Әл-Фараби мұрасы әжетханада жатыр

20 сентября 2017

Алматыдағы  №145 мектептің ішіндегі Әл-Фараби атындағы кабинет-мұражай жабылып қана қоймай, ғұламаның еңбектері дәретханаға тасталды деген, жасырын қоңырау түсті бүгін редакциямызға. Әл-Фарабидің мұрасы мен Алаш зиялыларының еңбектері ешкімге керексіз болғанға ұқсайды. Бұған рухани мұра қорланды деп, ұлт зиялылары ренішін білдіріп отыр. Алайда мектеп басшылары бұның бәрі жалған деп, өздеріне шаң жуытар емес.

«Жыл — он екі ай» журналының редакторы, жазушы Талғат Айтбайұлы бұл мектепке оқушылармен кездесу үшін талай келген екен. Ақын-жазушылармен жүздесуді үнемі осы оқу орнының мұғалімі Ұлман Досайқызы ұйымдастыратын дейді. Дәл осы ұстаз сонау 90-шы жылдары өз күшімен әл-Фараби мұрасына арналған мұражай ашқан. «Алайда білікті маман жақында қаза болып, оның көп жылғы еңбегі ешкімге керек болмай қалған» дейді жазушы.

ТАЛҒАТ АЙТБАЙ, «Жыл — он екі ай» журналының бас редакторы:

— Ол мектеп мұражайының орыс тілі пәнінің кабинеті болғанын да естідім мен. Бүгінгі таңда президентіміздің өзі рухани жаңғыру деп жатыр. Рухани жаңғыру қазаққа мойын бұру деген сөз, жоғымызды іздеу деген сөз,  ол барымызды түгендейік деген сөз.  Сондықтан адам көңіліне кірбің салатын нәрселерге біз қинала қараймыз, жанымыз ашиды. 

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ та жары Ұлман Досайқызының топырағы суымай жатып, еңбегінің шашылып, шаң басып жатқанын өз көзімен көріп, жүрегінің езілгенін жасырмады.

ДАНДАЙ ЫСҚАҚ, профессор:

— Завхозды тауып алып, ол кісі кітаптардың тұрған жеріне апарды. Сөйтсем, үшінші этаждағы ескі әжетхананың ішіне апарып, бүкіл стенділерді, кітаптарды сол жерге қойған екен. Ішімнің ашығаны, әл-Фараби туралы жазған алғашқы зерттеулердің бірі, өзбек ғалымы Хайроллаевтың «Мировозрение Аль-Фараби» деген кітабы бар еді. Сол кітап қолды болып, музейден әркім алып кеткен ғой.

Мұражайдың енді жоқ екенін мектеп басшылығы да растап отыр. Бұрын кітап пен ғылыми еңбектерге толы болған бөлме енді қаңырап тұр. Мұражай ішіндегі заттар адам аяғы сирек басатын бөлмеге жиналыпты.

АЛМАЗ АБЫХАНОВ, №145 мектеп директоры:

— Енді ол кабинет шағын болғандықтан, біз оны басқа, есепшіге, басқа кабинетке пайдаланып,  ол кісінің заттарын қазір басқа жерге қойып қойдық. Ол жерде кәдімгідей үш шкаф, парталары, жинаған құнды заттары, оқулықтар бар. Бұйыртса енді астынан үлкен кабинет арнап, ашылуын жасап, үлкен қылып.

Демек, мектеп басшылығы енді жәдігерлерді түгендеп қайтып жаңа, кең мұражай ашпақ екен.

Дереккөз: 31.kz 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика