Алдаркөсені дәріптеудің астарында не жатыр?

21 Қыркүйек 2017

Қылмыс қоғамдық құбылыс екені кәдік. Қоғамнан тыс ғұмыр кешетін адам болмайды. Ендеше қоғамның бір мүшесі ретінде, қылмыс төңірегінде, соның ішінде бүгінгі күні өзектілігі артып тұрған алаяқтық жөнін сөзімізге арқау еткіміз бар. Құқықтық қоғамда заң тұғырға қонып, белең алуы тиіс дейміз. Қылмыстың алдын алу деген бар. Бұл мақаламызды сол тарапқа жатқызуға болатындай. Алдымен мынаны айтқымыз келеді.

Алдар көсе өмірде болған адам

       Әсілінде, бүгінгі күні алпыс екі айлалы, «сақалыңды талдап тұрып қолыңа беретін» Алдаркөсе атамыздың қай қылығы үшін дәріптелетінін түсінбей далмыз. Ауыз әдебиетіндегі шабақ аңдыған шортан ауыз осы бір кейіпкердің не үшін насихатталатын қабылдау қиынға түсіп тұр қазір. Байларды мұқату үшін жаралған, жоқ-жітік, кедейлердің көкейкесті арманынан туындаған, ізгілікті қиялмен сусындалып сомдалған әйгілі кейіпкердің бейнесін былай қойғанда, бажайлап қарасақ, жыланның аяғын, жынның жалғыз қалған саяғын көрген Алдар атамыздың іс-әрекеттері барып тұрған кәнігі алаяқтың амалдарына дөп келеді десек, артық кетпейміз. Қылмыстануда кәсіби қылмыс деген түсінік бар. Ол – қылмыстық мінезді қалыптайтын, қылмыстың өзегін құрайтын, қылмыстық жүйе қалыптастыратын бөлшектің бірі ретінде түсіндіріледі. Қылмыскерлер қылмыстың белгілі бір түрін өзінің төл кәсібіне айналдырып, тек соған ғана маманданады. Ежелгі қазақ даласында тұлғаға қарсы қылмыс, оның ішінде біреудің малын айдап әкету, бопсалау, кісі өлтіру арқылы меншіктегі мүлікті қорқытып алушылық секілді бір қатар кәсіби қылмыстың түрлері болғандығы аян. Түп-төркінінде пайдакүнемдік тұратын қылмысты кәсіп еткен қылмыскерлерге жеке меншікке қарсы қимыл-әрекеттер тән, бұл тарихи қалыптасқан, дәлелдеуді керек етпейтін ақиқат. Пайдакүнемдікке жататын қылмыстардың дені бес түрге бөлінеді: 1) ұрлық; 2) тонау; 3) қарақшылық; 4) қорқытып алушылық және 5) алаяқтық. Алдардың кәсібі – соғысымен үйлесіп жатыр. Ойлап айтсақ та, ойнап айтсақ та расы осы. Зады, құқықтық қоғамда кедей де, бай да заң алдында өзара тең болмақ қой. Осы қағидатқа Алдакеңнің әрекеті сыйыспайды-ақ. Қара пияр секілді Алдакеңнің бейнесі соңы бітіп болмайтын сериялдарға түсіріліп, буыны қатпаған, оң-солын танып үлгермеген кейінгі ұрпаққа барынша кеңінен уағыздалуда. Оның қасында алаңғасар Қожанасыр көкеміз мейлінше адал қайта. Қауын қауынға қарап рең алады десек, буын басатын ұрпақ Алдарға қарап рең алуы тиіс пе? Айтылмай, жазылмай қалса, ең өкініштісі сол болар деген уәйімшіл ойдың желеуімен Алдаркөсені дәріптеудің астарында жатқан кейбір келіссіз батпан құйрық кілтипандарға ой жүгірткіміз келеді.

Қылмыс қай халықта да болған, қоғамның барлық саласына тән әлеуметтік құбылыс. Әсіресе биліктің саяси, экономикалық тұрғыдағы «сәтсіз» қабылданған шешімдерінен кейін белең алатын бір заңдылық бар. Бұл әр кез болып тұратын табиғи фактор. Өткенді бажайласақ, кеңес мемлекетінің іргесі сөгілгеннен кейін қоғамымызда қылмыс пен ұйымдасқан қылмыс қарқыны күрт өсті. Сол уақыттарда екпіні мен тепкіні қатты қылмыстылықтан кейіндеп қоймау үшін елімізде соттық-құқықтық реформалар тым асығыс жасалып жүргізілді. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен ұйымдасқан қылмыстың даму қарқыны біркелкі деңгейде болмады, қайта керісінше, қылмыс атаулы «біліктілікпен» мемлекеттік биліктің бүкіл буындарына жегі құрттай дендеп еніп, құқық қорғау органдарының бүкіл күш-құралдарымен, мүмкіндігімен салыстырғанда, көп артықшылығы бар айырмашылықтар тудырды. Бүгінгінің биігінен бағаласақ, кешегі күні құқық қорғау органдары үздіксіз өсу, даму үстіндегі қылмыстылыққа ұзақ уақыт бойына қарсы тұрулары тым әлсіз, мардымсыз болғанын жасырмауымыз қажет. Әлжуаздық танытқанымыз – тарихи факт. «Ауруын жасырған өледі» деген өткір сөз иірімі осындайда айтылса керек. Қазіргі уақыт нақышына қарай қайта өзгертіліп, толықтырылып жатқан құқық саласындағы заңнамалар дені осыған нақты айғақ бола алады. Осылайша салыстырмалы түрде аз-кем тарихи шегініс жасауымыздың өзі қылмысқа қарсы күрес жүргізгер мемлекеттік қызмет ерекше маңыз алса да, оның кейде аз-кем уақытқа сәтсіздікке ұшырауы да әбден мүмкін дегенді айғақтау ғана. Керенеу қабылданатын мемлекеттік бюджетпен салыстырғанда, қылмыстың «ортақ қоры» (қылмыстық жаргон тілінде «общак») күнбе-күн толтырылып отыратыны баршаға аян. Жоғарыда Алдарды мысалға келтіріп жатқанымыз бекер емес, бұл ұйымдасқан қылмыстың кезекті бір ұрымтал жүрісі тақылеттес, әйтеуір қылмыстылықтың қоғамға басқа қиырдан – бүйірден келіп тиісуі алаңдататыны анық. Қазіргі қылмыс төңірегіндегі деректер әділетсіздік пен ұрлық-қарлықтың асқынып бара жатқандығын, әсіресе экономикадағы, тұрмыстық қажеттіліктегі алаяқтықтың белең алғандығын айғақтап, бұл көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматтың жанын жұтаңдатып, жігерін құм қылып, көңілін қонтараздау етері сөзсіз. Біз сөз етіп отырған кешегі Алдардай алаяқтардың ізбасарлары бүгінгі жастар арасында әсіресе жетіп артылады.

Көзапара қиянатқа жақын тұрар жастар көп. Көпке топырақ шашпайық, жастар деп те бөле жармайық десек те, қоғамның даму ауаны осыны әйгілеп тұр. Бүгініміз ертеңіміздің жалғасы десек, кейінгі жастарға қарап келешек бұлыңғырлау ма деген көңілге күдік ұялайды. Бұрын құлын қырда, құндыз суда дейтіндей, бәрі өзінің орын-жүйесімен өрбитін. Қазір құндылықтар ауысты. Жасың өзін жаспын деп сезінбейді. Үлкенге сый-құрметін кәрі Аралдың құрдым суындай азайтқаны қашан. Сымдай тартылып жүрер кейінгі буынның көп жерде есе жіберіп, бекзаттық қалпын жоғалтуын қоғамдағы ақаулықтардан іздеген жөн шығар. Тәрбиенің бәрін мектепте мұғалім боп жүрген қаршадай қыздарға теліп қойды. Олардың тәрбиесінен гөрі, «көшенің тәрбиесі», ұйымдасқан қылмыстың ықпалы басымырақ. Компьютер тілін жетік білетін білімді, дарынды жастарды криминалдық құрылымдар «тіптен алақай» деп өз қатарына қосып алу қалыпты үрдіске айналған. Таңқалудан қалдық. Бұл – тәрбиелік салада кеткен ақаулық. Жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер тұсы. Балаңды өзің түзет, өзің түзетпесең өмір түзетеді деп жайбарақат жүріп алар заман емес. Мұның өзі күнделікті өмірде, баспасөз бетінде жиі айтылып, тіпті айта-айта әбден жауыр тартқан қарапайым тақырып болғанмен, астарында түйенің қомындай ауыр зіл бар. Қоғам бағытына сараптама жасайтын ғалымдар бүгінгі күні халқымыздың санасында қауіпке қарсы тұру сезімі, аламан дәуірдің алмағайып қиындықтарына орай қайта қалыптасу үдерісі, ұлттық рухтың жаңару кезеңі басталып кетті деп ауыз толтырып қаншама айтса да, бұл кезең, шынтуайтына келгенде, керісінше, ұлтымыздың біршама бөлігінің өзінің рухани қайнарына немқұрайды қарайтындардың қарасы көбейген тұс дегіміз келеді. Қазіргі қазақ жастары астындағы атын алты ай іздейтін кешегі аңқау қазақтың баласы емес, заң, құндылық атаулыны өзіне қарай икемдей бұрып, өңін теріс айналдырып, өзімдікі – өзекте, кісінікі – кезекте дейтіндер. Заманың түлкі болса, тазы боп шалдың кері. «Көл шайқалса, көбігі бетіне шығады, ел шайқалса, тентегі бетіне шығадының» айғағындай. Тойымсыздық нәпсі тудырып, нәпсі иманнан айырған кез. Келіссіз де келеңсіз қағидаттарды берік ұстанатын бүгінгі Алдаркөселерді жасаған қылмыс түріне қарап-ақ анық байқауға болатындай. Арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы банкоматтан пластикалық карточканың мұқыл мәліметтерін алуға болатын банкомат төңірегіндегі алаяқтық белең алуда. Үлкен қалаларда интернетті пайдаланып, қалаған тауарын сатып алуы әбден жолға қойылған. Әйтсе де алар заттың ақысы төленсе де, тауардың жоғалып кететінін жиі кездестіріп қалып жүрміз. Осы секілді интернет-дүкендердегі алаяқтық та жолдан қалар емес. Банкілік төлем картасындағы құпия мәліметтерді алудың түрлі жолдары ойластырылған. Солардың ішінде ең бір кең тараған түрі – алаяқтардың дүкеннің, қонақ үйдің, мейрамхананың, өзге де сауда орталықтарының, ойын-сауық орындарының қызметшілерімен алдын ала келісіп алып қылмыстық әрекетке баратындығы. Енді бірде скиминг деп аталатын келіссіз-келеңсіз әркет жасалады. Бұл – төлем картасын арнаулы құрылғы (скимер) арқылы өткізіп, магнит жолағында сақталатын құпияларды оқуға мүмкіндік алу жолы. Осылайша алаяқтар төлем картасының нақты көшірмесін өздеріне түсіріп алады. Оған қажетті соманы көрсетіп, қолын қояды да, ал тауар ақысын төлеуді картаның иесіне қалдырады, яки керегін алған ұтылмайды, шелектің түбін жалаған тұтылады.

Келесі бір айла-амалдың бірі – криминалдық топтардың өздеріне тиесілі дүкендерін пайдаланатыны. Әдетте мұндай дүкеннің иесі аталмыш топтан емес, көк атты көлденең біреу. Жырынды қу – Остап Бендерден қалған дәстүр. Мұндай сауда нүктелері қарапайым мақсатты ғана көздейді – тұтынушылардың пластикалық картасынан мәліметтерді мейлінше көбірек жинап алу. Алаяқтар ол үшін интернет-сайттарды қолданады. Бұл сайттың қызметін бір ғана рет пайдаланған адам (мәселен бір зат сатып алдың немесе бейнеролик жазып алдың делік) сол сайтты үнемі пайдаланушы болып шыға келеді, ай сайын осы сайтқа ақы төлейтін болады. Ал оны төлемей көр, криминалдық топтарда «әкеңді танытатын» әзірейілдер баршылық. «Еркінен айырылған тірідей өледі» деген сөз осыдан туған-ау, сірә…

«Өлмеген құлға әлі-ақ жаз». Қарапайым қатардағы халыққа алдағы болашаққа үмітпен қарау ғана қалды. Батқан күнге өкінгенше, атар таңды күт демей ме қазақ. Біз де күттік.

Елеужан Серімов,

Заң ғылымдарының кандидаты


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика