Ақжол Батырұлы. Отыздан асқан ақындар жайлы

9 сентября 2016

ҚаламАлла Тағала әуелі қаламды жаратты. Сөйтіп оған «жаз»! деді. Қалам: «не жазам»? деді. Жаратушы: «не болып, не қоятынының бәрін жаз» дейді. Осы қаламды жаратқаннан кейін Алла 50 мың жыл өткен соң аспан мен жерді, адамды жаратты. Ғалымдар үш түрлі қалам бар дейді. Біріншісі – Алланың қаламы. Ол қазіргі біз айтқан қалам. Екіншісі – періштелердің қаламы. Олар онымен адамдардың тағдырын жазады. Үшіншісі – адамдарға берілген қалам. Ол қаламмен адамдар керекті дүниелерін жазады. Қалам деген ойыншық нәрсе емес. Ол Алланың адамдарға берген ұлы нығметі. Адамдар кейін ол нығметтен сұралады. Және ол қалам ұстарлық қабілет екінің біріне берілмейді. Мыңның, миллионның ішінен біреуге беріледі. Құранда: «Ол (адамға) қаламмен (жазу-сызуды) үйретті» (Құран, 96/4) деген. Қасиетті кітапта қалам иелеріне қатты мән беріледі. Оған дәлел бүтіндей бір сүрелердің Қалам (Әл-Қалам), Ақындар (Әш-Шуғара) деп аталуы. Демек, қалам ұстау – үлкен жауапкершілік. Құдай алдында, әлем алдында, адам алдында һәм ар алдында. Әлем әдебиетінің алыбы – Лев Толстойдың «Жазбауға мүмкіндігің болмаса ғана жаз» деп жүргені содан болса керек. Демек, біз қазіргі ақын-жазушылардың бәрін «жазбауға мүмкіндігі қалмағандар» деп түсінеміз. Әр заманның өз тынысы бар. ХХ ғасырдың уником қазағы Бауыржан Момышұлы: « ..ой ырғағына, сөз ырғағымен қалам желісі, көркем шеберлік, данышпандық жолдас болса ғана заман ырғағын ұрпаққа жеткізе айта алмақпыз» деген болатын. Осы ой ырғағы не? Оның алтын түп қазығы – ақиқат! Ұлы ақиқат! Осы ұлы ақиқаттың айташысы бола алсаң ғана бағыңның жаңғаны. Ал, егер өтіріктің өрісіне жайылсаң рухыңның өлгені. Қалам ұстаудың серті осы. Иосиф Мадзини айтпақшы: «Художник – одно из двух: или первосвященник, или более или меенее ловкий скоморох» деп. Скоморох суреткер атанғаннан гөрі, әдебиеттен сырттағанның өзі сауап тірлік, сірә. Сөз ырғағы дегені түсінікті. Ол – ой қорабы. Яғни футляр дегендік.
…Әлқисса Бақытжан Алдияр түнеугүні түн жарым сағат он екіде телефон шалып «Ақын-жазушылардың бір жылдық есеп-қисабы болатын еді, соған сіз отыздан асқандардың поэзиясы туралы азын-аулақ баяндама жасап берсеңіз» дегентұғын. Содан шаманың жеткенінше Оңтүстік өңірі шайырларының шығармашылығын шолып өттім. 
Абай Қалшабек деген ақын отыздан асып барады екен. Отыз – орда бұзатын жас. Әсілі Абайдың шығармашылығы үш-төрт қырлы боп келеді. Поэзия, аударма, эссе… Әрқырлы болу – жақсы нәрсе. Ол індетіп іздейтіндіктің белгісі. Абайдың поэззиядағы негізгі тақырыбы – дін, ел-жер, даналық, отбасы, махаббат, табиғат т.б. Оның жас кезінде жазған «Мені де жаратты бір Алла» атты өлеңі үн таспа, диск, ұялы телефон, интернет арқылы ел ішіне қатты тарады. Сол өлеңі оның «Визитный карточкасы» сияқты болып кетті-ау деймін. Кейіннен жазған жырларынан «Сурет – күңгірт», «Әлем дұға оқиды», «Томаға тұйықпын», «Мендегі үміт өзгеше», «Тамирисім – таңда ашылған ақ гүлім» «Тәуелсіздік…», «Жаннаттан неге шыққан Адам, Хауа» атты жырларын астын сызып атар едік. Осы жырлардан ақынның қалыптасқан, ешкімге құсамас, қолтаңбалық бедерлері білінеді. Бедер салу оңай нәрсе емес. Бұлай болу үшін «В жизни не знаю, в поэзий не врать» деген Мұқағали ұстанымын ұстанып көру керек шығар, бәлкім. 
Абай – афоризм айтудың да шебері. Бұл даналыққа жетелейтін жақсы машық. Бір-екеуін келтіріп кетейік. Олар: «Бықсып өмір сүрген адамнан жанып тұрған өлең шықпайды», «Өтірікке басыңды име, ақиқатқа көкірек керме», «Жүректің ішінен шыққанды қолдың ұшымен жөндеуге болмайтынын неге ұқпайды осылар?» деген сияқты мәністі мақамдардан тұрады.
Абайдың бір ермегі –Толстой. Бірақ ол еріккенің емес, естіліктің ермегі. Оның «Abai kz» порталында жарық көрген «Толстойдың шын сыры» атты эссесін мен Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» мақаласына тең көрдім. 
Абайдың өмірі алда.
Отызбен ойны кеп жүргендердің бірі – Дәурен Айымбетов екен. 
Ақын:
Қараша тамаша күз,
Қара шаш, қараша қыз.
Махаббат айы тәтті,
Отырмыз, оңаша біз…– 
дейді.
Шайыр табиғатпен терең тіл қатысады екен. Өзі махаббаттың машақатын әбден тартқанға құсайды. Қара һәм сары түске малынған жырларына қарап, бояу палитрасының тым қою екенін байқадым. «Қараша. Қара…», «Күзді әлі сүйеді екенмін…», «Сары мұң ол – сағыныш саған деген!», «Атырау-Шымкент… Ақтөбе вокзалы» жырлары – Дәуреннің көркемдік табыстары. Шырайлы Шымгетте тәтті шерге оранған бір шайыр шығыпты деуге болады. Шайырға тек Музаға жүгінудің қажеттігі жоқ дегім келеді. Өйткені, Абай Апалонға, Мәделі қожа Музаға мойын бұрмай-ақ жауһар жырлар жаза алған! 
Қырықтағыларға ойыссақ. Бұларды айтқанда бірінші – Бақытжан Алдияр тілге оралады. Б.Алдияр – алты алашқа аты шыққан ақын. Ақынның кейінгі бір ізденісі «Қазығұрттың қоңыры» (2012ж) құсайды. Оның:
Найза – кірпік, Ай – қабақ, Көктем – келбет,
Сезімімнің сарайын өткен тербеп.
Жұлдызымдай жұмбағым, жанды өртедің,
Үр қызындай көгенкөз көктен келмек.
сынды шебер конструкциялары қазақ жыр әлемінде өз іздерін қалдыратыны анық.
Бақытжанды «Қырық қызға» көп барған дейд. Өгем десе өліп-өшетін көрінед.
Соңғы кезде заңғарларға зер салып жүр. Бабырға басы бүтін бет бұрыпты . 
Бесіктен бейітке апарар сүрлеу осылай созылуда. 
Елудегілерден құрығыма кім түсер екен деп ары-бері қарап ем. Қаратаудың бір қара қызы көзге түсті. Ныспысы – Роза Тұрдалиева. Шаяннан шыққан шайыр қыз екен. Өзі қызық. Шымкенттік әдеби ортадан қашып жүреді. Сөйтіп жүріп оған қызмет етіп жүреді. Қай бір жылғы университет акт залында өткен Әбілдә Аймақ шығармашылығына арналған «Жүрегімде махаббат» атты әдеби-сахналық қойылым естен кетпейді, шіркін! Шын шебердің қолынан шыққан дүние болды ғой сол. Режиссер Розаның. Нағыз әдебиет тойы болып еді сонда. Қызыл көйлек киген қырық қыз сахна төрін отқа орап тұрып ақынның қырық өлеңін оқып еді. Майын тамызып. Қайран Әбекең қатты толқыды сонда. Розаның «Сырлы сөз» атты әдеби үйірмесі 20 жылдай Шымқаланың әдеби һәм мәдени өмірін жандандырудай-ақ жандандырды. О кісінің атақты бір жыры бар «Сағындым сәуір самалын» деген. Үзінді келтірейін:
Тірлігі қауырт қаланың,
Тарылып тыныс барамын.
Ауылға кеткім келеді,
Сағындым сәуір самалын.
Жақында бір жинақ шығармақшы. «Тоғыз жыр – торғын орамал» атымен. Өзі тоғыз-ақ өлеңнен тұрады. 
Розаның мұңы көп. 
Алпыстағылардың ойында не жүр екен? «Алпыс деген немене, алты шәугім шәй емес пе?» дегенді айтқан біз емес, шайырлардың дәп өзі.
60 жеткендердің бір ірісі – Ханбибі Есенқарақызы. Ол кісі «Әдебиет – халықтың барометрі» деп айтады екен. Мұқағали:
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен, – 
десе, Ханбибі:
Анна да емес, Марина да емеспін, –
дейді. Ахматовадан айылын жыймай, Цветаева Маринаның өзімен мүйіз қағыстырып көрмекші-ау сірә. Атақты сыншы Әлия Бөпежанова ол кісінің өрнегі жайлы: «Жыр синтаксисі қарапайым» деп лебіз білдіріпті. Онда ол кісі шайырдың «Альбомдағы суреттер» жырын айтпақ болған шығар бәлкім, мүмкін «Сұрша қыз» жырын, я болмаса «Шайтанкөл» өлеңін. «Сайрамсудың жағасы салқын еді, Бәну-ай» олда әдемі. Ал, бірақ… «Лас әйнегі купенің – Экраны» бұған кірмейді. «Ауыл кеші» – о! бұл енді «ездіріп құрт ішкендей шерден шығу». Жанды ауыл суретін салған шайыр бұ жерде. Ханбибі қарап жүрмейді екен. Байқамай еркектің бір тірлігін істеп қойыпты. (Соған қарағанда қазіргінің «Юбка киген Махамбеті» осы кісі ме дедім). Бүйткенде ол кісінің шығармашылық ғұмырындағы бір кесек жұмысын айтқымыз келіп отыр. Ол – ол кісінің бас болып қазақ ойсанасы тарихының сом алтындары іспеттес «Шолпан» журналы һәм «Ақжол» газеттерінің кітаби нұсқаларын шығарғаны. Бұл баға жетпес құнды еңбек болды. Иса Тоқтыбаевтың журналына жан бітіріп, Сұлтанбек Қожановтың газетін қайта тірілтті. Ташкенттің көшелерінде шаң басып қалған көп сыр барын ол кісі қайдан сезіп жүр десейші? 
Ханбибіні Нәмет Сүлейменов Хан би атаған. Артқы толқын Хан апа деп жүр. Азан шақырып қойған аты – Ханбөбек.
Соңғы бір хабар: Ханбибі Хеопс пирамидасына барып қайтыпты, бірақ Қағбаға баруға жүрегі дауаламапты, сескенген ғой, сірә!
Алпыстағы ақындар жүдә көп. Бәрін айтып тауыса алмаспыз. Желе жортып келе жатырмыз. Қаттама пісірім уақыттың өзі қат. Кітаптары бұрқырап шығып жатпаған, атағынан ат дірілдеп тұрмаған тағы бір шайыр бар екен. Сәрсенбек Сахабат деген. Аз кідірейік. Аты-заты жұмбақтау. Сыртынан көргенім бар. Бір рет шәйшілес боп қалдық. Түйгенім: «Алматы көрген жігіт екен». Бірақ дәрісі Қаратау мектебі құсайд. Ол дәріс Майлы қожа дәрісі ме, жоқ әлде Тоқбергенов тәлімі ме?! Ол жағы онша белгісіз. Өлеңдері Нармаханға келед. Шаңғытбаевті бірақ көп айтады. Өтежан Нұрғалиевте еліктеген ғой Шаңғытбаев шайырға. Бұлар сөздері қатты «престелген» ақындар. Образды ойнату керек. Дұрыс. Бірақ ол ойды оңды-солды оюлата беру деген сөз емес. Онда ой образға жұтылып оңып кетуі мүмкін. Сәрсенбек қатты ізденеді екен. Бұл жақсы қасиетке жатады. Ол кісінің мына жыр жолдары маған ой салад:
Ошақтың оты шытырлап,
Бүлкілдеп құман қайнайды.
Сахабат «Чистое искусство» өнерінің серісі екен. Біреулер өз ішіне қатты түсіп кетеді, біреулер сырттың «шашбауын көтеріп» кетеді. Екеуі де шетке шығу. Орта жол байыппен іш пен сырт балансын сақтап отыру.
Осы топқа кіретін тағы бір тұлға – Хамза Көктәнді. Сталин өлген жылы Сарыағашта туылған. Жыр жазғанда Әмзе Қалмырзаев еді, кейін тарихпен шұғылданып Хамза Көктәнді атанған. Шыңғысханның мүрдесін таптым деп елді біраз шуылдатқан. Артынан моңғол танушы атанған. Жаңа фамиялиясына ел біраз үркіп қараған. Өйткені қазақ көкке табынбаған, бірақ көктегі құдайды таныған.
Алпысқа әні-міні келейін деп тұрғанның бірі – Сабырбек Нұрманұлы екен. Көмешбұлақтың суын ішкен шайырдың девизі:
Бағым, сезім таусылмас – құтым өлең,
Жалау еттім үмітті үкілеген. 
дегенге саяды.
Сөз аяғы жетпіске кеп жер тіремекші. Айтарымыз – Нармахан Бегалыұлы хақында. «Коммунизм таңын» «Ордабасы оттарына» ауыстырған тұлға. Кезінде Ғ.Қайырбековтер мақтаған. С.Сахабаттар талдаған. Фетті, Тагорды, Петрусты аударған. Исрайл Сапарбай сынаған. Бегалыұлы – өлең ойыншысы екен. Арзан версификатор емес бірақ. Бір лақабы – «Оңтүстіктің жұпар шашқан жидесі». Тағы бірі – «Темірланның Тютчеві». Ғ.Қайырбеков Нармаханды «ботаник ақын» депті. Профессор Байтанаев о кісіні «өлеңді ауыр жазатындардың» қатарына қосыпты. Менде ол кісінің жырларын біраз ақжем қылып көрдім.Тісім бір батты, бір батпады. Өйткені өлеңдері – қып-қызыл есеп екен. Жатқан шым-шытырық формула. Потебняның образ шығару өнерін алгебра амалдарына теңегені бар еді. Бір айтпағым – бұл кісінің бар айтпағы «Балғын бұлт көшті» жырында жинақталған ба дедім. Одан кейінгі бір кереметі:
Гүлдейін деп алма тұр,
Қаратауда қар жатыр…
екен. Бұл маған жапон лирикасының кейбір шиырларын еске түсірді: Басені (1644-1694), Кобаяси Иссаны, Миура Юдзураны (1729-1783) мысалы. Біреулер орыс ақыны Кольцовқа, біреулер Қ.Шаңғытбаевқа құсатады. Құсата берсін. Исрайл Сапарбай орыс суретшісі Шишкинге теңейді. Мен ол кісіні сәл түзеткім келеді. Суретшілерден Н.Бегалыұлы Шишкиннен гөрі француз импрессионистеріне қатты құсайд. Мысалы Ван Гогқа. Пьер Огюст Ренуарға. Яки Камиль Писсароға. Тағы біреулер Сальвадор Далиге теңеп жатса таңғалмаймын. Енді біраз шайырдың шырайлы сөздерін тергіштейін:
Әтір дала, әтір бақ, әтір сілем, 
Аяласын, аяулым, отыршы кел! 
Гүлдеріне қарашы алхорының, 
Көбігіндей қымыздың көпіршіген. 
Немесе:
Күз басталды самсаған сұрақтары, 
Жаздағыдан мұң мөлдір бірақ-тағы. 
Түнгі асфальтта жүзеді Темірланның, 
Жаңбыр жауып тазартқан шырақтары.
Яки:
Ерке емеурін еркінің назы қандай, 
Сырнайланған қурайдың сазы қандай! 
Арыс әуре аспаннан Ай-орденін, 
Сырдарияға сыйлауға – ағыза алмай.
Ия, бұ кісі суретші, суретші…
Тағы бір жайт.
Оңтүстік өңірі түрік атты алып бәйтеректің бір бұтағы өзбек ағайындардың да әдебиеті өсіп-өніп жатқан жер. Сол турасында бір-екі ауыз сөз. Шымқала атырабында бірталайдан бері бірнеше өзбек әдеби бірлестіктері жұмыс жасайды. Сайрамда «Чашма», «Исфижоб» Қарабұлақта «Шуғла», Төлеби жеріндегі «Шамчироқ» бірлестіктері соған дәлел. Саялы Сайрам саясында «Бойчечак», «Жануб жарчилари», «Мартобе», «Сайрам садоси», «Жамият ва марифат», «Болажон», «Исфижоб», «Адабиет ва санъат» атты газит-жұрналдардың шығып тұрғаны қашан. Бұл басылымдарда өздерінің шығармашылығын шыңдайтын шайырлар да бірқыдыру. Мысалы М.Шаханов пен Кафканы өзбек тіліне тәржімалаған ойлы лирик Д.Сайфуллаев, Алып Ер Тоңаны шығармашылығына арқау еткен ақын И.Хуккиев, өзбек әдебиеті ошағының отын жағып отырған А.Пратовтарды тілге тиек етуге болады.
Сонымен… 
Құрышын қандырмасам да біраз құлақ еттеріңізді жедім. Шыдағандарыңызға рахмет!

Ақжол Батырұлы
Наурыз, 2016жыл, Шымкент шаһары
(ҚР Жазушылар Одағының ОҚО филиалының жыл қорытындысында оқылған баяндама)


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика