Ақын (Маяковский туралы)

9 января 2018

Ескі дүние есігін теуіп ашып,
Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып ,
Босағада тұрмады, төрге ұмтылды,
Бұзып-жарып, еңсеріп,еркін басып.
Кербез әйел сықылды дүние паң
Қылығына  жігіттің  бұлқан-талқан.
Ала көзбен бір қарап дүниеге,
Ақын тұрды азырақ болып аң-таң.
Дүние –шексіз,аралап кете барды,
Тілін ұқты,сырын да тез аңғарды.
Су орнына жұтты да аққан жасты,
Күй орнына тыңдады қайғы-зарды.
Осы шуды қақ жарып шықты бір үн,
Естімеген дүние мұны бұрын.
Бостандықтың бүркіті саңқ-саңқ етіп,
Қанатымен сыпырды дүние кірін.
Ақын сонда әлемге айтты шынын,
Деді ол: «Жаңа дүние жаршысымын»
Бар даусымен айқайлап жіберді кеп,
Жер құлағын тұндырды даусы мұның.
Дүние шуын бұл дауыс кетті басып,
Есі шыққан ескілік қалды сасып.
Баса қашты құлағын нәзік муза,
Музаны  бұл не қылсын, емес ғашық.
Не қыламыз, шынында, музаны біз?!
Көп ақыннан қалған ол бір кәрі қыз.
Муза жазып бермейді бізге өлең,
Өлең тоқыр өзіміз фабрикамыз.
Өлеңді ол жазушы ед бұрқыратып,
Қанжарды да тұтушы ед, мылтық атып.
Көрікті де басушы ед күмпілдетіп,
Балғаны да соғушы ед тасты уатып.
Дабылдатып еді бір дүниені,
Амал қанша, дариға – ай сол да өлді.
Арыстандай ақырған ақын еді,
Жыр көгінде қырандай шалқып еді.
Даусы қалды құлақта саңқылдаған,
Жыры қалды жүректе жарқылдаған.
Жыр керек қой, дүниеге жыр керек қой,
Неге ғана өледі ақын адам?!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика