білмедім. Міне, бірнеше күннен соң өзі келіп мені құшақтап амандасты да: «Мен Затаевичпін. Сені домбыраны жақсы тартып, әнді керемет салады деп есіттім» деді. Мен оған кейін «Қазақтың 1000 әні» атты жинаққа енген бірнеш ән орындап бердім. 1927 жылы Қазақ мемлекеттік труппасының артистері Мәскеуге барып этнографиялық концерттер қойды. Сол кезде Затаевичпен кездесіп суретке түсті. Бір себептермен Құрманбек Жандарбекұлы екеуміз бұл суретке түсе алмадық. Соған әлі күнге дейін өкінемін.
Соңғы жылдары ол қазақшаны әжептеуір түсініп, өзі де аз да болса қазақша сөйлегенді жақсы көруші еді. Ол жақсы адам еді. Қазақтар оны жақсы көретін».
Иә, Затаевичті көпшілік өте қатты сыйлайтын. Ал ол болса, барлық жерде ән жинауды әдетке айналдырғаны соншалық әншілерді жас балалар арасынан да табатын. Интернатта тұратын балалармен сөйлесіп, олардың білетін әндерін жазып алатын. Көшеде танымайтын қазақтарды тоқтатып ән білетін-білмейтінін сұрастырып, егер ән айтатын болса үйіне шақыратын. Қазақ әндерін жазып алу үшін тойларға да баратын. Ауылдарға бару үшін атқа мініп жүздеген шақырым жол жүруден әсте шаршамайтын. Осындай ізденістері кезінде Затаевич көптеген қазақ өнерпаздарымен танысады. Қазақша, татарша, орысша ән шырқайтын әнші Әміре Қашаубайұлын Парижге өнер көрсетуге жіберуге А.Луначарсийге ұсыныс жасаған да Александр Затаевич болатын.
Затаевич музыка саласының шебер маманы болғандықтан қазақ әндерін жазып алумен қатар оларды насихаттау мақсатында  еуропалық үлгідегі оркестрлер үшін өңдеумен айналысты. 1923 жылдың 24 жұлдызында Мәскеудің политехникалық институтында қазақ музыкасының кеші ұйымдастырылды. Осы кеште қазақ әндерін Г.Любимов басқарған оркестр орындаған. Ирма Яунзем және А.Доливо-Соботницкий сынды басқа ұлт өкілдері қазақ әндерін шырқады.
Ғали Ербалин, Уәли Орынбайұлы, О.Тұрдықылқызы, Сара Құрманәліқызы, Ысқақ Өскин, Қайып Айнабекұлы сынды қазақтың бетке ұстар әншілері қатысып өз өнерлерін көрсеткен осы кеште Мәскеу қаласының тұрғындары «Гугай-ай», «Сайраса бір», «Балқадиша», «Қорлан», «Үштас»,  «Ақкүміс», «Жаздың күні», «Қарындасым», «Егигай сәулем», «Жалған-ай», «Ұмтыл қазақ», «Екі жирен», «Жылау», «Әлди бөпем», «Айда былпым», «Ақбозат», «Үкілім-ай», «Абайкөк», «Қараторғай», «Он тоғыз», «Кәмшат бөрік», «Жеңеше-ай», «Жиырма бес», «Маңмаңгер», «Тескей», «Боғда» т.б. әндерін тыңдады. 
Композитордың талмай еңбек етуінің арқасында 1925 жылы «Қазақтың 1000 әні» атты кітап жарық көрді. Қазақ ән-күй өнерінің жанашыры Александр Викторович Затаевичке Қазақстан Халық артисі атағы берілді. 
А.В.Затаевич 1936 жылы қайтыс болды. Қазақ халқы оны ерекше құрмет тұтты, 1954 жылы Мәскеу қаласындағы Новодевичево зиратханасында сазгердің басына құлпытас орнатылды. Мүсінші  Янсон-Манизер жасаған осынау өнер туындысында Затаевичтің мүсінімен домбыра тартып отырған қазақ бейнеленген.
«Қазақтар – менің туған халқым» деп айтқан Орлов губерниясының тумасы, украиндық әскери жанұяның перзенті Александр Викторович Затаевичтің есімін қазақ елі ешқашан ұмытпайды.
P.S. Мақала жазу барысында 1958 жылы жарық көрген А.Затаевичке арналған кітап пен түрлі газет мәліметтері пайдаланылды.

Бердалы ОСПАН.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика