Ақынның монологы (Эссе)

11 Тамыз 2018

iМен,бүгін Сәбең мен Мұқаңның үйіне барып қайттым. Мұрайжай-үйі деп айтуға аузым бармай тұр. Себебі, шын мәніндегі талантты адамдар өлмек емес. Ал, Мен бара жатқан үй иелері – Ұлы адамдар. Әдебиеттің ортасынан ойып тұрып орын алған шығармашылық адамдар. Барарда аздап толқу мен қобалжу болды, бейне бір өздері есікті ашып күтіп алатындай. Алдымен Сәбеңнің үйіне бардым. Сәбеңнің үйі екінші қабатта. Үйі жып-жинақы. Өзі үйден әлдебір жұмыстарымен жаңа ғана шығып кетіп, кешке қайтып оралатындай көрінді. Сәбеңнің суреттерімен, тұрмыста қолданған заттарымен, ыстық ықыласын білдіру мақсатында қазақтар, басқа ұлттар сыйлаған сыйлықтармен танысып, көріп шықтым. Оң жақтағы ас үй мен балалар бөлмесі сондай заттарға арналған. Сол жақтағы үш бөлменің бірі – жатын бөлме. Ол жерде Сәбеңнің киімдері сақтаулы. Бөлме шағын, әр зат өз орнында, өте жинақы, жүрегіңе жылылық ұялататындай екен. Қонақ қабылдайтын бөлме мен жазу бөлмесінің қабырғалары қабырға емес, кітаппен қаланғандай. Кітаптар самсап тұр. Төрт мың кітап! Қазақ әдебиетінің, әлем әдебиетінің классиктері саған кекесінмен, сондай бір қаталдықпен, «қалай бала, келіп қалдың ба?!» дегендей миығынан күліп қарайды. Көз қырымды салып шықтым. Ішінде оқығаным да, оқымағаным да көп екен. Мені өзіне қатты тартқан жазушының жазу бөлмесіндегі үстелі болды. Сол үстел, сол орындық, сол машинка, сол заттар. Басқаша бір аураны қалыптастырып тұр. Жалпы, Мен Сәбеңнің үйіне бүгін бірінші рет келіп тұрсам да, өзімен бала кезімнен таныспын. Кітап дейтін дертпен ауырып жүргенде 9-10 жасымда «Адасқандарын», «Мөлдір махаббатын», «Ботагөзін», «Балуан Шолағын» оқып шыққам. «Адасқандарын» оқу арқылы өмірде титтей болса да адаспауды үйрендім. Ашудың айтақтағанына ермей, қызғаныштың қызыл итіне жем болмауды үйрендім. «Ботагөзден» жігерлілікті үйрендім. «Балуан Шолақтан» білектің күшінен жүректің күшінің зор болуын үйрендім. Жалпы, Мен Сәбеңнен армандауды үйрендім. Сәбең үйінен қимай қоштасып далаға шықтым. Далада күз…Менің айым қараша өз әмірін жүргізіп тұр. Айналадан сағыныштың самалы еседі. Табанға тапталған жапырақ көзінен ұзатылған қыздың сыңсыған әніндей қоштасуды оқимын. Күреңіткен күндердің көлеңкесінде қалып, жабырқаған сәтіңде жапырақтың шашылып жерде жатуы да жүрекке ауыр тиеді. Жапырақтардан іштей кешірім сұрап, бүгінгі жүрегі жоқ, санасы бар қоғамның құрметті мүшесі ретінде оларды ауырсынбай таптап өтіп, баяу басып, Мұқаңның үйіне келдім. Мұқаңның үйі көп қабатты үйлердің бірі емес, атағымен, айбарымен көп қабатты үйлерді ығыстырып, кең жерді алып жатқан бау-бақшасы бар жер үй екен. Үйге кіргеннен өзімді 18-ғасырда, Еуропада жүргендей сезіндім. Әрбір зат бағалы, Үндістан, Қытай, Ресей, т.б. жерлерден әкелінген күміс, хрустальдан жасалған заттар. Әрбірінен қымбат бағаның иісі шығады. Мұқаң өз қадірін білген. Сәбеңдей қарапайым емес. Өзін ақсүйектей ұстаған. Ас үй мен де, балалар бөлмесімен де. Жатын бөлмемен де танысып шықтым. Жоғарыдағы Сәбеңе айтқан жайттарды қайталамайын. Мені өзіне ерекше тартқан тағы да жазу бөлмесі мен жазу үстелі, кітаптары. Тағы да сол сырқат – кітаптар. Бұл жолы төрт мың емес, алты мың! Сәбеңнің үйіндегі көрген классиктермен тағы да бас изесіп амандастық. Мұқаң «Абай жолының» 1-2 томын жазған жазу үстелін сипап ұстап, отырып көрдім. Бойыңды ұйытып алып кететін ерекше энергия тарайды…
Ол үймен де қоштасып далаға шықтым. Қайтып барам…Жолдар…
Санаңа сәуле шашып, жүрегіңе мұң ұялатар жолдар. Өзім жол жүргенді ұнатамын. Жол жүргенде адам еріксіз ойланады. Өмірдің өзі жол емес пе?! Ойымнан Сәбең, Мұқаң үйінен көрген он мың кітап кетпейді…
Даңқ деген талантты адамның көлеңкесі іспетті. Кейде даңқты болғың келеді. Өзіңді әлем таныса, шығармаларыңды әлем оқыса дейсің. Әдебиетке бір төңкеріс алып келгің келеді. Кейде өзіңді солай деп те есептейсің. Бірақ таудай әлем классиктерінің алдында түк бітірмегенің есіңе түсіп, өзіңнің тозаңның бір түйірі екеніңді сезінесің. Сәбең таңдаулы төрт мың кітап, Мұқаң таңдаулы алты мың кітап жинады. Олар осы таңдаулы кітаптарды жинау үшін жиырма мың, бәлкім отыз мың кітап қарап, ақтарып шықты. Сәбең мен Мұқаң бақытты. Өздері әлем классиктерін оқыды. Оларды әлем оқыды! Өзімді олармен салыстырдым. Екі мыңнан аса кітап оқыппын. Таңдаулысы – жиырма болар. Ақпарат заманында көп оқу қиын, өмір ағымына ілесе алмай қаласың, үлгермейсің. Қасиетті кітаптарда ең әуелі сөз болған деседі. Сөз деген кие ғой, өлең деген асыл! Жүрегі таза адамдарға ғана қонатын. Әрине, мені әлем оқымайды. Осы орайда өзімді ұлы санап жүргенде жазған бір өлеңім есіме түсіп, іштей күлдім. Расында да солай, «Менің жырым Алматыға белгісіз…»
Ертеңгі күні қазақ әдебиетінің шаңырағын қисайтпай ұстап тұрар бір-бір уыққа айнала алсақ жарар еді. Арқама бұрылып қарасам керегедей керілген ағаларым ойлы көзбен қарап,, жымиып тұр екен…

Тұрсынбек БАШАР
Алматы. Қараша. 2014 ж.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика