Сәуле ҚАЙЫРБЕК. Қасым тағдыр

28 Қазан 2015

0Бала болып күлген-ді, жылаған-ды

Қасым Рақымжанұлы Аманжолов қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов атындағы ауылдың Қызыл тауының баурайындағы Ақтайлақ елді мекенінде шаруа Рақымжанның отбасында 1911 жылдың 10-шы қазанында дүниеге келген.
Қасымның аталары Арғын Қаракесек ішіндегі Қара деген рудың Оразқұл деген атасынан тарайды.
Оразқұлдан 13 ұл туады. Бесінші ұлы Ақжолдан Алакөшек, Жетібай, Бостыбай туады. Алакөшектен Жапақ, Қазақбай, Боқанай, Аманжол, Шөгелбай туады. Аманжолдан Рақымжан мен Атшабар туады.
Рақымжанның бірінші әйелінен-Нығметжен, Ахметжан, екінші әйелінен Тайжан, ал үшінші әйелі Айғаншадан Қасым туған.
Рақымжан екінші әйелі өлгеннен кейін, егде тартқан шағында Айғаншаны жастай әйелдікке алады. бірнеше өгей балаларды бағып-қағу, үйге келген қонақты күту, үйді басқару жас келінге бірден оңайға түспейді. Сол жылы Айғаншаның аяғы ауырлап, 1911 жылы Қасым туады.
Қасымның атасы Аманжолдың қыстауы Қызыл тауының етегінде болыпты. Онда өзінің ұлдары Атшабар мен Рақымжанның үйлері тұрған. Ал Қызылдың шығыс жағында Талды деген өзен бар. Бұл өзен сол жылдары әжептәуір көлемді өзен болса керек, бірақ қазір бұл Талды өзені тек көктемнің қары ергенде ғана көтеріліп, гүрілдеп аққаны болмаса, басқа уақытта жіңішке ғана болып созылып жатыр.Осы өзеннің бойында «Рақымжанның қорасы» деп аталатын қора бар. Қызылдың түбіндегі «Шомақ шиі» деп аталатын жерден Аманжолдың Жақыбала деген бәйбішесі, өте әулетті, еркек тұлғалы кісі екен, құдық қазып, өзі сол құдықты таспен қиып, шегендеп шығыпты дейді. Ол құдық қазірге дейін сақталған екен. Оны осы өткен жазда Сарыобалы жеріне жолым түскенде арнайы барып, көріп қайттым. Жұрт оны бұрын «Жақыбаланың Қималы құдығы» деп атаса, ал кейіннен «Қасымның құдығы» деп атап кетіпті. Міне, Осы Көшен, Қызыл тауларының баурайында Қасымның кіндік қаны тамып, балалық шағы өтіпті.
Бала Қасым жастайынан зерек болып, ауыл балаларының ішінен ерекше болып өссе керек. Балалық шағының күәгері әрі досы Мекебай Жазыбаев 1991 жылғы «Қасым жайлы есімдегілер» атты мақаласында: «Қасым, тағы ауыл балалары асық, қақпақыл тас, ақсүйек, доп ойнаймыз. Суға шомылып, құмға қыздырынатынбыз. Өзендегі тал ішіне, тау арасына серуендейтінбіз.
Қасым жасынан сергек, әр іске ыңғайлы, епті болатын. Асық атқыш еді. Ақсүйекті түн ішінде көбінесе Қасым тез тауып алатын.
Біз Қасымға:
– Қалай саған Ақсүйек кездесе береді?-дегенімізде, ол күліп:
– Ақсүйек екеуіміз доспыз. Сендер ақсүйекті лақтырғанда тұра жүгіресіңдер, ал мен әуелі оның қай жаққа түскенін аңғарып аламын,-деп керемет тапқырлығымен бізді таң қалдыратын.
Таспен қақпақыл ойнағанда Қасым оны қағудың барлық түрлерін мүлтіксіз орындап шыға беретін. Ол ойында өте әділ болатын. Екі бала ойын үстінде бір нәрсеге таласып қалса, Қасым екеуінің ең әділ жағына шығатын да, ананың қатесін тура бетіне айтып беретін. Қасым тал шыбықтан ерінмен тартатын сырнай жасап, тартуды ұнататын.
Қасым кішкене күнінен ұғымтал, естігенін ұмытпайтын еді. Қасымның үлкен ағасы Ахметжан сол кеде бала оқытатын. Біз Қасым екеуіміз әлі мектепке жасымыз жетпегендіктен бармағанбыз.. Бізден ересек балалар оқитын. Ол кезде балалар киіз үйде шуласып оқитын. Бізді балалар оқып жатқан үйге кіргізбейтін. Біз үй сыртынан балалардың шуласып, «әліп, би, ти» деп оқып жатқандарын естіп, ынтыға тыңдап жүретінбіз. Молданың үйретіп жатқандарының көпшілігін Қасым сырттан естіп жаттап алатын-ды. Кешке балаларды үйіне қайтарар алдында «жат сабақ» деген сабақты молда балалардан сұрайтын. Оны көпшілік балалар айта алмай, молда оларға ұрсып жатқанда Қасым далада тұрып айтып жіберетін. Оны естіген молда Қасымды ішке кіргізіп алып, білгенін айтқызып, әлгі ересек балаларды ұялтатын»,- деп еске түсіреді. «Ақылсыздан ақын шықпайды» демекші, Қасымның Қасым болып қалыптасуы сонау бала күндерінен-ақ басталса керек. «Жоқшылық жомарт елдің қолын байлайды» демекші, Қасымның жеті атасының еншісіне тиген кедейшілік оның білім, өнер іздесем деген таудай талабы мен дарынына бөгет болады. Сөйтіп, Қасым білім шырағының соңына тек 1925 жылы, 14 жасында ғана түседі. Ол осы жылы Қарқаралы уездік комсомол комитетінің жолдмасымен Семейдің педагогика техникумына жіберіледі. Білім бұлағын аңсап келген, онда түсушілердің өте көп болуы себепті және бар білімі техникумға түсушілерге қойылатын талаптарғасай болмағандықтан, Қасым жеткін- шектер мектебіне түседі. Бұл мектепті бітірген соң, ауыл шаруашылық техникумына түсіп, оны аяқтамастан, әуелгі педагогика техникумына ауысады. Осында жүріп қабырға газетін шығарумен айналысады, өлең жазумен шұғылданады. 1922 жылы Семейге оқу іздеп аттанып, кейін Ленинград, Орал қалаларында болып, техникум мен институттарға түседі. Бірақ денсаулығына байланысты оқуларын аяқтай алмайды.

Таңбасы жетімдіктің қалды баста…

Қасымның үй іші өте таршылық, жоқшылық жағдайда өмір сүрген, бірді- екілі ғана малы болған.Үй ішінде мүлік дегеннен түк жоқ десе де болғандай екен. Ахметжан, Нығметжан ағалары көбінесе Семей жаққа кетіп, байларға жалданып жұмыс істеп, қаражат тауып әкеледі екен.
Әкесі қайтыс болғанда Қасым әлі 6 жасар бала болса керек. Жесір қалған Айғаншаны еркіне қарамастан Оспан деген шал әйелдікке алады. Сол кезде ана мен бала бір-бірінен тірідей айырылады. Өйткені Оспан шал бала Қасымды үйіне жолатпапты. Бұл туралы анасы: «Менен айрылған Қасымның көрмеген бейнеті жоқ. Оспан шал Қасымда үйдің маңайына да жолатпайтын. «Баламның халі ауыр» деген бір сөз айтқаным үшін «әуелі маған бала тауып бер»,-деп тепкілеп сабағаны есімнен кетпейді. Арада бірер жыл өткен соң тірілген аруақтай саудыраған сүйегі бар Қасымды біреулер сүйемелдеп алып келді. Баламды бас салып жылауға жауыз байымнан қорқып, қараңғы түскен соң ғана барып, жылап-еңіреп Қасымды тамаққа тойындырып, оңаша шошалада жасырып ұстадым»,- деп жазады естеліктерінде. Бұл «Жыртық үйге жел қарсы» дегендей жығылған үстіне жұдырық болады. Мекебай Жазыбаев, Қасымның бала күнгі досы, өзінің естелігінде: ««Шұрық» деген жердегі әкелерінің бейітіне Тайжан деген ағасы екеуі күздің қара суығында жаяу барып, қайтарында аштық пен әлсіздіктен жүре алмай жолда қалады. Содан менің әкем Майөзекте жылқы бағып жүрсе, бір жығылып, бір қалтаң басып жүргендерде байқайды. Жақындап келсе, Тайжан екен. Әкем Тайжанды ат көрпесіне орап, алдына алып үйіне әекледі. Пештің жанына төсек салғызып, бірте-бірте ас беріп, үш күн, үш түн дегенде әзер тірілтіп алады. Ал Қасым «Маңыз» деген жердегі туыстарының үйіне жетіп жығылыпты. Егер сол күні әкей кездеспесе, Тайжан аштық пен суықтан өліп қалуы ықтимал еді»,-деп еске алады.
Бұл-Қасымның балалық шағындағы есінен кетпес қара түн сияқты. Бұл оқиға жайында ақын өзінің 1961 жылы «Балалық шақтан бір елес» атты өлеңінде былай деп жазады:
«Ол он бір, мен алтыда қалдық жетім,
Айта алмай әке кетті өсиетін.
Дариға – ай, ең соңғы рет не ойлады екен,
Біздер жоқ қабіріне бас иетін.
Қасқырдай үйге түскен аштық жетті.
Арадан қарындасты алып кетті.
Бездіріп құсты ұясынан, жасты үйінен,
Елсізде ебелектей тентіретті.
Бей уақта не бейіттен, не қорғаннан
Біздерді көрген адам естен танған,
«Ойпырмай, Тайжанбысың,
Сайтанбысың»,-
Деген сөз ел аузында содан қалған.
Күйікті кеудеден бір жалын шығып,
От болып елестейтін «Шомақ», «Шұрық»,
Бірінде әкем, бірінде қарындасым-
Мәйіті жерге сіңіп қалған шіріп».
Ақын сөздеріне қарағанда, Қасым анасынан жалғыз емес, қарындасы болғанға да ұқсайды. Әкесі өлгеннен кейін көп кешікпей аштық пен жоқшылықтың салдарынан кішкентай қарындасы да көз жұмған көрінеді.
Аштықтан титықтаған Қасым мен ағасы Тайжан қу тамақтың қамын ойлаймыз деп талай рет баукеспе ұры атанып, талай рет бастарына ауыл әйелдерінің шымшуыры тиіп, қан жылағандарын:
«Жетімнің бесігі ғой сұм тағдыры,
Атандық күріш жесек те, баукеспе ұры.
Таңбасы жетімдіктің қалды баста,
Көп тиді әйелдердің шымшуыры.
Сорлы бас шомылғанда қызыл қанға,
Шырқырап жалынған зар шықты аспанға.
Кінәлі жер бетіне жай түсіріп,
Ұқсайды ажал оғы атылғанға»,-деп балалық шағын ақын сүйсіне емес, күйіне, қынжыла да қайғыра еске алады. Осындай ауыр да азапты күндерді бастарынан кешкен қос жетімнің бала жүрегі қатал тағдырдың қатаң сынына шыдай алмай,
әкелерінің зиратына келіп зар илейді.
«Кіруге жат мекеннің білмей сырын,
Жұмақтан іздегендей жан-ашырын.
Бейіттің босағадан түрін бағып,
Қарашы екеуінің тұрған түрін.
Алдында кезек сүйіп екі ұлын,
Дейтіндей «жаным, нұрым, оу, құлыным»,
Екеуі шаққалы тұр барлық мұңын,
Кім зекіп, кімдер ұрсып, ұрғандарын»,-деген
жыр жолдарынан бала Қасымның жанашыр таппай әке аруағына келіп мұң-шерін айтқаны жүрегі бар адамның қабырғасын қайыстырады. Осы туғаннан көріп келе жатқан «жоқшылық пен кедейлік» Қасымның көлеңкесіндей өмір бойы артынан қалмайды. 1921 жылдың қысында қазақ жеріне әйгілі «мешін жұты» деп аталатын қатты қыс болды. Мұны әрине бәріміз тарихтан білеміз. Міне, сол жылы елдің көп малы қырылып, ашаршылық болды. Қасымның үш ағасы да Семейге кәсіп іздеп кеткен екен. Көктемде аштарға көмек ретінде жан басына бір пұттан ұн беретін болып, көп адамдар сол ұнды әкелуге жүрмек болады. 11 жасар Қасым да ағаларын іздеп, жолға шыққан екен. Осы көрініс есінде қалған Қасымның бала күнгі досы Мекебай Жазыбаев өз естелігінде: «Әлі есімде, Қасым үстінде жыртық ақ тон бар, аяғында шәркей, қолында ептеген жолға азық салып алған дорбасы бар, Семейге жүретіндердің сапында тұрды. Жүрер алдында Қасым екеуіміз біздің үйге кірдік. Шешей Қасымға қымыз құйып берді. Жол азыққа арнап дорбасына ірімшік, құрт салып, Қасымның бетінен сүйіп, көзіне жас алды. Сонымен мен бала дос, құрдас Қасыммен жыласып, қош айтысып Семейге шығарып салдым»,- деп есіне алады. Міне, әкеден өлі, шешеден тірідей айырылған бала Қасымның өксікке толы өмірі осылайша балалық шағынан бастап кенедей жабысқан еді.

Сен-фашиссің, мен-қазақпын…

2Отызыншы жылдардан бастап ақынның журналистикадағы және поэзиядағы шығармашылығы басталады. Халық Қасымның өлеңдерін сол кездегі баспа беттерінен жиі оқитын болды. 1933 жылы 22 жасар ақын әскер қатарына шақырылып, Орал қаласындағы әскери бөлімдерде қызмет етеді. 1935 жылы армия қатарынан оралған жас ақын Алматының әдеби өміріне белсене араласып кетеді. Аудармалары жарық көреді.
1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады. Содан соғыс аяқталғанша қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде болады.
«1944 жылы жараланып, госпитальға түскен ақын Қасым өзінің атақты «Абдолла» атты поэмасын жазады. Оны сол жылы баспа беттерінде жариялайды. Ол поэма туралы Ғабит Мүсіреповтың «Майданнан соққан жаңа леп» деген мақаласы дүниеге келеді. Қасым Аманжоловқа күрт бұрылу, майдандық өлеңдерін жаппай оқу осы мақаладан басталып кетеді.
«Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты. Елдегі ақын-жазушыға түгел ой салды. Көп нәрсені аңғартады: «Жасым кіші демеңдер, айта алсам айып емес шығар, осылай айтайық, жақсылап айтайық!»-дейді. Қазақ әдебиетінде Қасымның ағасы да бар, інісі де бар, құрдасы да бар. Солардың ішінен Отан соғысы тақырыбына жазамын деушілердің бәріне бұл поэма жаңа бір қырқаны меңзейді. Жаңа тақырыпты жақсылап жазайық дейді. Қасымның ең бір жете ұғынатын жайы да осында»,-деп жазды Ғабең»-деп жазады Рамазан Сағымбеков өзінің «Қарқаралының, қазақтың Қасымы» атты мақаласында.
Осылайша өртке тиген дауылдай өлеңдерімен майдан шебінде жүрген ақын қаламынан осы кезде көптеген өлең-жырлары дүниеге келеді. Мәселен, ол өзінің майдандас досы Мартбек Мамыраев туралы өлеңін жазады. Өзінің туған жері Қарқаралысы мен сұлу Сарыарқасына:
«Кең далам-дастарханым-атамекен,
Зейінді асқар тауым көкірегі кең.
Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп,
Тіріліп іздегендей мені әкем.
Жалбыр тон жетім болып жүргенімде,
Көтеріп, қаратып ең мені күнге.
Әкем де сен, анам да сен-туған елім,
Сен үшін ырысым да, қасіретім де»,-деп, еліне деген сағынышы мен ішкі сезімдерін білдірген өлеңдері де осы 1944 жыл болды.
«Өлім деген арсыз сөз,
Қайдан маған болдың кез?
Өлім-жауым, өлім-дос,
Неге өлейін бостан бос!»-деп өліммен бетпе-бет кездескен Қасымның одан жиіркене, тітіркене, лағнет айтқан жылы да осы 1944 жыл болды. Сөйтіп жүріп, 1945 жылдың жеңіс күніне де жетті. Жалынды жүрек иесі Жеңіс шарабын ішіп, сұлу жырынан шашу шашты.

«Қозым менің, құлыным, Әрі қызым, әрі ұлым…»

3Қасым 1946 жылы Сақыпжамалға үйленеді. Ол кезде Сақыпжамалдың 1941 жылы туған Жанна есімді қызы болады. Кейбір деректерге сүйенсек, Жаннның әкесінің аты-Ануар екен. Ол-Қасымның ең жақын араласқан жан жолдасы болғанға ұқсайды. Ұшқыш болған Әнуар соғыста қаза табады. Жолдасының артында қалған жас баласы мен әйелін «жетім мен жесір» етпейін деп, әрі досының аруағының алдында парыз іс деп білген Қасым балалы келіншекке үйленеді. Көп кешікпей 1947 жылы дүниеге тұла бойы тұңғышы Дариға келеді.
Дариғашым,Дариғашым! Қуанышым,балапаным. Шешең-Сәпен,әкең-Қасым, Жайды саған алақанын… Бірақ… балам, кешірерсің, Жасамадым жұртша мен той. Ер жетерсің, түсінерсің, «Тойым менің алда деп қой»,-деп қызының дүниеге келгеніне жүрегі жарылардай қуана отырып, әрі сол қызығын жұрт сияқты үлкен той қылып өткере алмағанына іштей налиды да, «өзін тойың әлі алда» деп жұбатады. Ақын өз күнделігінде сол Дариға туған кезде жағдайларының болмағандығын, үй мәселесін былай қойғанда ақшаның да жоқ болып біреуден қолхат жазып екі жүз теңге қарызға алғандығын жазады.
Бірақ Дариғадан кейін Қасым мен Сақыпжамал бала сүйе алмайды. Ақынның сол жылдары:
Қозым менің, құлыным,
Әрі қызым, әрі ұлым…
Қуанышым арнасы-
Өмірімнің жалғасы,-деп жырлауы да сондықтан. Бірақ баспананың жоқтығы мен қаражаттың тапшылығы салдарынан кішкентай сәбидің де өкпесіне суық тигізіп алады. Әлі тілі де шыға қоймаған, бірден жаңа асқан қыздары Дариға құрт ауруы деген диагнозбен ауруханаға түседі. Бәрінен де бала қайғысы, баласының ауырғаны қабырғасына қатты батқан ақын сол кезде:
«От шығады көкірегімнен, ойпырым-ай!
Ауыр соққы тиді басқа оңдырмай.
Қайтсем ғана сақтап қалам өмірін,
Құлынымды құрт ауруға қор қылмай.
Медицина, әлсіз бе едің әлі сен,
Қайдан іздеп табам енді әдіс, ем?
Қандай адам түсінер бұл халімді?!
Ащы қайғы уытынан зәр ішем»,- мұңын айтып, басын тауға да, тасқа да соғады. Ауруханаға келген әкесінен бір үміт күткендей болған жас сәбиінің бейкүнә қара көздері әке жүрегін қарс айырап жіберердей халге түсіреді.

Берсең бер, бермесең ғой баспанаңды…

4Армия қатарынан Алматыға оралғаннан кейін Қасым мен Сақыпжамалдың баспаналары болмайды. Алматының кең көшесіне баспана сұрап сенделген Қасым сыймай-ақ қояды. Пәтер сұрап квартбюроның табалдырығын талай рет тоздырады. Бірақ бір ордерге қолы жете алмайды. Жанына пәтердің жоқтығы әбден батқан жас баласы бар ақын сонда:
«Он жыл бопты, жүгірдім астанада,
Шақырса да бармадым басқа қала.
Алдамшы елес сықылды үміт қуып,
Он жыл бойы зар болдым баспанаға…
Ақын болдым, жырладым астанам деп,
Бос жүгіріп жүрмедім, босқа нан жеп.
Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып,
Тағы біраз сенделдім баспана іздеп…
Қойдым енді, сірә мен үй алмаспын,
Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын.
Өгей ұлдай қойныңа сыймасам да,
Кете алмаспын, астанам, қия алмаспын»,- деп үй болмаса, тіпті күрке салатын жер сұраған ақынның зарына ешкім құлақ аспайды.Қанша жерден көңілінде реніштің көлеңкесі қалса да, қанша жерден өгейсіне қараған өз жеріне өкпелі болса да:
«Берсең бер, бермесең ғой баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды»,-деп ақиық ақын өзінің жүрегінің елім, жерім деп соғатынын айтып, биіктен көріне білді.
Сол кезде шешімін таппаған баспана мәселесі ақын жанұясының артынан бертін жылдарға дейін қалмай келеді. 1949 жылы Алматы қаласының Виноградов көшесінен, №29 үйдің екінші қабатынан пәтер беріледі. Бірақ бір бастыққа үй керек болғанда, сол екі қабатты үйді бұзып, орнына үй салуға кіріседі. Ал ақынның жанұясын басқа Шагабутдинов көшесіндегі бес қабатты үйдің бесінші қабатына көшіреді. Жасы 70-тен асқан ақынның жары мен денсаулығы кемшін қызы Дариғаға бұл қабатқа көтеріліп, түсу қиындық жасайды. Төменгі қабатқа ауыстырса екен деген мәселе сол күйінде шешімін таппайды.
Қазіргі таңда Қасым ақынның екі қызы- Жанна мен Дариға бір пәтерде тұрады екен. Дариғасы денсаулығының кемшін болғандығына орай да болар, тұрмыс құрмаған. Ал Жаннаның бір баласы бар. Жақында ақынның біраз заттары мен естеліктерін Қарқаралы қаласындағы ақынға арналған мұражайға өткізіпті. Бірақ 1929-1930 жылдары Қасым не себепті, қандай жағдайлармен Қарқаралы қаласында тұрғандығы туралы бейхабар екендіктернін айтыпты. Осы үйді ақын мұражайы еткен жөн деген пікірлер де айтылыпты, бірақ қолдау таппаған сыңайлы.

Бір күні ұйықтап кетсем, оянбаспын…

5Әттең, дүние не керек, арманын арқалаған күйі дүлдүл ақынымыз Қасым Аманжоловты 1955 жылдың 17 қаңтарынан 18-іне қараған түні, небары 43-тен 44-ке қараған қыршын жасында мейірімсіз ажал, сол кездегі дауасыз дерт болып саналған құрт ауруы қайтпас сапарына алып кете барады.
-«Өте ауыр кезеңді басынан кешірді ғой,-деп еске алады ақынның жұбайы Сақыпжамал,-өте жоғары температурамен 8 ай бойы төсек тартып, фтиазид дәрісінің көмегімен жан сақтап жатты. Ешкім келмеді, ешбір кітаптары да басылмады. Қаражаттан да қатты тарықты.Сол жатқаннан айықпады…» Қасым өлері алдында:
-«Қасым дүниеге күліп келіп, жылап кетті демесін, сақал-мұртымды алып, жақсылап жуындырыңдар. Әкем де қырық үштен қырық төртке қарай түн жарымында көз жұмды деуші едің ғой, сол кезде менің де шырағым сөніп, өмірден аттанармын»,-деп еді, айтқаны аумай келді»- дейді ақынның анасы Айғанша.
«Адамның күні адаммен» демекші, қуанышта да, қайғыда да адам ең бірінші қасында өзіне демеу болатын адамын, дос-жарандарын іздейді емес пе? Ақын төсекке таңылып, ажалдың келер сағатын тосып қиналып жатқанында, достың бір ауыз сөзіне зәруболып жатқанында олардың қасынан табылмағаны қатты күрсіндіреді. Қасымның көңілін сұрай келген досы Есмағанбетке:
-«Бұрын денім сау кезімде достарым сирек келетін. Қазір тек Сырбай, Әлжаппар, Ғабидендер болмаса, басқалары келуді қойды. Жолдас деген пайдаң тисе, беделің артса көбейеді. Әл үстінде, өмір мен өлімнің арасында жатқан Қасымды есепті достары не қылсын?! Зиянды, ауырпалықты бірге көтеретін осындайда қасыңда бірге болатын дос қайда?»-деп күрсініп алып:
– «Адамның тегі айуанмен аталас қой. Тіршілікте біреумен ит болып ырылдастық, біреумен қасқыр болып жұлыстық, түлкі болып алдастық та, одан не шықты?! Оның арты жақсылыққа жеткізген жоқ. Жақсы көретін жолдастарым да, ұнатпайтын жолдастарым да аз емес қой, солардың барлығы да менің досым болып қалса екен. Көрсем көрдім, көрмесем сәлем дерсіңдер! Бұрынғы өкпе-наздарымды кімге де болса кештім»,-деп азаматтығын өле-өлгенше сақтап, биіктігін тағы да дәлелдеп кетіпті.
Көзі тірісінде баспана бермей сенделтіп қойған ақынға қазіргі оңтүстік астанамыз саналатын Алматы жер қойнауын ойланбастан мәңгілік мекені етті. Есейген шағында туған жері Қарқаралысын көремін-ау деген ақын арманы еш болды. Балалық шағы өткен жерін көріп, мауқын баса алмады. Қасиетті де қасіретті өмір кешкен ақынға тіпті туған жерінің топырағы да бұйырмады. Жетімдік пен жоқшылықтың, ауру мен ауыртпашылықтың небір түрін көрсе де, бәріне көніп, еш мойымастан «Аманжол-Рақымжанның Қасымымын, мен қалған бір атаның асылымын» деп жырлап, асыл күйінде өмірден өтті.

Ұмытар ма өз елім…

6Бірақ Қасым өлген жоқ, өлмейді де,
Архивтен оны ешкім көрмейді де.
Өршіл рухты өлеңі мәңгі жасап,
Өрлейді де тұрады, төрлейді де,- дегім келеді. Өйткені ол артына қаншама асыл да мол мұрасын тастап кетті. Өзінің өр дауысты ғажайып ақын екенін ел-жұртына дәлелдеп кетті. Көзі тірісінде өзіне лайық бағасын ала алмаған ақын бүгінде биік тұлғалардың қасында тұр. Сырлас әрі ақын досы болған Сырбай Мәуленовтың айтқанындай, «Ақын жасы жылдармен өлшенбейді, елге еткен еңбегімен есептеледі.Жас Қасым бүгінде ортаға шығып, өзінің оптимистік пафосқа толы өлеңін оқып тұр:
Өлуші ме еді ер шіркін!
Сілкінді ол бір дүркін.
Келе жатыр аралап,
Өзі туған ел-жұртын…»
Иә, айтса айтқанындай, Қасым ауылының кіре беріс төрінде қос қанатын жайып, арқасын Кент тауының төсіне беріп, жүйткіп ескен желге қарсы қасқайып тұрған Қасымды көресің…Көресің де осындай дүлдүл ақынның қайратты болмысына таңырқай да сүйсіне қарайсың, Қасым ақынның басқан жерін сен басып жүргеніңе шаттанасың, Қасым ауылында туғаныңа мақтанасың…
Қасымның еңбегінің кеш те болса еленгені сол 1991 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойында бұрынғы Фрунзе совхозына ақын есімі берілді, ескерткіші ауыл төрінен орын тепті, Аққорадағы орта мектеп те ақын есімін алды.
100 жылдық мерейтойы құрметіне Сарыарқа төрінен ескерткіші бой көтермекші. Бұл өлгеніміздің тірілгені, өшкеніміздің жанғаны емей немене? Сөзімді ақиық ақын Қасым жайлы азулы ақындарымыздың бірі Серік Ақсұңқарұлының сөзімен сабақтағанды жөн санадым:
«Хакім Абай – қазақ жырының қасиетті Алатауы болса, ақиық ақын Қа¬сым – қазыналы Қара¬тауы. Тарих ұзақ толғатып, сирек туатын өзі¬нің талантты ұлдарын тірісінде түртпектеп, өлген соң данышпаным, арыстаным деп өк¬ситін қайран қазақ қанына сіңген қашанғы қызғаныштық, күншілдікпен Абаймен иық¬тасқан Мағжан, Ілияс, Қасымын да кешеуілдеп танып, кеш бағалады.
Дегенмен «Но мой защитник время…» деп ұлылардың бірі айтқандай, табиғи таланттың бағасын тарихтың өзі беріп отыр.
Жер-ана мен аспан-атаның ең ұлы туындысы Адамды қасиетті төсінде тербететін тал бесік пен жер астындағы тар бесіктің арасы әрі кеткенде жүз жыл.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.
Ақындық дегеніміз өзі орынды жерінде оң¬дырмай соғатын тегеуірінді тентектік, өзі өмір сүрген қоғамның қайшылықтарына деген қар¬сы¬лық. Ондай ақын өмірлі, ондай поэзия мәңгілік.
Қазақта Қасым бір туар.
Ол жайлы сансыз жыр туар,
Оның екі жүз жылдығын,
Бүкіл әлем тойлайтын,
Бақытты, жақұт күн туар.
Мен өзімнің осы сөзіме бар діліммен сенемін, ақын аруағы алдында оның шәкірті ретінде басымды иемін». Иә, тірісінді бағасын ала алмай кеткен ақын аруағы алдында біз қарыздармыз.

Арманын арқалап ақын өтті өмірден

7Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойының алдында шығып жатқан баспасөз беттеріндегі мақалаларды оқып отырып, ақын туралы білгенімізден білмегеніміз әлі де көп екен ғой деймін іштей. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында өмірдің қатал сынына түсіп, аштық пен жоқшылықтың, кедейліктің ащы дәмін татқан, соның салдарынан тап болған өкпе ауруы жанына батқан ақынның өлеңдері мен ол жайлы жазылған естеліктерді оқып отырып, «Қарқаралы» журналының бас редекторы Рамазан Сағымбековтың 1991 жылы жазған «Қарқаралының, қазақтың ақыны» атты Қасым жайлы жазған мынадай мақаласына көзім түсті.
«Ақынның орындай алмай кеткен армандар көп еді. Мәселен, Сырбай ақынның естеліктерінен мынандай жолдарды оқыдым:
«…Ол арманшыл жан еді. Қайтыс боларынан жиырма күндей бұрын бір кіріп шыққанымда Қасым:
-Енді менің дәмімнің таусылатын уақыты жақындап қалған сияқты. Қанша өлмеймін деп құлшынсам да ауру шіркін күннен-күнге жанға батып, меңдетіп барады. Өлім үшін өкінбеймін. Өйткені екінің бірі өледі ғой. Бірақ кеудемде орындалмаған ойым, жүзеге аспаған қиялдарым бірге кетіп бара жатқанына өкінемін. Үш нәрсені армандап бұл дүниеден мәңгілік аттанып бара жатырмын. Оның біріншісі – Абайдан асамын ба деп едім, аса алмай бара жатырмын. Екіншісі – қазақтың «Евгений Онегинін» жазамын ба деп едім, оған да ажал шіркін жеткізбейтін түрі бар… Үшіншісі – көшеге шыққанын бүкіл Париж аңдып тұратын Виктор Гюгоның құрметтелгеніндей қошеметке бөленсем бе деп едім, бұл да арман болып қара жерге менімен бірге көмілетін болды,-деді.
Соған қоса, ақын армандарының бірін Мекебай ағамыздың да естеліктерінен кездестіріп қалдым. Ол кісі Бурабайда курортында Қасыммен бірге өткізген күндерінің бірінде ақын былай деп сыр шашыпты.: «Мен бірде бір фельетон жазып едім. Соны Мұқаң \Мұхтар Әуезовті айтып отыр\ оқыса керек. Ол кісі бір күні маған: «Қасым, сенің жалғыз өлеңге ғана емес, қара сөзге де бейімің бар көрінеді.Сен прозамен бір айналысып көрші» деді. Мен ол кісіге уәдемді бердім.Осыдан аман-есен тәуір болсам, өз өмірімді бейнелейтін «Қарқаралының қазағы» деген роман жазбақпын. Тіршілік болса, сол романымды дәл Бурабайда саған жолыққанымнан бастармын-ау» деп, жаңа қара сөзбен жазатын романының жоспарын айтты».
Міне, Қасым осындай армандарын тірлігінде орындай алмай қырықтан жаңа ғана қылтиып аса бергенінде қыршын кетті» \ «Қарқаралы» журналы, 1991 жыл, №2\
Осыған қоса Қасымның жүрек түкпірінде берік етіп сақтаған, сыртқа шығаруға қимай кеткен және бір арманы болғанын жақсы білеміз. Ол-туған жеріне бір барып қайту еді. Иә, егер ақын еліне келіп, үлгергендей болса, туған-туысқандарының қошеметін көріп, Қызыл мен Ақтайлақ жағалауларына аунап-қунап, өзен-көлдеріне шомылғандай болса, сергіп, сауығып, жадырап-жайраңдап қайтар ма еді… Озбыр да тойымсыз ажал ақынды туған жері-Қарқаралысына жеткізбестен, өзіндей қатыгез қаңтар айында Алматы іргесіндегі мәңгілік мекенінен бір-ақ шығарды…»

Сәуле ҚАЙЫРБЕК
«Қасым-Ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика