Алапат өрттен он отбасы далада қалды

3 июля 2017

Қарағандыда тұрғын үйдің шатыры өртеніп, 10 отбасы далада қалды. Әкімдік өкілдері жапа шеккен жандарға бере қоятын тұрғын үйдің дәл қазір жоқтығын айтып, демеушілерден көмек сұрамақ. Шарасыз тұрғындар, өртенген баспаналарын қалпына келтіру үшін, құрылыс материалдарын сатып алуға қаражат берілсе, деп отыр. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.

Өрт сенбі күні түн ортасында болған. Вагон көшесіндегі барак типіндегі 25-інші үйдің тұрғындары пәтерлердің бірінің терезесінен шыққан қызыл жалынды көріп, дереу құтқарушыларға хабарлаған. Суыт хабар өрт сөндірушілерге түнгі 12-ге тура 4 минут қалғанда түскен.

10 пәтерлі тұрғын үйдегі қаулаған өртті алдымен Айқынбаевтар отбасының мүшелері  байқаған. Күйіктің иісін сезген ерлі-зайыптылар қарт анасы мен балаларын сыртқа шығарып, шырт ұйқыда жатқан көршілерін оятқан. Адамдар ес жиып үлгергенше, үйдің төбесі отқа оранған.

«Сасқалақтап бәрін тастадым да, баллонды далаға алып шықтым. 10 минуттың ішінде от төбенің жартысына жетті. Холодильник, телевизор — түгелдей өртеніп кетті», — деді Қарағанды қаласы Вагон көшесі 25 үй тұрғыны Жангелді Айқынбаев.

Бұл отбасының қырағылығының арқасында 37 тұрғын аман қалды. Бір адамның беті мен екі көзін күйік шалып, ауруханаға түскен. 10 отбасы баспанасынан айырылды. Үйдің тек төбесі ғана емес, қабырғалары да жартылай жанып кеткен. Осымен екінші рет өртенген үйді қалпына келтірудің өзі екіталай. 

«Көтеретін шамамыз жоқ. Әрқайсымызда екіден кредит. Халықтан, акиматтан сұраймыз. Ең болмаса салатын ағаштарын, кірпіштерін әкеп берсе, соның өзі бізге көмек болушы еді», — деді Қарағанды қаласы Вагон көшесі 25 үй тұрғыны Рашида Бекова.

Тұрғындар «оқыс оқиғаға кінәлі көршілерімізден өтемақы ала алмаймыз» дейді. Сондықтан көмек сұрауға мәжбүр екенін айтады. Олардың болжамынша, өрт ішімдік ішетін әйелдің пәтерінен шығып, кейін өзге баспаналарды шарпыған. Маскүнем ізін суытып үлгереді.

«Үй жиһаздары, тұрмыстық заттар түгелдей жанып кеткен. Төбесі ағаш болғандықтан, құлап қалған. Өрт 500 шаршы метр аумақты шарпыды. Жапа шеккен 37 тұрғынның 16-сы бала. Олардың барлығы туыстары мен таныстарының үйіне орналасқан. Оқиғаның себебі анықталып жатыр», — деді  Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Айдана Жүніс

Жергілікті әкімдік жапа шегушілерге бере қоятын тұрғын үйдің жоқтығын айтты. Сондықтан уақытша жатақхана ұсынып отыр. Енді қоғамдық ұйымдар мен қалталы кәсіпкерлерден жылу жинап бермекші.

«Заңнамаға сәйкес үй коммуналдық меншікте тұрмағандықтан, тұрғындарға тікелей көмек көрсету мүмкін емес. Сондықтан жәрдем беру үшін қоғамдық қорлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ірі кәсіпкерлер арасынан да демеушілер іздестіреміз», — деді Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасарының міндетін атқарушы Вадим Гормаков.

Тұрғындардың ендігі үміті жомарт жандарда. Алайда, балалы-шағалы отбасылар аптап ыстықта жатақхананың тар бөлмесінде қалай күнелтеміз деп уайымдайды. Оның үстіне, үйді жөндеуге қаражат қашан жиналары белгісіз. Баспана қалпына келтіруге жарамауы да мүмкін. 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика